ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫ АСТАНАҒА КӨШПЕЙДІ
ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫ АСТАНАҒА КӨШПЕЙДІ
Кейінгі жылдары қоғамда «Жазушылар одағы» Алматыдан Астанаға көшеді екен деген әңгіме жиі естіліп, әртүрлі орынсыз пікірлер айтылып жүргені баршаға мәлім. Билік орындары бұл мәселеге байланысты ешқандай мәлімдеме жасап, істің мән-жайын ашып айтқан емес. Тіпті, бұл тақырып жабулы қазан күйінде қалып келген. Таяуда мұның да кесімді жауабы берілді. Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Жазушылар одағының таяу жылдарда Астанаға көшпейтінін ашып айтты.
«Қазіргі уақытта шығармашылық орталықтарды немесе ұжымдарды басқа өңірлерден міндетті түрде Астана қаласына көшіру керек деген ұстаным жоқ. Ең дұрысы, біз Астанадан жаңаны салуымыз керек. Өңірлердегі жетістіктер сол жерлерде қалуы керек. Қайта аймақтардағы орталықтарды дамытуға қолдау жасаған жөн. Алматыда Жазушылар одағының өз шығармашылық ортасы бар. Оны қазір жауып, Астанаға көшірген дұрыс емес. Бірақ келешекте сондай шығармашылық орталықтарды міндетті түрде Астана қаласында да ашуымыз керек», – деген А.Мұхамедиұлы одақты көшіруге қарсы екенін білдірді.
Алматы – мәдениет пен руханияттың ордасы. Жазушылар одағының қасиетті шаңырағында қазақ руханиятының негізін қалаған қаншама зиялының табанының ізі қалды. Бұл ғимараттың табалдырығын аттаған адамның ерекше әсерге бөленбеуі мүмкін емес. Сондықтан мұның өзі – тарих. Бұл ең әуелі кейінгі ұрпақ – жастар үшін көненің көзіндей болған қасиетті қарашаңырақ.
Қазақ кино саласында да ілгерілеушілік байқалады. Отандық фильмдер мен сериалдар да көптеп түсіріліп, көгілдір экран арқылы көрерменмен қауышуда. Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қазақтандық фильмдердің рейтингі өскенін ерекше мақтанышпен жеткізді.
Кейінгі бес жылда кинотеатрларда көрсетілетін қазақ фильмдеріне келуші көрермендердің саны 400 есеге артыпты. Кино өндірісі арқылы сапалы туындылар әкелген режиссерлер әжептәуір табысқа да кенелгенге ұқсайды. Бұл осы салада еңбек ете бастаған жас дарындарға серпін беретіні сөзсіз.
Ал адам жанына рухани ләззат сыйлайтын театр жөнінде әңгіме бөлек. Елордада К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының жабылып қалуы қала халқының көңілін жабырқатқан еді. Сөйтсек, бұл ғимаратта Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры жайғасады екен. Себебі, бұған дейін ұжым ескі ғимаратта қысылып-қымтырылып отырғандығы жайлы тиісті орындарға шағымданған болатын. Ал К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының негізінде «Астана Опера» театры ашылғаны белгілі. «Театр өнердің бір бағыты ғана емес, еліміздің рухани байлығы. Оның қоғамда алатын идеологиялық орны бекем», – деді министр.
Динара Мыңжасарқызы