Жаңалықтар

Бізге Қазақстан нарығы ауадай қажет

ашық дереккөзі

Бізге Қазақстан нарығы ауадай қажет

Бішкекке табан тірегенде, сырт көздің назарына ең әуелі ілінетін нысан – Орталық алаңдағы Президент Әкімшілігінің ғимараты. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары салынған мығым үйдің архитектуралық бет-бейнесі көзге қораштау көрінетіні рас. Бірақ оған ұзақ уақыт көз тоқтатып қараудың реті келе қоймас. Өйткені Әкімшіліктің бас қақпасының оң жағын ала бере, қоршауға ілінген гүлдестелер мен қара мәрмәр тақтайшалар іле көңіл аудартады. Бақсақ, бұл 2010 жылы көктемде осы жерде снайперлер оғынан көз жұмған қырғыз азаматтарының қаралы тізімі екен. 

Бас-аяғы 86 адам. 86 азамат. 86 құрбандық. 

Қазіргі Қырғыз демократиясының ресми мойындалған құрбандығы – осы. Мәрмәр тақтайшаға: «Бұл жерде 2010 жылдың 7 сәуірінде Қырғызстандағы үй-бүлөлік тоталитарлық басқаруға қарсы шыққан, өлкедегі демократия, еркіндік, егемендік үшін өз өмірін арнаған 86 ер жүрек еліміздің мекеншіл ер азаматы оққа ұшқан» деген азалы сөздер жазылыпты.

Әудем жерде осы құрбандарға арнап арнайы ескерткіш орнатылған. Мұнда «Елдің еркіндігі үшін 2002 жылы ақсы, 2010 жылы сәуір оқиғаларында құрбан болғандардың жарқын елесіне» деген арнау сөздер ойылып жазылған. Қара жартасты жан-дәрмен итерген ер-азаматтың бейнесі рухты серпілте ме, әлде кешегі қателіктерді еске түсіріп, тәубеге түсіре ме – бұл әркімнің жан-дүниесінде көтеріп жүрер жүгіне байланысты… Біз үшін бір жайт анық – бұл монумент елдік мүдде үшін қолмен жасағанды мойынмен көтерер ерліктің керек екенін еске салып тұрар үнсіз куә.

Қырғыз жерінің дәм-тұзы бұйырған соң, көршінің ау-жайын сұрамаққа Қырғыз Үкіметінің басшысы Джоомарт Оторбаев мырзаны эксклюзивті әңгімеге тарттық. Демократиялық құндылықтар үшін жан құрбандық берген елдің премьер-министрі сұрақтарымызға тартынбастан жауап берді.

– Сіз өз сөзіңізде қауіпсіздік мә­селесін баса айттыңыз. Ел аума­ғындағы тынышсыздық кесірінен ше­телдік туристер қатары сиреп кет­кені де айтылып жүр. Қазір елдегі саяси ахуал қандай?

– Қырғыз Конституциясында жазыл­ғандай, бізде шеру өткізу үшін рұқсат алудың қажеті жоқ. Алдын ала ескертсе болғаны. 2010 жылғы сәуір оқиғаларынан соң, 2011 жылы 2000 митинг өткізілген екен. Ал 2012 жылы 1200 шеру өтсе, былтырғы митингтер саны 800-дей ғана. Басқаша айтқанда, біз халықтың өз ой-пікірін, көзқарас-ұстанымын ашық білдіруге мүмкіндік беріп отырмыз. Ел азаматтары өз пікір-ұсыныстарын билікке неғұрлым көп айтса, соғұрлым бізге жақсы. Тек жолды бөгеу сияқты экономикамызға зиян келетін әрекеттер жасамау керек деп ойлаймын. 

Бізде демократияның анық орна­ға­нына төрт жыл болды. Төрт жылда жағдай біртіндеп тұрақталып келеді. Бұйырса, келесі жылы Парламент сайлауын өткіземіз. Шын саясаткерлер көшедегі шеруге емес, осы сайлауға қатысып, саяси процеске атсалыссын. Билікке ультиматум қойып, құр дабыра жасағанша, сайлауда көрсетсін өздерін. 

Біз үшін қазір саяси тұрақтылық өте маңызды. Әлеуметтік зерттеулер нәтижесіне сәйкес, саяси тұрақтылық қоғамымыздың бірінші қажеттілігі болып тұр. Қазақстанда ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та үнемі осыны айтады ғой, елде саяси тұрақтылық болса, шетелдік инвесторлар келеді, экономика алға өрлейді. Біз де осы қағиданы нысанаға алуымыз керек. Тұрақтылық болса, инвестициялық ахуал жақсарып, сырттан қаражат келеді.

– Тәуелсіздік алғалы Қырғыз мемлекеті екі дүркін төңкерісті бастан өткерді. Бұл төңкерістер қырғыз еліне не берді деп ойлайсыз?

– Ең әуелі, демократияны әкелді. 

– Экономикалық тұрғыдан ше?

– Шындығын айтқанда, инвестор­лардың ойында «үшінші төңкеріс болуы мүмкін» деген қорқыныш бар. Олар Қырғызстандағы саяси жағдайдың тұрақтылығына күмәнмен қарайды. Сондықтан да біз қазір елде тыныштық пен тұрақтылық болуы үшін бар күшімізді саламыз, мұны айтып та жүрміз. Сайланбалы жүйені қалпына келтіріп, саяси мәселелерді сайлаулар арқылы шешуіміз керек. Егер сайлаушылар партияға немесе президентке дауыс берсе, олар Конституцияда белгіленгендей бес не алты жыл жұмыс істесін. Бізге енді жаңа бір шаң-топалаң керек емес. Мұны ел де айтады, егер бізде тағы төңкеріс болатын болса, экономикада өрлеу болмайды дейді. Бұған дейін екі бірдей президент сыбайлас жемқорлықпен басы шатылып, ел ішінен қуылды. Біз парламенттік демократия құру үстіндеміз. Енді демократиялық құндылықтарды сақтай отырып, ел ішіндегі тыныштықты сақтай отырып, алға жылжимыз деген ойдамыз.

– Қырғыз төңкерістері туралы айтқанда, сыртқы күштердің әсері болды деген жорамал жиі айтылып жүр. АҚШ, Ресей сияқты елдердің Қырғыз төңкерістеріне қаншалықты ықпалы болды?

– Геосаяи жағдайдың ерекшеліктері бар, оған түсіністікпен қарау керек. Бірақ Қырғызстанда сыртқы күштердің айтарлықтай мүддесі жоқ деп ойлаймыз. Біз ондай шоң мемлекет емеспіз ғой.

– Сонда бұған дейінгі төңке­ріс­терде сыртқы күштердің ықпалы болды дегенді жоққа шығарасыз ба?

– Оған нақты дәйек жоқ. Сарапшылар Американың, Ресейдің, Қытайдың ықпалы болды деп пікір айтады, бірақ дәлелі жоқ. Менің ойымша, бұған дейінгі төңкерістер Қырғыз елінің ішкі саяси жағдайынан туындаған.

– Ел бірлігі жайлы не айтасыз? Сол тұста Қырғызстанның оңтүстік және солтүстік кландары арасындағы теке-тірес ушығып кеткені жайлы ақпарат тарады…

– Қазақтар сияқты біз де көшпелі халықпыз. Қазақтар үш жүзге бөлінсе, біздегі бөлініс те соған ұқсас. Сондықтан бұған шоң мәселе деп қарамаймыз. Жақында біз Нарын аймағында болып, баламалы жол салуды қолға алдық. Оңтүстік пен солтүстік аймақтарды арасын жалғайтын жол болса, логистикалық мәселе оң шешімін тапса, оңтүстік адамдары солтүстікке барып, жылжымайтын мүлік сатып алып, яғни ел іші мидай араласса, жөн болар еді. Бұл жердегі басты түйткіл мынада: оңтүстіктің тұрғындары үшін өздері шығарған өнімді экспортқа шығарудың мүмкіндігі аздау. Қытайға шығара алмайды, Өзбекстанмен шекара жабық, Тәжікстанның ішкі нарығы өте шағын. Ал оңтүстік тұрғындары өз тауарларын Қазақстан арқылы Ресейге, басқа мемлекеттерге шығаруға жол ашу керек. Қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз.

– Қырғызстан Кедендік одаққа кіреміз деп бекініп отыр. Өткен айда Қазақстан, Ресей мен Беларусь мемлекеттері Еуразиялық одаққа бірікті. Кеден одағына мүше болған соң, бұл одақтан да сырт қалмасы белгілі. Мұндай жағдайда елдегі саяси ахуал ушығуы мүмкін деген қауіп жоқ па?

– Сіздің сұрағыңыздың төркінін түсініп отырмын. Бұл одақтың құрылуынан саяси себеп іздеп, бұрынғы Кеңес одағының елесін көріп жүргендер де баршылық. Бізде ондай қорқыныш жоқ. Бірақ Қазақстандағыдай бізде де бұл одаққа мүше болуымызға қарсы топтар бар, бірақ олар азшылық, көпшілігі экономикалық интеграция талпыныс­тарын қолдайды. 

Кедендік одақ пен Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуында ешқандай саяси себеп жоқ. Бұл жалаң экономикалық мақсатты көздеген құрылымдар. Біз де Қазақстанның баспасөзін қарап отырамыз, оны қолдап жатқандар да бар, қарсы шығып жатқандар да бар көрінеді. Ал біз жалаң прагматикалық даму жолына түстік. Себебі, біз алтын қорымызды былай қойғанда, жүз пайыз экспортқа жұмыс істеуіміз керек. Бізде екі жол ғана бар: не шекараны ашамыз, не жабамыз. Егер шекараны жабатын болсақ, онда қай мемлекеттерге біз экспорт жібереміз, Қытайға ма, Өзбекстанға ма, Тәжікстанға ма? Шекараны ашық ұстамасақ, сыртқа тауар жөнелтудің жайы қиындайды. Сондықтан біз экономикалық одаққа кірсек, шекараны ашсақ, 170 миллиондық нарыққа жол салсақ, жағдайымыз дұрыс болады. Тіпті, туризм саласын алатын болсақ, қазір қызмет көрсету орындары 5 миллион адам үшін жұмыс істесе, Еуразия экономикалық одағына кірген соң, 170 миллиондық нарыққа жұмыс істейтін болады. Бізге Қазақстан нарығы ауадай қажет. Алматы, Тараз, Шымкент сияқты қалалармен тығыз экономикалық байланыстамыз. Бірақ қазір арада шекара, кеден кедергілері бар, ал бізге екі арада еркін сауда айналымы керек. 

– Қырғызстан Кеден одағына мүше болғанда, жергілікті кәсіпкерлер Ресей компанияларымен бәсекеге түсе ала ма? 170 миллиондық нарықты айтып отырсыз, дұрыс-ақ, бірақ қырғыз кәсіпкерлері ресейлік алпауыт компаниялармен тайталасқа түсе ала ма? Мысалы, мемлекеттік сатып алу саласында ресейлік компаниялардың мысы басым түсетіні даусыз ғой?

– Жалпы алғанда, Қырғызстанда сатып алу нарығы жарты миллиард доллардан аспайды. Мұндай жағдайда біздің кәсіпкерлеріміз сыртқы бәсекеге қалай шыдас бере алады? Таратып айтатын болсақ, біріншіден, бізде қуат көздері Кеден одағы мемлекеттерімен салыстырғанда бес есе арзан. Екіншіден, жұмыс күші үш-төрт есе арзан. Үшіншіден, жалға алатын жылжымайтын мүліктің бағасы да үш есе төмен. Сондықтан бізде шығарылған өнім Қазақстан мен Ресейде шығарылған тауармен салыстырғанда кемінде жиырма-отыз пайыз арзанырақ болады. Ендеше, біз Қазақстан, Ресей, Белорусь мемлекеттеріндегі сатып алу байқауларына қатыса аламыз деген сөз. Бұл жеке кәсіпкерлерге қатысты. Ал басқа мемлекеттер бізде кәсіпорын ашып, зауыт саламыз десе де, бізде өнім шығару олар үшін тиімді болмақ, өйткені өзіндік құны әлдеқайда төмен болады. Сондықтан біздің артықшылығымыз көп.

Сұхбаттасқан Гүлбиғаш ОМАР

Шолпан-Ата, Қырғызстан