Жаңалықтар

МӘДЕНИЕТ ӨКІЛДЕРІНІҢ ТҰҢҒЫШ ФОРУМЫ

ашық дереккөзі

МӘДЕНИЕТ ӨКІЛДЕРІНІҢ ТҰҢҒЫШ ФОРУМЫ

Мәдениетті мәртебем, өнерді өрісім деп қадірлейтін елдің қашан да абыройы асқақ болмақ. Осы орайда мәдениет пен өнер қызметкерлерінің күні Шығыс өңірінде де атаусыз қалмады. Жақында Шығыс Қазақстан облысы, Зырьян ауданында мәдениет және өнер қайраткерлерінің тұңғыш форумы болып өтті. Бұл шарада әртістер, режиссерлер, сондай-ақ шығармашылық ұжым жетекшілері мен кітапханашылар лайықты құрметке ие болды. 

Форум аясында Мәдениет және спорт сарайында шығармашылық көрме өтті. Мәдениет өкілдерінің елдің руханиятын дамытуға қосқан еңбегі ерен. Бұл тұрғыда зырьяндықтардың мақтанатын жөні бар. Суретшілер мен қолөнер шеберлерінің облыстық этнографиялық мұражайға ерекше көрік беріп тұрған туындылары жоғары бағасын алып жатты. Форумның да шарықтау шегі – үздік мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау болатын. Зырьян ауданының әкімі Ермак Сәлімов осы салада аянбай еңбек етіп жүрген жандарды кәсіби мерекесімен құттықтап, өз тарапынан шығармашылық табыс тіледі. «Сіздер маңызды әлеуметтік жүкті арқалап жүрсіздер! Халық арасында мәдени-тарихи мұраны насихаттауда табанды еңбектеріңіз қандай да құрметке лайық. Адами құндылықты жоғары санап, рухани-ағарту саласында ұлттық дәстүрді сақтау – маңызды іс. Ашықтықты, шынайылықты сүйетін маман иелері қашан да жан-жағындағы адамға демалыс сыйлайды. Айта кету керек, ауданда да көптеген жағымды жаңалықтар орын алуда. «Горняк» мәдениет үйінің ашылуы мен қолөнер орталығының құрылуының өзі үлкен оқиға. «Гармония», «Сириус», «Зыряночка» би ұжымы республикалық, халықаралық жарыстарда топ жарып жүр», – деді. 

 Бұл күн, шынында да, мәдениет пен өнер адамдарының мақтанған, шаттанған күні болды. Аймақтағы өмірдің ажарын ашып, көркін кіргізіп, айшықтап жүрген де осы – мәдениет пен өнер қызметкерлері. Соңғы төрт жылдың ішінде ғана облыстың мәдениеті мен өнері саласына 24 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлініпті. Өңірдегі негізгі мәдениет ошақтарының түгелі дерлік жөндеуден өткізілген. Қазіргі күні облыстың аудан, қалаларының барлығында мәдениет үйлері бар. 

Динара Дүрмән