Жаңалықтар

КӨЗДЕГЕНІМІЗ — ЖАС ҰРПАҚТЫ ПАТРИОТИЗМГЕ ТӘРБИЕЛЕУ

ашық дереккөзі

КӨЗДЕГЕНІМІЗ — ЖАС ҰРПАҚТЫ ПАТРИОТИЗМГЕ ТӘРБИЕЛЕУ

Маусымның 17-сінде Астана қаласында Ер Жәнібек батырдың 300 жылдығына орай «Ел қорғаған ер баба» атты халықаралық ақындар айтысы өтпек, бұл шара маусымның 19-ында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде «Мәңгілік ел және Ер Жәнібек» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциямен жалғасын табады. Ал 21-22 маусымда Ер Жәнібектің мавзолей-кешені орналасқан Жарма ауданының Қалбатауында Ер Жәнібек батырға арналған асқа алты Алашқа сауын айтылып отыр. Осы шараға орай «Ер Жәнібек» халықаралық қайырымдылық қорының президенті Мақсұт Темірбаевпен сұхбаттасудың сәті түскен еді. 

– Мақсұт аға, биыл жыл басынан бері Ер Жәнібек батырдың 300 жылдығы ел көлемінде кеңінен аталып өтуде. Дегенмен Абылай ханның оң тізесінен орын алған, таңдаулы 5 сарбазының бірі болған Ер Жәнібек туралы деректер өте аз. Ол жайында оқырман қауымның білері тым аз. Оның себебі неде деп ойлайсыз?

– Оның ең басты себебі, Ер Жәнібек бабамыздың шекараның арғы бетінде қалып қоюы деп ойлаймын. Оны шеттегі бауырларымыз пір тұтады, өте жақсы қадірлейді екен. Ал бізге ол туралы деректер там-тұмдап жетті, шекарадан көп дүниелерді бері асырмады. Көп деректер шаңға көміліп, мұрағаттарда қалды. Біздің бәріміздің санамызды коммунистік идеология тұмшалап алған. Қазақтың тарихи жадын құртуды мақсат еткен коммунистер әуелі тарихымыздың өзін 1917 жылдан бастағысы келмеді ме? Мектепте де, институтта да оқығанымыз КСРО-ның және патшалық Ресейдің тарихы болды. Біз сияқты бұратана елдерді Ресей қамқорлығына алмаса, ел болмас едік деген идеологияны мықтап санамызға сіңірді. Соның салдарынан, біз өзіміздің көптеген бабаларымызды, батырлары­мыз бен билерімізді білмей келдік. Тарихтан Абылайхан, Кенесары, Қабанбай, Бөгенбай, Саңырық, Тайлақ, Қарасай секілді батырларымыздың атын жаңғырттық. Бірақ, осы ұланғайыр даланы сақтап қалған батырларымыздың барлығының есімін танып-білдік десек, артық айтқандық болар. Осы батырларымыздың ішінде Ер Жәнібек бабамыздың орны ерекше. Жоңғарларға қарсы шайқас 250 жылға созылған екен. Бұл аз уақыт емес. Қожаберген жырау «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» деп баға берген бұл шайқаста қазақтың тағдыры, болашағы айқындалған еді. Бұндай батырларымыз болмағанда, қазақтың аты тарих бетінен өшіп кетер ме еді?!. 

Ер Жәнібек жайлы деректер оның замандастарының, ұрпақтарының және басқа да тарихшылардың баяндауымен жетіп отыр. Жәнібек батыр ауыз және жазба әдебиетінде ең көп кейіптелген тұлға. Жәнібек Бердәулетұлы туралы «Ер Жәнібек – 300 жыл» атты анықтамалық-библиографиялық ғылыми жинағында 8 тарихи жыр мен 43 аңыз әңгіме, олардың жиналуы, сақталуы мен таралуы егжей-тегжейлі көрсетілген. Ал Моңғолиядағы қазақ жазушысы Сұлтан Тәукейұлының «Ақыр Жәнібек» романында батырдың ерен ерлігі, асқан ақылы, теңдессіз батырлығы шынайы суреттелген. Қалың оқырманға жол тартып отырған қос басылымды жақын арада еліміздің кітапханалары мен кітап сөрелерінен табуға болады. Қытайдағы жазушы Шәміс Құмарұлының «Ер Жәнібек» романы да көп дүниеден хабар береді. Ал шетте жүріп, 7 кітабын Қазанда басып шығарған ғұлама ақын Ақыт Үлімжіұлының «Ер Жәнібек» атты дастаны жетті бізге. Батырдың ержүректігі турасында Үмбетей, Бұқар жырау, Мәшһүр Жүсіп, Досбер Саурықұлы сынды дара жыраулар мен ақындар жырлаған.

Дегенмен тарихқа еуропа­центристік көзқараспен қарап үй­рен­ген еуропалықтар көшпен­ділердің адамзат өркениетіне қосқан үлесі жоқ деп есептейді. Бар болса да, мойындауға құлықсыз. Ғұлама ғалым, Нобель сыйлығының иегері Тойнбидің өзі 12 томдық тарихи еңбегінде көшпенділер өркениеттің дамуына ешқандай үлес қоспады деп айтқан көрінеді. 

Ер Жәнібек өзі батыр бола тұрып, би-шешен де болған, ел басқарған көсем де болған, дипломат. Сол тарихи деректерді зерттеп, ашып жарыққа шығарып жатырмыз. Және бұл біздің өскелең ұрпақты батырлыққа, ерлікке тәрбиелеуде таптырмас құрал. 

– Тарихи деректерді қарап отырсақ, «Ер Жәнібек бабамыз Абылайханның оң тізесінен орын алған» делінеді. Бұл қаншалықты шындыққа үйлесімді? 

– Ол рас дерек. Ешқандай қоспасы жоқ. Егер ондай оқиға болмаса, тарихи деректер арқылы бізге жетпес еді. Әрине біздің тарих ата-балаға, ұрпақтан-ұрпаққа ауыз әдебиеті арқылы, аңыздар арқылы жетті. Кейбіреулер сол әңгімелерді жоққа шығарғысы келеді. Жақында біреулердің Қожаберген жырауды өмірде болмаған деп айтқанын оқып, жағамды ұстадым. Сол Қожаберген жырау Ер Жәнібекке батасын берген адам. Лев Николаевич Гумилев «Древний Русь. Великая степь» деген кітабында көшпенділердің тарихын жазады. Лихачев деген академик осы еңбегіне пікір жазады. Сонда ол «Лев Гумилев тарихты нақты деректер арқылы емес, елден, жұрттан естігені арқылы, болжамдар арқылы жазып жатыр. Алайда бұндай тарих та бізге керек» дейді. Ал біздің тарих ауыз әдебиетінде жақсы сақталған. Сол тарихты жоққа шығару – күнә. 

Ал Ер Жәнібек бабамыздың Абылай ханның оң тізесінен орын алуы оңайшылықпен келген жоқ. Хан ордасына екінің бірі баса-көктеп кіре алмайды. Хан сынағынан өткен және жорықта ерен ерлік көрсеткен батырлар ғана осындай құрметке лайық делінетін. Қазақ-қалмақтың қанды айқастарының бірінде Жәнібектің көзі қалмақтардың қоршауында қалған Абылай ханға түседі. Оның аты мертігіп, жаяу қалған екен. Сол кезде Жәнібек ұран салып, қоршауды бұзып өтіп, Абылайға көк дөненін көлденең тартқан. Сонда Абылай: «Қарағым-ай, өзің қайтесің?» дегенде Жәнібек: «Басшысы өлсе, қолдан береке қашады. Мен өлсем қазақтан тағы бір ұл туар» – деген екен. Екінші дерек бойынша, Ер Жәнібек  Абылайдың  аты  мертігіп қалғанда, астындағы көк дөненін көлденең тартқан. Ол мінбей тартынғанда: «Жау  өлтіргенше өзім мерт қылайын, мына атқа мінбесең, осы қысталаңда көретін жайың осы», – деп қаһарлана қылышына ұмтылғанда, еріксіз мінген Абылай, соңынан дөненін қайтарып, құрмет көрсеткен. Осыдан кейін ол Абы­лайдың қолбасшыларының бірі болып, Ер Жәнібек атанған. Ер Жәнібек Абылайханның оң тізесінен орын  алып, қазақтың әйгілі батырлары Қабанбай, Райымбек, Бөгенбаймен бірлікте жоңғар  шапқыншыларына қарсы қанды  ұрыстардың  бел  ортасында  жүріп, елі мен жері үшін  ерен  ерлік  көрсеткен  тарихи тұлға.

– Тарихта біз білетін әз Жәнібектен өзге үш Жәнібек бар. Шақшақ Жәнібек, Тархан Жәнібек және Ер Жәнібек. Қазіргі қазақ халқы осы Жәнібектерді бір-бірімен шатастырып жатады. Олардың тарихтағы орнын қалай ажыратуға болады?

– Біздің бүгінгі қолға алып жатқан шарамыздың негізгі мақсаты да осы. Қазақ батырларының тарихтағы өз орнын айқындау. Ер Жәнібек пен Тархан Жәнібек арасында үлкен байланыс бар. Тархан Жәнібек Ер Жәнібектің атын қойған деседі тағы бір тарихи деректер. Бердәулеттің бәйбішесі босанып, ұлды болып, ұлан-асыр шілдехана жасап жатқан кезде Тархан Жәнібек осы қуаныштың үстінен түсіпті. Ұлы дүние есігін ашып жатқанда, бұндай атақты адамның құдайы қонақ болғаны оны қатты қуантыпты. Сөйтіп баласына атын беруін сұрапты. Ол жаңа туған жас нәрестеге батасын беріп аттаныпты. Кейін сол Жәнібек батыр атанып, тархан Жәнібектің үмітін ақтапты, батасы дарыпты. Бұның өзі қазақтың батырларының бірін-бірі қолдап-қолпаштап жүретіндігін танытса керек. Міне, сол үшін әр батырдың тарих сахнасындағы өз орнын анықтау – біз үшін негізгі міндет болып отыр. Осы батырлар арқылы халықтың рухын ояту – бізге парыз. 

– Тәуелсіздігімізді алғалы ширек ғасырға жуық уақыт өтсе де, қазақ тарихын жазу әлі күнге дейін бір ізге түскен жоқ. Біреулер тарихи тұлғаларын әспеттеп жатса, екінші біреулер оны жоққа шығаруға тырысады. Мысалы, тарихта Сегіз сері атты батыр әрі жырау өткен. Сол жыраудың өмірде болғаны ия болмағаны жайлы талас-тартыс әлі жүріп жатыр. Тіпті кезінде Гамарник деген Білім және ғылым вице-министрінің қолымен жазылған үкім де жарияланды. Сегіз серінің атын атамаңдар деген. Ал Ер Жәнібек батырдың тұлғасын зорайту үшін оның тарихтағы орнын айқындау үшін тарихшылардың кәдімгідей еңбектенгені дұрыс болар еді. Қазір Ер Жәнібекті зерттеушілер бар ма? Оның тарихи тұлғасына деген тарихшылардың көзқарасы қалай? 

– Біздің тарихшылардың көз­қарасы дұрыс. Қазақ әдебиеті институтының директоры Уәлихан Қалижанға барып, біз мұрағаттарды ақтаруға рұқсат сұрағанымызда, бірден келісімін берді. Қытай тілінде жазылған 290 кітапта Ер Жәнібек бабамыз туралы дерек бар екен. Біздің шекарамыз жабық кезінде біз ешқайда шыға алмадық та, орыстілді ақпараттармен ғана шектелдік. Тіпті ресейлік кітапханалардың өзіне сирек қолжазбалар қорына қол жеткізе алмадық. Мен өз басым Ленинградта оқып жүрген кезімде осы мұрағаттардың біріне кіруге рұқсат алып кірген едім. Сандықтың ішінде жатқан талай кітаптарды көзім шалғаны бар. Осы деректерге біз әлі толығымен қол жеткізе алмай келеміз. Тарих институтының директоры Хангелді Әбжанов та бізге құшағын ашатындығын айтты. 

Біз осыдан үш жыл бұрын Алтайды аралап келдік. Сол кезде Ер Жәнібектің тікелей ұрпақтарының да үйінде болдық. Ол Ер Жәнібектің 7-ші ұрпағы екен. Ер Жәнібектен қалған Ақ туы болыпты, оны гоминдаң алып алған екен. Ба­тырдан қалған көз – сандығын көрдік. 

Ер Жәнібек туралы Жәнімхан Ошанұлы деген тарихшы үлкен еңбек жазып шықты. Был­тыр Моңғолияда Ұланбатыр қа­ла­сында қазақтардың кіші құ­рылтайына барған едім. Осы құрылтайда Сұлтан Тәукейұлы деген жазушымен таныстым. Сол кісі маған өзінің Ер Жәнібек туралы жазған «Ақыр Жәнібек» романын сыйға тартты. Сол романда Қожаберген жырау жайында өте жақсы мәліметтер келтіріліпті, ол Ер Жәнібекке батасын берген екен. Әйгілі Бұқар жыраудың да, Ақтанберді бабамыздың да ұстазы осы Қожаберген жырау болған. Ал біздің бүгінгідей шара өткізуге ат салысып жатқанымыздың басты мақсаты – осындай бір-бірімен сабақтас тарихымызды болашақ ұрпақтың зердесіне жеткізу. 

– Ер Жәнібек бабамыздың 300 жылдық мерейтойын өткізуге дайындық қалай жүріп жатыр? Қандай жоспарларыңыз бар?

– Біз бүгінге дейін біраз шаруаның басын қайырып тастадық. Қаңтар айында бас­пасөз-мәслихатын өткізуден бастағанбыз. Осы шара аясында Қытайдан келген талантты ініміз Серік Әбілұлының «Әжемнің иісі» атты кешін ұйымдастырдық. Аграрлық университет пен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеттерінде ғылыми конференциялар ұйым­дастырдық. Алматы қаласында Ер Жәнібек бабамызға арнап ас бердік. Республика сарайында «Ел қорғаны – Ер Жәнібек» атты салтанатты ән кеші өтті. Астана қаласында да біраз игі істерге мұрындық болдық. Балалар мен жасөспірімдер арасында каратэден чемпионат ұйымдастырдық. Енді осы айдың 17-сінде «Ел қорғаған Ер Жәнібек» атты халықаралық айтыс өтпек. Ал бұл шара маусымның 19-ында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде «Мәңгілік ел және Ер Жәнібек» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциямен жалғасын таппақ. Ал 21-22 маусымда Ер Жәнібектің мавзолей-кешені орналасқан Жарма ауданының Қалбатауында Ер Жәнібек батырға арналған асқа алты алашқа сауын айтылып отыр. Cонымен қатар, бұл Қазақстан аумағымен ғана шектеліп қалмайды. Жақында ғана Берлинде өткен Еуропа қазақтарының дәстүрлі Кіші құрылтайында арнайы дөңгелек үстел ұйым­дастырылса, Стамбұлда да ірі шара болып өтті. Бұдан арықарай Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында және ҚХР-дың Ақсай автономиялық аймағында да салтанатты шаралар өтеді деп жоспарлануда. 

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен 

Есенгүл Кәпқызы