ҚЫРҒЫЗСТАННЫҢ САХНА ШЕБЕРЛЕРІ АЛМАТЫДА
ҚЫРҒЫЗСТАННЫҢ САХНА ШЕБЕРЛЕРІ АЛМАТЫДА
Қырғызстанның екі бірдей еңселі өнер ордасы – А.Малдыбаев атындағы Академиялық опера және балет театры мен Ш.Термечиков атындағы драма театры бірлесіп қойған «Жанұран» атты пьесаның премьерасын 7-8 сәуір күндері Бішкек көрермендері өте жылы қабылдаған болатын. «Жанұранның» Алматыдағы премьерасы мамыр айының 21-22 жұлдызында Ғ.Мүсірепов атындағы жасөспірімдер мен балалар театрында зор табыспен өтті.
Жазушы, драматург, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сәбит Досановтың «Жанұран» пьесасының қоюшы режиссері Қаңыбек Дуйшеналиев, көркемдік жетекшісі ҚР еңбек сіңірген артісі Оросбек Айдаров, қоюшы – суретші ҚР Халық суретшісі Маратбек Шарафидинов, балетмейстер Қырғызстанның еңбек сіңірген артисі Талант Осмонов. Драманы қырғыз тіліне аударған ҚР Мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер, атақты ақын Мархабай Ааматов.
«Жанұран» спектакліне 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі арқау болған. Бас кейіпкерлері Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков, оның анасы Дәметкен, сүйген қызы, студент Фатима, Қайраттың достары Эльмира, Шолпан, Құттыбек, Мырзагүл, Назым, биліктің биік баспалдағында жүрген Колбин, идеология жөніндегі хатшы Арқатай Есенович, полковник Щерба, капитан Волков, т.б.
– Қырғыз театрын көп жылдан кейін сахнадан тамашаладым. Спектакль көңілімнен шықты. Бірнеше мәрте көзіме жас алдым, – деді Қырғыз театрының Алматыдағы гастролінің Ғ.Мүсірепов театрында өткен премьерасынан соң сахна төріне көтерілген Олжас Сүлейменов.
– «Жанұран» спектаклі, – деді мемлекет және қоғам қайраткері, Алматы қаласының Құрметті Азаматы Бижамал Рамазанова – Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін, Президент Н.Ә.Назарбаевтың: «Бірлік болмай тірлік болмайды» дейтін идеясын насихаттайтын аса бағалы еңбек».
Қырғыздың халық артисі Ақылбек Абдықалықов азаттықтын қадірін ұқтырған «Жанұранға» жоғары баға бере келіп, Желтоқсан көтерілісін арқау еткен драманы кезінде осы оқиға орын алған Алматы қаласында қоюдың өздері үшін мән-маңызы зор екенін атап өтті. Бұдан былай мұндай оқиға қайталанбауын тілеген ол, бұдан былай төңкерістің тек санамызда ғана орын алғанын тілейтінін жеткізді.
Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшесі, философия ғылымдарының докторы, түрік ұлтының өкілі Қазақбай Қасымов та тілегін білдіріп, төскейде малы, төсекте басы қосылған туыс халық – қазақ пен қырғыздың бауырмалдығы арта түсу үшін осындай мәдени байланыстарды арттыра түсудің маңыздылығына тоқталып, қонақтарға сый-сияпат тапсырды.
Қырғыз сахна шеберлерінің шығармашылық сапары Алматы облысының Талғар, Қапшағай қалалары мен Жамбыл, Іле, Еңбекшіқазақ аудандарында және Жамбыл облысының Қордай ауданында жалғасты.
«Жанұран» спектаклінің оқиғасы өткен Алматы қаласында өнер көрсету біз үшін үлкен мәртебе. Біз бұл сапарға зор жауапкершілік, үздіксіз әзірлікпен келдік. Спектакльдің халыққа ұнағаны біз үшін зор қуаныш, үлкен мәртебе. Біз «Жанұранды» күзде Астана халқына, сосын Түркия жүртшылығына көрсетуді жоспарлап отырмыз»,– деді қырғыздың атақты өнер шебері Орысбек Айдаров.
Индира Байсалбекова