Жаңалықтар

БАС АУЫРТҚАН БАКС БАҒАМЫ

ашық дереккөзі

БАС АУЫРТҚАН БАКС БАҒАМЫ

Еуразиялық Экономикалық одаққа қатысты құжаттарға қол қойылғаннан кейін ұлттық валютаның қайта құнсыздануы туралы қауесет күшейіп кетті. Сарапшылардың бірі «Қазақстанда девальвация күні кеше ғана болған. Енді тағы да құнсыздандыруға негіз жоқ» десе, енді бірі: «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» деген. 2008 жылы Үкімет те, Ұлттық банк те еш ескертпестен, теңгені 25 пайызға арзандатты. Сосын биыл 4 ақпанда 20 пайызға дейін күрт құлдыратты. Сондықтан теңге үшінші мәрте девальвациялануы әбден мүмкін», – дейді. Қайсысы дұрыс?

«Ол кезде жағдай басқаша еді»

Ел ішінде жел сөз осылайша гу-гу есіп жатқанда, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Қайрат Келімбетов Үкіметтегі отырыста девальвация туралы ақпаратты теріске шығарды: «Айырбастау бағамына байланысты ешқандай алаңдаушылыққа негіз жоқ. Ешқандай девальвация болмайтыны анық, мұның бәрі құр сөз». Бас банкирдің айтуынша, өсек тарату арқылы пайда табуды көздейтін алыпсатарлар жыл сайын орташа есеппен алғанда, 13 рет елді алатайдай бүлдіруге тырысады екен. Жұрт аттандап жатқанда, олар долларларын «көтерме саудамен» сатып, пайдаға шаш-етектен кенеледі. «Қазір доллар бағамы белгіленген меже – 185 (плюс, минус 3 теңге) көлемінде. Рубль де долларға деген бағамын тұрақтандырды. Сондықтан теңгенің құнсыздануы туралы мәселе көтеру қисынсыз. Тіпті, рубль сәл әлсіреген күннің өзінде теңгенің тұрақтылық қоры жетеді», – деп мәлімдеген Қайрат Нематұлының сөзіне күмәнмен қарайтындар көп. Өйткені өткен аптада доллардың бағамы 185-187 теңгеге дейін көтерілген. Әлеуметтік желілер арқылы аттан салған кей ағайын: «Көкқағаз 230-ға дейін шарықтады» деп «сүйінші» сұрады. Ал сарапшылар пікірі тағы да екіге жарылды. 

Соңғы рет теңге 2014 жылдың 4 ақпанында 155 теңге тұратын 1 доллар 185 теңгеге, яғни, 20 пайызға жуық шарықтады. Ұлттық банк тарапынан таратылған ресми мәлімдемеде: «Қазақстан экономикасының ғаламдық экономикамен тығыз байланысты екенін ескерген жөн, Ұлттық Банк әлемдік қаржы және тауар рыноктеріндегі жағдайды қаперден шығара алмайды. Біріншіден, жетекші дамушы елдердегі, оның ішінде БРИКС елдеріндегі жағдай. АҚШ-тағы «сапалық жұмсару» бағдарламасына сәйкес, қаржы дамушы елдерден дамыған елдерге ағылады, бұл осы елдердің валютасына қысым жасаумен жалғасты. Әлемдік экономиканың кейінгі дамуындағы белгісіздіктің әсерінен әлемдік қаржы және тауар рыноктеріндегі өзгерістер артты. Екіншіден, Ресей рублінің курсына қатысты белгісіздік орын алып отыр. РФ Орталық банкінің Ресей рублін еркін айналымға жіберуінен соң 2013 жылы ол АҚШ долларына деген курсы бойынша 7,1 пайызға әлсіреді. Биыл қаңтар айында Ресей рублінің әлсіреуі жалғасты. Үшіншіден, бұл ҚР төлем балансының жағдайы. Ағымдағы операциялардың жағымды болуына қарамастан, пайдаланылатын тауарлардың импорты есебінен импорт өсуде. Төртіншіден, спекулятивті операциялардың өсуінің әсерінен Қазақстан Республикасы экономикасында девальвацияның болу қаупі күшейді. Алыпсатарлықтан туындайтын абыр-сабыр мен айырбас бағамының өзгерістерін болдырмау үшін Ұлттық банкке валюталық рынокке жиі енуге тура келеді. Бесіншіден, болашақта инфляцияны 3-4 пайызға төмендету үшін Ұлттық Банк инфляциялық шектеуге өтуді жоспарлап отыр, ол дегеніміз – айырбас курсының қатаң қадағалауынан бас тарту. Теңгенің айырбас курсының сыртқы бәсекеге қабілеттілігін орнына келтіру, ҚР экономикасы сыртқы сауда балансын және отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін қолдау – Ұлттық Банк валюталық саясатына өзгерістер енгізуді қажет етеді», – деп жазылды. Елімізге танымал экономист Ораз Жандосов сол кезде теңгенің құнсыздануына Ұлттық банктің экс-басшысы Григорий Марченко кінәлі деген болатын: «Марченко Ұлттық банктің тізгіні қолында отырған 4,5 жылдың ішінде теңгенің тұрақтылығын қамтамасыз ететін саясатты қалыптастырмаған. Есесіне, кетерден бұрын, соңғы 12 айда 5 млрд. долларды сатып үлгерді. Бұл кезде Ресейдің Орталық банкі рубльдің еркін жүзуіне мүмкіндік беретін жолды біраз еңсеріп үлгерген еді. Қайрат Келімбетов 4,5 айдың ішінде Ұлттық банктің басшысы бола алмады немесе бұл түйткілге баса назар аударып, саяси тұрғыда аса күрделі, бірақ аса қажетті шешімді қабылдауға ниет танытпады. Сірә, шешімді «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей» қабылдағысы келген шығар. Мұнай бағасы тағы да өседі, Қашағанды тез арада жөндеп бітіреді деп үміттенді ме? Таңғалдыратыны басқа: айырбастау бағамының алысты көздейтін саясаты тағы да түзілмеді». Күтпеген жерден келген тосын жайтқа жұрт кәдімгідей абдырап қалған. Таңертең ҚР Ұлттық банкінің төрағасы девальвация туралы мәлімдеме жасады, сол күні ақша айырбастау дүңгіршектері мен бірқатар ірі дүкен есіктерін сатып алушыларға тарс жапты. Оның соңы инфляцияға әкеп соқты. Баспасөз мәслихатында «Мен өзім де дәл бүгін болатынын білген жоқпын» деп ағынан жарылған Бас банкирді кейін кейбір депутат жерден алып, жерге салғаны бар. Аузы күйген жұрт содан кейін депозиттегі қаражатын жаппай долларға ауыстыра бастапты. Мәселен, Ranking.kz мониторинг агенттігі жүргізген сауалнамаға сәйкес, бір айдың ішінде 18 пайызға дейін артып, 2 трлн. теңгеге жеткен. Ал теңге түріндегі депозит 11 пайызға (1,6 трлн. теңге) азайған. Сонымен қатар девальвациядан кейін доллар сатып алуға құлшынған ағайынның қатары да күрт өскен көрінеді: 2014 жылдың ақпанында сатылған доллардың көлемі бытырғы ақпанмен салыстырғанда, бір жарым есеге ұлғайған. Анығында, 2013 жылы 1, 223 миллиард доллар сатылса, биыл бұл көрсеткіш 1, 854 миллиард долларға жеткен.

«Девальвация – құр қауесет»

Осылайша, «ұлттық валюта құнсыздана ма, жоқ па?» деген сауалмен ел басын қатыруда. Сарапшылар арасында елді босқа дүрліктірмеуге шақырғандар да бар. Солардың бірі – ҚР Ұлттық банкінің кеңесшісі Олжас Құдайбергенов. Әлеуметтік желілерде девальвация туралы жеке пікірін білдірген ол теңгенің құнсыздануына ешқандай негіз жоқтығын айтады: «Доллар бағамына әсер ететін жайттарды сараптап көрсек. Біріншіден, мұнай бағасы. Былтыр жыл соңынан бері барреліне 100-110 доллар арасында тұр. Яғни, теңгенің девальвациясы мүмкін еместігін көрсетеді. Екіншіден, сауда балансын алайық. 2014 жылдың бірінші тоқсанында сальдо 30 пайызға артқан. Былтырғы көрсеткіштермен салыстырсақ, тоқсанына 13 млрд. долларға өскен. Еуразиялық комиссияның сайтында бұл көрсеткіш тіпті, 15 млрд. доллар делінген (оның айырмашылығы неде екенін білмеймін). Сәуір айына қатысты деректер әзірге жоқ, бірақ өсу қарқыны сақталды деп ойлаймын. Оның үстіне, бұған Ұлттық банктің жыл басынан бері көлемі үздіксіз өсіп келе жатқан қоры дәлел. Яғни, төлем балансы жалпы алғанда жақсы жағдайда. Үшіншіден, сыртқы қарызды өтеу графигі былтыр 4 тоқсанда 6,8 млрд. долларға көтерілген. Ал биыл орташа көрсеткіш деңгейі 3,8 млрд. долларға (15 пайызға аз), 3 тоқсанда 2,7 млрд. долларға төмендеді. Яғни, сыртқы қарызға деген сұраныс бұдан ары қарай төмендей береді. Төртіншіден, KASE қор биржасындағы сауда көлемі жылға шаққанда орташа деңгейге тең. Оның үстіне, былтырғы шілденің соңы мен тамыз айының басындағыдай күрт өзгерістер жоқ. Ұлттық банк нарықта валютаны сатып алуда, сатып жатқан жоқ (Ұлттық банк девальвация болардың алдында әдетте аса ірі көлемде валюта сатуға кіріседі). Бесіншіден, былтыр шілдеде теңгенің құнсызданатынын айырбастау бағамы да айқын байқатқан болатын. Алайда, ақпан айында девальвация жасалғандықтан, ондай үдеріс қазір жоқ. Айтпақшы, биыл сәуірге дейін үнемі құлдыраумен болған ресейлік рубль қазір қайтадан тұрақтана бастады. Алтыншыдан, девальвацияға себеп болатын ешқандай экономикалық фактор жоқ. Сондықтан доллардың бағамы алдағы уақытта кері кететін шығар. Кешегі өсім ішкі жағдайларға байланысты. Адамдар мамырдың соңында салық төлейді, бұл қаржыны ірі компаниялар есепшоттарында сақтайды. Дәл осы ақша бағамға әсер еткен тәрізді. Теңгенің құнсыздануы туралы қауесет 3-4 айда бір рет туындап тұрады. Әсіресе, 2009 жылдың ақпанынан кейін тіпті жиілеп кетті. Сондықтан оған құлақ асудың қажеті жоқ әрі алда мұндай негізсіз қауесеттер бірнеше рет қайталанады деп ойлаймын».

 Нәзия Жоямергенқызы