Жаңалықтар

ЕНДІ ТӨҢКЕРІС БОЛАТЫНДАЙ ШОҢ САЯСИ СЕБЕП ЖОҚ

ашық дереккөзі

ЕНДІ ТӨҢКЕРІС БОЛАТЫНДАЙ ШОҢ САЯСИ СЕБЕП ЖОҚ

Ыстықкөл облысының губернаторы журналистермен кездесуде «Қазақтар қырғыздардың митингі деген «ұлттық ойынына» түсіністікпен қараса екен» деп қалжыңдап қойды. Елінің жайын астарлы әзілмен дәл сипаттаған шенеунік емен-жарқын күйде біздің барлық сұрақтарымызға жауап беруге әзірлігін білдірді. 

– Былтыр туристік маусымда Ыстықкөлге туристер қарқыны бәсеңдеп, табыстың күрт азайып кеткені айтылып жүр. Жалпы алғанда, курорттық аймақтан түсетін түсім облыстық бюджет кірісінің қанша па­йызын құрайды?

– Әр жазғы маусымда Ыстықкөл облысы бюджетіне шамамен 300 миллион сом түсім түседі. Жалпы, 1 миллиард 200 миллион кіріс түссе, соның 25 пайызын курорттық орындар беріп отыр.

– Бұл аз емес пе?

– Аз. Оны көбейту үшін бірнеше түйткілдерді шешу керек болып тұр. Біріншіден, салық жинау мәселесі бар. Шындығын айтқанда, ықтиярлы салық жинау жүйесі өзін-өзі ақтамай тұр. Себебі салық органы мен салық төлеушінің келісім бойынша төленген соң, айналымдағы кірістің қанша екені есепке алынбайды. Екіншіден, жаңадан кәсіп бастағандардың кірісін бір жыл бойы ешкім тексермейді. Сондықтан ықтиярлы салық жүйесі шағын және орта кәсіпкерлер үшін жақсы болғанымен, екінші жағынан мемлекетке түсетін салық көлемін азайтып жіберді. Үшіншіден, көптеген пансионаттарда салынған коттедждер жеке меншікке сатылып кеткен. Оның иелері коттедждерді жалға беріп пайда көрсе де, мемлекетке салық төлеуден жалтарып отыр. Бюджет түсіміндегі 25 пайыздық көрсеткішті көбейту үшін осы мәселелерді шешу керек. Жалпы алғанда, курорттық аймақтағы жылжымайтын мүлікке салынатын салық көлемі жоғары болу керек. Бұл мәселені мен премьер-министрге айтып, мәселе көтердім. 

– Былтыр Ыстықкөлде демалуға қанша турист келді?

– Әртүрлі сандар айтылып жүр ғой. Мен бұл сандарға аса мән бермеймін. Туристердің саны азайып кетті деп жүргеніміздің себебі мынада. Ыстықкөл аймағындағы барлық пансионаттарды қоса есептегенде, орта есеппен 50-55 мың орын бар. Былтыр шілде айында, яғни, туристік маусым шарықтау шегіне жеткен тұста пансионаттарымыз жартылай бос қалды. Демалушылар саны азайғанын осыдан-ақ көруге болады.

– Ыстықкөл маңайында 170-тен аса демалыс орны бар екен. Оның қаншасы мемлекеттік нысанға жатады?

– Жалпы, Ыстықкөл курорт аймағында 176 пансионат бар. Оның 10-15-і ғана мемлекеттік, қалғаны жеке қолда.

– Ыстықкөлдің жағалауында Қазақстанның меншігіндегі пансионаттар да бар екен. Естуімізше, жалпы саны он екі болуы керек.

– Көл жағалауында Қазақстан иелігіндгі сегіз пансионат бар. Оның төртеуі мемлекетаралық келісім-шарт бойынша рәсімделген, қалған төртеуі жеке меншікте. Олар Қырғыз үкіметіне жерді жалға алғаны үшін ақы төлейді. Сіз өзекті мәселені қозғап отырсыз. Өйткені екі ел арасындағы келісім-шартқа сәйкес, Қазақстанның меншігіндегі пансионаттарға инвестиция салынуы керек. Бүгінге дейін бұл пансионаттардың инфрақұрылымын жақсартуға арнайы қаржы бөлініп, инвестиция құйылған емес. Қазір бұл пансионаттардың жағдайы нашар. Былтыр осында Қазақстаннан арнайы жұмыс тобы келген еді, оларға мен «Қазақстан сияқты шоң мемлекетке, Қазақстан сияқты бай мемлекетке мынандай пансионаттар ұстаған лайық емес» дедім.

– Қазақстаннан басқа мемлекеттер меншігіндегі пансионаттар бар ма? Мысалы, Ресейдің?

– Ресейдің мұнда пансионаты жоқ. Есесіне, Өзбекстанның үш пансионаты бар. Олардың, құқықтық дәрежесі әлі анықталмаған, арнайы келісім шарт жоқ. жалға алып жұмыс істеп жатыр.

– Естуімізше, Ыстықкөл облысының экономикасына ең көп түсім беретін туризм және ауыл шаруашылығы саласы екен. Басқа салалардың даму деңгейі қандай?

– Шындығын айтқанда, ең үлкен экономикалық көрсеткішті беріп отырған сала – Құмтөр кеніші. Одан соң, әрине, туризм мен ауыл шаруашылығы. Ауыл шаруашылығын алатын болсақ, біз 96 мың гектар жерге бидай егеміз. Әрине, Қазақстанның көрсеткішімен салыстырғанда әлдеқайда аз. Одан соң 30 мың гектар жерге картоп, 8 мың гектарға алма, алша сияқты жеміс-жидек егіледі. Дегенмен, бұл жердің халқы негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Ет өнімдері негізінен Қазақстан нарығына жөнелтіледі, оны өздеріңіз де білесіздер.

– Қырғыз халқында оңтүстік, солтүстік деп өзара бөлінушілік бар деп естиміз. Күнделікті тұрмыста бөлініс қатты байқала ма?

– Қырғыздар негізінде үшке бөлінеді: оң қанат, сол қанат және ішкі қырғыздар. Оң қанат пен сол қанаттың салт-санасы, әдет-ғұрпы қатты ұқсас, ал ішкі қырғыздарда аздап айырма бар. Ыстықкөл аймағы халқының дені оң қанатқа жатады, бірақ сол қанат пен ішкі қырғыздар да бар.

– Бұған дейін екі бірдей қырғыз төңкерісін бастан өткердіңіздер. Жаңағы әзіліңізге қарағанда, митингі, шерулерге бой үйретіп қалған сияқтысыздар. Үшінші толқын болуы мүмкін деген қауіп жоқ па?

– Қазіргі таңда үшінші толқын болатындай шоң саяси себеп жоқ. Ел түгел толқу үшін, жұрттың бәрін бірдей толғандыратын, елдің болашағына қауіп төндіріп, қорқыныш тудыратындай себеп керек. Бірінші толқын неден туындады? Себебі елдегі билікті бір отбасы өз уысында ұстады. Саяси билікті де, бизнестегі бар тетікті бір отбасы мүшелері уысына жинап алғанда, басқаларға еш үміт қалмады. «Ертең шоң саясатқа барамын, щоң бизнес жасаймын» деп үміттене алмайсың, өйткені жол жоқ. Сол отбасымен жақсы қарым-қатынаста болсаң – барасың, әйтпесе түк те жоқ. Мұндай жағдайда халықта наразылық арта берді. Бакиевтің тұсында да осы жағдай қайталанды. Біріншіден, олар бар билікті алып алды, екінішіден, билікті сақтау үшін шектен шығып кетті. Шектен асқаны сол, өз қарсыластарын өлтіре бастады. Ұстатты, түрмеге жапты, көзін жойды. Саяси тапсырыспен қаншама депутат қаза болды. Мұндай қысымға шыдау мүмкін емес еді, ақыры ел тағы көтерілді. 

Ал қазір жұрттың бәрін наразы етіп, үмітсіз қылатын себеп жоқ. Құмтөрге байланысты, экологиялық мәселелерге қатысты түйткілді мәселелер бар, бірақ олар жаппай наразылық тудыруға себеп емес. 

– Қырғызстанда орыс тілінің ресми тіл екені белгілі. Қырғыз тілімен арада қайшылық жоқ па?

– Жоқ. Қырғыз тілінің жағдайы жақсы. Біздің облыста мемлекеттік іс қағаздарының бәрі қырғыз тілінде жазылады. Іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу мәселесі бойынша Бішкекте біраз қиыншылықтар бар. 

Әңгімелескен Гүлбиғаш Омар