Ресей тағы да бармақ тістеп отыр
Ресей тағы да бармақ тістеп отыр
Ирак толқуы тынбады. Таяуда Бағдаттың оңтүстігіндегі қалаларының бірінде бірнеше мәрте жарылыс болып, 40-қа жуық адам көз жұмды. Күрдістан патриоттық одағы штабының маңында көліктің күлі көкке ұшса, көп ұзамай бір жанкешті қалың жұрттың арасында өзін жарып жіберді. Зардап шеккендер саны көп, жағдайы тым ауыр. Ең сорақысы, бұл бізге белгілі жарылыстар ғана. Бүгінге дейін Ирактың оңтүстігінде соғыс тыйылған жоқ.
Батыс басылымдары бұл соғысты сунниттер мен шииттер арасындағы қақтығыс деп түсіндіреді. Алайда әзірге ешбір топ қайғылы жайтты мойнына алған жоқ. Соған қарағанда арандатушылар екі ортаға от салуын жиілеткен сияқты. Тикрит пен Мосул қалалары ереуілшілер қолына өткен. Олардың бағыты – Бағдад қаласы. Сондай-ақ Таль-Афар қаласы үшін соғыс жүріп жатыр деп хабарлайды Би-Би-Си. Ирак әскерінің қолбасшысы Касим Атаның айтуынша, бүгінде 279 экстремистің көзі жойылған.
Осы орайда АҚШ президенті Барак Обама: «Қазір Ирак қосымша көмекке зәру. Оларға біздің қолдауымыз бен халықаралық қауымдастықтардың көмегі ауадай қажет. Мен жиһадшылардың Иракты немесе Сирияны басып алуына жол бере алмаймын», – деп өз ойын ашық білдірді. Бұған дейін АҚШ-тың ислам елдеріне көрсеткен көмегінің түрі баршаға мәлім. Және осы көмектің Таяу Шығыс елдерін қандай күйге жеткізгені де жасырын емес. Десек те Ирактың жағдайы басқа да басшыларды бей-жай қалдырмады. Мәселен, Иран президенті Хасан Роухани халық алдында сөйлеген сөзінде, Иранның шет қалмайтынын, зорлық-зомбылық пен террорға жол бермейтінін ашық айтты. «Біз, Иран Ислам республикасы, Ирактағы озбырлық пен террорға жол бермейміз. Біріккен Ұлттар Ұйымына айтқанымыздай, біз әлемдегі экстремизм мен терроризмге қарсы күресеміз», – деді. Алайда Иран президенті иек артқан БҰҰ және де басқа халықаралық қауымдастықтар Бағдаттағы штабтарын қаладан көшірумен әлек. Әлемдік қауымдастық үміт артатын халықаралық ұйым осындайда елдің алды болып қашатыны үйреншікті жағдай. Осы тұрғыда Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэрдің сөзі де тіпті орынсыз. Дәп осы саясаткер 2003 жылы Таяу Шығыс елдерінде әскери операцияны бастау туралы шешім қабылдағандардың бірі. Оның мәлімдеуінше, 2003 жылы британ және американ әскерінің Сирия қақтығысына араласпай, бейтарап қалғаны Ирак дағдарысына себеп болған.
Жоғарыда айтқанымыздай, соғыс өрті елдің оңтүстігінде өршіп тұр. Елдің шалғай аймақтарындағы қақтығыстарға халықаралық қауымдастықтардың да, репортерлердің де тісі бата бермейді. Десе де Ирактың оңтүстігіндегі «Курна-2» мұнай кенішінің болашағы бұлыңғыр. Бұл Ирактағы ең ірі де, қоры мол мұнай ошағы болса, дүниежүзінда мұнай қоры бойынша төртінші орында. Кеніштің геологиялық қоры – 35 миллиард баррель деп болжануда. Таяуда ғана бұл кенішті игеруге Ресейдің «Лукойл» компаниясы кіріскенін бүкіл әлемге қуана жариялаған болатын. Аталмыш компания тәулігіне 1,2 миллион баррель мұнай аламыз деп тақиясын аспанға атқаны да есте. Алайда Ирактың бүгінгі жағдайы түп-тамыры ресейлік компанияның елден кетуіне түрткі болмай ма?
Мұнай өндіру басталмай жатып, Ирак үкіметі күніне 120 мың баррельден артық мұнай алынбасын деген талап қойған. «Лукойл» оған да келісті. Сондай-ақ Ирак үкіметінің қойған талаптарының бәрімен келісуге мәжбүр болғаны рас. Тұмсығын майлы жерге салып үлгерген «Лукойл» Ирактан кете ме? Кейбір ақпарат көздеріне сүйенсек, мұнай компаниясы кенішке 4 миллиард доллар құйған. Енді Ресейдің Иракта қалу-қалмауы, тіпті мұнай игермеуі де мүмкін. Себебі «Курна-2» жобасы бойынша «Лукойл» жергілікті үкіметпен 1997 жылы келісімшарт жасаған. Алайда 2002 жылы елдегі саяси жағдайға байланысты өндіру жұмыстарын уақытша тоқтатқан болатын. Міне, осы жағдай тағы қайталануда. Сондай-ақ ресейлік компанияның дүниежүзіндегі ірі кеніштің мұнайын игеруін қаламайтын топтар Иракқа көмек қолын созамыз деп құлшынуда.
Ақниет ОСПАНБАЙ