Жаңалықтар

«Эйр Астананың» бәсекелесі

ашық дереккөзі

«Эйр Астананың» бәсекелесі

 

Десе де «Эйр Қазақстанның» 51 пайыз акциясын иемденген канадалық «Бомбардьер» компаниясы Қазақстанның ішкі рейстерін орындамақшы. Тура 8 айдан кейін алғашқы әуе жолаушысын тасу көзделуде. Әлемге әйгілі канадалық компания келер жылдан бастап елімізге КЮ-400 маркалы 10 ұшағын жеткізбек. Көлік және коммуникация министрлігінің болжамынша, «Эйр Қазақстан» Қазақстан көгіне көтерілсе, монополиске айналған «Эйр Астанаға» басты бәсекелес болмақ. Бәсеке бар жерде баға да арзандап, қызмет көрсету де жақсарады.

Бұл мәселеге орай «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев жыл басында: «Елімізде бұл салада монополия болмауы қажет. Сондықтан Президент тапсырмасы бойынша біз екінші отандық әуе компаниясын ашуды ұйғардық. «Бомбардьер» компаниясымен әріптестік келісімін жасады. Олар облысаралық әуе желілеріне тартылады. Екі әуе компаниясы әріптестік қарым-қатынаста жұмыс жасайды. Біз екеуінде де акционерміз, олардың мүдделерін үйлестіруге тырысамыз. Сөйтсе де, біз бұл салада бәсекелестік болуы тиіс деп есептейміз», – деген болатын. Президент те жаңа әуе компаниясының қажет екенін қадап айтқан болатын. “Біз “Бомбардьер” тәрізді белгілі компанияның Қазақстан нарығына келуіне мүдделіміз. Осыған байланысты тағы бір отандық “Эйр Қазақстан” әуе компаниясын құруды жоспарлап отырмыз, ол бастапқы кезеңде ішкі рейстерді орындайтын болады”, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Ал «Бомбардьер» компаниясының басшысы Пьер Бодуэн де Қазақстан нарығында жұмыс істеуге мүдделі екенін айтқан болатын: “Біз көлік қызметінің сапасын арттыру және жалпы Қазақстанның көлік саласын жақсарту үшін бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз. Авиациялық техниканы тасымалдау – біздің бірлескен қызметіміздің аз ғана ғана бөлігі екеніне сендіргім келеді. Біз өз технологияларымызды енгізуді әрі өзіміздің мол тәжірибемізді қолдануды да жоспарлап отырмыз».

2015 жылдың күзінде толықтай жұмысқа кірісетін жаңа компания туралы Көлік және коммуникация министрі Жеңіс Қасымбек мәлімдеген болатын. «Министрлер кабинетінің бүгінгі отырысында жаңа компанияны құру жолдары қаралды. “Үкімет оны қолдады. Алдағы жылдың екінші жартысында, яғни үшінші немесе төртінші тоқсанда жаңа компания ішкі нарықта жұмыс істейтін болады”, – деді Қасымбек бүгін Үкімет отырысының қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында.