ҒАРЫШТЫҚ ДЕРЖАВАҒА АЙНАЛАР ЕДІК, ӘТТЕҢ...

ҒАРЫШТЫҚ ДЕРЖАВАҒА АЙНАЛАР ЕДІК, ӘТТЕҢ...

ҒАРЫШТЫҚ ДЕРЖАВАҒА  АЙНАЛАР ЕДІК, ӘТТЕҢ...
ашық дереккөзі

Парламенттің үшінші сессиясының соңғы аптасында Мәжілістегі Үкімет сағатында баяндама жасауға Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев келді. Көктегі емес, жердегі мың-сан шаруалардың қыбын таппай жүрген халық қалаулылары қанша жерден қитұрқы сұрақ қоюға тырысса да, ғарыш мәселелері көпшілігі үшін аспандағы Аймен тең екені аңғарылып қалды. Мұны «KazSat» пен «KazEOSat»-тың» айырмашылығы не?» деген сыңайдағы сұрақтардан-ақ аңғаруға болады.Ғарышкер тісқаққан шенеунік емес, кей министрлер мен агенттіктердің атын шатастырса да, сұрақтарға барынша толық жауап беруге тырысты. 


МҰСАБАЕВ НЕДЕН МҮДІРДІ?


Шындығында, биыл Қазақстан үш бірдей ғарыштық аппаратты аспанға ұшырды: 28 сәуірде «Байқоңыр» ғарыш айлағынан KazSat-3 спутнигі, 30 сәуірде Францияның «Куру» ғарыш айлағынан KazEOSat-1, ал 20 маусымда Ресейдің «Ясный» базасынан KazEOSat-2 спутнигі ұшырылып, үшеуі де орбитаға аман-есен жетті.

KazSat спутниктері телекомму­никациялық ғарыш аппараты Қазақстан мен оған шектес мемлекеттерді байланыс, телехабар тарату, жоғары жылдамдықтағы интернет байланысын орнату жүйесін қамтамасыз етсе, KazEOSat спутниктері Жерді қашықтықтан бақылауды жүзеге асырады. 

Ұлттық спутниктер «Ақкөл» және Алматы облысы, Іле ауданындағы «Көктерек» кешені арқылы басқарылып отыр. 

Қазір 49 қазақстандық маман арнайы тағылымдамадан өтіп жатыр. Олар спутникті жобалау, оны басқару, ғарыштан түсірілген суреттерді қабылдау, мәліметтерді өңдеумен айналысады. Алайда, Мұсабаевтың мүдірген тұсы ғарыш бағдарламаларының жүзеге асырылу барысы немесе оларға бөлінетін қаржы көлемі емес, қойылған сұраққа қазақша жауап беруге қабілетсіз болуы еді. Депутаттың мемлекеттік тілде қойған сұрағына Парламент мінберінде тұрып «Мен орысша жауап берейінші» деп қазақша өтініш жасауы көңіл қынжылтты. Онсыз да баяндамасын бастан-аяқ орысша жасаған Мұсабаевқа бұдан кейін мемлекеттік тілде сауал беруге ешкім талпынған жоқ.

АҚПАРАТТЫҚ ТӘУЕЛСІЗДІККЕ НЕ КЕДЕРГІ?

Ғарыш демекші, бұл тақырыпта сөз болғанда, атышулы KazSat спутнигі еске түсетіні белгілі. Қазақстанды ғарыш державасына айналдыруы тиіс KazSat-1 спутнигі ғарыштық қоқыс қатарын толтырды. Мұсабаев бұл туралы «KazSat-1» жобасы біліксіздердің арқасында «ойдағыдай» ойсырады» деп, отырғандарды бір күлдіріп алды. Аудиторияның не үшін күлгені тағы түсініксіз, Мұсабаев әзілдеген жоқ, керісінше, оның сөзінің астарында ауыр зіл, одан соң әлдебір мақтан сезілді.

Абыройсыз «KazSat-1»-ден соң,  орбитаға «KazSat-2» шықты. Мұсабаев мырзаның айтуынша, қазір ол «штаттық жүйеге сәйкес жұмыс істеп тұр». Қазіргі таңда Қазақстанның 12 байланыс операторына 3,5 миллиард теңгеге қызмет көрсетіп отыр. Ал кеше ғана орбитаға шыққан KazSat-3 спутнигі қыркүйек айында толық пайдаланыла бастайды. 

«KazSat-2 және KazSat-3 спутниктері өзара резервтік жүйеде жұмыс істейді, сондықтан қазақстандық операторлардың KazSat спутнигіне толықтай ауысуына барлық жағдай жасалады. Мұндай жағдайда қызмет көрсету көлемін сырттан импорттау көлемі жылына 4 миллиард теңгеге азаяды», – деді Т.Мұсабаев.

Мұсабаев мырза «KazSat-3 спут­нигін ұшыру арқылы біздің мем­лекетіміз толыққанды байла­ныс жүйесіне ие болды. Бұл – Қазақ­стан ғарыштық байланыс сияқты стра­тегиялық әрі маңызды салада автономдылық пен тәуелсіздік алды деген сөз. «Іс жүзінде біз елдің ақпараттық қауіпсіздігін қалыптастыруға қажетті толыққанды жүйесін қалап жатырмыз» десе де, қазіргі таңда барлық байланыс операторлары мен телехабар тарату агенттіктері KazSat спутниктік жүйесіне ауысуға дайын емес. «2014 жылдың мамыр айындағы мәліметке сәйкес, KazSat-тың еліміздегі ғарыштық байланыс бо­йынша қызмет көрсету нарығындағы үлесі бар-жоғы 38 пайызды құрайды. Байланыс және хабар тарату операторлары шетелдік байланыс аппараттарын жалға алып, пайдалануын тоқтатар емес. Сондықтан қаражат әлі де шетелге кетіп жатыр», – деді ол. Оның себебін сұраған депутаттарға Мұсабаев: «Бұл мен айналысатын сала емес», – деп қысқа қайырды.

Үкімет сағатына қатысқан Бай­ланыс және ақпарат агенттігі төра­ғасының орынбасары Сәкен Сәрсенов осы мәселеге орай түсінік беріп, қазақстандық операторлар тек 2016 жылға қарай KazSat-тың жүйесіне көшетінін хабарлады. 

Сәрсеновтің айтуынша, олардың дені шетелдік компаниялармен ұзақ мерзімді келісім-шарт жасасқан. Егер бұл келісім-шарттарды үзіп, отандық спутниктік жүйеге өтетін болса, қомақты айыппұл төлеуге мәжбүр болады. Оның үстіне, шетелдік спутниктік жүйе мен KazSat қызмет бағасы бірдей болғандықтан, олар отандық жүйеге ауысуға әзір асықпайды. 

Бір жағынан техникалық тұрғы­дан ғарыштық және ақпараттық тәуелсіздікке қол жеткіздік деп ұрандатсақ, екінші жағынан жекелеген байланыс операторларының коммерциялық мүддесі аяққа оралғы болып тұр. «Былай тартсаң, өгіз өледі, былай тартсаң, арба сынадының» кері.


«САЯСИ ШЕШІМДІ КҮТЕМІЗ»


Ғарыштық бағдарламаларды біртіндеп жүзеге асырып жатсақ та, экологиялық түйткілдердің шешімін табу ісі олқы түсіп жатқаны шындық. Депутаттар «Протондардың» қазақ даласына құлап, улы гептилмен қоршаған ортаны ластап жатқанын айтып, Мұсабаевқа сұрақ қойды. Обалы нешік, ол: «Біз «Протон» ракетатасығышын қолдануды шектеу не тоқтату туралы  Ресей тарапына талай ұсыныс жасағанбыз. Бірақ қазіргі таңда «Протонды» алмастыратын құрылғы жоқ екенін айтып, олар әлі де мұрсат сұрап отыр», – деді. 

«Қазақстан Республикасы аума­ғында «Протондарды» қолдануды тоқтату керек деп әркез айтып жүрмін. Бірақ көптеген себептерге байланыс­ты қазір оны тоқтату мүмкін емес» деп шарасыздық танытты. Ол осыдан екі жыл бұрын бұл мәселені Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында айтқанын депутаттардың есіне салып, ақталуға да тырысты.

«Протондардан» құтылудың бір жолы «Зенит» ракетатасығышын жаңарту жұмыстары болуы мүмкін. «Қазғарыш» агенттігінің тығырықтан шығу үшін айтар бір ұсынысы – осы. 

Келесі жылдың басында Ресей «Зенит» старт кешенін Қазақстанға қайтармақ. Қазақстандық «Бәйтерек» ракеталық кешені осы «Зенит» базасының негізінде құрылады.  Бұл жоба Байқоңырдың біртіндеп Қазақстан иелігіне өтуінің басы болмақ, сондықтан да оның стратегиялық маңызы зор. Оның үстіне, «Зенит» ракетатасығышын жетілдіру арқылы Қазақстан экологиялық түйткілдердің оң шешімін табар еді.

Дегенмен, «Зенитті» «Протон» сияқты ауыр жүк көтеретіндей жағдайға дейін жетілдіру үшін орасан қаражат керек. «Ресей мұны істегісі келмейді, мұны мен сіздерге ашық айтамын. Сондықтан барлық шығын, шамасы, біздің мойнымызға түседі. Егер бұл жайында саяси шешім қабылданса, біз бұл саяси шешімді орындауға дайынбыз», – деді Мұсабаев. 

Дегенмен, енді Қазақстанның экологиялық заңнамасы «Байқоңыр» ғарыш айлағында да күшіне енді. Осыған дейінгі апаттардың зардабынан зәрезап болған Қазақстан Ресейді бұл талапты орындауға көндірді. Бірақ ресейлік әріптестер енді Солтүстік Қазақстан аумағында ракета қалдықтарын құлататын жерді белгілеуді сұрап отыр. Отырысты жүргізіп отырған Дариға Назарбаева осы ретте: «Солтүстік Қазақстан бәрімізді астықпен қамтамасыз етіп отырған аймақ. Оны беруге болмайды»,– деп қалды. Шындығында, бұл мәселе әлі талқылануы тиіс. 


КОММЕРЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРДАН ТЫС ЕМЕСПІЗ


Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Қазақстанның ғарыш саласын­дағы коммерциялық жобаларға қатысатынын да айтып қалды. Осыдан үш жыл бұрын «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы «Космотрас» халықаралық ғарыш компаниясының акционерлер құрамына енген. Бұл компания «Днепр» ракетатасығышын коммерциялық бағытта ұшыру операторы болып тағайындалған. Қазақстан бұл компанияның 10 пайыз акциясына ие. Мұсабаевтың айтуынша, екі жылда ұлттық компания сатып алынған акция­лар құнынан артық дивиденд алыпты. Алдағы уақытта тағы 23,3 пайыз акция сатып алу жоспарда тұр. Сонда бұл жобада Қазақстан, Ресей және Украина елдері әрқайсысы 33,3 пайыз акцияға ие болып, тең құқықты акционер болмақ.

Дегенмен, ғарыштық державаға айналудың шығыны да шамалас болмақ. Мұсабаев депутаттарды «егер «Қазғарыш» агенттігіне жылына 200-300 миллион доллар қаражат бөлінсе, Қазақстан алдағы он жылда бұл салада Ресей, АҚШ, Қытай мемлекеттерімен иық теңестіреді» деп сендіруге тырысты. Шамасы, көкке көз тіккеннің көңілі де сондай. 

Гүлбиғаш ОМАР

Астана