АЛМАТЫ ҚАРЖЫ ОРТАЛЫҒЫНА АЙНАЛА МА? НЕМЕСЕ

АЛМАТЫ ҚАРЖЫ ОРТАЛЫҒЫНА АЙНАЛА МА? НЕМЕСЕ

АЛМАТЫ ҚАРЖЫ  ОРТАЛЫҒЫНА  АЙНАЛА МА? НЕМЕСЕ
ашық дереккөзі

Алматы – «Жаңа Ұлы Жібек жолының» қаржылық астанасы. Бұл – мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға барғанда айтқан бастамасы. Әзірге тек мақсат. Жалпы, оңтүтік астананың қаржы орталығына айналдыру идеясы соңғы 10 жыл бойы тек арман мен тілек болудан аспай келеді. Себебі, 2005 жылы Үкімет Алматы қаласына қаржы орталығы мәртебесін берген кезден бері айтарлықтай ештеңе өзгерген жоқ. Арнайы қабылданған заң, қаржы орталығын дамыту комитеті мен кеңесі, қор биржасы, рейтинг агенттігі, қаржы орталығы академиясы қалыптасқан қаржылық инфрақұрылым құра алмады. Әйнектен жалтыраған биік ғимараттар мен офистер, теледидардан анда-санда берілетін бейнероликтер Алматының қаржы орталығы-мыс екенін кейде еске түсіреді. 

Қаланың маңыздылығы 29 мамыр күні Астанада Қазақстан, Ресей, Белорусь басшыларының Еуразиялық экономикалық одақ (ЕЭО) құру туралы шартқа қол қою кезінде де аталып өтті. Енді Алматы 2025 жылға қарай ЕЭО-ның қаржы орталығы атануы мүмкін. Осыдан кейін іле-шала Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов «Алматы Мәскеу, Варшава және Манила сияқты қалаларды басып озды, мұның өзі жақсы көрсеткіш. Алғашқы елу қалаға ену үшін бізге үлкен жұмыс атқару керек. Алға қойған міндетіміз – Азияның 10 ірі қаржы орталығының қатарына ену», – деп мәлімдеді. Бұлай деуге жыл сайынғы The Global Financial Centres Index 15 рейтингісінің қорытындысы себеп. Алматы қаласы алғаш рет аталмыш рейтингіне енгізілді және 83 халықаралық қаржы орталығының ресми тізімінде 58-позицияға, ал Азия қаржы орталықтары арасында 13-орынға ие болды. Әрине, бұл Қазақстан үшін айтулы жаңалық. Алайда, Алматыны толыққанды қаржы орталығына айналды деу ертерек. Бір ғана мысал, тізімде Алматыдан бірнеше орынға алдыда тұрған Брюссель, Стамбұл, Бахрейн секілді қалалар әлдеқашан дамып кеткеніне қарамастан, дербес қаржы орталықтарына айнала қойған жоқ.


Эми­тенттер азайып барады


Қа­ла­да Ұлттық банк, оның қаржылық қа­да­ғалау мен бақылау органдары орналасқан. Ірі банктердің орталық аппараттары, қазақстандық қор биржасы, шетелдік банктер мен қаржылық ұйымдардың кеңселері орналасқаны рас. Оңтүстік астана еліміздің ІЖӨ-нің 18 %-ын, мемлекеттік бюджеттің 25 %-ын, көтерме және бөлшек сауда операцияларының жартысына жуығын қамтамасыз етеді. Бұған қарамастан 9 жыл бұрын берілген уәделер орындалды ма? Негізгі міндеттер ішінде бағалы қағаздардың қазақстандық нарығын дамыту, экономикаға инвестициялар тарту, жаңа қаржы құралдары мен қор технологияларын дамыту мен енгізу, шетел инвесторларына визаны жеңілдету болды. Әлемнің қаржы орталықтары секілді Алматы отандық және шетелдік қаржы секторы капиталдарының еркін, табысты байланысының ошағы атануы керек еді. Бұл үшін жобаға республикалық бюджеттен 1,5 млрд. теңге құйылып отырды. Бірақ, 2007 жылғы дағдарыс кірпіші қаланып келе жатқан құрылымның күлін көкке ұшырды. Сөйтіп, алғашқы сынақ өткерілмеді. Отандық қор құлдыраумен бірге, шетелдік инвестиция да қолдан кетті. Бүгінгі қалыптасқан жағдайға қарап, дағдарыс елесі әлі кезіп жүрген сыңайлы. Мәселен, Ұлттық банктің 2013 жылы жариялаған ақпаратына сәйкес, Алматыда облигациялар эмитенттері (бағалы қағаздар шығарушылар) 2010 жылы 394, 2011 жылы 387, ал 2012 жылы 363-ке дейін азайған. Акциялар шығарушы ұйымдар саны 2010 жылы 2190, 2011 жылы 2167, ал 2012 жылы 2146-ға дейін қысқарған. Пайлық инвестициялық қорлар 2010 жылы 180, 2011 жылы 161, ал 2012 жылы 152-ге дейін кеміген. Ал қор биржасында бар-жоғы 127 эмитент тіркелген, оның 50-і мемлекет қатысумен құрылған. Бұл сандармен алдағы он жылда серпінді даму күту күмәнді. Мәселен, Лондонда эмитенттер саны 3000-нан асады, Нью-Йоркте 2500. Алайда отандық қаржы құрылымдары өз активтерін шетелдік биржаларда саудалап отырғанда қазақстандық қор биржасы қалай дамымақ? Бұл біздегі қаржылық инфрақұрылым мен экономикалық климаттың қалыптаспағанын көрсетеді. Ал қаржы орталығының жабық режим аясында жұмыс істеп келе жатқаны өз алдына әңгіме. Қанша компания жұмыс істеп, қанша қаржы құйылып жатқаны беймәлім.


Тиімсіздік теориясы


Мүмкін осыдан болар, 2010 жылы Есеп комитеті Алматы – қаржы орталығын дамыту агенттігінің жұмысын тиімсіз деп бағалаған болатын. Келесі жылы агенттік таратылып, Ұлттық банктің құрамында қаржылық орталықты дамыту комитеті болып қайта құрылды. Бұл дегеніміз қаржы орталығының дербестігінен, құзіреттілігінен айрылу. 2013 жылы мәжіліс депутаты Тұрсынбек Өмірзақов қаржы орталығын Алматыдан Астанаға көшіру туралы мәлімдеме жасап, айды аспанға шығарған еді. «Отандық компаниялар инвестициялық сұраныстарды қанағаттандырмай отыр. Ұлттық қор нарығының шектеулігі мемлекетке ішкі нарықтан қаржы алуға мүмкіндік бермейді. Ал шетеліктерді қазақстандық бағалы қағаздар нарығы қызықтырмайды», – деген еді депутат. Сөзінің жаны бар, алайда толыққанды қалыптаспаған, тіпті, жоқ қаржы орталығын елордаға қалай көшірмек?! 

Алматыны қаржы орталығына айналдыру арманының күйреуге ұшырағанын Қайрат Келімбетовтің орталықты дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын дайындау туралы тапсырма бергенінен-ақ түсінуге болады. Жаңа тұжырымдама биылғы жылдың 1 желтоқсанына дейін қабылдануы керек. Демек, бұл сөзімен бас банкир бұған дейінгі жобаның іске аспағанын толық мойындап отыр. Осы тұста шенеуніктердің іске аспаған жобаларды қайта «тірілту» үшін жаңа тұжырымдама-бағдарламаларды қабылдайтын «әдеті» еске түседі. Өз уақытында басталып, бірақ аяқталмаған «Бизнестің жол картасы-2020», «Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламасының» кейпін осылайша, қаржы орталығы қайта кимек. Осыған қарап та жобаның болашағын болжай беруге болады.

Диас БЕЙСЕНБЕК