Жаңалықтар

БОЛАШАҚҚА АРНАЛҒАН БАҚ ОРНАЙДЫ

ашық дереккөзі

БОЛАШАҚҚА АРНАЛҒАН БАҚ ОРНАЙДЫ

«Нұр Отан» партиясы фракциясының жанындағы Әлеуметтік кеңестің отырысында «Астана ЭКСПО-2017 – Қазақстандағы балаларға арналған білім мүмкіндіктері» атты жоба таныстырылды. 

ҚР Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитет пен Экология және пайдалы қазбалар жөніндегі комитеттің мүшелері қатысқан бұл жиында жобаны көпшілік талқысына ұсынған Халықаралық Адам институтының президенті Жанұзақ Әкімнің айтуынша, үш кезең бойынша жүзеге асырылатын бағдарламада Қазақстанның балалары мен жастарын халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесіне түгел қатыстыруды көздейді.

Бірінші кезеңде «Болашақ энер­гети­касының мүмкіндіктері мен ке­ле­шегі» тақырыбына сыныптарда анайы білім бағдарламалары жүргізіледі. Осы мақсатта арнайы оқу құралдарын құрастыру қолға алынады. 

Екінші кезең Қазақстандағы жо­ғары және орта оқу орындарында оқитын студенттер мен мектеп оқу­шы­ларының «ЭКСПО-2017» халық­аралық көрмесіне қатысуымен ерек­ше­ленеді.

Үшінші кезеңде балаларға арнал­ған «Білім беретін ғылым паркі» қалып­тастырылып, оның іші заманауи техника және технологиямен жабдық­тан­дырылады. Өскелең ұрпаққа берері мол бұл бақ тұрақты жұмыс істейді екен. 

Кеңес барысында мәжілісмендер «ЭКСПО-2017» базасын балаларға тәрибе жұмыстарын жүргізуде, ғылыми және білім беру мақсатында қолдана отырып, Оқушылар сарайларындағы балалар қол жеткізген жетістіктер мен мүмкіндіктерді, сонымен қатар «ЭКСПО-2017» көрмесінің мүмкіндіктерін шара аяқталғаннан кейін оқушылар мен студенттер игілігіне пайдалануды ұсынды. Бұл ұсынысты құптаған Жанұзақ Әкім: «Біз 2016 жылдан бастап, «жасыл» энергетика, баламалы қуат технологиялары туралы білімді мектеп бағдарламасына енгізуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ колледждер мен университеттерге де факультативтік сабақ ретінде енгізіп, 2017 жылға дейін барлық жасқа білім беру керек», – дей келе, көрме аяқталғаннан кейін де бұл игілікті іс жалғасын табатынын айтты. Басты мақсат – жаңа технологиялар мен инновациялық жаңалықтардан жастар хабардар болумен қатар оларды игеруге де қабілетті болуы тиіс: «Сондықтан 2015 жылы қашықтықтан оқыту жүйесі үшін ЭКСПО туралы электрондық оқулықтар шығаруды көздейміз. Аталған оқулықтар еліміздегі барлық мектептер, колледждер мен университеттерге таратылады. Білім беру үшін ұстаздар қауымы ЭКСПО бойынша оқу курсынан өтеді».

Кеңесте айтылған тағы бір жаңалық – «ЭКСПО-2017» халық­аралық көрмесінің ашылу сал­та­на­тында «Балалар шеруі» ұйым­дас­тырылуы әбден мүмкін. Бұл бала­ларды қоғам өміріне белсене ара­ласуға, мемлекетті дамытатын істерге нем­құрайды қарамауға және өзі күшіне деген сенімділікті арттыруға сеп. Мұндай бастаманы қолдаған Алдан Смайыл: «Қазір «Назарбаев Зияткерлік мектептері» кең қанат жаюда. Соларда теориялық білім алып жатқан жастарға үлгі ететін Ғылым паркі Қазақстанда жоқ. Осы себепті ЭКСПО-ны пайдаланып, әлемдік деңгейдегі сондай паркті құруға талпынған азаматтарға мың алғыс! Бұл бастаманы қолдап отырған ЭКСПО мен Білім және ғылым министрлігінің басшыларына мен риза болып отырмын. Бұл бағдарлама балалардың болашағына, ғылымға қызмет жасайтын үлкен бақ-орталыққа айналады», – деді. 

Еуропада ғылыми парктер 70-жылдары қалыптаса бастады. Ұлыбританиядағы алғашқы ғылыми парктердің бірі – Cambridge Science Park. Одан кейін француздардың Sophia Antipolis Science Park аталатын паркі мен скандинавиялық Oulu Science Park және Ideon Science Park іске қосылады. Пекиндегі жетекші ғылыми орталық Чжунгуаньцунь Қытайдың мақтанышына айналса, Оңтүстік Кореядағы Daedeok Innopolis та әлемдік деңгейдегі нысанға айналған.

Ереже бойынша Ғылыми паркте ғалымдар мен инженерлерге, жұмысын енді бастаған кәсіпкерлерге жаңа бастамаларды сынға салуға және олардың келешекте қаншалықты нәтижелі болатынын бағамдауға кәсіби мамандар тарапынан кеңес алуға мүмкіндік бар. Бұл әп дегеннен-ақ шаш-етектен шығынға батудан сақтайды. Бизнес-инкубаторлардың басты міндеті – стартаптарға көмектесу.

Ғылыми парктер үшін ең маңыз­ды­сы – болашағы бар кәсіпкерлік жоба­ларды қаржыландыруға қаражат көз­дерінің болуы. Олардың тізіміне әртүрлі бағытта бөлінетін мемлекеттік қаржы мен инвесторлар тарапынан салынатын ақша кіреді. Ғылыми парктерге тиесілі жобаларға көбінесе тәуекелшіл қорлар қаражат құяды. Олардың міндеті – тәуекелді қажет ететін инновациялық жобаларды қаржыландыру.

Голландиядағы атақты High Tech Campus Eindhoven ғылыми паркі – Еуропадағы Эйндховен – Лёвен – Ахен инновциялық үшбұрышына тиесілі орталықтардың бірі. Аталған бақ Philips компания­сы­ның ғылыми орталығы негізінде құрылған. Нысанның ерекшелігі сол, әртүрлі жобалар мен ғылыми пәндерді зерттейтін топтарды бір жерге тоғыстырды. Осындай шығармашылық әрекеттестіктің арқасында инновациялар саны артып, Philips компаниясы Эйндховенде ғылыми парктің негізін қалауға шешім шығарады. High Tech Campus Eindhoven паркінің мамандандыру саласы – микроэлектроника, тіршілік туралы ғылым, ақпараттық-ойын-сауық өнімдері. Ғылыми парктің өзегі – шағын және орта кәсіпкерліктің, ірі өнеркәсіптік компаниялардағы зерттеу бөлімшелерінің табыстылығын қамтамасыз етуге қажетті барлық экономикалық жағдайлардың болуы. Бұл дегеніңіз – жер телімдерін, ғимараттарды сатып алу немесе жалға алу, құрал-жабдықтар лизингінің мүмкіндігі, университетпен тығыз қарым-қатынас орнату, жергілікті аймаққа тән салықтарға немесе басқа да қаржылық ынталандыруларға қол жеткізу, логистикалық, кеңес беру, өндірістік сияқты өзге де қажетті қызметтерді ұсыну. Ең бастысы, әрбір ғылыми парктің жетістігінің кепілі – орналасқан жері және жобаны жүзеге асыруға мемлекеттің мүдделілігі. Демек, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің нәтижелерін өскелең ұрпаққа үлгі ету – оларды сапалық тұрғыда өсуіне оң ықпал ететін игілікті іс. 

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ