Жаңалықтар

«ҚЫЗЫ ЕДІМ МЕН БІР БАЙДЫҢ «ӨЛЕҢ» ДЕГЕН…»

ашық дереккөзі

«ҚЫЗЫ ЕДІМ МЕН БІР БАЙДЫҢ «ӨЛЕҢ» ДЕГЕН…»

1. «Мен-ақынмын, әйелмін әлемді ойлар…»

 

Бір парыздан бір парыз, бір міндеттен бір міндет туындап жататын мына жаңа ғасырда өлеңнің де өңі өзгеріп, ақыл-парасаттың ауылына жол салушылардың да, жолай соға кетушілердің де аяғы ұзарған секілді. Содан болар, бұл күнде ақын көп. Атақ та көп. Өз дауысының қаншалықты деңгейге жететінін білмейтін ақын болмаса керек-ті. Мақтанқұмарлық пен кеудемсоқтықтықты місе тұтқандар өлеңді кәсіпке айналдырады. Өлеңнің азабына көнуге жаралғандар ғана әдебиеттің адал қызметшілері болады деген әлімсақтан бері келе жатқан пікір бар. Көркем сөздің ұстасы Қадыр Мырза Әли: «Әдебиетке келу бар да, әдебиетте қалу бар. Екеуі екі түрлі мәселе. Қазір әдебиетке аттандап келіп жатқандар көп. Келеді, кетеді. Бізге қымбаттысы – әдебиетте қалғандар» деген екен. Осы тұрғыдан алғанда, Ханбибі Есенқарақызы бізге қымбаттылардың қатарында. Ханбибі поэзиясының салмағы теңіздей терең, тастай ауыр. Талай суды сімірдім, Талай тасты кемірдім. Менің тастай ғұмырым Нені сездің, не білдің? Есек қалды ылайда, Есікті аштым былайға. Түсініксіз тобырға Белгілі бұл Құдайға. Қалмай басқа амалым, Жалғыздықты қаладым. Жоғары ұстап жүректі Суға батып барамын. «Суға кеткен тал қармайды» дейді қазақ мақалы. Әйтеуір өлмеу, ұмтылу, тырбану, тіршілік үшін күресу деген мағынадан шыққаны белгілі. Ал, Ханбибіде өмір-өзенде «суға батып бара жатса да, жүректі жоғары ұстап» рухын өлтірмей өмір сүру бар, бұл – нағыз өр ақынның ғана қолынан келетін іс. Сорлы таңдай көп күйді, Тыржалаңаш дүние. Қабырғадан оқ тиді Тағдырыма кім ие? Менен бұрын көп күйген, Даналар көп, жырға алаң. Қабырғама оқ тиген Аламын деп тырбынам. Дос боп жүрген наданның, Құлшынысы көктейді. Демеуге-құл адамның Құдыреті жетпейді. «Демеуге – құл адамның, Құдыреті жетпейді» – дейді. Құлқынның құлы болғаннан құдырет күтпе. Байқасақ, жер бетінде сан түрлі бояу бар. Ақ пен қара бояуларымен қоса, кейде қызыл түс – әлдекімдердің ділінен тамған қызғаныштай, қаракөк түс – таяғын ала шапқан дөң айбаттай, сары түс – сартап болған сағыныш-мұңдай болып ақын жүрегін жаралайды, кеудесіне кейде оқ болып қадалады, сағын сындырады. Оны біреу көреді, біреу көрмейді, енді біреу көрсе де көрмеген сыңай танытады. Мұндайда ақын қайтпек?! Ондай ақын: Қиындыққа кім қияр өз баласын Жарымның да кешірем, көзқарасын. Мен жаралы жолбарыс секілдімін, Өзі жалап жазатын, өз жарасын! Ханбибі ақын өз жарасын өзі жалап жазатын қасқыр кейпіне енеді. Бөрі жалды өлең де бөрі мінезден тумай ма?! Өмірде ең алдымен ақынның таңдайы күйеді. «Таңдай күю» – тілден. Ақынның тілі кейде қанжар, кейде шоқ. Тілдің азабын ақынның өзі тартады, өзі арқалайды. Ақынның тілінің қызығын, рахатын халқы көреді. Ақын болу бақытты болу деген сөздің баламасы емес екені содан. Тілдің құдыретін, тілдің жүгінің салмағын сезінген Ханбибі ақын өз творчествосына салғырт қарамайды. Ақынның оқырмандарын сүйсінтетін тұсы, оның творчестволық диопазонының кеңдігінде және өлеңдерінің өзгеге емес, өзіне тартқан сырбаздығында, ақындық мінезінде жатыр. Былтыр ҚР Ұлттық академиясының «Бір ел – бір кітап» республикалық кезекті жыл кітабы болып, Фариза Оңғарсынованың «Дауа» кітабы таңдалған еді. Жыл бойы республикалық акция шеңберінде екі мыңға жуық іс-шаралар өтті. Атырау облыстық кітапханасы Фариза Оңғарсыноваға арнап өткізген республикалық ғылыми конферециясының тақырыбын «Мен – ақынмын, әйелмін, әлемді ойлар» деп атапты. Әрі ойлаймын, бері ойлаймын. Бұл сөзді Фариза апама жақындата алмаймын. Факеңде жауынгерлік рух күшті сияқты еді. Бұл сөз қайдан шықты деп іздеймін. Ақыры таптым. Бұл өлеңнің авторы – Ханбибі Есенқарақызы боп шықты. Бұның өзі – Ханбибі жырының халықтық сипатқа ие болғанын көрсетпей ме?! Мен – ақынмын, әйелмін әлемді ойлар, Қоғам дертін сімірген кесемде іркіп. Бай таяғы түк емес, төбемде ойнар Қоғам дерті жіберді есеңгіртіп. Қарап тұрсаңыз, ақын әйелдің күні кісі қызығарлық еместей. «Байдың таяғы» да бар. Оған «қоғам дертін жүрегімен көтеретін нәзік жүректің күрсінісін» қосыңыз. Ханбибінің күрсінісі, мұң-шері, ой-идеясы, сөз тіркестері кесек-кесегімен кейінгі толқын жас ақын қыздардың поэзиясында шашылып түскен дәндей боп өріп жүр. Еліктеудің жөні осы екен деп әр жерден бір тышқандай кеміріп жүретін қыздардың қылығына не күлеріңді, не бас шайқарыңды білмейсің. Әйтеуір қамшы сабындай қысқа тірлікте бір жақсымыздың етегінен бір жаманымыздың тартқылап жүретін әдеті әуелден бар емес пе?! Бұған таңданып, не дау көтеріп жатқан Ханбибі Есенқарақызы жоқ. Қызы едім мен бір байдың «өлең» деген, Өлеңнің тектілігін дәлелдеген. Жасауым тоқсан тоғыз болса-дағы Жарытып қалыңмалы төленбеген. Заманға ұзатылдым қылтыңы көп, (Әйтеуір өзгерер-ау, бір күні деп). Ұрмай-ақ, көп білместің –түрткенінен Жанымның жарасы көп, тыртығы көп. Қиқулы, жандайшапты озды дүбір, Қытықты құйымшақтай, қозды дүбір. Өрлігің елпең қағып қалталыға Ерлігің еленбеумен тозды ғұмыр деп мұңданады ақын. «Еленбеген ерліктің тозатыны» рас болса, «елпең қаққан өрліктің» төрге озбайтыны да рас. Оқырманына ол осылайша ауыр-ауыр сыр айтып, тәуір-тәуір ойларға шомдырып қояды. Енді бірде: Өгіз мінген арбалы Жалғыз жолаушы едім. Қара жолдың салмағы Түк етпес санаушы едім… Жол батпақ болды, Тұңғиық жұтпақ болды. Алай салдым – өгіз өлді, Бұлай салдым – арба сынды. Көңіл-тулақ, жорға сынды. Тарта алмады Атан өлген, қорғасынды… Оң жағымда көл жатты –  мөлдіреген, Сол жағымда тау тұрды  желбіреген. Көлге түстім. Малти алмадым – Ақ шабақтай. Тауға шықтым. Қалқи алмадым. Ақша бұлттай! …Белбеумен белімдегі, Өзімді кебіндедім. Соңымнан сұрау салған Бір қара көрінбеді. Орта жолда, Орта жаста, Соқтым басты, Мылқау тасқа – Аспан қылауланды, Қара жер шыр айналды. Жанарым – ылайланды, Ажал – мың айналды. Жерді жастандым. Көкті жамылдым. Демедім, сонда да, «О, Құдай, неғылдым? Буырқанған сезімнен туған жыр алапат күйге түсіреді. Өзегіңді оттай шарпығанмен, тереңінде бір жұмбақ сыр бар. «Өгіз мінген арбалы, жалғыз жолаушы» – ақынның қиын жолы, ақын жанының жалғыздығы. «Көңілдің тулақтай тозуы, арбаның сынуы, өгіздің өлуі» ақынның үміт-арман деген ақ кемесінің қайраңда қалып тұншығуы. Тұншыққан, булыққан ойдың «таудан да, көлден де» пана таппай аласұруы – ақын жанының ішкі айқайынан хабар береді. Құлап жатса да, жылап жатса да, өлеңінің шарықтау шегінде «Жерді жастанып, Көкті жамылып, Бір Алладан үміт үзбеуі» ақынның ішкі қуатының мықтылығын танытып тұрғандай. Айшықты бейнелеу, кібіртіксіз есілу, бір деммен, бір баппен өзіндік сырды шеберлікпен орамалға кесте тіккендей сұңғылалықпен жеткізу де – Ханбибінің о бастан-ақ қалап алған ақындық қолтаңбасы сияқты. Адамның аңсайтын өмірлік мұраты – адалдық. Ал, адал өмір сүру – қиынның қиыны. Адалжүрек, ақжүрек, ержүрек, ақынжүрек деген тіркестер, бар тілімізде. Жүрек – адамның өте бір нәзік органы. Жүрексіз адам бола ма? Болады екен. Ханбибінің ақындық талантын ерте таныған батыр, ойшыл ағамыз Баукең, Бауыржан Момышұлының «Жұрттың көбіне ақыл берілгенімен, жүрек бәріне бірдей берілмеген» деген қанатты сөзі бар. Ал, Ханбибінің жүрек туралы толғануы әдемі өлең болып өріліп, ойға шомдырып қояды. Жазылады тарихта жылнамалар, Тұлғаларды ашатын ұғым керек. Ми салмағын зерттеуде ғұламалар Жүректерді зерттейтін ғылым керек…

 

2. «ФАРИЗА ДА , АҚҰШТАП ТА ЕМЕСПІН…»

 

«Өзегіңді өртеп шыққан қызың ем, Өлтіруге, ей, қазағым, дайындал» дейді ол бір жырында. Шошысаңыз да, бұл да елеусіз қалған ақынның зар-мұңы. «Өлтірудің оңай жолы – ақынды елеусіз қалдыру» деген ғой Бродский. Әнші-биші дегенде жанып кететін жанымыздың ақын дегенде, бір керенаулық, немкеттілік танытатыны бар. Оның үстіне бүгінгі қазақ ақын көрсе, талант көрсе, оны міндетті түрде ұлылардың, дәулердің көзқарасымен, пікірімен тануға құмар. «Мынау – гений» дей салса, «е, гений деген осындай болады екен ғой» деседі былайғы ел. Мұндай мақтаудың бұл түрі бұл күнде әдебиет әлемінде «пиар» деп аталатын болды. Ал, «қалауын тапса, қар жанады» дегендей, пиардың пайдасы ұшан-теңіз. Анна да емес, Марина да емеспін, Дала кезген Аруана – елеспін. Фариза да, Ақұштап та емеспін. Ешкіміңмен келмес сірә,   теңескім», – дейді Ханбибі. Ол бұл өлеңін 30 жыл бұрын жазыпты. Өзінің талантына сенген ақын ғана осылай айта алады. Өлеңде ақынның өз қолтаңбасы болуы шарт болса, Ханбибі қолтаңбасы көп ақынның ішінде «бұл мен ғой» дегендей ерекшеленіп тұрады. «Сөз қадірі кеткен жерде ақын болу оңай», –дейді халқымыз. Сөз қадірін ұғатын құлақ, жүрек бар жерде ой-пікір де қалғымайтын шығар. «…Біреулердің алдында   төмендедім, Жарқылдап-ақ тұрғанмен   өлеңдерім. Мойындатпақ түгілі, қорғана алмай Үні шықпай, тұншықты дәлелдерім. Арсыздыққа санамды билетпеген, Пысықайлық жолдарын үйретпеген. Ащы өлеңнің көзінен жас парлатып Жетектеген жетімдей сүйреп келем. …Саған сенем, алмас жыр торыққанда, Тұман түннен бастайсың жарық таңға. Ақ берендей қорғаушың болар ма еді Менен басқа авторға жолыққанда!… Ойландыратын жыр. Өлең иесіне тартады демей ме?! «Өз өлеңіне ақ берен қорған болу» деген не?! Бұрынырақта жақсы өлең иесін төрге сүйрейді дегенді көп еститін едік. Қазіргі таңда бұл сөздің мәні архаизмге айналып бара жатқан сияқты. Олай ойламайын десең, әдебиеттегі еті тірі кәрі-жас ең әуелі атақ-марапаттың жарысында білек сыбанып, өңеш жыртып, қызылаяқ қар кешіп, жалаңаяқ жар кешіп «чемпион» атанудан жарысқа түсіп жатқандай. «Чемпион» атанғанға, тасқа да, тауға да шығу оңай сияқты. Ендеше, Ханбибі апамның «Ақ беренің қорғаның болар ма еді, Менен басқа авторға жолыққанда» дегені де жайдан жай айтылмаған болар деп ойлайсың. Кітаптан алыс­тап, компьютерге жақындаған бұл дәуірдің қылығы да қызық, қызығы да қылық. Әйтеуір мені жақсы десе екен деген бір тілек көңілде. Әйтеуір бір көріну. Ақын бұл көріністі былай жырлапты: Жігері жоқ жігітке – жүректі боп көріну, Тірегі жоқ жігітке – білекті боп көріну. Араққұмар жігітке – ішпейтіндей көріну, Балаққұмар жігітке – түспейтіндей көріну, Қауқары жоқ жігітке – тақымды боп көріну. Айтары жоқ жігітке – ақылды боп көріну Көріну де көріну – тірідей қақ бөліну. Бір денеде екі түрлі сезім кешудің азабын айтқан. Неге десеңіз, көріну де күн көрудің амалы болып қалды. Қазір түн қатып өлең жазудан, күн көруің маңыздырақ боп тұрған жоқ па?! Күн көру үшін алыспен де, жақынмен де тонның ішкі бауындай байланыс керек. Байланыстың көкесі – ұялы телефон. Қазір адамдардың қарым-қатынасында ұялы телефон маңызды рөл атқарып тұр. Ұялы телефоны жоқ адамды кездестіру қиын. Тіпті біреулер екі-үш, тіпті одан да көп телефон ұстайды. Ұялы телефон да сегізінші қазынадай. Ақынның «Ұялы телефон» деген өлеңі заманның жаңалығын, адамдардың психологиясын, характерін ашатын жыр екен дейсің. Уақытша сөндірулі бұл нөмір… Уақытша қосылады. Бұл да өмір. Бірде сөніп, бірде қайта жалғанар Телефондай өтіп жатыр   күллі өмір. Түсінемін «Уақытша» тосамын, Уақытша, бүгінгі күн қосағың… Үкімет те уақытша сияқты, Уақытша жиып алған жасағын. Мына біреу – кісің шығар ұятты, Түрлі әуенмен телефоны жылап тұр. Әр қалтасы әр түрлі әуен ойнайтын Оркестрдің дирижері сияқты. Бұл ақылды телефонның күйі – осы, Қажетсізден айырады жүйесін. «Зонада жоқ!» дейді дауыс аржақтан «Бұл өмірде жоқ» дейтіндей  иесін. Жұрттың бәрі соған қал тіреліп, Қойшының да қалтасына жүр еніп. Оқыс үннен үркіп  қалған қойларға «Маған ғой!» деп мақтаныпты шіреніп… Жүрсе-дағы жайлауларды мекендеп, Жаңалықтан құр қалмаған екен көп. Қайран бабам – соткасы жоқ, соты жоқ, Бұрын қалай өмір сүрді екен деп- Ойланамын… Шынында да, ақын айтқандай, бабаларымыз соткасыз қалай өмір сүрген деп ойлайсың. Бабамдай болсам дейсің, бірақ бола алмайсың. Сол соткадан бас тарпақ емессің. Сотканың күші – байланыстың күші боп тұрған жоқ па? Күш қашанда өзіне тартып алады. Енді бірде ақын былай деп еріксіз езуіңді тартқызады: … Іште сөніп, адуынды от үнім, Жүрмей кейде, өзіме өз өкімім. Сөз түсінер бір жан таппай   жанымнан Бухгалтерге өлеңімді оқыдым. Ал – бухгалтер, поэзия әлемін, Түсінер ме, тербетер ме жүрегін. – Тас қаптырған, – дедім, – мені «дебитор» Сол себептен, «сальдо» болып келемін! Цифрларға басы толған              мүсіндім… – Е-е-е-деді, басын шайқап,-    түсіндім, Сондайларға шақтап өлең жазам деп Қара өлеңнің қадірін мен   түсірдім.» «Дебитор» – қарыздар, «сальдо» – қалдық деген ұғымдарды білдіреді бухгалтер есебінде. Қара өлеңнің нарқы ақшаға қарап қалған заманда, ақын қайтып күн көрер?! Көмекейден ызалы жыр осындай шақта тумай ма?! Десек те, мұны әзіл өлең деп қабылдаған дұрыстау сияқты. Әзілдің астарында да шындық бар.

 

 3. РУХ ШЫРАҚШЫСЫ

 

Дүние дүбіріне құлағын тосқан Ханбибі ақын – тынымсыз, беймаза. Дүниеден әйтеуір бір жақсылықты іздейді, қазақтың мінезін іздейді. Мінез болғанда қандай, бауырмал мінез. Қазаққа керек мінез. «Кей менмендерге» деген өлеңінде «Атажұртым» деп алыстан келген ағайынның ақ туын көтереді. Оралман бауырына қорыс мінез көрсеткен жанға «Түсінбесе – түсіндір, өзге емес – өз қаның, дәлелдейді бұл ісің, салт-дәстүрдің тозғанын» деп шегелейді. Момын бауыр сезбеп пе, Қабағыңды тырысқан. Бір бетіміз – өзбек те Бір бетіміз – орыстан. Жүрегінде аз оты, Азайды «бас ауырған». Мінез қайда қазақы Мінез қайда, бауырмал? Жылы сөзің – көмегің, Жүрген жанға жырақта. Қолдан келсе – демегін Қолдан келсе – құлатпа!» деп қазақтың бірлігі бауырмалдықта жатқанын жаны күйзеле жырлайды. «Оралмандар туралы ода» деп аталған өлеңі тіпті күрделі. Оралмандар туралы сөз қозғағанда, оларға шеттен келген деген аяныш сезімдер басым болса, Ханбибі «Оралыңдар, саямыз бар, «Ақтаңдақта» – бай аңыз бар. Кешіріммен қараңыздар, Сіздер, бізді аяңыздар!» дейді бар жанымен ақтарыла. Олай деуіне: Оралмандар, оралғандар Аппақ нұрдан жаралғандар. Жазықсыздан – атылғандар Жапа шегіп – қамалғандар. Өлдің-жіттің, аз-ақ қалдың, Жатқа сіңіп, азаптандың. Сонда-дағы сақтай білдің Қазақтығын қазақтардың» сақтай білген жақсы қасиеті себеп болған екен. Ұлт, Қасиет дегенде, есімізге қазақтың жақсылары мен жампоздары, Әлихан, Халел, Ахмет, Мағжан, Жүсіпбектер түседі. Тоз-тоз болды бұл күндері      қиялым, – Шырақшысы» –  құрқылтайдай ұяның– Сенбісің? – деп портреттер     сөйлейді Шыны әйнектің аржағынан    зиялым: – Қараушы едік, біз де өмірге    сеніммен, – «Молам қайда, қаным қайда    төгілген? Рухымыз тірі біздің, жауап    бер – Түрегеліп сұрап тұрмын,  көрімнен» Мен не дейін? Әруақтар састырды, Жүрек тулап, қаным теуіп, басқа ұрды. Елестетті замананың             сұлбасы Бөлтірігін шайнап жеген  қасқырды. Жиырмабес мың бозым болған өтемі, Қанжылаған қазақ жері –   мекенім. Түсіндірген бодандықтың не   екенін Кешір мені! – Ахмет, Мағжан, Сәкенім!» – деп тебіренген ақын өзге ақындар беттей алмай жүрген үлкен жауапты бір іске кіріседі. Осы орайда айта кетерлігі, ОҚО Саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайының директоры, ақын Ханбибі Есенқарақызының жасап жатқан еңбегі өлшеусіз. Бір басылымға берген сұхбатында ол: «Тәуелсіз мемлекетімізге әрбіріміз өз үлесімізді қосуға міндеттіміз. Құрғақ сөзге үйір болу, яғни популизм, «айқайға аттан қосып» көзге көрініп қалатын, жалған тірліктің күні өтіп барады. Үндемей жұмыс жасау керек. «Шолпан»-ды шығардық. Бұл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің 1922 жылғы көрінісі болады. Қазір «Ақ жолды» қолға алдық. Бұл 1920-1926 жылдардағы қазақ өмірінің күнделіктері десек те болады. Жерлесіміз, мемлекет, қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың басшылығымен Ташкент қаласынан (ол кезде қазақ зиялыларының орталығы) шыққан «Ақ жол» газетін мұрағаттардан іздеп тауып, оны араб әліпбиінен кириллицаға аударып (транскрипциялап), оқырманға ұсынып жатырмыз. Бүгінде 8 томы жарық көрді. Жалпы 30 том болатын жайы бар. Бір таңғаларлығы, «Өз облысымызда осындай жаңалықтар болып жатыр екен, өткен тарихымыз қандай болды екен?» деп қызығушылық танытып, бұл кітаптарды сұраушылар аз. Әйтпесе, Оңтүстік – зиялылардың, жоғарғы оқу орындарының, әдебиет пен мәдениет қайрат­керлерінің Отаны емес пе еді?! Бұл кітаптар үшін қаржы бөлініп жатпағаны тағы аян. Менің тас жұтып, тәуекелге баруым, бас­падан шыққан кітаптарды сатып, қаржысына келесі томдарды шығара беру еді. Әттең-ай, «үйдегі сөз базарда тура келмейдінің» кері келіп тұр. Соңғы томдарын шығарғанда «алақан жайып», демеушілер іздеуге мәжбүр болдым» – деген екен. Ханбибі ақынның өзі үшін емес, Алаштың арын арлап, жоғын жоқтап, қағазға түскенін түгендеп, ертеңгі ұрпақтың қолына аман жеткізсем деп жанкештілікке барып жүргені қандай ғанибет! «Ел бүгіншіл, менікі – ертең үшін» демейтін бе еді ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов. Жазарыңыз да, бітірер ісіңіз де таусылмасын, қадірлі Хан апа! Алпыс бесіңіз құтты болсын, рух шырақшысы!

 

Маржан ЕРШУ, 

ақын, филология ғылымдарының кандидаты