АТЫҢНАН АЙНАЛАЙЫН, ҚАРҚАРАЛЫ
АТЫҢНАН АЙНАЛАЙЫН, ҚАРҚАРАЛЫ
Етегі Баянауылдың Жайма тауымен оралған, екінші етегі Cемейдің шалғайдағы Қарауылымен тұйықталған, енді бір етегі Бұқар жырау ауданы арқылы өтетін шұбалаң күре жолмен шектескен Арқаның кербез сұлу құт мекені – Қарқаралы. Шайтанкөлдің құдіретіне табынып, бассейн көлдердің таңғажайып түрлеріне тамсанып, биік шыңдардың белестеріне қиялданып, жан біткеннің бәрін өзіне шақырып тұратын ғажайып сұлулықтың тәж ордасы Қарқаралы – қазақтың шежірелі тарихы. Ғажайып сұлулықтың қақ төрінде, елордадағы «Бәйтеректей» айналасына нұр шашып, шапағатын тигізіп тұрған киелі мекен – қасиетті Қарқаралы қаласы. Міне, биыл қарт Қарқаралы 190 жасқа толып отыр. Кент таулары мен Қарқаралының баурайында той бір тарқаған емес. Кең даланы көгілдір таулары мен таңғажайып көлдермен бөктіріп жатқан Қарқаралы бұған дейін дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың 100 жылдығын, әнші, сазгер Мәди Бәпиұлының 125 жылдық мерейтойларын атап өткен болатын. Енді, міне, арада бірнеше жыл салып қасиетті мекен жан-жақтан қонақтарын шақырып, тағы да бір кезекті үлкен шараны, Қарқаралының 190 жылдығы мерейтойын дүбірлетіп өткізбек.
Қарқаралы – шежірелі тарих
Облыс орталығы Қарағандыдан шылбырдай шұбатылып, ширатыла шығатын көліктердің барлығы Көкпекті мен Ботақараны артқа тастап, солтүстік-шығысты бетке алып көсіле тартады. Осы Қарағандыдан шыққан тақтайдай жосылған күре жолдың соңғы нүктесі Қарқаралы қаласына келіп аяқталады. Қарқаралы – ешбір қалаға ұқсамайтын, өзіндік кескін-келбеті, сәулеттік өзгешелігі, бай тарихы бар орталық. Бір қаланың өзі мыңдаған туристерге жәдігерін ұсына алатын эскпонаты көп орталық. Тарихқа көз жүгіртсек, құла түзде құлан, арқар жайылып, орман-тоғайымызда аю мен бұлан жортқан замандарда бұл өңірде жер бетіндегі ең алғаш мекендеген адам баласы болғаны белгілі. Тіпті, жыртқыш жануардың ең алғашқы тұқымдасы динозаврлардың болғанын да тарих ақиқаттады. Оған дәлел – қала басындағы «Суық бұлақ», «Үш үңгір» қазба орындары. Тіпті, шежірелі Кент тауларының маңындағы Талды қорымынан табылған «Алтын адам» жәдігері де – көне сақ, ғұн тайпаларының дәуірлеу кезеңінің белгісі. Сол тұстағы жарты әлемді жайпаған ұлы бабаларымыздың құтты мекені де Қарқаралы болғаны – айғақты тарих. Сондай-ақ соңғы археологиялық қазба жұмыстары жүрген Белдеутастың да құпиясы Сақ, Ғұн мәдениетінен бастау алып, бүгінде өткеннен сыр шертіп тұр. Кейін Қарқаралы қаласының алғашқы орнау кезеңінде уезд округіне орыс мұжықтарының көзі түсіп, алғашқы орыс көпестері мен шаруалары келе бастады. Қала құрылысының алғашқы кезеңінде орыс әскерилері мен орысша сауатты казактар көптеген үй тұрғызып, тіршілік қауымына етене араласып кетті. Орыс мұжықтарының қаладағы қызыл кірпіштен соққан үйлері әлі де сол бәз қалпында сақтаулы. Ондай үйлерді Қарқаралыдан көптеп кездестіруге болады. Міне, шежірелі Қарқаралы тарихы осылай жалғаса отыра, тәуелсіздіктің арқасында Қазақстанның ең таңғажайып, сұлу да ғажап, қасиет қонған мекеніне айналды.
Қарқаралы таланттары
Қасиетті Қарқаралы топырағы – небір таланттар мен дүлдүлдерді, жезтаңдай, күміс көмей әншілерді, от ауызды, орақ тілді шешендер мен әдебиет майталмандарын, қалың ел бірлігінің туын көтерген қоғам қайраткерлерін дүниеге әкелген қасиетті топырақ. Кешегі ықылым заманда үш жүзді аузына қаратқан, әділетті бітім айтып, елдің бірлігін ойлап, қазаққа қорған болған атақты Қаз дауысты Қазыбек би, бай-шонжарлардың озбырлығына қарсы найзағайдай үн қатқан, ержүрек ақын-сазгер Мәди Бәпиұлы, шертпе күйдің атасы Тәттімбет, от ауызды, орақ тілді Кенже би, ақын Шөженің туған жері. XX ғасырдың басында Қазақстанда жаңа үкімет орнату жолында аянбай күрес жүргізген, ұлтымыздың біртуар қоғам қайраткерлері Нығмет Нұрмақов, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермеков, Мәдіғали Тәтімов, қазақ ән өнерін әлемге паш еткен, халық әндерін Париж сахнасында әуелеткен Әміре Қашаубаев, жезтаңдай әнші Жүсіпбек Елебеков, дауылпаз ақын Қасым Аманжолов, Әбішев, Халық қаһарманы, тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтер – Қарқаралы топырағының тумалары.
Қарқаралы – жер жәннаты
«Қарқаралы» сөзінің шығу тарихы туралы деректер де, тарихи әфсаналар да көп. Шежірелі қарт Қарқаралының кербез де сұлу, көрікті тауларының алыстан қарағандағы пішіні қазақ әйелдерінің дәстүрлі бас киімі қарқараға ұқсап келеді. Сондықтан қаланың осылай аталуы да дәлелді пікір сияқты. Бірақ Алматы қаласының етегіндегі Қарқара жері де осы атаудың мағынасын ашып тұрғандай. Сондықтан көп деректерде кездесетін Қарқара атауын көбіне осы Қарқара жеріне теліп келеді. «Қарқара» сөзінің енді бір мағыналық сипаты «тәж» мағынасында. Ертеде ел билеген көсемдердің, хандардың басында қарқарасы болған. Ендеше Сарыарқаның сайын даласындағы бұл таулар ханның басына киген алтын тәжі сияқты, қарқарадай болған соң, бұл өңір халық аузында Қарқаралы өңірі аталып кетуі әбден мүмкін. Өйткені Қарқаралы таулары – тым ерте дәуірде түзілген таулы қырат. Дей тұрғанмен Қарқара атауын қоя тұрып, «Қарқаралы» деген сөздің ұғымын ашатын болсақ, біз, әрине, көне қаланың өзін, оны қоршай біткен әсем табиғатты да айтамыз. Олай дейтініміз – бар сұлулық пен әсемдікті бойына жинаған бұл өңірді талай ақын жырға қосқан. Атыңнан айналайын, Қарқаралы, Сенен бұлт, менен қайғы тарқамады, – деп Мәди бабамыз жырлап кетсе, ұлы жазушымыз Сәбит Мұқанов «Сұлушаш» поэмасын жазып қалдырды. Сырбаз ақын Сырбай Мәуленов Қарқаралыдан алған әсерін керемет өлең жолдарымен суреттеп берген: Таулар, таулар қашанғы қасқа алыптар, Мендей сені сезді ме басқа жұрттар. Ақ шашты әжем секілді тұрып алды Қарқаралы басында ақша бұлттар. Сарыарқаның төскейінде күн нұрындай төгіліп тұрған, мұнартқан көгілдір таулар, маржандай сұлу көлдер, көне заманнан келе жатқан әсем таңғажайып ормандар жер біткеннің жәннатындай. Биік таулар мен құз жартастар түрлі түсті формаға еніп, алыстан жаныңды жаулап алатын қиялдарға шақырып тұрады. Нағыз арман қуған балалықтың бал шағы өтер құтты орын ба дерсің. Бұл тауларға қарап, шабыт алып, құлшынатын сияқтысың. Әсіресе Қарқаралының символына айналған «Жиренсақал» шыңын көріп, бойыңдағы құдірет пен шабыт тау сілемдеріне өзіңді шақырғандай күйге енгізеді. Бұндай биік шыңдардың қатарына Бұғылы, Шаңкөз, Көктөбе құздарын қоссаң да аздық етпесі анық. Қарт Алтайдың Бесбоғдасы мен Алатаудың Хаңтәңірі шыңдары биік болып көрінгенімен, Қарқаралы тау-құздарының тарихына олардың шежіресі жетпес. Тіпті, Қарқаралы қаласынан оңтүстік-шығысқа созылып жатқан Кент таулары, ал одан шығысқа қарай Балқантау сілемдері ерте техтоникалық тау түзілу жоталарынан құралған. Олар да – бойларына жинаған, талай тарихи шежіре тұнған сұлу мекен. Бұғылының басындағы ерекше жаратылған табиғи құбылыс – Шайтанкөл. Бұл көл туралы аңыздар мен өлең-жырлар да көп жазылған. Сәби көңіл, жолдас ертіп қасыңа, Сонда бар да, мінәжат қыл тасына. Көлге айналып бір пұшпағы аспанның, Ағып түскен Қарқаралы басына, – деп біртуар ақынымыз Қадыр Мырза Әли жырға қосса, «Шайтанкөл – ғашықтар мекені», – деп Серік Ақсұңқарұлы әнге қосқан, қасиетті де киелі, жұмбақ құбылыс. Шайтанкөл – өзінің табиғи жаратылыс ерекшелігімен ертеден әсемдік пен сұлулықты қастерлеген қауымға шабыт берген, құтты мекен. Шайтанкөл бұл өңірде жалғыз емес. Дәл осындай таудың биік шыңдарындағы түзілген көлдер ретін азды-көпті бассейн көлдер тізбектейді. Биік таудың басында, қабырғалары тіп-тік болып, қолмен қойғандай жартастармен көмкерілген көлдер, шынында да, табиғи бассейн тәрізді. Шайтанкөл мен Бассейн сияқты көптеген үлкенді-кішілі көлдерді көк таулардың адам аяғы баспаған биік шыңдарында жиі кездестіруге болады. Қарқаралы тау сілемдерінің таңғажайып кереметтерін тізбелей беретін болсақ, біздің де сөзсіз созыла берер. Көгілдір таулардың өз қайнарына бүккен тарихи шежірелері бүгінгі ұрпаққа құпия.
Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ