Жаңалықтар

ЖАЛАҢАЯҚ ҚАЛДЫРМАСА ЖАРАДЫ

ашық дереккөзі

ЖАЛАҢАЯҚ ҚАЛДЫРМАСА ЖАРАДЫ

Үш ай бұрын әйелдердің ішкиіміне қол салған Кедендік одақ енді бізді жалаңаяқ қалдырмаса жарады. Техникалық регламентті сылтауратқан ресейіктер еліміздегі қытайлық өнімдерді ережелердің арқасында тықсырып, ішкі нарыққа ресейлік өнімдерді тықпалағысы келіп отырған сияқты.

  «Талаптарға сай келмейді»

Қазақстандағы сәнқой әйелдердің жүйкесін «қытықтайтын» тағы бір мәселе көтерілді: Кедендік Одақ шеңберінде әйелдер киетін биік өкшелі аяқ киімдер мен тым жайпақ табанды туфлилерді (балеткалар) киюге тыйым салынуы мүмкін. Оның себебі, Мемлекеттік Дума депутаты О.Михеев Еуразиялық экономикалық комиссия жетекшісі Виктор Христенконың атына хат жолдап, Кедендік Одақтың техникалық регламентіне жаңа медициналық ортепедиялық талаптар енгізуді ұсынды. Оның пікірінше, тым биік өкшелі немесе жайпақ табанды аяқ киімдер табан құрылымына зиянды. Көбінесе майтабан дертіне ұшаратады. Негізі тыйым салынатын аяқ киімдер тізіміне еркектерге арналғандары да ілігуі мүмкін. Өйткені депутаттың хатында «Өкшесіз тігілген сәнді кеды, лоуферлер мен мокасиндер де адамның денсаулығына өте зарарлы. Мұндай аяқ киімдерді кигендер майтабан ауруына ұшырап, балтырдағы бұлшық еттердің бұзылуына, аяқ тамырларының кеңеюіне, тамырлардың дертіне әкеп соғады» делінген.

Қазіргі кезде Кедендік одақтың регламентінде аяқ киімдегі детальдардың мықтылығы, сенімділігі, су өткізбейтін қасиеті, химиялық құрамы туралы талаптар бар. Бірақ биомеханикалық және ортопедиялық талаптар қарастырылмаған. Еуразиялық экономикалық комиссиясындағылар бүгінде техникалық регламентке кез келген салада ұсыныс күтіп, алақандарын ысқылап отыр. Бірақ бұл депутаттың ұсынысын қабылдайды деген сөз емес. Өйткені Комиссия өкілдері кешегі жасаған ресми мәлімдемесінде: «Бізге келіп түскен кез келген ұсынысты біз нағыз мамандардан құралған сарапшылар кеңесіне жолдаймыз. Алайда, регламентке өзгерістер немесе толықтырулар енгізу құзыры жоқ бізде. Михеевтің ұсынысындағы мәселелер регламентке өзгерістер енгізуді қажет етеді. Сондықтан оның бастамасын бекітуге қанша уақыт кететіні белгісіз. Бірақ жан-жақты талқылауға уәде береміз», – деді. 

  Қытай өнімдеріне сұраныс көп

Осыдан үш-төрт ай бұрын ғана Кедендік одаққа мүше елдерде әйелдердің шілтерлі ішкиімдерді өндіруге, әкелуге және сатуға тыйым салынатыны жайлы мәлімдеме жасалған еді. Еуразиялық экономикалық комиссияның техникалық жүйелеу істері жөніндегі министрі Валерий Корешков сол кезде: «Кедендік одақтың техникалық регламентіне сәйкес келмейді. Қойылатын талаптар жаңадан шығарылған жоқ. Бұрыннан бар. Әріптестеріміз осы талапқа сай әрекет етуі тиіс еді. Бірақ олар бұл тосыннан қойылған мәселе сияқты кейіп танытты. Демек, бұған дейін аталған өнімді қалай әкелгенін анықтау керек», – деген болатын. «Жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентіне сәйкес, полиамид, нейлон, полиэстер материалынан тігілген ішкиімдердің адам денсаулығына зиян екені айтылған. Аталған талап Кедендік одақ шеңберінде ішкиімдерге қатысты талап 2014 жылдың 1 шілдесінде күшіне енді.

Сонымен, ішкиімдердің жарасы жеңіл болғанымен, аяқ киімдерге қатысты мәселе қиындау. Өйткені Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп дамымаған. Ішкі нарықтағы импорттың үлесі басым. Әрі Қазақстан азаматтары, әсіресе, ауылдағы тұрмысы төмен ағайын жас-кәрісі түгел қытайлық аяқ киімдерді қанағат тұтатыны тағы бар. Тіпті, аяғын тәй-тәй басқан балаға дейін Қытайдан әкелінетін аяқ киімді киеді. Осының арқасында былтыр Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда айналымы 28,5 млрд. долларға жеткен. Әрі екі ел арасында сауда айналымын көлемін 2015 жылы 40 млрд. долларға дейін жеткізуді көздеген жоспар тағы бар. Кедендік одақтың техникалық регламентін сылтауратқан ресейліктер өздерінің отандық өнімін қалған бізге күштеп таңғысы келетін сияқты. Өйткені Қазақстанда Түркия, Италия, Португалия, Ресей, Беларусьпен бірге Қытайдан тасымалданатыны анық. Жалпы қытайлық өнімдерді бүкіл әлем тұтынатыны ешкімге жасырын емес қой. Демек, Ресей Кедендік одақ талаптарын қайта-қайта көлденең тартып, тұтынушылар құқығына қол сұға берсе, ішкі наразылық та өрши береді. Оның алдын алу үшін экономиканың нақты саласын дамытып, шикізаттан дайын өнімге дейінгі процестерді қамтитын кластерлік жүйені дамыту, отандық өндіріс пен өнеркәсіпті жолға қою өте маңызды. Бұл Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері 23 жылда биліктің аса бас қатырмай жүрген мәселелерінің бірі.