Жаңалықтар

ҚАЗАҚ ОПЕРА ӘНШІСІ ИТАЛИЯДА ӘН ШЫРҚАЙДЫ

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚ ОПЕРА ӘНШІСІ ИТАЛИЯДА ӘН ШЫРҚАЙДЫ

Ұлттық опера мектебінің шеберлігі жайлы аз айтылып жүрген жоқ. «Астана Опера» театры ашылғалы бері қазақ опера әншілерінің халықаралық байқауларға қатысып, шетелдің айтулы сахналарында өнер көрсетуге мүмкіндіктері артты.

Осы театрдың жетекші солистерінің бірі, ҚР Еңбек сіңірген әртісі Сүндет Байғожин мамыр айының ортасында Италяиның Arena di Verona театрында өз өнерін көрсетті. Ол Г. Доницеттидің «Лючия ди Ламмермур» операсындағы Энриконың партиясын орындауға үміткерлердің бірі болатын. Жетекші тенорлардың бірі итальяндық қазыларды тамсандырып, Arena di Verona театрында бір емес, үш бірдей партияны орындау мәртебесін жеңіп алды. Осы мәртебеге онымен бірге әлемнің түкпір-түкпірінен келген майталман әншілер таласқан болатын.

Сонымен, Сүндет Байғожин биыл күзде «Дон Жуан» операсында Мазетто партиясын, ал 2015 жылы Дж. Россинидің «Севильдік шаштаразы» операсындағы Фигароны және Г. Доницеттидің «Лючия ди Ламмермур» операсындағы Энрико партияларын орындайды. Ол Arena di Verona театрында ән шырқайтын тұңғыш қазақ опера әншісі болмақ. 

Қазақ әншісі бұған дейін Италияда өткен Опера әншілерінің халықаралық байқауына қатысып, өз номинациясы бойынша бірінші орынды иеленген болатын. Ол Дж. Пуччинидің «Богема» операсында басты партияны орындау құқығын жеңіп алған еді. 

Г.ЖЕҢІСБЕКҚЫЗЫ

Астана