«БҰЛ ҚОҒАМ ҚҰРСАУЛЫ ҒОЙ САНАЛЫҒА...»

«БҰЛ ҚОҒАМ ҚҰРСАУЛЫ ҒОЙ САНАЛЫҒА...»

«БҰЛ ҚОҒАМ ҚҰРСАУЛЫ ҒОЙ САНАЛЫҒА...»
ашық дереккөзі

Кез келген ұлт өміршең болып, толыққанды ұлт ретінде өзін өзгелерге
мойындату үшін оның басын біріктіретін, әрбір азаматты ұлттық мүдде
жолында қызмет етуге итермелейтін ұлттық төл идеясы, өзіндік
арман-мұраттары болады. Өзге ұлттар секілді қазақ та сан ғасырлық
тарихты бастан өткеріп, жаңа заманға қадам басты, үш жүз жылдық отарлық
езгіден құтылып, тәуелсіз мемлекет құрды. Ендігі жерде қазақ ұлтының
басын біріктіретін, алға қарай сүйрейтін арман-мұраттар қандай болмақ
деген ой әркімді де мазалары сөзсіз. Осы бағытта әңгіме қозғау үшін
бүгінгі қазақ қоғамына аздап көз жүгіртіп өткен де артық болмас.


Қазіргі қазақ қоғамының сипаты қандай?


Ең
басты мәселе, қазақтар бірігудің орнына бөлінуге бет алуы болып отыр.
Қазақтілділер және орыстілділер арасындағы салқындық, одан соң діни
саясаттың осалдығы нәтижесінде сырттан келген әртүрлі дін мен діни
ағымдарға бас ұрған қазақтар арасындағы түсініспеушілік, ауылдық қазақ
пен қала қазағының тіл табыса алмауы, түрлі рулық ұрандар мен жүзге
бөлінгіштердің теріс іс-әрекеттері, бай мен кедейдің арасының алшақтауы,
оралмандардың қоғамға кірігіп кетуіне бюрократиялық кедергілер сияқты
жағдайлар қоғамдағы шешілуі тиіс ең көкейкесті мәселелерге айналуда.
Тәуелсіздік жылдарында өмірге келген, білім алған орыс тілді қазақ
жастарының өзгеше бір топқа айналып, қазақ тілін қасақана үйренуден бас
тартуы қазақтардың ұлт ретінде ұйыса алмағанының бір көрінісі болғандай.
Сонымен қатар, қазақтардың бойындағы өзін-өзі қорсыну, өзгелерді ұлық
тұту қасиетінің де өрши түсуі көзге ұрады.

Қарапайым
халық арасында сыбайлас жемқорлықтың күнделікті орын алуы тиісті жағдай
ретінде қабылдануы елдегі сыбайлас жемқорлықтың үдей түсуіне де
байланысты болса керек. Әлемнің 177 еліндегі жемқорлық жағдайын
саралаған халықаралық Transparency International ұйымының есебіне
сәйкес, 2012 жылы тізімде 133-орынды иеленген Қазақстан 2013 жылы
төмендеп, 140-орынды иеленген. Мемлекеттік қызметте қаншалықты жоғары
лауазым иеленсе соншалықты бай адам болатыны жөніндегі қарапайым адамдар
арасында қалыптасқан пікірді соңғы жылдары лауазымды тұлғалардың
бай-бақуатты өмірі жайлы деректер одан әрі бекіте түсуде. Ал, кезінде
жоғарғы лауазымдарды иеленген саясаткер Ораз Жандосов қазіргі үкімет
мүшелерінің жартысы миллиардер екендігі жайлы айтқанда оған ешкім таң
қалмады деуге болады (http://news.nur.kz/263168.html). Заң алдындағы
теңсіздік, заңдылық қағидасының декларативті сипатта болуы, мемлекеттік
қызметтегі кәсібилілік қағидасының қаперге алынбауы, сыбайлас
жемқорлықпен қатар мемлекеттік қызметте рушылдық, жүзшілдік,
жерлесшілдік, фаворитивизм, непотизм сияқты құбылыстардың кейде көрініс
табуы қарапайым адамдарды тығырыққа тіреген секілді.

Ертеңге
сенімнің болмауы, қоғамдағы өз орнын таба алмау, әртүрлі қажеттілік
үшін банктерден кредит алып қарызға бату, жұмыссыздық, кедейлік қазақ
қоғамында өз-өзіне қол жұмсаушылықтың өрістеуіне негіз болуда. Қазақстан
жасөспірімдер мен жастар арасындағы суицидке қатысты әлем бойынша
алғашқы орында. Бірақ бұл орын, жастар суициді көп кездесетін Қазақстан,
Ресей мен Литва сияқты үш ел арасында ауысып тұрады. (Қазақстан жастар
суицидінен алғашқы үштікте (www.azattyq.org). Өз еліне деген жылы
сезімнің болмауы, ата-анасының бақытты ғұмыр кеше алмауына айналасындағы
ортаны кінәлау, өз тілі мен дінін өгейсіну нәтижесінде көптеген
жастардың басты арманы шет елге кету, шет елде өмір сүру болып отырғаны
өтірік емес.

Қазақтың санының баяу өсуі, қоғамды
араққұмарлық, нашақорлықтың жайлауы, адамдар бойында адами құндылықтарға
енжарлықтың күшеюі бүгінгі күннің өзекті мәселелеріне айналды. Қазақы
дәстүрден ажырап қалған қоғамда ұлттық құндылықтар өзіндік бағаға ие
болмау­да, қазақтың ұлттық символы болған құндылықтар өзгелердің
еншісіне айналуда (қымыз, көкпар, киіз үй, шұбат, айтыс және т.б.). 

Осы тұрғыдан алып қарағанда, бүгінгі қазақ қоғамын
жайлап алған депрессия, бойкүйездік, өмірден түңілу, ертеңге
сенімсіздік, өмірге наразылық, ашушаңдық пен салғырттықтың өрістеп
дамуына, әр адам бойындағы ұлттық рух пен ұлттық мақтаныш сезімінің
оянбауына, ұлттық намысты жеке рулық намыс жолында құрбан етуіне не
себеп болғанын да қарастырған жөн болар. 

Себебі неде?

Қоғам
әр кезде де рухани, діни, мәдени өсу үшін өзіне бағыт көрсетілуін қажет
етеді. Әрине, мұндай жағдайда бағыт көрсетуші ең алдымен билік және
интеллигенция, аристократия болатыны анық. Дегенмен, қазақтан шыққан
байлар мен байшыкештердің ата-баба дәстүрін қайта жаңғыртуда
өзімшілдікке (көп әйел алу дәстүр бойынша ұрпақ қалдыру мақсатында
болса, бүгінгі күні мақтанқұмарлықтың көрінісі), ысырапшылдыққа (тұрмысы
төмендерге күнін көре алмай жүргенде көмек беруден бас тартып, әртүрлі
той-томалаққа шет елден әнші-биші шақырып, миллиондаған долларды төлеуі)
баруы, қазақ интеллигенциясы, өкілдерінің өз миссиясын шатастырып алуы
(интеллигенцияның халықтың сөзін сөйлеуді доғаруы) уақытша мәселелердің
алдыңғы қатарға шығып, болашақ жайлы ұмыт қалуы қоғамның деградацияға
ұшырауына өзіндік әсерін тигізуде. Әрине, бұл тұста Қазақстанда
мемлекеттің қазақ ұлтының мүддесіне сай жасалған ұлттық идеологиясының
болмауы да ұлттың бірігуіне теріс әсерін тигізетінін айтпай кетуге
болмайтын сияқты. 

Қоғамның алға жылжуы немесе
артқа кетуін тікелей мемлекетпен байланыстырудың ағаттығы бола қоймас.
Себебі, ықылым заманнан бері мемлекет қоғамның дамуы немесе кері
кетуінің басты себепкері болуда. Бүгінгідей ақпараттық кеңістікте
еркіндік туындаған заманда адамдар әлемдегі болып жатқан оқиғалардан,
өзге елдегі адамдардың тіршілігінен хабар алудан кенде болып жатқан жоқ.
Осының өзі белгілі бір деңгейде адамдар санасында сан түрлі сұрақтар
туындатып, оларға жауап табуға ұмтылысты түртпектеуде. Қоғамда орын
алған әділетсіздіктерге қарсы әрекет етуге қауқарының жоқтығына, өз
тарапынан ешнәрсені өзгерте алмайтындығын мойындаудың өзі адамдардың
бойындағы ертеңге деген сенімді сейілтіп, өмірге деген ынтасын тежері
сөзсіз. «Сұм өмір абақты ғой саналыға» деп жырлаған Мағжан ақын секілді
көпшілік көзі ашық, көкірегі ояу адамдардың депрессияға түсіп, өмірден
баз кешуінің сыры осында болса керек. 

Қазақ
тарихының дербес ойлы ғалымдардың пікіріне сүйенбеуі, тарихты бұрмалау,
қазақта мемлекеттіліктің болуын жоққа шығару, ескі тарихты зерттейтін,
сақ, ғұн дәуірінен бұрынғы тарихты қаузай алатын мамандардың болмауы,
тарихшылардың тәуелсіздік жылдары жайлы жылнама жазумен әуестенуі
қазақтардың өз тарихына сенбестікпен қарауына алып келген. 

Мемлекет саясатында алдыңғы орынға экономиканың шығуы қоғамның
рухани тоқырауына алып келетінін уақыт дәлелдегендей. Себебі,
материалдық құндылықтардың мемлекеттік деңгейде алдыңғы қатарға шығуы
қоғам мүшелерінің материалдық құндылықтардың құлына айналуына ықпал
етеді. Мұндай қоғамда ұлттық мүдде, ұлттық құндылықтар жеке мүдде мен
жеке материалдық құндылықтардың көлеңкесінде қалып қояры сөзсіз. Тағы
бір ескеретін жайт, қоғамның әртүрлі адамдардан құралатындығы, яғни,
қоғам мүшелерінің ойлау деңгейі, қабылдау деңгейі, дүниетанымы мен
өмірге көзқарасының әртүрлілігі. 

Қазақстан үшін
көлеңкелі экономика да – ірі мәселе. Халықаралық ұйымдардың дерегінше,
соңғы 20 жылда Қазақстаннан 123 миллиард доллардан астам қаржы шетелге
кеткен. Қаржы полициясының зерттеуінше, 1994-2013 жылдары жемқорлық
салдарынан мемлекетке 7,5 миллиард доллар көлемінде зиян келген.
(www.azattyq.org). Экономиканың шикізаттық сипатынан арылмауы,
керісінше, кеңестік кезеңде болған өндіріс орындарының жаппай жабылып,
ал кейінгі жылдардағы ашылған зауыт-фабрикалардың тек көз бояушылық,
есеп беру үшін ашылып, біразының жұмыс істемеуі халық арасындағы
жұмыссыздықтың ұлғаюына жол ашты. Өз кезегінде жұмысы жоқ адамдар
кедейлердің шебін толықтырып, қоғамдағы қылмыстың артуына ықпал етуде.
Экономиканың алыпсатарлыққа негізделуі, салық саясатының өндірушілер
мүддесіне сай болмауы кәсіпкерлердің үстеме пайданы басшылыққа алып,
болашақ үшін, ел ертеңі үшін өндіріс орындарын ашып, халықтың болашақта
игілігіне асар дүниелерді қолға алып, қажет салаларда жұмыс жасаудан бас
тартуына себеп болуда. Нәтижесінде бұрынғы зауыт-фабрикалардың орнына
заманауи ойын-сауық, сауда орындары көптеп салынып, экономикамыз тек
импортқа тәуелді сипатқа түсті. Осы тұста саяси мемлекеттік
қызметшілердің бірқатарының өздері жүргізген реформалар үшін
жауапсыздығын да айта кетуге болады, яғни, кейбір министрдің шет елде
болғанда көрген жағдайды қоғамның ерекшеліктерін қаперге алмай өмірге
ендіру үшін реформа жүргізіп, оны аяқсыз қалдыруы немесе ол реформаның
нақты бір саланы кері кетіруі және сол үшін ешқандай жауапкершілікке
тартылмай, өзге саланың құлағын ұстап кетуі қоғамда сенімсіздікті
күшейтті деуге болады. 


Не істеу керек?


Ең
алдымен бар қазақтың басын көтертіп, еңсесін тіктеу үшін ұлттық рухтың
оянуы қажет. Үш ғасыр өзгенің тепкісінде болып, ұзақ уақытқа созылған
отарлау саясаты негізінде ойлана алатын адамдарының көзі құртылып,
әртүрлі қуғын-сүргіннен есі кеткен елдің ұлттық рухын оятуда тек рухани
азық қана емес, адамдарға үлгі боларлық іс-әрекет те қажет етіледі. Бұл
іс-әрекет ұлтқа үлгі боларлық деңгейде болғаны абзал. Қазіргі жағдайда
ұлттық рухты көтеруде ең басты мәселе тарихи орын алған жағдайлардың
бүкпесіз баяндалып, оған кінәлі тұлғалардың әшкереленуі болып отыр.
Қазақ интеллигенциясының қуғындалуына кінәлілер анықталып, аштықтың
әдейі жасалған геноцид екені нақтыланып, 1986 жылғы оқиғаға ұлт-азаттық
көтеріліс дәрежесі беріліп, оған қатысты шындық жариялануы керек. Қазақ
тарихының ақтаңдақтары халық арасында ашық насихатталып, шындық бүкпесіз
айтыла бастаса ұлттың да еңсесі көтеріле түсері анық. 

Ұлтты
ұйытатын ұлттық идеологияны қалыптастырып, оның жүзеге асырылуын
мемлекет тарапынан қолға алу, ұлттық идео­логияны тек идеялармен ғана
шектеместен нақты іс-шаралармен байыту қажет.

Ұлттық
тәрбие мәселесінің қолға алынуы кезек күттірмейтін мәселе. Отбасында
ұлттық рухта тәрбие ала алмаған адамның кейіннен әртүрлі діни ағымдар
мен секталардың жетегіне ілесуі оңай, сонымен қатар, ұлттық тәрбие
алмаған ұрпақтың өз еліне, жеріне деген сүйіспеншілігі соншалықты жоғары
дәрежеге көтеріле алмайды. Соның салдарынан өзге мәдениетті қабылдау,
өзгелерге еліктеу сияқты әрекеттердің нәтижесінде маргиналдық топтар
көбейе берері сөзсіз. Отбасындағы тәрбие ұлттық бағытта болуы үшін
ақпараттық кеңістік ұлттық мүддеге қызмет етуі тиіс, сонымен қатар,
ұлтты тәрбиелеуде заманауи ұлттық әдебиет пен өнер дәріптелуі қажет.
Мемлекет тарапынан ұлттық тәрбиеге көңіл бөлу, ұлттық спортты көтеру,
ұлттық ойын-сауықты насихаттау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ұлттық
мерекелерді жоғарғы дәрежеде ұлықтау арқылы жас ұрпақ санасында ұлттық
мақтаныш сезімін ояту басым бағыт болып белгіленуі қажет. Бірақ бұл
мәселе тек ара-тұра ұйымдастырылатын науқандық шаралармен шектелмеуі
тиіс. 

Ұлттық заңнаманы ұлттың ерекшеліктері
негізінде түзу ұлттық сананың өсуіне оң ықпал ете алады. Сонымен қатар,
дін мәселесінің мемлекет тарапынан қатаң түрде бақылауда болып, қазаққа
жат ағымдардың таралуына заңмен шек қою ұлттың ұйысуына оң ықпал етері
сөзсіз.

Қазаққа кім идеал бола алады деген мәселе
де күн тәртібіне қойылуы тиіс, яғни, ақпарат құралдары бай және атақты
адамдар жайлы айта бергеннен қарапайым адамдардың психикасы бұзылып,
өмірге деген наразылықтың ұлғаятындығын түсінуі тиіс. Оның орнына
қазақтан шыққан текті адамдар, өз шындығымен өмір сүрген азаматтар,
тіпті, үлкен іс тындырса да еңбегін бұлдап, әркімнің табалдырығын
тоздырмай еңсесін тіктеп өткен адамдар жайлы ақпараттар насихатталғаны
абзал.

Ұлттың санын арттыру да ең маңызды мәселе
ретінде қарастырылуы тиіс, оны жүзеге асырудың екі жолы бар, ең
маңыздысы – шеттегі қандастарды елге көптеп қайтарып, олардың нақты
аумақтарда қоныстанып, жерге иелік етуіне мүмкіндік беру. Екіншіден, ана
мен бала денсаулығына мемлекет ерекше мән беруге тиіс, бала туу үшін
берілетін бір реттік жәрдемақы көлемі ұлғайтылып, адамдардың
денсаулығына кері әсер ететін шикізат өндірушілерге талапты қаталдатып,
экологиялық заңнаманы бұзғандарға жауапкершілікті күшейту қажет. 


Қазақтың мұраты не?


Ұлт
тағдыры сол ұлттың мүшелерінің қолында, сондықтан, әр қазақ өз ұлты
үшін жауаптылықты сезінуі қажет. Өзге ұлт немесе өзге мемлекет қазақтың
қамын ойлайды немесе қазаққа жаны ашиды деу үлкен қателік болар еді. Тек
қазақ қана қазақтың жанын түсіне алады, қазақтың мұқтаждығын сезіне
алады. Ол үшін әр қазақ өзін қазақпын деп ұғынып, қазақтығын сезінуі
тиіс, қазақтығын мақтаныш етуі қажет. Бар қазақ бір арман-мұрат жолына
бірігуі тиіс, сол арман-мұрат қана қазақ қоғамын алға сүйрей алады.
Ұлттық мүддеге жеке мүдде бағына отырып, әр қазақтың жеке арманы ұлттық
мұратқа ұласуы шарт, билікте отырған қазақ та, шаруада жүрген қазақ та
ұлт мұратына адал болуы тиіс. Кез келген қазақтың арман-мұраты әрине,
қазақы дүниетанымға сәйкес келетін, қазақы құндылықтарды басшылыққа
алатын, біртұтас, тілі, діні, ділі ортақ, қазаққа жаны ашитын, өзін
шетке теппейтін, өмір сүруіне қолайлы ортада тірлік ету. Қарапайым қазақ
өзін қазақ қоғамының толыққанды бір бөлшегі ретінде сезінуі үшін оған
ешқандай да атақ пен даңқтың, қызмет пен мансаптың, байлық пен бақуаттың
қажеті жоқ. Ол үшін ең маңыздысы өзінің қазақ қоғамына керек екендігін
сезіну ғана. Бұған қол жеткізудің жалғыз жолы бар – қазақтың ойының бір
жерден шығуы, бар қазақтың бір қазақ екендігін мойындауы. 

Есбол Өміржанов