Жаңалықтар

Көне түркі өркениетінің өшпес іздері

ашық дереккөзі

Көне түркі өркениетінің өшпес іздері

Екі мың жылдан астам тарихы бар көне Тараз қаласы ежелгі бабаларымыздың байырғы ескерткіштеріне бай өлке. Ортағасырлық ескерткіштерден Қарахан баба, Айша бибі, Бабаджа қатун, Тектұрмас кесенелері, Тараз, Ақыртас, Құлан, Баласағұн шаһарлары, сақ, ғұн, үйсін дәуірінің обалары және тағы басқа ерте дәуірдегі ескерткіштер мұнда көптеп кездеседі. Осынау тарихи қалада Тараз инновациялық-гуманитарлық университет ректоры Ерболат Саурықовтың бастамашылдығымен «Жаһандану дәуіріндегі түркі өркениеті: мыңжылдықтар сабақтастығы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткен еді. Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің қабырғасында өткен ауқымды шараға Санжы университеті (Қытай), Гази университеті (Түркия), Мәскеу дизайн университеті, Тыва гуманитарлық университеті тәрізді бірнеше оқу орындарынан басшылар мен түрколог мамандары қатысты.

Конференция белгілі археолог Карл Байпақовтың баяндамасымен ашылды. Ол кісі Қазақстан аумағындағы сақ, ғұн, түрік дәуірлеріне тән айрықша археологиялық жәдігерлер жайын қозғады. Түркиядағы Гази университетінің археология бөлімінің басшысы, профессор Южел Сенюрт конференцияға өте қызықты мәліметтер әкелген екен. Оның Еуропадағы ғұндардың обалары туралы баяндамасы конференцияға қатысушыларды бей-жай қалдырмады. Бұған дейін Рим, Византия патшалықтарына телініп келген ерте дәуір «түмілістері», яғни, біздіңше айтсақ, дөңгеленген төбелер осы күні ғұндардың Еупопадағы іздері екені археологиялық деректермен нақты дәлелдене бастапты. Профессор Южел Сенюрттің айтуынша, ғұн обаларының жат жұрттарға телінуінің өзіндік себебі бар. Ғұндар жат жерге барып, түрлі мемлекеттерді бағындырғанда сол елдердің бұйымдарын да тұтынуға мәжбүр болады. Түрік дәстүрі бойынша, марқұм жерленгенде өзі тұтынған заттарымен бірге жер қойнына берілетіндігі белгілі жайт. Ғұн обаларынан табылған еуропалық заттар өздерінің төл бұйымдары болмаса да, жорық олжалары болуы ықтималдығы бұрын ешқашан ескерілмей келген. Мұндағы обалардың Орталық Азиядағы обалармен ұқсастығы қайран қалдырады. Қазірдің өзінде түмілістер маңайынан Орхон жазуына ұқсас көне түріктік типтегі жазу табылған. Әсіресе, шеңберлі обалар Еуропадағы Балқан түбегінен көптеп кездесетіндігі назар аударады. Түрік халықтарында Балқан тауға байланысты сөз тіркестер, қара өлең жолдары жиі ұшырасады. Қазақ халқында: 

Түйе, түйе, түйелер! 

Тұзың қайда түйелер? 

Балқан таудың басында, 

Балды қоян қасында, – деген өлең жолдары бар.

Түркология ғылымының аяулы ардагері, белгілі ғалым Алтай Аманжолов келтірген Балқан тау туралы өлең жолдары да тарихи сабақтастықтан зор мағлұмат береді. 

Қазақта: Балқан, Балқан, Балқан тау,

Ол да біздің барған тау.

Қырғызда: Балқан, Балқан, Балқан тоо,

Аны да біз көрген тоо.

Қарақалпақта: Түйе, түйе, түйелер, 

Дұзың қайда түйелер? 

Балқан таудың басында

Балық ойнар қасында.

Осынау өлең жолдарынан біздің тарихи жадымыздың халық ауыз әдебиетінде молынан ұшырасатындығын аңғарамыз. Бабаларымыздың Еуропадағы жеңісті жорықтарына Орталық Азиядағы түріктектес халықтардың арғы аталары да қатысып, кейін туған жерге қайта оралғанда айтылған бұл өлең жолдары ғасырлар қойнауынан бізге жетіп отыр. 

Гази университетінің археология бөлімінің басшысы, профессор Южел Сенюрттің әкелген жаңалығы тарихтың жаңа парақтарын ашатындығы сөзсіз. Түркия жеріндегі түмілістерге зерттеу жұмыстары негізінен енді ғана жүргізілмекші. Ол жақтан да «алтын адам» табылып жатса, еш таң қалмайтын едік. Өйткені сақтарға тән ғұрыптық кешендер ғұндарға да жат болмаған тәрізді. 

Конференция аясында қонақтар көне Тараз шаһарында жүргізіліп жатқан ар­хео­­­логиялық жұмыстарымен танысты. Мұн­даға дейін Орталық базар болған қала орта­лығынан түрлі мәдени-әлеуметтік нысан­дардың орны, саналуан археологиялық арти­фактілер анықталуда екен. Одан кейін сақ, үйсін дәуірі обалары орналасқан Берікқара шатқалындағы байырғы бабалар жатқан жерге тәу еттік. Сақ дәуірінің оба­лары ауасы жанға сая сыйлайтын тау-шат­қалдың бауырында, өзен жағасында, ас беріп, ат шаптыруға қолайлы алаңқайларда орналасатындығын талай мәрте байқаған едік. Бұл жолы да обалардың тура осындай біркелкі жүйеде тізбектеліп бой түзегендігін аңғардық. Жергілікті археологтардың айтуынша, ақ патша Орталық Азиядағы, Сібірдегі барлық қазба байлықтарды, әсіресе, тарихи ескерткіштер ішіндегі алтын-күміс бұйымдарын жинауға жарлық шығарған. Тура осы Берікқара түбіндегі шатқалында он жылдан астам археологиялық зерттеу жүргізген А.Н. Бернштам да табылған табылымдарды Ресей империясының орталығына әкеткен көрінеді. Тәуелсіздікке қол жеткізген соң қазақ археологтары бұл жерден құнды күміс қасықтан өзге ешнәрсе таба алмайды. Дегенмен, ата-бабаларымыздың сүйектері жатқан обалар біз үшін өз құндылығын жоймайды. Бақсы-абыздар Тәңірмен тілдесіп, аруақ-оңғандарға ас беретін мұндай қасиетті орындар ерекше қорғауға алынуы тиіс-ақ. Конференцияның соңғы күнінде қонақтар Қарахан баба, Айша бибі, Бабаджа қатұн кесенелерін аралап, еңселі ғимараттар тарихынан тағылым алды. 

 Тараз инновациялық-гуманитарлық университет ректоры Ерболат Саурықов та түркология саласында жемісті еңбек етіп жүрген ғалымдардың қатарынан. Еліміздегі алғашқылардың бірі болып, жартастағы ата-бабаларымыздың келесі ұрпаққа жеткізгісі келген ақпаратының сырын ұққан Алтай Аманжоловтай әйдік түрколог, ұлағатты ұстаздың шәкірті Ерболат Саурықов «Жаһандану дәуіріндегі түркі өркениеті: мыңжылдықтар сабақтастығы» атты конференция ұйымдастырып, көптеген мемлекеттік оқу ордалары мен осы салаға қатысты мекемелер мен ұйымдарға үлгі болып отыр. «Конференция жыл сайын ұйымдастырылуда. Алдағы жылы шараның ауқымын кеңейте түсуді жоспарлап отырмыз»,– дейді ТИГУ-дың ректоры. Мұндай еліміз үшін ғана емес, түрік халықтары үшін де аса маңызды игі бас­таманы ел-жұрт болып қуаттап, бәріміз бір кісідей ат салысып қолдауымыз қажеттігі айтпаса да түсінікті емес пе?! 

Арман Әубәкір, 

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің тарих, 

археология және этнология факультетінің магистранты