Жаңалықтар

ҚАЙЫРЫМДЫ ҚАЛАНЫҢ ТОЙЫНА КЕЛІҢІЗ

ашық дереккөзі

ҚАЙЫРЫМДЫ ҚАЛАНЫҢ ТОЙЫНА КЕЛІҢІЗ

Астана қаласы әкімдігінің мұрындық болуымен құрылған «Бәйтерек» қайырымдылық қоры мүмкіндігі шектеулі балаларға қамқорлық жасап, қол ұшын созып келеді. Қала күніне арналған іс-шаралардан түскен қаражатты мүгедек балалардың ем-домына жұмсау төрт жылдан бері игі дәстүрге айналды. Басқаша айтқанда, астаналық мерекелік шараларға билет алған әрбір қонақ қамқорлыққа мұқтаж балаларға қол ұшын созады.

Бүгінде көмек сұрағандардың тізімінде 34 бала бар екен. Әлі де аурушаң баласын емдеуге қаражат іздеп шырылдаған ата-аналардан өтініштер келіп түсіп жатқан көрінеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қайырымдылық акциясының қорытындысы қала күнінен соң шығарылады. 

Төрт жылдан бері осы қайы­рым­дылық қорының ұйытқы болуымен 96 ауру балаға жалпы шамасы 100 миллион теңге көлемінде көмек берілген. Олар қала күніне жиналған ақша есебінен Қазақстан, Қытай, Ресей, Израиль, Германия т.б. елдерге барып емделіп келді. 

Концертке барып, қайырым­ды­лық жасаймын деген астаналықтар мен елорда қонақтары үшін таңдау көп. Астана күні қарсаңында түрлі мәдени шаралар өткізу жос­парланып отыр. Оның бірі – «Астана-Арқау» түркі музыкасы фестивалі. Үш күн бойы өтетін фес­тивальде Қазақстан, Қалмақстан, Алтай, Башқұрт, Якут, Тува, Дағыстан, Татарстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Моңғо­лия, Түркіменстан, Түркия өнер­паз­дары өнер көрсетеді. 

Алты жылда бұл фестивальге 450-ге тарта музыканттар мен ғалымдар қатысқан екен. Басқаша айтқанда, түркі жұртының саз өнерінің майталмандары мен білгірлері Астанаға келіп ғылым-білім, өнер әкелді деуге де болар. Концерттер «Астана Опера» театры сахнасында өтеді.

Түркі музыкасынан бөлек қала күніне арналған арнайы әндер концерті де бар. 5 шілдеде Конгресс-холда Астана туралы арнау әндер шырқалатын болды. 16 жыл ішінде Астана тақырыбында 100 ән шығарылған екен. Биыл 25 жаңа туынды тыңдалатын көрінеді. 

Қала күніне орай өткізі­ле­тін шаралардың ішінде ил­лю­зио­нистердің халықаралық фес­тивалінің орны ерекше еке­ні даусыз. «MagicAstana» деп аталатын бағдарлама аясын­да жетім балаларға және әлеу­меттік қамқорлыққа мұқтаж балдырғандарға бір күн тегін концерт ұйымдастырылады. Атақты иллюзионистердің ішінде ағайынды Сафроновтар, Александр Скачкова. Антон Абрашеков, Александр Муратаев, Павел Карахтанов, Артем Тихевич, Ильдар Ягофаров бар. 

Ал қайырымды қаланың бей­несін қалыптастыруға үлес қосатын тағы бір штрих – «Шуақты қала» отбасылық фестивалі болғалы тұр. 5-7 шілде аралығында үш күн бойы өткізілетін фестиваль аясында астаналық отбасылар музыкалық, спорттық, танымдық байқауларға қатысып, ән-күй тыңдап, қолданбалы өнерден шеберлік сабақтарын алады. «Қазақ елі» монументінің алдындағы алаң 16 бөлікке бөлініп, Астананың 16 жылдығының көрігін қыздырмақ.

Қайырымды қаланың 16 жыл­ды­ғына аз күн қалды, кейбіреулер үшін Астана күні мерекелік той-думан болса, кейбір жандар үшін бұл – өмірге деген құлшыныстың қайта оянуы, дер кезінде берілген көмек. 

Көлбай ЖЕҢІС

Астана