Кедендік одақ «қылғындырған» Қырғызстан
Кедендік одақ «қылғындырған» Қырғызстан
29 мамырда Астана қаласында өткен Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңестің жиынында Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттері басшыларының Еуразиялық экономикалық одақ құру жөнінде құжатқа қол қоюы Қырғызстанның Кеден одағына қосылу мәселесін тездетті. Осы жиында Қырғызстанның Одаққа кіруінің жол картасы қабыл алынды. Сонымен қатар Қырғызстанның Еуразиялық экономикалық одаққа кіру ниеті қолдауға ие болды.
Жиынның барысында Қырғызстанның Президенті Алмазбек Атамбаев Ресейдің Президенті Владимир Путинмен оңаша сөйлескен. Сол сөйлесудің нәтижесінде Қырғызстанның Кеден одағына кіруіне әзірлену үшін Ресей тарап Қырғызстанға 200 млн. доллар көлемінде қайтарымсыз қаржы беретін болды, сондай-ақ, Ресей Қырғызстанның Еуразиялық экономикалық одаққа кіруіне қолқабыс көрсетіп, жарғысы 1 млрд. доллар болатын ортақ қорды құруға көмек бермекші.
Бүгінгі күнде Қырғыз Үкіметі республиканың Кедендік одаққа қосылуы өлке үшін пайдалы әрі тиімді екенін түсіндірген мәліметтерді елге таратуда. Үкіметтің жүргізген сараптамасына қарағанда, Қырғызстан аграрлы өлке болғандықтан, Кеден одағына кіру бірінші кезекте ауыл шаруашылығын өркендетуге қолайлы жағдайларды жасайды. Екіншіден, одаққа кірген өлкелермен сауда-саттық жасау оңайлайды. Үшіншіден, сыртқы инвестицияларды тартуға қосымша мүмкіндіктер туады. Төртіншіден, өнеркәсіп саласын, әсіресе тігін өнеркәсібін өркендетудің шарттары жақсарады. Бесіншіден, өлкеде жаңа өндіріс орындары ашылады. Алтыншыдан, Кеден одағының талаптарына сәйкес сыртқа шығатын тауарлардың бағасы ұлғайып, түскен салықтар арқылы бюджеттің кірісі артады. Жетіншіден, мемлекеттік шекараларды бекемдеу істері тездетіледі.
Қырғызстанның экономика министрі Темір Сариевтың Ыстықкөл облысының халқымен өткен кездесуде айтқан тұжырымдарына қарағанда, Үкімет Кедендік одаққа кіру не кірмеу жағдайындағы өлкенің болашақ тағдырын жан-жақты тезге салып, одаққа кіруді тиімді деп тапқан. Бір ғана мысал, 2013 жылдың өзінде Қырғызстанның Кеден одағының елдеріне экспорты 21,5 пайызға төмендеп кеткен. Қытайдың ел көп тұтынатын тауарларының Қырғызстанның «Дордай» және «Қарасу» базарлары арқылы өтуі соңғы бір жылда 72 мың тоннаға, яғни 22 пайызға азайған. Бұрын бұл базарларға күніне 200-ге дейін үлкен жүк машиналары келетін болса, қазіргі күнде оның саны 50-ге жетіп-жетпей қалған. Министрдің айтуынша, Кеден одағына кіру осы сияқты тауар айналымын қалпына келтірмекші.
Қырғызстанның Кедендік одаққа қосылуы түбегейлі шешіліп қалғаны қырғыз қоғамында әртүрлі пікірлерді тудыруда.
Ауыл шаруашылығының белгілі мамандарының бірі, біраз жыл Қырғыз ауыл шаруашылығы университетін басқарған академик Жәмін Әкімалиев Қырғызстанның Кеден одағына кіруінің талқыланбай бекітіліп қалғанына наразы. «Ауылшаруашылық өнімдерін сыртқы нарыққа алып шығуға біз әлі даяр емеспіз, тауарларымызды шикізат күйінде шығарып, пайдасын көре алмаймыз», – дейді академик. Оның пікірі бойынша, қазіргі күнде Ресейдің күшімен жүзеге асып жатқан су-электр станциялары салынып біткенде, өлке өз суына өзі ие бола алмай қалады екен. Кеден одағына кіру Қырғызстанның Ресейге және одаққа тәуелділігін одан әрі күшейтпекші.
Еркін Алымбеков, Жоғарғы Кеңештің бұрынғы депутаты: «Біз қалаймыз ба, қаламаймыз ба, Кедендік одаққа кіруге мәжбүрміз. Өйткені Ресей мен Қазақстан сауда-экономикалық жақтан негізгі әріптестеріміз. Біз олармен бірге болуымыз керек».
Шынара Есенғұл, Қырғызстанның ұлттық стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары: «Кеден одағына кіру бұл бірінші ғана қадам. Мұнда біз өзара сауданы еркін жүргізе аламыз. Негізгі мақсат – Біртұтас экономикалық кеңістікке кіру. Сонда ғана капитал, тауар еркін айналысқа түсіп, еңбек ресурстарын сыртқа шығаруға болады».
Өмірбек Абдірахманов, Жоғарғы Кеңештің депутаты: «Кедендік одаққа, Еуразиялық экономикалық одаққа кірмесек, күнімізді көре алмай қаламыз деу дұрыс емес. Көптеген өлкелер өз күшімен аяғына тұрып, бай мемлекетке айналған. Біріккен Араб Эмираттары, Сингапур солай еткен. Тіпті кішкентай Моңғолия да біреудің қолтығына кірмей, экономикасын көтеріп алды. Мәселе – өлкеміздің дамуына ықпал ете алатын, реформаларды жүргізе алатын басқару жүйесін жасауда болып тұр. Кейінгі төрт жылда экономикамыз шетелдік несиеге сүйенуде. Стратегиялық кәсіпорындарды Ресейге беріп жатырмыз. Басқа елдерге экономикалық тәуелділік саяси тәуелділікке алып келеді. Өзгеге тәуелді болып өркендеп кеткен елді білмейді екенмін» деген наразылығын Жоғарғы Кеңештің мінберінен де ашық айтып жүр.
Өлке халқының табысының 50 пайызы базарлардан түседі деген мәлімет бар. Қырғызстанның Базар, сауда және қызмет көрсету мекемелері қауымдастығының директоры Әлішер Сапарбекұлы Қырғызстанның Кеден одағына қосылу шешімін қауымдастық мүшелерінің қуана қабыл алғанын білдірсе, Қырғызстанның жеңіл өнеркәсіптері қауымдастығының директоры Фархад Төлегенов бұл сала үшін одаққа кірудің зиянынан пайдасы көп деген пікірде. Өйткені Қырғызстанда тігілген киім-кешектер осы күндері ТМД мемлекеттерінде тұрақты сұранысқа ие болған. 300 мың адам жұмыс істеген тігін өнеркәсібі Кеден одағының шартында айтарлықтай қиындықтарға душар болмақшы. Қазақстан мен Ресей қырғыз тігіншілерінен Қытайдың маталары мен түймелерін пайдаланбауды талап етіп отыр.
Экономиканың экс-министрі Еміл Үметалиев Қырғызстанның Кеден одағына кіруіне қарсы. Оның ойынша, одаққа кіруде Қырғызстанның тапқанынан жоғалтқаны көп болады. Азық-түлік 10 пайызға, киім-кешек 20%-ға, электрондық жабдықтар 30%-ға, автокөлік екі-екі жарым есеге қымбаттамақшы. Дүние жүзінің жікке бөлініп жатқанына байланысты Ресейге тиетін соққы Қырғызстанға да тиеді. Оны Қырғызстан көтере алмайды. Кеден одағындағы елдермен теңесуге дәрмен жоқ. Сондықтан Қырғызстан тәуелділікке қарай қадам басып отыр.
Ал енді өлкенің қауіпсіздік саласында бір қатар жылдар лауазымды қызметтерде болған генерал Мирослав Ниязов Қырғызстанның Кедендік одаққа кіргенін қуаттайды. «Ең бастысы өлкемізде азық-түлік және шекара қауіпсіздігі бекемделеді, Кеден одағында жұмыс істеп жүрген қандастарымыздың жағдайы дұрысталады», – дейді генерал.
Тарих ғылымының кандидаты, саясатшы Табылды Әкеровты «Кеден одағына кірген жағдайда орыс тілі үстемдік етіп, қырғыз тілінің дәрежесі төмендеп кетпей ме?» деген ой қауіптендіруде.
Қырғызстанның Кеден одағына кіруіне көзқарасын айтқан адамдардың көпшілігі Одаққа кірмеуден басқа айқын, сара жолдың көрінбей тұрғандығын білдірісті.
Біріккен ұлттар ұйымының ұйғарымы бойынша халқының 40%-ы кедей санатындағы Қырғызстан «былай жүрсең атың өледі, былай жүрсең арбаң сынады» деген тығырықта тұрғаны рас. Елдің орташа айлық табысы, АҚШ долларымен есептегенде, бүгінгі күнде 236 долларды құрап отыр. Жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім – 1300 доллар. Халықаралық өлшемге орай бұл көрсеткіш 8000 доллар болуы керек екен.
Кеден одағына кіруі үшін Қырғызстан 110-ға жақын нормативтік құжаттарды қабыл алып, олар Жоғарғы Кеңештің мақұлдауынан өтуі керек. Одаққа кіру мерзімі де осы істердің аяқталуына орай анықталмақшы.
Назарбек БАЙЖІГІТОВ,
«Түркістанның» Қырғызстандағы тілшісі