Жаңалықтар

Атлант мұхитынан Тынық мұхитқа дейін...

ашық дереккөзі

Атлант мұхитынан Тынық мұхитқа дейін...

«Ғасырдан да ұзақ күн» 

 

Бұл сапарымыздың таңғажайып тұсы да осы. Күнмен жарыса отырып, шығыстан батысқа жол жартқан біздер үшін көктен күн құлаған жоқ. Ұшу картасы бойынша ұшақ Ресей мен Еуропа елдерінің әуе кеңістігінен өтеді. Жолда  бұлттар сейілген  тұста ұшақ терезесінен жерге көз салып отырдым. Еуропада игерілмеген жер жоқ. Түп түзу кесілген тақталардың бірінің түсі – қою қара, бірі – алтындай сары. Осы кезде ғана өзіміз ұшып өткен қазақ даласында ұсақ сары шоқыдан көз ашпағанымызды еске алдым. Тақыр даланың төбесінде шөкімдей де бұлт болған жоқ. Себебі қазақтың кең байтақ даласында су тапшы, шөлейтті аймақ емес пе?! Біз Лондон әуежайы Хитроуға қонғанда Алматыда кешқұрым бола бастаған кез. Миллиондаған жолау­шы бір сәтте ұшып-қонып жатқан әуежайдан өз терминалыңды адас­пай таба қою қиын. Бірақ әуежай қызметкерлерінен көмек сұрасаң, ұшағыңа дейін шығарып салып, сөмкеңді көтеріп апаруға дайын. Және осы қызметкерлердің көпшілігі үнді халқының өкілдері. Бұл үнділердің ағылшын тілін жақсы білгендігінен және кезінде Ұлыбританияның отары болғандығынан шығар деп ұқтық. Лондонда аяқталған сегіз сағаттық сапарымызды одан әрі жалғастырдық. Бағытымыз – Атлант мұхитының арғы жағалауы.  Алдағының бәрі бұлдыр, бірақ сапар көңіл тартады. Солтүстік Америка құрлығындағы Техас штатының Даллас қаласына бармақпыз. Он сағат көкте самғап, Далласқа әупірімдеп келіп аяқ басқанда, Алматыдағы жақындардың ұйқыдан енді тұрып жатқанын ойладым. Ал мұнда ұйқы былай тұрсын, кешкі астың қамы еді. Даллас қаласының оттары тым көп екен. Сірә, біздің Алматыдан үлкен болар деп шамалаймын. Тағы бір тіркеуден өткен соң Колорадо штатының орталығы – Денверге бет алдық. Осы арадан Вайоминг университеті орналасқан кішігірім Ларами қалашығына автобуспен бармақпыз. АҚШ территориясына көз салсаң, отты шамдардан көз ашпайсың. Адам тұрмайтын жер жоқ сияқты. Америка құрлығына сапарым осылай басталған еді…

 

Алматым үшін ұялдым

 

Мұхит асып, басқа құрлыққа аяқ басу кімнің ойында жоқ дейсіз. Былтыр Ұлттық университеттің магистратурасының бірінші курсына қабылдандым. Курстастарымның көпшілігі таныс, бірге оқыған, жұмыс барысында жиі кездесетін әріптестер. Ғылыми зерттеу жұмысының тақырыбы бекітіліп, зерттеу жұмыстары да басталып кетті. Айтқандай, әр тәлімгерге зерттеуін толықтыру үшін шетелге бару мүмкіндігінің берілгені бәрімізге қанат бітіргендей. Мен бірден АҚШ-тың зерттеу орталығын таңдадым. Өйткені Вайоминг штатындағы Ларами институты дүниежүзіндегі ірі зерттеу орталықтарының бірі. Сонымен бұл ойымыз пісіп жетіліп, сабақ аяқталған соң, шақыртумен Америка қайдасың деп тартып отырдық. Құжат жинаудың өзі бір қиямет. Себебі американдық елшілік визаны аса сақтықпен береді екен. Тұқым-тұқияныңнан бастап тексеріп, кімнің қылмыс жасағанын да сұрайды. Бұл визаның бағасы да қомақты. Еуропаға есік ашатын Шенген визасынан анағұрлым қымбат. Алматы әуежайынан бастап – Лондон – Даллас (Техас) – Денвер (Колорадо) – Ларами (Вайоминг)  – Лос-Анжелес (Калифорния) – Нью-Йорк – Лондон – Алматы. Жол ұзақ. Бұрын-соңды барып көрмеген беймәлім жерде не күтіп тұрғаны да белгісіз. Америка туралы алдын ала біліп алмаққа бел буып, Америка сапарлары туралы жазбаларды іздей бастадым. Бірінші есіме түскені ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Америка әсерлері» сапарнамасы. Бұл аяқталмай қалған очерк. Бірақ бірінші бөлімінде Нью-Йорк туралы қысқаша мәлімет алуға болады. Десе де жазушымыз «менің бұл жазатыным тек көргеннен, көзбен көргеннен алған тікелей әсерлер ғана» деп ескертеді. Алайда менің түйгенім, 60-жылдарда Әуезов көрген Америка мен бүгінгі Американың арасы алшақ екен. Бір тәулік бойы ұшып отырып, діттеген межеге жеттік. Вайоминг штаты – АҚШ-тың батысында, таулы аймақта орналасқан. Америкадағы халық ең аз орналасқан өңір. Бұл штатты «Теңдік мекені» деп те атайды. Себебі осы елді мекенде алғаш рет әйел адам сайлауда дауыс берген. Сол әйелдің құрметіне мұнда ескерткіш те қойылыпты. Вайоминг университеті бізді құшақ жая қарсы алды. Жатын орын, тамақ пен сабақ кестесі де әзір. Жазғы сессияға келушілер саны көп. Аталмыш университеттің іргетасы 1886 жылы, Вайоминг штаты Құрама Штаттар қоластына кірмей тұрғанда қаланса керек. Университетте он бір мың тәлімгер бар. Ал Ларами қаласының халқының саны бар болғаны – отыз мың. Сырттан келіп оқитындар саны көп-ақ. Бір ғана Қытайдың өзінен екі мыңға жуық студент оқиды екен. Қалашық өте үлкен, сәнді де сымбатты ғимараттары мен жерүйлер қаланың сәнін келтіріп тұр. Құдды бір ғажайып ертегідегі жаппалар тәрізді. Қаланың әсемдігі – тазалығы. Көшеде бір қылпық жоқ. Ару қала – Алматы деп аяласақ та, көрінген жерге қағаз лақтырып үйренген біздер қатты ұялдық. Сабағымызды Вайоминг университетінің Коммуникация және журналистика факультетінен бастадық. Мұндағы ұстаз, ЖОО-дан кейінгі білім беру мектебінің директоры, ғылыми жетекшіміз – доктор Майкл Браун. Келген бетте кампустың ішімен таныстырып, бізге қажетті орындарды көрсетті. Ондағысы – кітапхана мен дәріс залдары. Сондай­-ақ біздің келгенімізді тіркейтін Халықаралық студенттер бөлімі. Тіркелу, ID карта алу мен құжаттарды толтырып өткізуге екі күніміз кетті. Ақыры профессорлармен кезігіп, диссертация тақырыбын талқылап, кеңес алу сәті де туды. Профессор Кен Смит медиа экономикасы мен визуалды журналистика туралы дәрісімен бөліссе, профессор Конрад Смит журналистика социологиясы туралы дәріс оқыды. Ал жаңа медианың түрлері мен ерекшеліктері жайында жас профессор Кристен Ландревилл әңгімелеп берді. Сондай-ақ осы университет қабырғасында тәлім алып, магис­тратураны бітірген және оқып жүрген түлектермен кездесудің сәті түсті. Олардың әңгімесі тіпті қызық. Қазақ мәдениетіне үлкен қызығушылық танытуда. Әсіресе әйел адамдардың әшекей бұйымдары жас шамасы мен беделіне қарай тағылатынына таңданыс білдірді. Кейбірі факультетте сабақ беруге қалса (профессор Кристен Ландревилле, Бреан Уинтер), кейбірі зерттеулерін әлі де жүргізіп келеді. Доктор Майкл Браун сабақтарды әңгіме, дискуссия ретінде жүргізеді. Бір қарағанда әңгіме айтып отыр дерсің, бірақ алған мағлұмат ұшан-теңіз. Американдық білім жүйесінен бастап, ғалым болуға дейін, журналистиканың қыр-сыры, диссертация тақырыбын таңдау, тақырыпты ашу, зерттеу жүргізудің өзі өте көп уақыт алатынын ұқтырғандай. Мысалы, АҚШ-та профессор атанудың үш деңгейі бар. Үш деңгейді өткен соң ғана, толық профессор, біздіңше доктор атанады. Ол үшін бар-жоғы он жылыңды ғылымға арнау керек. Әр үш жыл са­йын үш импакт журналдарға ғылыми мақалаң шығып тұрса, он жылда ғалым атануға толық құқың бар. Бұл туралы Әуезовтің «Америка әсерлерінде» де айтылған. Соған қарағанда бұл тиімді жүйе жарты ғасыр өтсе де өзгеріссіз қалған сияқты. Бірақ толық ғалым болған адам, зерттеуін тоқтатпай, жыл сайын зерттеу жұмыстарын жаңартып, ғылыми жаңалығын жариялап отыруы тиіс. Осындайда Қазақстандағы жүйе еске түседі еріксіз. Кандидаттық, докторлық диссертация қорғап алған соң, ғалымдарымыздың көпшілігі ғылыми зерттеулерін ысырып қоятыны ащы да болса шындық. Дәреже қолда, қайтадан тартып алмайтынына сенімді. Кітапхана жүйесі жеңіл әрі жылдам. Электронды каталогтан қажетті кітапты тауып, тұрған орнын жазып аласың. Осы мекенжай (әр қабаттан) бойынша тиісті кітапты өзің тауып аласың. Мұның бір пайдасы – қажетті кітап тұрған сөреде сол тақырыптағы кітаптар да орналасқан. Мұндайда шаршаған, ашулы кітапханашы апайлардың мазасын алмай, өз бетіңше жұмыс істеу бәріне тиімді-ақ. Қазақстан кітапханаларында үш кітаптан артық алуға болмайды, суретке түсіруге болмайды, бәленше беттен артық көшірме жасауға болмайды, үйге алып кетуге болмайды. Сонда барлық қазақстандық студенттердің миы компьютер ме? Бірден есіне сақтап немесе кітапты бүтіндей көшіріп алу керек пе? Он күндік курс барысында мейлінше қарманып қалуға тырыстық. Бар болғаны екі студентпіз ғой Америка асқан. Бір топта оқитын құрбым – Сәния Әбдіғапар екеуміз кітапхана есігін тоздырдық. Бізді кітапханашылар да танып алды. «Ladies from Kazakhstan» деп қарсы алатын болды. Сұрағанды түсіндіріп, іздегенге жөн сілтеуге асық барлығы. Қай мекемеге барсаң да жылы амандасып, жақсы күн тілеуден бастайды әңгімесін. Мұндай сәлемдесуден кейін жадырап, жағдайыңды қысылмай айта береді екенсің. Біз де барған жерде рахметімізді жаудырып, риза болып қаламыз. Ларами – шағын қала болғандықтан қала ішілік автобустар тегін қатынайды.

 

Аманбысың, Лос-Анжелес?! 

 

Америкалық арман қашан басталып еді деген сұрақтың жауабы Голливудтан басталады.  Голливуд киноларынан. Кішкене күнімнен батыс киноларын жақсы көретінмін, оған әкемнің киноға деген ерекше ілтипаты себеп. Әйтпесе, алақандай ауылда кім голливудтық киноларды қадағалап көріп жүрді дейсің?! Біртіндеп ауылда «видик» пайда бола бастады. Ауызғы бөлме шағын кинотеатрға айналғаны есімде. 90-жылдардың киносы. Жан Клод Ван Дам, Джеки Чан мен Арнольд Шварцнеггердің қырғын төбелес, атыс-шабыс кинолары қойылады. Одан қызық дүние жоқ. Сол кезде киноның басы міндетті түрде көшедегі пальмалар, тау басындағы «Hollywood» деген жазу мен адам үзілмейтін жол жиегіндегі Жұлдыздар аллеясын көрсетумен басталатын. «Осы қаланы көрсем» деген арман сонда пайда болса керек. Ес жиып, кино мен кітапқа қызығушылығым артқанда, бұл Калифорния штатындағы Лос-Анжелес қаласы екенін білдім. Қазақшаға аударғанда Періштелер қаласы деп аталады. Арада он бес-жиырма жыл өткенде мен Лос-Анжелеске ұшып келдім. Голливуд аумағындағы Беверли Хиллз ауданының Жұлдыздар аллеясын, голливуд киностудиялары – Юниверсал Пикчерз бен атақты Малибу жағажайын да көрдік. Бұл жерлердің талай американдық киноларға азық болғаны белгілі. Біздің көңіл қиялымызды тартқан Лос-Анжелеске де келдік. Орталыққа метро желісімен бардық. Метро желісі тарамданып, жерастының жеке бір қаласына айналғандай. Қалада өлі тыныштық болса, жұрттың бәрі метрода ғана тіршілік ете ме, әйтеуір тіршілік қайнап тұр. Адам үзілмейді. Сонымен көк түсті метродан қызыл түсті вагонға ауыстық, одан қызғылт түсті вагонға ауысып міндік. Сөйтіп бір сағат дегенде Голливуд ауданына жеттік. Мұнда жол жиегіне әйгілі адамдардың есімі берілген жұлдызды тақтайша қойылған. Мәрмар жолда адам қарасы көп. Көпшілігі туристер. Өзі танитын, өзіне ұнайтын жұлдызшаны тауып алып, қасына суретке түсіп әлек. Біз де танитын тақтайшалардың жанына суретке түстік. Әлемге әйгілі жұлдыздар аллеясында әншіден бас­тап, актер, спортшы, ақын-жазушылар, қысқасы танымал адамдардың бәрі бар. Бірақ жалғыз бір адамның ғана тақтайшасы қабырғаға орнатылған. Ол – Мұхаммед Әлидің жұлдызы. Атақты боксшы өзінің есімі берілген жұлдызды аяқ астына қояға қарсы болған. «Менің атым пайғамбардың атымен аталған. Сондықтан пайғамбар есімінің аяқ астында тапталғанын қаламаймын» дегені тарихи шындық. Міне, бүгінге дейін Мұхаммед Әлидің жұлдызы ғана қабырғада тұр. Бұл сапарымызда, өкінішке қарай, ол жұлдызды таба алмадық. Себебі, жол ұзын, жұлдыз көп. Біз бір кварталды да тауыса алмадық. Есесіне Голливуд жұлдыздарын гипс­тен айнытпай жасайтын Мадам Тюссо мұражайына бас сұқтық. Бұл мұражай өткен ғасырдың басынан бастау алады. Бүгінге дейін өнер сүюшілердің сүйіспеншілігіне бөленген гипсты фигуралар көрерменін жоғалтпапты. Бүгінгі жұлдыздардың дәл өзіндей бейнесімен әркім суретке түсе алады. Біз де кірдік, таңдандық, суретке түстік. Кейбіреулер басқа да кино, өнер мұражайларына кірсеңдер болар еді-ау дейтін шығар, бірақ Лос-Анжелеске Голливудты көруге келген мен үшін бар қызық осы аллеяда ғана сияқты. Бұл сапарда арнайы ат басын бұрған Лос-Анжелес – мен үшін арман қала болатын. Бір көру, бір бару арман еді. Расында бір көруге тұратын, таңғажайыптары мол, Тынық мұхиты жағалауындағы ірі курортты қала. Алайда Лос-Анжелес періштелер қаласы деген атына келіңкіремейді. Өзге қаладай емес, мұнда қылмыс көп тіркеледі. Бұл қалада латынамерикалықтар мен қара нәсілділер өте көп. Бір байқағанымыз, латынамерикалықтардың көпшілігі испан тілінде сөйлейді, ағылшын тілін ақ нәсілділер ғана қолданатын сияқты. Сондықтан болар қоғамдық орындардың барлығында хабарламалар екі тілде жарияланып жатты. Қала орталығы да, біз тоқтаған әуежай маңындағы аудандар да лас көрінді. Бір сәтке Алматымызды еске түсіргендей. Бөтелке, қағаз, тәтті мен тамақ қораптары пальмасы жайқалған, тропиктік өсімдіктері бар қаланың сәнін бұзып-ақ тұр. Тіпті ұшақ қалаға жақындап қалғанда ұшы-қиыры жоқ қала онша көріне қоймады. Көк түтін басқан болар деген ой келді. Сөйтсек, Алматы көгін жайлайтын  қара түтін сияқты емес, үнемі соғып тұратын қоңыр жел қаланың шаңын көтеріп тұр екен.

 

Нью-Йорк. «Зор әлем» 

 

Бұл теңеуді Мұхтар Әуезов «Америка әсерлерінде» Нью-Йорктің зәулім сарайлары мен биік ғимараттарына тамсанып айтқан. Адамзаттың қолөнерінен дүниеге келген биік сарайларға «Бұндай зор әлем – іргесі тасқа қазылған жартас поэма дер едім». Нью-Йорктің Манхэттен ауданына келгенімізде бұл теңеумен біз де еріксіз келістік. Тынық мұхитынан Атлант мұхитына бір-ақ ұштық. Суы суық Атлант мұхитының жағалауындағы Нью-Йорк әлемнің қаржы орталығы, мәдени орталығы. Қаланы аралауды – Манхэттеннен бастауды жөн көрдік. Мұнда да метро желісі қым-қуыт. Әйткенмен, көліктің ең арзан түрін пайдалануға мәжбүрміз. Алдымен орталық алаң – Таймс Скверге келдік. Атақты «Нью-Йорк Таймс» газетінің редакциясын да көзіміз шалды. Адам құжынаған орталықта асханалар мен дүкендер өте көп. 7-ші авеню өте тар. Қалада сары таксиден басқа көлік жоқ сияқты. Тұрмысы жоғары халық та, жұмысшы тап та мет­ромен қатынайды. Себебі Нью-Йорк көшелеріндегі автотұрақтардың сағаты – 150 доллар. Сондықтан жергілікті халық көлігін үйінде қалдырады. Келесі нүкте – аралдағы Бостандық статуясы. Оған арнайы кемелер қатынайды. Кемеге билет алып, аралға келіп қалдық. Әйгілі француз сәулетшісі бұл өнер туындысын АҚШ еліне Америка революциясының 100 жылдығына тарту еткен. Бостандық статуясының биіктігі – 46 метр. Жергілікті халық  бұл туындыны «Француз ханым» деп атаса да, «Нью-Йорктың бостандық пен демократия символы» ретінде қалыптасқан.  Осы тоқымдай ғана аралдан Манхэттеннің бар сән-салтанаты ашылады.  Шатырлары аспанмен астасқан, бұлтты орта белде қалдырған зәулім, зор сарайлар – нағыз өнер туындысы. Манхэттеннің көркі 60 жылдарда-ақ келісті болған. Оған дәлел «Америка әсерлеріндегі» мына теңеу. «Бұл қала ХХ ғасырдың Манхэттен аспанына таспен жазған поэмасы дейім. Сол поэманың әрбір жолындай боп небоскребтер созылады. Америка өлеңінің жолындай (ол ұзынды-қысқалы, ұйқассыз, ақ өлеңше, көбірек ұшырайды ғой). Ол үйлер бірінен-бірі биік. Әр жол болғанда, Эмпайер Стэйт Билдинг (102 этажды ең зор үй) жаңағы поэманың ең ұзын жолы тәрізденеді» деп жазады. Алыстан мұнартқан Эмпайер Стейт Билдинг – бүгінде зәулім сарайлар қатарына ілесе алмай қалған. Десе де ертеректе іргетасы қаланған ғимараттың орны ерекше. Әлем халқына бұл сарай салтанатымен емес, атақты «КингКонг» фильмімен танымал. Орталық алаңдағы сыйлықтар дүкенінде Бостандық статуясы мен ұшар басында маймыл отырған Эмпайер Стейт Билдинг бейнелері көптеп сатылады. Нью-Йоркті көру – Манхэттенмен бітпейді, әрине. Бірақ айналдырған екі-үш күннің ішінде бүкіл қаланы көріп шығу мүмкін емес. Біз Бруклин аймағындағы қонақүйге орналасқандықтан, аралға қатынау қиын болды. Десе де, Орталық паркке де бас сұқтық. Үлкен мегаполистің, зәулім сарайлардың қақ ортасындағы саябақтың ауданы – 3,5 шаршы шақырым. Бұл дүниежүзіндегі ең үлкен қолдан жасалған парк. Тақыр жерден саябақ жасау тапқырлық, дегенмен осыншама ауданды бақ ретінде бүгінге дейін ұстап отыру – қалаға деген құрмет. Осы кезде менің ойыма тағы да Алатау баурайы түсті. Қала ішіндегі бақтарды былай қойғанда, тау қыраттарындағы алма бақтарды трактормен ысырып тастап, дәулеттілер шалқайып жатар ақ сарайлар салынды емес пе? Иә, өзге елдің, әсіресе мұхиттың арғы бетін халықтың мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігін көріп, ерекше әсерде болдық. Ұнатқан-ұнатпаған, көңілге түйген, жиіркенген нәрселер де болды. Десек те пайдалысын көңілге түйіп алған соң, туған елді сағына бастадым. Он бес күнге созылған сапардың бізге бергені мол. Ұлы жазушымыз айтпақшы «Әрине, біреулерге Нью-Йорк қатты ұнаса, көп жандарға, тіпті Америка өз халқының талайына қатты ұнамайтын ең даулы қала. Мен өзіме еткен әсерін айттым» дедім ішімнен. Осы әсермен келесі бағыт – Лондонға жиналдық. Ірі қаржы орталығының үш халықаралық әуежайы бар. Соның бірі – Джон Кеннеди әуежайынан Лондонға бет алмақпыз. Ұшу қашықтығы – 10 сағат. Тынық мұхитынан Атлант мұхитына көзді ашып-жұмғанша жетіп жүрген біздер үшін бұл уақыт та артта қалды. Лондонға таң сәрісінде жеттік. Алматы ұшағы кешкі сағат 7-де қозғалады. Не істейміз? Кеден бекетінен рұқсат алып, Лондон қаласына бас сұқтық. Ойымыз орталықтағы – БигБен мен Патшайым сарайын көре кету. Сұрастыра келе көлік те табылды. Орталықтағы – Грин парк, Джеймс парк, БигБен мен Букингем сарайы, атақты Темза өзенін де тамашаладық. Біз үлкен сағаттың жанына барғанда сағат тілі он бірді соғып, қоңырау соқты. Енді сағат тілі он бір болған сайын, осы жерді еске аламын деп түйдім көңілге. P.S. «Атың барда жер таны, желіп жүріп». Бұл мақалдың менің сапарыма қаншалықты қатысы барына да, мағынасына да үңілмеппін. Бірақ жер танып, ел көру арқылы – өз елімді, ару Алматымды сүйе түстім. Туған жерімнің ауа райы, халқы, мәдениеті мен тілінің, асының қадірін білгендей болдым. Кейбір шетелге шыққан безбүйректер адами құндылықтарды жоғары қоятын елде ғана тұрғым келеді дейді. Бөтен елді меңзегені ғой. Ал мен ешқашан басқа елде өмір сүре алмайтынымды түсіндім.  

Ақниет ОСПАНБАЙ

Алматы – Ларами – Лос-Анжелес – Нью-Йорк – Лондон – Алматы