«СССР-ДІ САҒЫНУ» СӘНГЕ АЙНАЛҒАН БА?
«СССР-ДІ САҒЫНУ» СӘНГЕ АЙНАЛҒАН БА?
Қоғамды үнемі өзгертіп отыратын уақыт адамның еркіне бағынбайтын болғандықтан, біз қанша қимасақ та, заман өзгергенде көп нәрсемен еріксіз қоштасуға тура келеді. Сол қоштасуға тиіс нәрсеміздің бірі – КСРО, яғни, бұрын біз құрамында болған алып мемлекетке тиісті құндылықтар.
Әрине, тарихта ізі қалған нәрсені жадыңнан мүлде шығарып тастау оңай емес. Десек те, біз «сссрлық құндылықтарды» тұтынбайтын тәуелсіз ел ретінде артымызға қайрылып, келмеске кеткен империялық мемлекетті ұлықтауды доғаруға тиіс екеніміз анық. Бірақ кейбір отандастарымыз әлі де «тарих доңғалағы кері айналады» деп ойлайтын болуы керек, жер бетінен жоғалғанына ширек ғасырдай уақыт болған, идеологиясы ұлыорыстық шовинизмге арқа сүйеген СССР-ды қимай, ретін тауып оның атын жарнамалап отырады. Келтірер болсақ, пікірімізге дәлел жеткілікті. Ғаламторға отырып, «СССР кафе» деп іздесеңіз мынадай «сссрлықтар» шыға келеді: Кафе «СССР» г. Семей, ул. Б. Момышулы, 31. СССР кафе, Астана, ул. Мереке, 2/1, пос. Интернациональный. Ол аздай жақында «Лебединое озеро» деген қақпағына «СССР» деген бесбұрышты белгі басылған арақ шығыпты. Өндіруші қазақстандық зауыт.
Әрине, кім нені жақсы көрсе де өз еркі ғой, бірақ елдік мүдде тұрғысынан қарағанда, әрі орыс шовинизмі асқынып, жан-жағына қауіп төндіріп тұрған мына заманда ескі империяны еске салатын атаулардың шашбауын көтеру кімге тиімді? Әйтеуір қазаққа емесі анық.
«Адамзатты қырғынға ұшыратқан Гитлерді насихаттады» деп, қазақтілді ортаға қызмет етіп жатқан «Аңыз адам» журналының редакторы Жарылқап Қалыбайды жеп қоя жаздаған «патриот қауым», шындығына келгенде, қазаққа тізесі әбден батқан Қызыл империяға келгенде үндері шықпай қалатыны несі? Керісінше, жазықсыз елдің қанын судай шашып құрылып, ақыр аяғында зұлымдығы өз түбіне жеткен КСРО-ның қызыл жалауын желпілдетіп, көшеге шығып, нені аңсайтынын ашық білдіретіндер әр жерден көрініп қалып жүр…
Жасыратыны жоқ, қарапайым халықты былай қойғанда, өздерін зиялы санайтын қауымның кейбір өкілдері арасында, өткенді еске алған кезде: «айналайын, Кеңес өкіметі» деп сөз саптайтындары жетіп артылады. Әшейін, сөз сірәғасы десек те, соның өзі кейбіреулердің (әсіресе, кеңес өкіметі кезінде совет-партия қызметінде болғандардың) ішіндегі жалынды үрлей жөнелетін сияқты. Содан, «өтіп кеткен әділетті қоғам» жайында ертегіге бергісіз әңгімелер желдей гулейді. Онысын тағы жастарға өнегелі әңгіме ретінде айтатынын қайтерсіз! Тәуелсіз мемлекеттің зейнеткері атанып, бала-шағасына сол елдің нанын жегізіп отырған кісінің айтатын сөзі ме бұл? Қазақта «Тамақты біздің үйден ішесің, басқа үйдің қорасында үресің деп, итін сабапты» деген әңгіме бар (естір құлаққа жеңіл тимейтін әңгіме). Қазақстандағы қазіргі жағдай тура соны еске салады. Ал, бұл нені білдіреді? Әлде, біздің елде «СССР-ды сағыну» – сәнге айналып жатыр ма?
Ахмет Жұмағалиұлы