Жаңалықтар

ҒАЖАЙЫП БАҚҚА САЯХАТ

ашық дереккөзі

ҒАЖАЙЫП БАҚҚА САЯХАТ

Табиғат – тіршілік көзі. Табиғат – шексіз ғажайып дүние. Біздің әрбір басқан қадамымыз, әрбір істеген ісіміз табиғатпен байланыст­ы болғандықтан, оның өмірімізде ерекше орын алатыны даусыз. Табиғатты қорғау, табиғатты аялау әр адамның міндеті. Үлкен- кіші әрдайым осыны жадында ұстап, құрмет тұтуы қажет. Балаларды қоршаған ортаны сүюге, қорғауға тәрбиелеу ата-аналар мен ұстаздардың, ел азаматтарының міндеті. 

Табиғатты ерекше сүйіп қас­терлейтін, қоршаған ортамыздың гүлденіп, көркеюіне көңіл бөліп, атсалысып жүрген азаматтар біздің ортамызда баршылық. Сондай жандардың көп жылдық еңбектерінің жемісі іспетті ғажайып бақ әлемінде қонақта болу құрметі мамыр айының 21 күні Алатаудың бөктерінде орналасқан «Гүлзар» қоғамдық бірлестігіне қарасты «Тілек тас» гүлзарында орын алды. Осы жерде «Ғажайып баққа саяхат» тәрбие сағаты аясында «Рахмет саған, бастауыш мектеп» ертеңгілігі өтті. Келген қонақтарды қарсы алып, гүлзарда саяхат жүргізген «Гүлзар» қоғамдық бірлестігінің директоры Батима Қабдолданова. «Гүлстан» республикалық ғылыми-танымдық, көпшілік журналының бас редакторы Гөзел Құлжабаева да осы игі істің басы-қасында жүрді.

Бастауыш мектеппен қоштасу ертеңгілігін өткізуге мұрындық болған республикалық ғылыми-танымдық, көпшілік «Гүлстан» журналы мен «Гүлзар» қоғамдық бірлестігі Алматы қаласының Әуезов ауданына қарасты №173 лицеймен 2008 жылдан бері тығыз қарым-қатынаста. Көгалдандыру жұмыстарын кеңінен насихаттап, көптеген іс-шаралар өткізіп келеді. «Гүлстан» кітапханасынан шыққан «Өсімдіктер әлемі» оқу-әдістемелік кешенінің «Гүлдер әліппесін» жоғары санатты бастауыш сынып мұғалімі Бақыт Жақсылықова оқу үрдісінде тиімді пайдаланып, балалардың дүниетанымын кеңейтті, туған жерді, қоршаған ортаны құрметтеуді қалыптастырды. Төрт жыл жүргізген еңбектің қортындысы сияқты өткізілген ертеңгілікте – балалардың өзі мекен еткен ортаны қорғауға, қомқор болуға тәрбиеленгенін көрдік.

Бақыт Жақсылықова бастаған қонақтар, 4 В сынып оқушылары, ата-аналары ертеңгілікті еліміздің туы бейнеленген гүлдер мен түрлі-түсті өсімдіктерден жасалған композиция алдында ел ұранын шырқаудан бастады. Ғажайып өсімдіктер әлемінің айтары да, көрсетері де мол-ақ. «Жайлауда», «Құстар әлемі», «Альпі» шоқысы, «Жәндіктер» бейне-мүсіндер композициялары көрген жанды бірден баурайды. «Жайлауда» композициясындағы қазақтың киіз үйі мен төрт түлігі гүлшоқтар мен жасыл шөп, ағаш-бұталармен көркемделіп жасалған екен, ал «Альпі» шоқысындағы әсемдік пен үйлесімдік көрерменді өзіне еріксіз тартады. «Сізде өз аулаңызда осындай әсемдік жасай аласыз, қолыңыздан келеді» − деп қызықтырғандай. Әр композиция қасында тоқталып, балаларға гүл, өсімдік, ағаштар туралы мәліметтер айтқан Б. Қабдолданова Қазақстанның Қызыл кітабына енген, жойылып бара жатқан итмұрын, долана, емен, арша, қызғалдақ сияқты өсімдіктерді қадірлеу керектігіне тоқталды, болашақта бұл өсімдіктерді көбейту керектігін айтты. Гүлзарда Қазақстан аумағында өспейтін, әлемнің әр түкпірінен әкелінген 1000-нан аса өсімдік, нақтылап айтқанда алуан түрлі гүлдер өседі.

Мысалы, магнолия өсімдігі, тау шымылдығы /пион/ т.б. өсімдіктер. Бұта тектес болып өсетін тау шымылдығы мамыр айында гүлдейді, хош иісті, үлкен гүлдері алыстан «мен мұндалап» шақырады. 

Балалардың да, ата-аналардың да ертеңгіліктен алған әсері, мәліметтері мол болды. Республикалық ғылыми-танымдық, көпшілік «Гүлстан» журналы мен «Гүлзар» қоғамдық бірлестігі бастамасымен өткізіліп жүрген осындай іс- шаралар соңғы жылдары жақсы үрдіске айналған. «Әр ауланың гүлденгені – мемлекеттің гүлденгені» деген ұранмен 2008 жылдың қыркүйек айынан бастап №173 лицейде «Көгалдандыру ─ баршамызға ортақ іс» тақырыбы аясында әртүрлі семинарлар мен тәжірибелік сабақтар өткізіліп, оқушылар өсімдіктер әлемі туралы шығармалар жазып, көрмелер өткізілді. 2009 жылдың көктемінде «Қызғалдақтың отаны – Қазақстан» атты мереке республикалық деңгейде ұйымдастырылды. Бұл шараның мақсаты Қазақстан аумағында қызғалдақтың 35 түрі кездесетінін, біздің ел қызғалдақтың отаны екенін насихаттау, әлемге паш ету. Ал 2011 жылы Қазақстан халқына үндеу жариялап, «Дәстүрлі ағаш егу» мерекесіне шақырды. Осы шара аясында елді мекендерде, ауылдарда, қалаларда ағаштар отырғызу үрдісі орын алды. 

Халқымыздың қаһарман батыры Бауыржан Момышұлы атамыздың: «Сұлулық дегеннің тамыры гүлде жатыр. Сол гүлге біз сұлу емессің деп айта алмаймыз. Ол табиғаттың жасаған таза сұлулығы» деген даналық сөзі жас ұрпақтың жадында болуы керек. Балаларға эстетикалық тәрбие беру әр ата-ананың міндеті, борышы. Табиғат – сөз жетпес сұлулық, баға жетпес қазына, көз тоймайтын әсемдік, ал адамзат табиғаттың ажырамас бір бөлігі. Әдемі табиғат аясында өткен ертеңгіліктің екінші бөлімінде балалар өз өнерлерін ата-аналары мен қонақтар назарына ұсынды. Бірі мәнерлеп өлең оқып, бірі домбырамен күй тартса, ұлдар тобы қазақ биін биледі. Бір топ оқушылар ертегілер топтамасынан алынған «Гүлдер таласы» ертегісіне сахналық қойлым жасаса, бір топ оқушылар «Математика әлеміндегі қызықты оқиғалар» көрнісін сахналады, ертеңгілік әдемі вальс биімен аяқталды. Бақыт Серікқызы оқушыларына ақ тілегін айтып, өлең шумақтарын арнады. 

Қазақ халқында: «Егер көзінді қалдырам десең – бұлақ көзін аша жүр, ізіңді қалдырам десең – жақсы істен мұрат шаша жүр, ал егер өзімді қалдырам десең – бау-бақша өсіріп, жаса нұр» деген өсиетті сөзі бар. Еліміздің әр азаматты осы өсиетті сөзді есінде ұстаса, балалар әр кез табиғатты қорғау керектігін білсе, «көкті жұлма», «жас бұтақты сындырма» деген ты­йым сөздерді айта жүрсек, еліміздің көркеюіне қосқан азғана үлесіміз болары аян. 

Дана Ақылбек