ЖОЛАЙРЫҚТАҒЫ ҚАЗАҚ ЖУРНАЛИСТИКАСЫ

ЖОЛАЙРЫҚТАҒЫ ҚАЗАҚ ЖУРНАЛИСТИКАСЫ

ЖОЛАЙРЫҚТАҒЫ ҚАЗАҚ  ЖУРНАЛИСТИКАСЫ
ашық дереккөзі

Журналистика – қоғамды, елді алға сүйреуші, дамытушы күш. Адамдар санасына ой салатын, азаматтық ұстаным қалыптастыратын, әр пенденің өзіндік МЕНІН қалыптастыратын ғылым. Өкініштісі сол, соңғы кездері журналистика саласына жүрдім-бардым қарайтын, оны өз алдына бөлек бір ғылым және сала ретінде қарауға құлықсыздар саны жиі қылаң беріп жүр. 

Әсіресе, әлеуметтік желілерде «журналистиканы оқудың, оқытудың қажеті жоқ. Ақындар оқымайды ғой, сол сияқты» деп үстірт ой айтатындар кездеседі. Дәл осылар бір күні «дәрігерлерді де оқытудың қажеті жоқ, бақсы-балгерлерді оқытпаймыз ғой. Сол сияқты» деп соғуы да мүмкін! 

Журналистика – қиын өнер! Сырт қарағанда, түк қиындығы жоқ көрінетін бұл саланың қыр-сырын шебер меңгерген, кәсіби біліктілігі жоғары мамандар азайып барады. Қолына микрофон ұстап, дайын сценарийдегі бір-екі сұрақты қойғанға мәз кейбір әнші-бишілер де өздерін журналист сезінетін халге жеттік. Қолдарында табақтай дипломдары бар жас журналистердің біразы  «Не болды? Қайда болды? Қашан болды?» деген небары үш сұраққа жауап беретін заметканың өзін дұрыс жаза алмайды. «Жанрлардың патшасы» деп бағаланған репортаж басылым беттерінде жоғалып кетті деуге болады. Оның да бірнеше себебі бар. Біріншіден, Интернеттің қарқынды дамуы әріптестердің көпшілігін кабинеттің төрт қабырғасымен шектеп тастады. Халықаралық қауымдастық «Google журналистика» деп атап кеткен жаңалық дәстүрлі журналистиканың көптеген ереже-қағидаларын өзгеріске ұшыратып, тіпті, кейбір құндылықтарын жоққа шығарды. Мәселен, репортажға арқау болатын оқиға не құбылысты журналист өз басынан өткеріп барып жазуы шарт. Ал Google журналистиканың ерекшелігі сол, Қазақстан аумағы тұрмақ, алыс шет елдерде болып жатқан жаңалықтарды Интернет арқылы алып, бейне сол ортада болып жатқандай әсермен жазуға мүмкіндік береді. Әлбетте, бұл – репортаж емес! Екіншіден, қаржы және уақыт тапшылығы. Редакция­ларда журналистер саны шектеулі болғандықтан (әсіресе, қазақтілді басылымдарда), әріптестердің басым бөлігі бірнеше ақпарат беруге және әмбебап болып, бірнеше тақырыпты қамтуға мәжбүр. Кәсіби шеберліктің төмендігі де осындай олқылықтардың кесірінен. 

Бүгінде жас журналистерге заманауи ақпараттық технологияларды меңгертуге журналистика факультеттерінде, ІТ саласына қатысты жоғары оқу орындарында, түрлі курстар мен семинар, тренингтерде жақсы жағдай жасалған. Сондықтан студенттер қауымы аса белсенді әрі орта және аға буынға қарағанда жастар жағы жаңа технологияларды жақсы меңгерген. Қазіргі таңда еліміздегі үкіметтік емес ұйымдар мен шетелдік ұйымдар да осы мәселеге ден қойған. «Әттеген-айы», сол мүмкіндікті пайдалануға журналистер қауымы түгел құлшынбайды. Мүдделі де емес. Дүние жүзінде болып жатқан оқиғаларға қатысты жедел ақпарат алуда ақпараттық технологиялар мен шет тілі (ағылшын тілі) маңызды рөл атқарады. Өзге елдерден кенжелеп қалуымыз да осының кесірінен.

Сонымен қатар айта-айта жауыр болған тақырыптардың бірі – қазақтілді басылымдардағы жарнаманың аздығы. Қазақстандағы орыс тілінің басымдығынан жарнама берушілердің әлі күнге орыстілді газет-журналдарға бүйрегі бұрады. Себебі, пайда көп. Ал жарнамасыз, қосымша кіріс көзінсіз қалған қазақ басылымдарының таралымы аз, қаржылық топтарға не мемлекетке тәуелді. Бұл оқырмандар талғамына сай дүниелерді жариялауға кедергі. Кәсіби біліктілік туралы айтқанда қазақ журналистерінің арасында әлемдік деңгейде жұмыс істеуге қабілетті әріптестердің саусақпен санарлықтай екендігін де жасыра алмаймыз. Рас, соңғы кездері «Болашақ» бағдарламасы бойынша шет елдерде білімі мен білігін жетілдіріп келген қазақ журналистері бар. Бірақ олар теңізге тамған тамшы сияқты. 

Бүгінде Қазақ қоғамының «қазақтілді» және «орыстілді» деп екіге бөлінуі де отандық журналистиканың дамуына кедергі  келтіруде. Өйткені қазақ журналистері ұлттық және мемлекеттік идеологияны насихаттаудың жаршысына айналса, орыстілді әріптестер көбінесе «жарықты қиып кетті», «ауыз су жоқ», «пәленшені жазықсыз соттап жіберді» деген әлеуметтік сарындағы тақырыптан арыға аса алмайды. Әлбетте, журналистиканың басты міндеті – қоғамды ақпаратпен қамтамасыз ету, бейтараптық ұстанымда болу. Бірақ Тәуелсіздік алғалы небары 23 жыл өткен Қазақстан үшін ұлттық қауіпсіздік, территориялық тұтастық, мемлекеттік құндылықтар аса маңызды. КСРО шекпенінен шыққан бойда жүргізілуі тиіс идеология әлі күнге ақсап келеді. Бірақ сол ұлттық және мемлекеттік идеологияны насихаттауға, жүргізуге атсалысқан қазақ журналистерінің арқасында талай маңызды мәселелер қолға алынды. Мәселен, күні кешегі Жириновский мен Лимоновтың солтүстік аймақтағы 5 облысқа көз алартып, Орталық Азияны Ресейдің губерниясы ретінде қараған ұрда жық саясатына қарсы шығып, дабыл қаққан – қазақ журналистері. Әрине, Елбасы ешкімге де қарыс сүйем жер берілмейтінін, Еуразиялық экономикалық одақтың тек эконо­микалық бағытты көздейтінін қадап айтты. Бірақ «ауыз өзімдікі» деп ойына келгенін айтатын жатжұрттықтарға тойтарыс беру – БАҚ-тың міндеті. Бұл – халықаралық тәжірибеде бар нәрсе. Сондықтан ұлтқа, ел мен туған жерге қатысты мәселеде орыстілді әріптестер де белсенді болса, Қазақстанның патриоты екенін іс жүзінде дәлелдесе дейсің.

Өкінішке қарай, қордаланып қалған қиындықтарды бір мақаламен суреттеп шығу қиын. Біз тек шетін ғана шығардық. Бірге шешейік, бірге өсіп-өркендейік деген ниетпен. Сондай-ақ, төл мерекеміздің қарсаңында әріптестер қауымына «Қазіргі таңда қазақ журналистикасына тән басты проблема қандай?» деген сауал қойған едік. Өкініштісі, көпшілігі жауап беруге қиналды. 


Арман Сқабылұлы, тележурналист:

– Қазақ журналистикасының бұған дейін басқалардан артықшылығы қандай еді? Алдымен шұрайлы тіл, ойлы талдау және қай тақырыпқа бармасын ұлт мүддесін бірінші орынға қою. Енді осы үш ерекшеліктен қазіргі қазақ журналистикасында не қалды? Осыны бағамдап көрейік. Шұрайлы тіл дегенде газет журналистикасын белгілі бір деңгейге көтерген Сейдахмет, Оралхан, Шерхан секілді майталмандардың тілін айтып едім. Бүтіндей бір буын сол ағалардың жазу стиліне, сөйлем ерекшеліктеріне, ойлы орамдарына тамсанып өстік. Қолға қалам алсақ, солардай болсақ деп талпындық. Бүгінгі баспасөзде ол тіл жоқ. Келмеске кеткен. Бүгінде шұрайлы тілдің орнын «шұбар» тіл басқан. Өйткені жастар үйренетін ұстаз журналист жоқ. Бар ұстаздың өзіне шәкірт тәрбиелер мүмкіндік жоқ. Тележурналистикада да солай. Астанадағы медиаорталықта жастардан аяқ алғысыз. Құдды бір студенттердің ортасына түскендейсіз. Араларында самайына ақ түскен бір кәнігі журналист көрінсеші… Абас-шах досым айтып еді. «Осы жерде тамақтануға ұяламын. Кіл жастардың арасында өзімді шынымен де ыңғайсыз сезінемін» деп. Жастарда кінә жоқ. Берген жұмысты қолдарынан келгенше істей берер. Мәселе басшыларда. Қысқартуды үлкендерден бас­тайды. Мұнда ұзақ жылдар бойы қалыптасқан мектеп бар екендігі, жастарға журналистиканың қыр-сырын үйретер тәжірибелі маман керек екендігі ойларына да кіріп шықпайды-ау шіркіндердің… Есесіне, қазіргі қазақ журналистикасында, әсіресе телевидениеде шұрайлы тіліңді түсінбейтін пысықай менеджерлер қаптап кетті. Мамандықтары маркетолог, политолог, социолог… болып кете береді. Тек, журналист емес. Осыдан кейін журналистердің жазуы нашар, жасаған бағдарламалары сапасыз деп сынамағанда не істейсіз? Әлгі «ологтардың» рейтинг талап еткеннен басқа көмегі жоқ. Екіншіден, ойлы талдау дегеннен де айрылып бара жатқандаймыз. Анда-санда ғаламтордан кейбір талдаулардың жылт еткенін көріп қуанып қаламыз, әрине. Қалғаны әйтеуір ақпарат беру. Бір жерден елең еткізерлік бір ақпарат естілсе болды, бүкіл ақпарат құралдары соны қайталап басудан әріге бара алмайды. Кеше ғана ұлы Абайдың Өскемендегі ескерткіші жайында ақпарат тарады емес пе! Соны әлі көшіріп басып жатырмыз. «Әкім қайда қарап отыр?» дегеннен әрі тереңірек үңілуге шамамыз жетпей жатыр. Салмақты талдау, сараптама жоқ. Құр даурығу. Бұл ескерткіш неліктен түнде орнатылды? Идеясы кімдікі? Неге Михаэлис біздің Абекеңнің төбесінен төніп, менсінбей тұр? Бұл арандату емес пе? Сапарбаев қалай байқамай қалды? Қарап тұрсаңыз осы бір ғана оқиғаның төңірегінде қандай терең, талдау мақала жазуға болар еді. Жаза алмай жатырмыз. Жазбайтын да шығармыз… Телеарналардағы апталық сараптама бағдарламаларының өзі қазір апталық шолуға айналып кеткен. «Сараптамалық» деген анықтаманы алып тастайтын уақыт әлдеқашан жетті ғой деймін…Үшінші артықшылығымыз, ұлт мүддесі үшін әйтеуір ерінбегеннің бәрі дауыс шығарып қояды. Бірақ, анау алдыңғы екі артықшылығымыздан айрылсақ, үшіншісі құр айқай болып қалмай ма?


Асқар Ақтілеу, журналист:

– Кадр мәселесі. Қай ақпарат құралын алсаң да, кадр тапшылығы сезіледі. Редакторлары жұмыс істеймін деп келген жастардың бетін қайырады. Барлығына дайын маман керек. Үйретіп алу, кішкене жол көрсетіп жіберу деген түсінік келмеске кеткен сияқты. Мейлі телевидение, мейлі газет, радио басшылары болсын, «адам тауып берші, дайын журналист керек» деп жатады. Оу, сонда өздері аспаннан салбырап түсті ме екен?!. Кезінде екі сөздің басын құрай алмай жүргендері қазір ол күндерін ұмытты. Бұл да қазақ баспасөзінің маңдайына біткен соры. Бұл жайт Алматыда анық аңғарылады. Сапарларда, әсіресе шетелге шыққанда, үнемі бас редакторлар шоғыры жүреді. Барды, көрді, келген соң, жарытып бір мақала жазсаңшы… Ол да жоқ. Бұл ретте орыс басылымдарындағы жағдайды сөз қылсам, тағы ренжисіздер. Мейлі. Осыдан санаулы жыл бұрын Түркияның бірнеше баспасөз құралына баруға мүмкіндік туды. Ол уақытта Ақтөбедегі облыстық газеттемін. Бір емес, бірнеше басшымнан сұрандым. Редакциядан шығын болмайтынын айттым. Көнбеді. «Жұмысты кім істейді» деп кейіді. Қолды бір сілтеп кетіп қалдым. Кейін бас редакторымыз Бауыржан Бабажанұлы кабинетіне шақырып алып, басшыларды тыңдамай кетіп қалғаныма шын қуанғанын жеткізді. «Әлі өкінемін, кезінде Қытайдың танымал «Синьхуа» агенттігіне іссапарға жолым түскенде, редакторым жібермей қойған. Бір емес, екі рет солай болды. Неге сен сияқты қолды бір сілтеп кетіп қалмадым» деген сарында әңгіме айтты. «Әділ сөз» қоғамдық қорының қызметкері Ғалия Әженованы білмейтін қазақ журналисі кемде-кем. Сол апайымыз «неге тегін семинар-тренингтерге қазақ тілшілері келмейді, бұлар тым ақылды болып кеткен бе екен, әлде менсінбей ме?» деп шырылдап жүреді. Ғалия апай Ақтөбеге келсе де сол мәселе, Астанада шара өткізсе де сол бір мәселе. Былтыр күзде Шымкентке жолымыз түсті. Кофе-брейк уақытында бір жас журналист келіп, «біздерге бұл шараға бармаңдар деп айтты, бірақ мен келіп отырмын, оған өкінбеймін» дейді. Оның сөзіне сенемін. Өйткені, тек Шымкентте емес, басқа облыс тілшілерінен де естіп жүрмін. Жүрегі қазақ деп соғатын, «қазақ жастары үйренсін» деп соғатын Ғалия Әженова немесе оның орнында жүрген басқа қазақ тренерлері біздерді жамандыққа үйрете ме екен?! Керісінше, үйретуге мүмкіндік беріп тұрғанда неге редакцияда отырған журналистерді «әй, қарағым, бірдеңе тоқып кел» деп топырлатып жібермеске. Көзі ашылсын. Сауатын арттырсын. Әлде сауатты болып кетсе, жаман бола ма екен?! 

Қазақ баспасөзіне қатысты тағы бір жайт, басылым атаулының таралуы. Нақтысы – дұрыс таралмауы. «Қазпоштаның» жырын айтпай-ақ қояйын, газет-журнал жаздырып оқитын кей оқырман біледі. Ал облыс орталығындағы дүңгіршектер желісі сөрелеріне газет қойдыру үшін қосымша ақы алады. Әсіресе қазақ газеттерінен. Бір желіде 30 шақты дүңгіршек болса, 30 мың теңге қосымша сұрайды. Неге? «Орын жоқ. Көрінетін жерге ілмесеңіз, газетіңізді алмаймын. Онсыз да топан газет келіп жатыр». Газет таратушыны да түсінуге болады. Интернеттің кесірі дейміз, кей ағайынның кітапты айтпағанда, газет-журнал оқығысы келмейтіні тағы бар, қысқасы, дүңгіршектерде де бүгінгі таңда кризис. Тоқырау бас­талды. Ақтөбенің өзінде кей аудандарында газет киоскілері бос тұр. Жұмыстарын тоқтатқан. Бизнестің бұл түрінен пайда болмай барады. Қазақ баспасөзінде өтімді тақырыптар саусақпен санарлықтай. Қазақ тілі, неге анау қазақша сөйлемеді, неге орысша жазулы тұр… Бірде Атырауда мұнай, теңіз, экологияға қатысты халықаралық деңгейдегі үш күндік ауқымды, салмақты шара өтті. Ақтөбеден біз бардық. Атыраудың өзінен де бірді-екілі журналист келді. Шараның басында әрі кетсе отырған бір әріптесіміз ертеңіне «Қазақ тілі босағадан сығалап тұрды» деген сарында «айқайлатып» көлемді материал берді. Ал сол шараға айды аузына қаратқан академик, ғалымдар келді. Каспий теңізін қоршап жатқан елдерден меймандар келді. Проблемалар көтерілді, керемет ұсыныстар жасалды. Атырауды алаңдатқан күкірт мәселесі, экология, теңіздегі итбалықтардың қырылуы, жасанды аралдардың су асты жәндіктерінің тірлігіне зияны сияқты көп айтыла бермейтін жайттар кеңінен сөз болды. Үш күн басы-қасында жүргеннен кейін, қай басылымның қалай жазғанын шолып шықтық. Республикалық, аймақтық басылымдарда керемет материалдар жарық көрді. Сарапшылар да тұшымды ойларын жеткізіп бағыпты. Ал облысқа тарайтын «Атырау» басылымында тіл мәселесін айналшықтапты. Неге? Меніңше, тіл туралы жаза салу оңай. Екіншіден, тіл туралы жазылса, мақалаңның нөмірден қалмайтынын білесің. Өтімді тақырып. Неге тіл мен дінді айналшықтап қалдық?! Неге ақын-жазушылардың шығармаларына тамсанудан шаршамаймыз?! Неге ел бюджеті, қазынадағы есеп-қисап, қара алтын, банктік тақырыптарды қаузамаймыз?! Рас, қиын, уақыт кетеді, бас жетпейді, әрі редакторлар да мүдделі емес…  Қолыма лингвистикалық сараптама туралы оқулық түсті. Қазақ баспасөзіндегі сөздерді талдапты. Рас, қазақ қоғамындағы кей мәселелерді байбалам салып, аттандатып жазбасақ, тиісті орындарға жетпей жатады. Десек те, кей теңеулер, қолданатын кейбір сөздерімізге шын шүйліксе, әрбір екінші-үшінші журналист түрмеде отыра ма деген үрей туын­дады. Жеке басқа тию, қорлау, масқаралау, жала жабу секілді жайттарға жиі жол береді екенбіз. Құдай қарасып, билік пен бизнес орыстілді болып, жанымыз қалып жүрген сияқты. Бірақ тіл деп, дін деп ұрандай беретін дәуір де өтер. Қазақ тілінің мәртебесі артып келеді. Сол уақытта кезек бізге де келеді, билік пен бизнес қазақ баспасөзіне мойын бұрғанда, әрбір сөзімізге, теңеуімізге жауап беруге тура келеді. Заңгерлер де, шағымданушылар да, жалпы сауатты оқырман шын шүйліккенде (ол күнге де жетерміз) бармағымызды тістеп қалмасақ нетті?! Рас, журналистің қалтасы қалың болмайды, рас тәуекел көп, небір қорқытулар болады, сондықтан барлығына дайын болуымыз керек. Оған алдымен өзіміз мүдделі болуы­мыз керек.  

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ