Жаңалықтар

АНАЛАРҒА АРТЫҚ ЕМЕС КӨП ҚҰРМЕТ

ашық дереккөзі

АНАЛАРҒА АРТЫҚ ЕМЕС КӨП ҚҰРМЕТ

Өткен аптада Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев көп балалы аналармен кездесті. Кездесуге келген 36 ана көп балалы отбасылардың мұқтаждықтары, бала тәрбиесі, аймақтағы әлеуметтік мәселелер туралы ой бөлісті.

Ресми статистикалық мәліметтерге жүгінсек, Шығыс Қазақстан облысында «Алтын алқа», «Күміс алқа» медальдарымен, «Ана даңқы» орденімен марапатталған жалпы саны 17 000 көпбалалы ана бар екен. 

Олардың қай-қайсысында да тағдыры тауқымет пен таусылмас қажыр-қайратқа толы. Сегіз баланың анасы, бүгінде үбірлі-шүбірлі әже болған Бибатыш ана соғыс кезінде тылда талмай еңбек еткен. Ал Қысқы Азия ойындарының екі дүркін чемпионы Мария Федоренко былтыр үшемнің анасы атаныпты. 

Аналармен арнайы жүздескен әкім оларға сүйінішті хабар жеткізді. Биылдан бастап Шығыс Қазақстан облысында төртінші баласын дүниеге әкелген әрбір ана 50 000 теңге көлемінде жәрдемақы алатын болды.  

«Біз аналарға тек мереке кезінде ғана емес, ұдайы көңіл бөлуіміз керек. Биылдан бастап төрт бала тапқан әрбір анаға жергілікті бюджеттен 50 000 теңге берілетін болады. Аймақтың экономикалық өсімі артқан сайын, бұл қаржылық көмектің көлемі де артады. Мұндай бастаманы алғаш рет біздің аймақ көтеріп отыр, енді бұл істі кәсіпкерлер мен кәсіпорындар қолдайды деп үміттенеміз», – деді әкім. 

Облыс әкімшілігі атынан көп балалы аналарға Алакөл, Рахманов кілті, Көктау сынды демалыс және сауықтыру орындарына тегін жолдама берілді. Сондай-ақ театр, бассейн, этноауылдар т.б. әлеуметтік-мәдени орындарға тегін кіруге рұқсат беретін абонемент үлестірілді.

 Екі ана Астана күні мерекесіне елордаға арнайы жолдамамен баратын болды. 

 Көлбай ЖЕҢІС