ШЕНЕУНІКТЕР ЕНДІ ШЕТ ҚАЛМАЙДЫ

ШЕНЕУНІКТЕР ЕНДІ ШЕТ ҚАЛМАЙДЫ

ШЕНЕУНІКТЕР ЕНДІ  ШЕТ ҚАЛМАЙДЫ
ашық дереккөзі

Талай жыл бойы жырлаған тілдің жыры бітер емес. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне қарамастан мемлекеттік қызметкерлерден қазақ тілін білуді талап етуге жүрегіміз дауаламайды. Жоғары билік эшелонынан ондай талапты енгізуге бірнеше рет талпыныс болғанымен, қоғам тарапынан кәдімгідей қарсылыққа ұшырап келгені бар. Сөйтіп мемлекеттік тіл мәселесі қоғамдық пікірде жеңіліске ұшырап, оны білуді міндеттеуді сәл кейінге шегеріп отырған жайымыз бар. 


СТАТИСТИКА ӘРТҮРЛІ, БАҒАЛАУ ДА ӘРТҮРЛІ 


Дегенмен билік тағы да қозғала бастады. Батыл түрде болмаса да, келесі жылдан бастап мемлекеттік қызметкерлерден мемлекеттік тілді білуді талап ететінін мәлімдеді. Әуелі бұл жайында мәлімдеме жасаған вице-премьер Гүлшара Әбдіхалықова Астана қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткізген брифингіне өз тарапынан біраз статистиканы да ала келген екен. Оның мәлімдеуінше, маусымның 10-ында өткен Үкімет отырысында Тiлдердi дамыту мен қолдану жөніндегі 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламаның орындалу барысы талқыланыпты. 

«Қазiргi уақытта сарапшылар айтып отыр, Қазақстан халқының 62-63 пайызы қазақ тiлiн, 92 пайызы орыс және 16,6 пайызы ағылшын тiлiн меңгерген». Алайда, вице-министр ханым бұл статистиканы қайдан алғанын, қандай зерттеу нәтижелеріне сүйеніп айтып отырғанын бөліспейді. Дегенмен біздің қолымыздағы соңғы ресми статистикалық деректерде бұл цифр сәл өзгешелеу айтылады. Қазақстандағы соңғы ресми мәліметтер бойынша елдегі халықтың 74 пайызы қазақ тілін, 84 пайызы орыс тілін еркін меңгерген. Ал елдегі 70 пайызға жуық қазақтың 98,4 пайызы ана тілін түсінетінін, ал 93,2 пайызы ана тілінде оқып және жаза алатынын айтқан. Мемлекеттік тілді елдегі түркі жұрттарының барлығы – өзбек, ұйғыр, қырғыздар 90 пайыздан кем білмейді екен. Қазақ тілін ең нашар меңгергендер – орыс, беларусь, украин, поляк, неміс, корейлер. 20-25 пайыздайы түсінеді, 5-7 пайыздайы ғана әртүрлі деңгейде оқып-жаза алады екен. Бұлардың арасында мемлекеттік тілді меңгеруде аздап ілгері тұрғандары немістер, сосын корейлер. 

Демек, Қазақстан қоғамы тілдік лояльдылық деңгейіне жетіп отыр. Бірақ, соған қарамастан, мемлекеттік тілде іс жүргізу, шараларды тұтастай қазақ тілінде өткізу және мемлекеттік қызметкерлердің қазақша сөйлеуін талап ету – әлі күнге дейін күн тәртібіне шықпай келеді. Апта басында ақпарат құралдары арқылы бүкіл ел тұрғындарынан сүйінші сұрағандай болған, жылт еткен осы бір жаңалықтың көңілімізге үміт сыйлағаны анық. Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы: «Мұны 2015 жылдан бастап орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың стратегиялық жоспарларына сатылы түрде ҚАЗТЕСТ жүйесiн енгiзу арқылы шешемiз» дегенді қадап айтты. Алайда дәл осындай ұрандардың бұған дейін де талай рет көтеріліп, талай рет жарға соғылғанын білеміз. Бұл жолғы талпынысымыз да алдыңғысының кебін кимесе неғылсын. 


БІЗДІ ТЫҒЫРЫҚҚА ТІРЕГЕН – ЖҮЙЕСІЗДІК


Қазақ тілі мен орыс тілінің өзара күресі және осы тілдерде сөйлеушілердің екі тілдегі (қазақ, орыс) ақпарат құралдарындағы айтысы аяқталар емес. 20 жыл бойы айтып келе жатқан әңгімеміздің ауаны да өзгермеген. Орыстілділер қазақ тілін білуді міндеттеуді өздеріне жасалған қысым деп бағаласа, қазақтілділер мемлекеттік тілдің босағадағы рөлі үшін зар жылайды. Алайда олар бірін бірі түсінбейді. Түсінуге құлықсыз. Екітілді қоғамның екітілді өкілдерінің арасында диалог жоқ. Әсіресе, қоғамның негізгі бөлігі, мемлекет құраушы ұлттың мұңы мен зарын, көңіл күйін, жанайқайын түсінуге, оны білуге деген құлықтылық орыстілділер тарапынан байқалмай келеді. Себебі, сол елдің тілін білмесе, оның жанын қалай ұғынасың. 20 жылда мемлекеттік тілді үйрену былай тұрсын, принципті тұрғыдан екі ауыз сөз үйренуге талпынған емес.

 Саясаттанушы Марат Толыбаевтың  «NewTimes.kz» ақпарат агенттігінде жарияланған «Законодательно обязывать владеть казахским языком всех граждан нет необходимости» атты мақаласының тақырыбына қарап, тіксініп қалсақ та, оның ішкі мазмұнына үңіле отырып, біраз мәселеге дұрыс баға беріп отырғандығын бағамдауға болады. Марат Толыбаев, біріншіден, жоғарыда аталған талас-тартыстардың күн өткен сайын өршіп бара жатқандығының себебін тілдік саясаттың жүйесіздігінен іздейді. Өйткені кез келген мәселенің немесе проблеманың өлшеу параметрлері болады. Ал Қазақстан қоғамында қазақ тілін үйрену деңгейінің қаншалықты дәрежеге жеткендігін нақты айтып бере алмай отыруымыздың сыры неде? «Меніңше, осы уақыт аралығында қазақ тілін дамытумен айналысатын мемлекеттік басқару жүйесінде жүйелілік болмады. Бұл жұмыстың мақсаты да, міндеттері де айқындалмаған. Нәтижеліліктің басты көрсеткіштері жоқ. Белгілі бір нәтижеге қол жеткізудің уақыты да, оған жауапты мемлекеттік орган да жоқ. Осыдан келіп, түсініксіз және таласты қорытындыға тірелеміз» дейді ол аталған мақаласында. Саясаттанушы тіл білудің деңгейін өлшеу мүмкіндіктері бар екендігін көлденең тарта отырып, бүкіл әлемдік тәжірибеге иек сүйейді. Мәселен ағылшын тілін білудің IELTS немесе TOEFL, испан тілінің – DELE, неміс тілінің – TestDaF, қытай тілінің – HSK секілді емтихандары бар. Қазақ лингвистері 2006 жылы «ҚазТест» жүйесін жасап шықты. Қазір оны жетілдіру үстінде. Алайда дәл осы Қазтест тапсырып, қазақ тілін білу деңгейін айқындағандар жайлы нақты ақпарат жоқ. 


ҚҰРДЫМҒА КЕТКЕН ҚАРЖЫ


Қоғамдағы тағы бір қайшылық – жыл өткен сайын қазақ тілінде білім алушылардың санының артып келе жатқандығы. Оған алысқа бармай-ақ, биыл ҰБТ тапсырған түлектердің үлес салмағын көлденең тартсақ та жеткілікті. Ұлттық бірыңғай тестілеуге республика бойынша 87 мың 593 адам қатысса, оның 61 мың 678-і мемлекеттік тілде, ал 20 мың 236-сы орыс тілінде сынақ тапсырған. Демек, мектеп бітірушілердің 70 пайыздан астамы қазақ тілінде білім алған. Жоғары оқу орындарында білім алушылардың 80 пайызы қазақ тілінде оқиды. 

Алайда мемлекеттік тілді дамыту үшін қыруар қаржы бөлуде. Мәселен ел Президенті өзінің халыққа дәстүрлі Жолдауында тек соңғы 3 жылда 10 миллиард теңге бөлінгендігін мәлімдеген. Бірақ осы қаржының қайтарымы қайда? Оны қандай жобаларға салып жатқаны жайында кім есеп береді? Тағы да тығырыққа тірелеміз. 

Батыс Қазақстан облыстық Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Махамбет Ихсанғали жақында ғана өткізген баспасөз-мәслихатында 2013 жылы жергілікті бюджеттен қазақ тілін үйретуге 22,4 миллион теңге бөлінгендігін жеткізген. Бұл қаржыға тегін тіл үйрету курстары ұйымдастырылып, 855 адам білім алып шыққан. 

Оның айтуынша, тіл үйрету курстарына 1600 адам өтініш берген. Алайда оның 855-і ғана курсты аяқтауға мүмкіндік алып отыр. 

– Егер тіл үйренуші 3 сабаққа келмейтін болса, біз оны шығарып жібереміз. Ол жайында алдын ала ескертеміз, – деген ол тіл үйрену курстарынан өткен адамдардың ары қарай тілдік машықтарын дамытуға құлықсыздығын да ескертіп өткен. Олар өз айналасындағылардан қазақша тіл қатуды талап етпейді, тілдік ортаны қалыптастырмайды, сөйтіп үйренгендері бел ортада қалып қояды, – деген ол. 

Бұл бір облыстағы ахуалды баяндағанымен, бүкіл елдегі жағдайдан хабар беретін ақпарат. Демек, өзге ұлт өкілдері арасынан мемлекеттік тілді үйренуге деген талпынушылық тым төмен. Үйренсе де, оны арықарай күнделікті қолданысқа енгізуге құлықты емес. Бұның барлығы айналып келгенде, мемлекеттік тілдің сұранысқа, қажеттілікке ие еместігінің салдары. 


ҚАЗАҚ ТІЛІ ҰБТ-ДА МІНДЕТТІ ПӘН БОЛА АЛА МА? 


Қазақ тілі курстарын бітірушілер ғана емес, орта мектепті бітірушілердің де қазақ тілін үйреніп шығуы ойдағыдай емес. Орыс және басқа да ұлт мектептерінде қазақ тілі 1 сыныптан бастап өтеді. Қазақ тілінің қажеттілікке ие еместігінің көрінісі болар, бір ғажабы, орта мектепті тәмамдаушылар ағылшын тілінде әжептәуір сөйлеп шығады. Ал қазақ тілінде екі сөздің басын қосуға қиналады. Біріншіден, бұл қазақ тілін үйретудің әдіс-тәсілдерінің жолға қойылмағандығының салдары болар, екіншіден, тілдің сұранысқа ие еместігін танытады. 

Мәжіліс депутаты Розақұл Халмұрадов Үкіметке сауал жолдап, орыс мектебін бітірген түлектердің қазақша білуін міндеттеу қажеттігін сұрағандығын және сауалына қанағаттанарлық жауап алғандығын жеткізді. Мәжілісмен: «Елімізде орыс тілінде сабақ беретін 1700-ден астам мектеп бар. Оны бітірген түлектердің тек 10 пайызы ғана қазақ тілін біледі. Ал елдің Білім және ғылым министрлігінің бұл жағдайды түзеуге құлқы жоқ. Соның салдарынан мемлекеттік тілді меңгеруге оқушылар да асықпайды» деген ол ҚР Премьер-министрінен ұлттық бірыңғай тестілеуде орыс мектебін бітірген балалардың қазақ тілінен тапсырған тест жауаптары қорытынды балға есептелуін сұрап, сауал да жолдаған. «2015 жылдан бастап қазақ тілі барлық мектептерде міндетті пәннің есебінде тестке енгізіледі. Одан алған бағалар балға қосылады деген жауап келді. Біз сол жауапқа қанағаттанып, соған үміт артып отырмыз», – деген Розақұл Халмұрадов www.24.kz арнасына берген сұхбатында. 

Сонымен әйтеуір жоғары эшелонда аздаған қозғалыс иә сілкініс бар көрінеді. Бірақ оның нәтижесі қалай болары бізді ойлантады. 


Есенгүл КӘПҚЫЗЫ