Еңбекқор әрі талапшыл басшы
Еңбекқор әрі талапшыл басшы
Қыс мезгілі күтпеген оқиғаларға толы. Табиғат-ана кейде тосын мінез танытса, тығырықтан шығатын жолды таппай қиналатынымыз бар. Сондықтан да қыс айларын қандай да бір апатты жағдайсыз өткізу сумен қамтамасыз ету қызметкерлері үшін үлкен жетістік. Ольга Теплова жетекшілік ететін сумен жабдықтау учаскесі дәл осындай жетістіктермен көрініп жүр. Жұмысшылардың өзі бұған әуелі учаске басшысының еңбегі зор екенін ерекше мақтанышпен айтады.
Сумен қамтамасыз ету учаскесінің кеңсесі үнемі қарбалас. Міне, кеңсе бөлмесіне жұмыс киімдегі бір әйел құйындатып ұшып келеді. Қолындағы ұялы телефонымен: «Қасымұлы! Бұранданы тексеріп, өз учаскеңдегі магистральді трассаға тексеру жүргіз!» деген тапсырма беріп жатты. Кенет жұмыс телефонының тұтқасын көтере сала: «Петрович! Әлгі құбырлар не болды? Оларды қашан жеткізесіздер?» деп екінші бір жұмыстың барысын сұрауға көшті. Жауапқа да қаныққан сияқты. Іле-шала су жүргізетін желінің картасына сабырлы түрде үңіле бастады.
Осы бір еңбекқор әрі талапшыл әйелді бір көргеннен-ақ қандай жан екенін сипаттап беруге болады. Бұл – Ольга Теплова. Ол Шемонаиха қаласындағы Усть-Талов энергоцехының кәріз жүйесі мен сумен қамтамасыз ету учаскесін басқарады.
«Жұмыста өз ісіңе жауапты болуың керек. Жаныңдағы қызметкер әріптестерің де сенің осы саланың майын ішкен маманы екендігіне көз жеткізуі қажет. Әйтпесе, ұжымда құрмет болмайды, жұмысың ілгері баспайды. Еңбек барысында жынысқа бөлінуді жөн санамаймын. Өз басым ер азаматтармен еркекше сөйлесуге тырысамын», – дейді Ольга Анатольевна.
Ольга Қарағанды индустриалды-педагогикалық техникумына оқуға түскенде қаршадай қыздың ертеңгі күні бір ұжымды дөңгелетіп әкететіндігін кім білген? Тіпті, жақындары мен таныстары да көз алдына елестетіп пе екен? Шынында да, жап-жас қызбаланың ер азаматтың жұмысына араласып, апатты жағдайларды ауыздықтауы, бәріне басшылық жасауы таңқаларлық емес пе?! Бір қызығы, өрімдей қызды кейде үлкен кісілер қылжақтап, нысанның жанына жалғыз қалдырып та кететін. «Сондай кездерде намыстанып жылайтынмын» ‒ деп еске алады Ольга. Иә, бұл еңбекқор қыздың өзіне тән әзілі еді.
«Алайда, өз таңдауым үшін ешқашан өкінген емеспін. Себебі, маған білімді ұстаз тап болды. Училищені жаңа тәмамдап келгендіктен ештеңені жете білмейтін едім. Ол аздай ұжымдағы қызметкердің бәрі – ер азаматтар. Слесарь Агафонов Леонид Михайлович мені маман ретінде қалыптастырып, ұжымға жетекшілік ететін басшы етіп тәрбиеледі. Әуелгі үш жылда көліктен түспей, барлық желіні аралап, меңгердім. Содан кейін ғана бойымда сенімділік пайда болып, нағыз білікті маман екенімді дәлелдедім», – деп сол бір жылдарды еске алады кейіпкеріміз.
Еті тірі Ольга тумысынан алғыр. Бір сәт орнында отырған емес. Қашан да жұмыс барысымен қапылып жүргені. Кейде ата-анасы қызына жаны ашиды еріксіз. Оның әкесі – экономист-маман, ал шешесі – медицина қызметкері. Ал қызы Ольга қалауы бойынша техникалық саланы серік етті. Әркімнің таңдау жолы басқа. «Кеңседе езіліп отыратын жұмыс менің қалыбыма мүлдем келмейді. Белгілі бір «алаңда» жүрген ұнайды. Бәлкім, осы талпынысымның өзі кейбір қатал ер азаматтардың әйелге деген құрметін арттыратын шығар, кім білсін?!», – деп езуіне күлкі үйірді. Расында да, әріптестерінің айтуынша, қайда апатты жағдай болса, сол жерге ең алдымен алып-ұшып Ольга жетеді. Соңында қайтатын да сол. Ал Ольга қоластындағы қызметкерлер үшін де, өзі үшін де үлкен жауапкершілікті мойнына алған білікті маман. Себебі, ол учаске бастығы ретінде апатты ауыздықтауға ғана емес, әріптестерінің өмірі мен денсаулығына да жауапты.
«Қазір ұжымдағылар бір-бірін қас-қабағынан ұғынады. Оның үстіне біздің жұмыс тәуекелділікті қажет етеді. Сондықтан да қатаң қадағалаудың болуы заңдылық. Нәтижесінде жұмысымыз да өз арнасымен келеді. Мысал келтіретін болсам, соңғы екі қыс мезгілінде ешқандай апатты оқиға орын алған жоқ. Ал бұрын қыс бойы суда «жүзіп» жүретін едік қой», – дейді Ольга Теплова.
Бүгінде бүкіл ұжым Ольганың білімі мен білігіне үлкен сенімділікпен қарайды. Ол қарамағындағы қызметкерлерді де дұрыс іріктеген. Жұмысшылар да Ольганың тек нәтижелі жұмысты ғана талап ететінін біліп алған. Есесіне, ұжым жетекшісі де учаскесін бес саусағындай меңгерген.
… Тағы да телефон қоңырауы. Біздің кейіпкеріміз әдеттегідей жұмыс барысымен зыта жөнелді. Әсіресе, көктем мен күз айлары еңбектің қызатын шағы. Бұл кезде дайындық жұмыстары да шаш-етектен. Әр үйді кәріз құбырына қосу, құдықтан су шығару, көшеге, өртке су себу үшін қолданылатын су шүмегін тексеру, жаңа су арналарын салуға дайындалу, бәрі-бәрі кезек күттірмейді. «Қыс қамын жаз ойла» дегенді әу бастан ұраны етіп алған ұжым қашан да халық алдындағы абыройын жоғалтқан емес.
Динара Мыңжасарқызы