Жаңалықтар

НАТО-ға балама болу мүмкін бе?

ашық дереккөзі

НАТО-ға балама болу мүмкін бе?

Бүкіл әлем капиталистік және социалистік екі лагерьге бөлініп, Батыс пен Кеңес Одағы арасындағы қырғи-қабақ соғысы өршіп тұрғанда барша дүниені қабағымен ықтырған қос әскери одақ болды. Оның бірі – Солтүстік-Атлантикалық альянс, яғни НАТО, екіншісі – Варшава шартына мүше елдер. Әскери блокқа мүше елдердің әскери саясатын жетекші империялар айқындап келді. Мәселен, Варшава шартына мүше елдердің негізгі саясаты КСРО-ға тәуелді болды. Оның негізгі штабы Мәскеуде орналас­ты. Және оған мүше елдердің барлығы қарсыластарының әскери операциясына қарсы үн қосуға әрқашан дайын болатын. Есесіне, Кремль блокқа мүше мемлекеттерге арзан қару-жарақ сатты, әскери жаттығуларын тегін өткізуді мойнына алды. Одақтастар үнемі бірге әскери-техникалық жаттығулар өткізуден жалықпайтын. ХХ ғасырдың екінші жартысында ешбір соғыс осы екі әскери блоктың астыртын қатысуынсыз өткен емес. Въетнам, Лаос, Корея, Иран, Чили, Ауғанстан т.б. мемлекеттердегі НАТО операциясына Варшава шартына мүше елдер тізе қоса қарсыласа білді. Алайда әскери блоктың құлағанына ширек ғасырдан астам уақыт өтті. КСРО-ға балама ретінде ТМД елдерінің одағын құрғаны секілді, Ресей бұрынғы одақтастарын ұжымдық қауіпсіздік ұйымына енгізуді мақсат етті. Мақсаты – әлемдік державаға айналуды көздейтін Америкаға қарсы тұру. Тағы бір соғысқа дайын болу. Алайда Ұжымдық қауіпсіздік одағына мүше елдердің әскери блогы жандана алды ма? Кейін Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер арасында осы блоктың НАТО-ның баламасы болатындай әскери одағын жандандыру жайлы әңгімелер айтылды. Тіпті бір-екі рет оқу-жаттығу жұмыстарын бірлесе жүргізген кездері де болды.

 

ОДАҚТАСТАР НЕ АҚЫЛДАСТЫ?

 

Соңғы уақытта Украинадағы оқиғадан кейін Ресей ұжымдық қауіпсіздікке мүше елдердің Қорғаныс министрлерін жиі жинап, бұдан былайғы өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарын айқындауды мақсат ете бастаған сыңайлы. Айта кетерлігі әзірге бұл ұйым аясында жасалып жатқан іс-шараларға назар аударып көрсек: трансшекаралық қылмыстарды ауыздықтайды, құқық қорғау және құтқару қызметтерінің іс-әрекетін үйлестіреді, терроризмге қарсы шараларды жүргізеді. Алайда Ресей одақтастарынан одан зорғыны дәмететін көрінеді. Ресейлік ақпарат құралдарындағы сараптама материалдарға ден қойсақ, әскери одақтастарын арзан қару-жарақпен қамтамасыз етіп отырған Ресейдің олардан қажетті көмек пен қолдау таба алмай келе жатқандығы әңгіме өзегіне айналған. Мәселен, «Военные материалы» сайтындағы Владимир Безбородовтың «Зачем нам нужно ОДКБ?» атты мақаласында ұжымдық қауіпсіздік ұйымына мүше елдердің біраз нәрседен тыс қалғандығы егжей-тегжейлі баяндалады. «1999 жылы НАТО-ға мүше елдер АҚШ-тың жетекшілігімен Сербияны ашықтан-ашық талқандады, ол кезде Сербия Ресейдің одақтасы болатын. Ресей бұл операцияда қолынан келгенін жасап бақты. Алайда, одақтастар үнсіз. Ештеңе болмағандай кейіп танытты. Әскери қолдау былай тұрсын, саяси қолдау да білдірмеді. Дәл сол жылы чешен жауынгерлері Дағыстанға басып кірді. Ресейдің өз аумағындағы тәртіпсіздіктерді ретке келтіру шараларына Ұжымдық қауіпсіздікке мүше елдердің ешқайсысы үн қатпады. 2008 жылы Грузия Оңтүстік Осетиядағы Ресей бітімгершілеріне оқ атты. Грузия мен Ресей арасында соғыс басталды. Әскери қолдау туралы жақ ашпай-ақ қояйын, саяси тұрғыдан не болғанына көз жүгіртейікші. Беларусь лидері Лукашенко «әліптің артын бағайық» десе, Назарбаев аузын ашпады.Ұжымдық қауіпсіздікке мүше өзге елдер де солай. Ресей Осетияда соғысты. 2014 жыл. Ресей Украинаға қатысты қатаң мәлімдемелер жасады. Өзгелері үнсіз», – деп ашынады ол. Шын мәнісінде, Ресейдің НАТО-ға балама боларлық әскери-одақ құруға жанталасқанына біраз уақыт. Алайда, одақтастар Ресейдің басқыншылық әрекеттерін қолдауға құлықсыз. Әрі бұл ұйымның әрекеті жайында және біздің елдердің ұстанатын бағыты жайында сараптамалық материалдар жоқтың қасы. «Осы 11 маусымдағы кездесуде тараптар не жайында ақылдасты, қандай шешімдер қабылдады, Украинадағы жағдай шиеленіссе, қандай қадамдар жасалуы мүмкін?» деген сауалдарға жауап іздеуге тырысып көрдік. Алайда, ол туралы ақпараттар өте ресми және өте қасаң. Мәселен, Ресей Федерациясының Қорғаныс министрінің орынбасары, армия генералы Аркадий Бахин: «Талқылау барысында ұйымға мүше елдердің сыртқы қауіп-қатер асқынған жағдайда, саяси және экономикалық қысым ұлғайғанда қандай шара қолдануымыз мүмкін екендігі сарапқа салынды», – деген. Дегенмен, маусымның 16-сындағы Ұжымдық қауіпсіздік ұйымының бас хатшысы Николай Бордюжаның мәлімдемесіне құлақ түрсек, оған мүше мемлекеттер бұдан былай НАТО-мен байланысты ретке келтіру үшін диалогты тоқтата тұрмақ, керісінше, ШЫҰ-мен және Қытаймен арадағы байланысты күшейту көзделіп отыр. Ресейлік Мемлекеттік Думада Ұжымдық қауіпсіздікке мүше елдердің парламенттік делегациясы мен ЕҚЫҰ-ның Парламент Ассамблеясының мүшелерімен кездесу барысында Бордюжа мырза маусымның 11-індегі кездесу жайында: «Ол кездесулерде қажетті шешімдер қабылданды. Біздің ойымызша, әлем ашық текетіресті бас­тан өткізіп отыр. Көптеген елдер өз әрекеттерін бақылаудан шығарып жіберді. Мемлекеттердің ішкі ісіне араласып, қоғамдық пікірді басқаруға тырысуда, экономикалық және қаржылық тұрғыдан олардың билік құрылымдары мен тұрғындарына ықпал етуді мақсат етуде. Мемлекеттердің саяси курсын өзгертіп, билік басына батыстық режимді қолдайтын қолшоқпарларын әкелу үшін жақсы ойластырылған түрлі-түсті төңкерістер технологияларын кеңінен пайдалануда. Ондай төңкерістердің классикалық үлгісі ретінде Украинадағы конституциялық емес мемлекеттік төңкерісті атауға болады. Бүгін оның ақыры – азаматтық соғысқа ұласты. Бұған дейінгі жиналыстардың негізгі мақсаты, қазіргідей шиеленіскен халықаралық жағдайда мәселені ұжымдық тұр­ғыдан бірлесе шешу және осы жолда нақты шешім қабылдай білу, ортақ түсіністікке келу. Бүгінде Ресей және Ұжымдық қауіпсіздік ұйымына мүше елдер экономикалық, саяси және ақпараттық қысымға ұшырап отыр. Олардың стратегиялық мақсаты айқын. Посткеңестік кеңістікті әріқарай тұрақсыздыққа бастау», – деген ол.

 

ОРТАҚ ӘУЕ ҚОРҒАНЫСЫ НЕ БЕРЕДІ?

 

Биыл мамыр айының соңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ресеймен ортақ әуе кеңістігін құру туралы келісімге қол қойды. Ортақ әуе кеңістігін құру туралы әңгіме – былтыр қаңтар айынан басталған болатын. Мәскеуде аталған құжатқа қол қойылып та үлгерген. Оны ратификациялауды осы мамырда қолға алып отыр. Аталған келісім бойынша, ортақ әуе кеңістігі күштері жүйесін Ресей және Қазақстан Қорғаныс министрлерінің ұсынысымен екі ел президенттері тағайындайтын командир басқаратын болады. Сондай-ақ, жауынгерлік іс-шаралар мен ақпарат алмасу ережесін жасау көзделіп отыр. 2014 жылдың қаңтарында Ресей Қорғаныс министрі Анатолий Антонов Мәскеудің Астанаға С-300ПС зенит-зымыран кешенінің 5 дивизионын тегін беретіндігін мәлімдеген. Антонов бұның Қазақстанның әуе кеңістігін ғана емес, Ұжымдық қауіпсіздік ұйымына мүше елдердің де әуе қауіпсіздігін қамтамасыз ететіндігіне сенімді. Ресей 2007 жылдан бастап ТМД мемлекеттерімен ортақ әуе күштерін қамтамасыз етуді мақсат етуде. 2009 жылы бұл жобаға Белоруссия қосылған. Ресей Қазақстаннан кейін Армения, Өзбекстан және Тәжікстанның қосылуы мүмкін деген болжам жасауда. Алайда аталған елдер арасынан Өзбекстанның не Ұжымдық қауіпсіздік ұйымына, не Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше еместігін ескерсек, бұл тек Ресейдің ішкі есебі екендігін түйіндеуге болады. Қазір Өзбекстан үшін күрес НАТО мен Ресей арасында үздіксіз жүріп жатыр. НАТО онда өз әскерлерін енгізіп, Өзбекстанды өз қатарына тартуды көздесе, Ресей оны уысынан шығармауды мақсат етеді. Өзбекстан орталық Азиядағы кикілжіңдерді реттеуге табылмас гео­саяси ел. Қырғызстандағы «Манас» әуежайынан АҚШ әскерилерін қуып шыққаннан кейінгі алаң ретінде Өзбекстан таңдалып отыр. Алайда Ресейдің Өзбекстанға қатысты өз көзірі бар. Тәжікстанмен арадағы бітіспес шекара және су дауы, Қырғызстандағы Өзбекстан анклавтары және бұл аумақтардағы Ресейдің күшті ықпалы Өзбекстанның бұра тартуына жол бермей келеді. Әзірге Өзбекстан ешкімге бұйдасын ұстата қойған жоқ. Демек, Ресейдің ортақ әуе қорғанысын құру жайлы жобасына Өзбекстанның жақын күндері қол қоюы мүмкін емес. Дегенмен, Ресейдің мақсаты – Американың Еуропада жасақтап жатқан Зымыранға қарсы қорғаныс жүйесіне балама жүйе жасау. – Қазақстан мен Ресейдің ортақ әуе қорғанысы жүйесі саяси мәнге ие. Ол екі елдің әскери салада өте жоғары деңгейдегі интеграциясының көрінісі. Украинадағы жағдайларға орай, бұл Ресей билігі үшін маңызды мәселеге айналып отыр. Ресей қалай да оқшаулануға жол бермейтіндігін танытуға тырысып бағуда. Әскери саланың Еуразиялық экономикалық одаққа қатысы жоқ десек те, екі ел арасындағы кез келген интеграциялық мақсат осы одақтың қалыптасуына жасалған қадам, – дейді Саяси және әскери сараптамалар институтының сараптама бөлімінің меңгерушісі Александр Храмчихин. Ресейдің жанталасының астарында үлкен мән бар. Ең бастысы, Қырым мәселесінен кейін, Батыстың Кремльге қырын қарап, Ресейге қатысты экономикалық санкциялар жасауы, Украинаға НАТО әскерилерін енгізу мүмкіндігі, Ресей бітімгершілдерін Украинаға енгізу және бүкіл әлемнен оқшауланбау мәселелерінде өзінің озық тұрғанын дәлелдеу. Ең бастысы, Орталық Азия мен посткеңестік елдердегі саяси және экономикалық ықпалынан айрылмау – басты мақсат. Сол үшін ықпалы жүретіндердің біразымен өзіне оңтайлы келісімдерге қол қойдырды. Енді не болар екен? Егер Украинаға Ресей әскері кіретін болса, одақтастар ретінде біздің жауынгерлер де Ресей бітімгершілерінің құрамында болмақ па?

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ