Жаңалықтар

«АЛТЫН ҰЯ» – ТАТУЛЫҚ ОРДАСЫ

ашық дереккөзі

«АЛТЫН ҰЯ» – ТАТУЛЫҚ ОРДАСЫ

Әрбір бала бақытты болуға қақылы. Тәуелсіз қазақ елінде көзі жасты, көңілі жарым жетім болмағай. Жетімі мен жесірін жылатпаған қазақтың бүгінгі ұрпағы балаларын жетім етпесін. Былтыр ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрайымының орынбасары Бақыт Әлібаева жылдан жылға жетімдер саны азайып келе жатқанын айтқан болатын. «1999 жылы еліміздегі жетім балалар саны 98 мың еді. Қазір ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың саны әлдеқайда азайып, 34 785-ге кеміді. Жетім балалар санын азайту үшін мемлекет көп шараларды қолға алды. Оның үстіне, халықтың бала асырап алуға деген көзқарасы өзгерді. 2004 жылы патронаттық тәрбие туралы қаулы қабылданып, қазір 2 мыңға жуық жетім балаға патронаттық тәрбие берілуде», – деп мәлімдеген ол балаларға қамқор болуға келіскендер ай сайын 32-40 мың теңге көлемінде жалақы алып отыратынын жеткізген: «2011 жылдан бері қамқоршылар материалдық көмек ретінде 10 айлық есептік көрсеткіш ретінде жәрдемақы алады. Қазір 22 мың бала қамқоршылық және қорғаншылық тәрбиеде». Уақыт өткен сайын ананың аялы алақаны мен әкенің ыстық ықыласынан қағылған көгенкөздердің азайғаны қуантады бізді. Бірақ жетім балалар бәрібір бар. Демек, көзі жасты, көңілі жарым балақайлардың жұдырықтай жүректеріне үміт отын сыйлап, мейірім шуағын шашу – Қазақ қоғамындағы әрбір саналы азаматтың міндеті. Осы орайда, 1 маусым – Балаларды қорғау күні қарсаңында біз Алматыдағы №2 «Алтын ұя» балалар үйіне барған едік. Мақсатымыз – «Нұр Отан» партиясының Алматы қаласы Бостандық аудандық филиалының қолдауымен, «Алтын ұя» тәрбиеленушілері ұйымдастырған мерекелік шараға қатысу. «Нұр Отан» партиясы мұрындық болған «Бақытты балалық шақ» жобасы балалар мен ата-анасының қарауынсыз қалған балаларды әлеуметтік тұрғыда бейімделуге жағдай жасауды көздейді. Мерекелік концерттің басты қонақтарының бірі – Алматы қалалық сотының төрағасы Ештай Ақжан Жайлауханұлы шара соңында балаларға жүрекжарды тілегін айтты. «Жүздеріңізден күлкі кетпей, әрдайым осындай қуанышты сезімде жүріңіздер! Шынында да, бір отбасының баласындай тату екендеріңізді көріп отырмыз. Осы татулықтарыңыз мәңгі орнап, аман болыңыздар! Біз, Алматы қалалық соттың ұжымы, бүгінгідей қайырымдылық шарасын алдағы уақытта үнемі қолдап отыруға шешім қабылдадық», – деді. Балаларды қорғау күні ол құрқол келмеген екен, «Алтын ұяның» атшаптырым залына жұмсақ жиһаз сыйға тартты. Ал «Нұр Отан» партиясының Алматы қаласы Бостандық аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мауленов Нұрлан Оңласынұлы: «Балалық шаққа жетер ештеңе жоқ. Мемлекет пен «Нұр Отан» партиясының басты міндеті – сіздердің балалық шақтарыңыз бен жастық шақтарыңызды бақытты ету. Мен «Алтын ұя» үйінде жиі боламын және әр келген сайын жылылықты сезінемін. Сол үшін де балалар үйінің басшысы мен барлық қызметкерлеріне алғыс айтамын. Бүгінгі концерттен тәрбиеленушілердің өнерпаздық қаисетін аша білгендеріңізді көрдік. Рахмет!», – дей келе, балаларға ноутбук сыйлады. Ал партияның қоғамдық саяси бөлімінің кеңесшісі Сүлейменова Меруерт Хадышқызы «Алтын ұя» балаларын төл мерекелерімен құттықтай отырып, «Есіктен кірген бетте бізді қоңыр домбыраның күмбірлеген үнімен, қазақша сәлемдесумен қарсы алдыңыздар. Бұл көңілімізді кәдімгідей қуантқанын ерекше атап өткім келеді. «Алтын ұяның» басшылығына да, барлық тәрибелеуші, қызметкерлеріне де мың алғыс! Сонымен қатар музыкалық жетекшілеріңіз де балалардың бойына қазақтың ұлттық өнер сіңіріргеніне де тебіренбеу мүмкін емес. Балаларға үлкен үміт артамыз. Мен де Анамын. Сондықтан осы жердегі әрбір бала маған ыстық. Балалар – еліміздің ертеңі, ең қымбат қазынасы, баға жетпес байлығы. Сіздерге айтарым, тәуелсіз елімізді дамытуға бірге атсалысайық. Сабақтарыңызды жақсы оқыңыздар. Бақытты болыңыздар!», – деді. Анасы сөзін аяқтай бергенде 4 жасар Сардана балаларға арналған тақпағын нақышына келтіре оқып берді. Жиылған жұрт кіп-кішкентай бүлдіршіннің өнеріне риза болды. Шара соңында №2 Балалар үйінің директоры Шатаева Ақмарал Баубекқызы: «Алтын ұямыздан» үш баламыз он бірінші сыныпты бітіргелі отыр биыл. 13 баламыз 9-сыныпты бітірді, оның бірі 11-сыныпты аяқтап, медициналық университетке түсуге ниеттенсе, қалғандары Алматыдағы колледждерге түскісі келеді. Мен әр балама ақ жол тілеймін!», – деді. Сөзінің соңында концертті тамашалауға келген қонақтарға «Алтын ұя» тәрбиеленушілерінің мерекелік қуанышын бірге бөліскеніне алғыс айтты. Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ