Жаңалықтар

ОРТАҚ АҚПАРАТТЫҚ КЕҢІСТІК ҚҰРЫЛМАҚШЫ

ашық дереккөзі

ОРТАҚ АҚПАРАТТЫҚ КЕҢІСТІК ҚҰРЫЛМАҚШЫ

Жуырда Түркияның Бодрум қаласында өткен IV Түркі кеңесіне мүше елдердің саммитінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Осы жылдан бастап біз біртұтас ақпараттық кеңістік туралы мәселені талқыға салмақпыз. Мен осы мәселені көтердім. Негізі «әл-Жазира», ВВС сияқты арналармен бәсекеге түсе алатын телеарна құрсақ, жақсы болар еді. Неге құрмасқа? Осы арна бүкіл әлемге біздің еліміз, мәдениетіміз бен тарихымыз туралы, жалпы түркі әлеміне қатысты ақпараттарды жариялап отырады», – деп ұсыныс білдірген болатын. Елбасының осы бастамасын бауырлас елдердегі әріптестер іліп әкетіп, қызу қолдау көрсетті. Өйткені ақпараттық қауіпсіздік кез келген мемлекет үшін аса маңызды мәселелер қатарында. Әрі түркі елдеріне қатысты жедел жаңалықтар мен маңызды ақпараттарды біз көбінесе АҚШ, Батыс не Ресей арқылы алатынымыз жасырын емес. Бұл дегеніңіз өте қауіпті жайт – әрбір ақпарат не деректі біз сол елдің саясаты не мүддесіне сәйкес аламыз. Мұндайда салиқалы сараптау мен бейтараптықтың адыра қалатыны айқын. Сонымен қатар исі түркіге ортақ ақпараттық кеңістік қалыптасса, кезінде КСРО шекпенінде болған посткеңестік елдердегі Кремльдің саясаттың ықпалы әлсіреп, адамдар санасындағы құлдық психологияны жоюға сеп. Ол үшін ТҮРКІ БІРЛІГІ атты ұғымды кеңінен насихаттаған абзал. 

Мендерес ДЕМИР, 

Дүниежүзілік Журналистер Федерациясының президенті, Түркия:

– Түркі әлемі ортақ ақпараттық кеңістігін қалыптастыруы тиіс. Әсіресе, пікірталас алаңын (телеарналар) басты назарда ұстай отырып, радио, Интернет пен газеттерді түбі бір түркінің байланысын  арттыру үшін белсенді түрде пайдалануымыз керек. Жеті түркі мемлекетінің басқаруымен, бұқаралық ақпарат құралдары басқа да түркітілдес азшылық топтар бар өлкелерден спорт пен мәдениет т.б. салаларға қатысты жедел ақпараттар алып отыру үшін де қажет. Осы міндет Анкарадан бас кеңсесі ашылатын Түркі әлемі ақпарат агенттігі арқылы жүзеге асырылуы тиіс. 

Аталған міндеттердің басты мақсаты – Түркі әлемі журналистер федерациясының барлық түркі елдері, түркітілдес ұлттар мен ұлыстар тұратын аймақтардан өкілдерді тарта отырып, бірге тер төгу. 

Түркі әлемінің кемеңгер көсемі, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен әрі мұрындық болуымен Түркі әлемінің Мәдени астанасына қатысты айтқан ұсынысының нәтижесінде, екінші рет мәдени астана мәртебесі бұйырған Түркияның Ескішаһар қаласында 2013 жылы ұйымдастырылған І Түркі әлемі журналистерінің құрылтайы өткізілді. Аталған шара барысында Құрылтайға жиналған 350 түркі журналисі болашақ түркі ақпараттық кеңістігінің алғашқы қарлығаштары болды.

Жуырда ғана Бодрум қаласында ұйымдастырылған Түркі кеңесіндегі түркі елдері президенттерінің басқосуында Нұрсұлтан Назарбаевтың «ТҮРКІ ӘЛЕМІНЕ ОРТАҚ ТЕЛЕАРНА ҚҰРУ» деген ұсынысы өте орынды. Оның үстіне, уақыты әлдеқашан жеткен және тез арада қолға алуды қажет ететін ұсыныс.

Хедие ЕРОҒЛЫ, «Акдениз» («Ақтеңіз») газетінің жаңалықтар бөлімінің бастығы, тележүргізуші, Түркия: 

– Бүгінде Жер шары тұрғындарының саны 7 миллиардқа жетсе, 7 түркі мемлекеті мен 13 автономдық түркі мемлекеттерінде тұратын 500 миллионнан астам адам бар. Алайда, түркі жұрттарының арасындағы байланыс ХХІ ғасырда көңіліміз қалаған деңгейде емес. Түркі әлеміне қатысты ең басты кемшіліктердің бірі – даму деңгейлерінің сәйкес болмауы. Дамушы елдердегі технологиялық кенжелеу де олқылықтар дер едім.  Бір жағынан алғанда, консерваторлық бағыттағы әрекеттермен бірге діни саясаттың араласуы байланыс арналарының тынысын тарылтты.

Бірақ қазіргі таңда Интернет жақсы дамығандықтан, адамдар құрлықаралық байланысты әлеуметтік желілер арқылы да белсенді түрде дамыта алады. Тіпті, жер шалғайлығы да кедергі бола алмайды.

Түркі әлеміне тиесілі аумақтарда да интеграциялық қатынастар ерекше қарқынмен жүруде. Бұл мәселеде алдымен Интернет байланысы жолға қойылуы тиіс. Құрылымдық байланыстарды нығайту мақсатында Интернеттік коммуникациялар жүйесіне мұқтаждық бар. Алдағы уақытта құрылатын Түркі әлеміне ортақ ақпарат агенттігі мен осы агенттік шеңберінде қызмет ететін телеарна мен газет, Интернет сайты түбі бір түркінің байланысын нығайтуға ықпал етеді. 

Өзара байланыс ортақ ақыл, ортақ әрекет арқылы ортақ құндылықтарды қорғау болып табылады. Сол үшін бір бірімізбен хабар алмасып, міндетімізді өтеуді саясаткерлердің иығына артпауымыз керек. Түркиядағы Түркі кеңесінің саммитінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен өткізілген баспасөз мәслихатында түркітілдес елдер арасында тарихи мүмкіндікті дер кезінде пайдаланып қалуға назар аударды. Нұрсұлтан Назарбаев ортақ телеарна құру керектігін айтты. Дәл осы пікір – уақыт күттірместен, тез арада қолға алуды қажет ететін тарихи мүмкіндік. Сөзден іске, байланысты нығайтуға көшейік!

Серік ЕРҒАЛИ, публицист, Қазақстан:

– Ол кісінің бұл бастамасы тоқыраған, ауру ақпараттық кеңісімізге қайткенде бір инъекция жасаудың қамы екені айқын. Орыстілді ақпараттық аймағымыз ресейлік ықпалдан арыла алмауда, соның бір пұшпағы іспетті. Ал қазақтілді кеңістік көшін түзе алмай отыр. Егеменді ел болғанымызға 20 жылдан асса да қазақтілді оқырман, көрермен, тыңдарман үшін өзге елмен, әлеммен ақпараттық араласу мүмкіндігі толық ашылмай отыр. 

Алайда бізде қыруар әлеует пен ресурс бар, соны іске асыра алмай отырмыз. Қазақтілді ортасы бар Түркия, Қытай, Моңғолия, Ресей, тіпті Кореямен араластық неге сонша кенжелеуде? «Қазақпарат» Түркияның, Қытайдың, Еуропаның Америка мен Африканың айтулы ақпарат көздерімен ниеттес байланыс орнатып, ақпарат алмасуды неге шеше алмайды? Шеше алмаса – күн тәртібіне, құзырлы органдарға, парламент алдына неге қоймайды?  

Меніңше мол мүмкіндік бар, қайрат­керлік жоқ… Мәселен түркі жур­налистерінің халықаралық одағын да құруға болады. Жеке ақпараттық агенттер неге түркілік ақпарат көздеріне бүйрегін бұрмайды? Мәселен, Әзірбайжанның АПА деген жеке агенті бар, ТМД елдеріндегі алдыңғы қатарлы түркілік тәуелсіз ақпарат көзі ретінде алдыңғы қатарда, сонымен бізде кім әріптестік байланыс жасауда? Әзірбайжандар бүгінде интернет-ақпаратты ақылы деңгейге қойып алды, ал бізде қазақтілді ақпарат әлі саудаға дұрыс түспей отыр…

Президент түркілік ақпарат кеңістігін түркілік интеграцияның басты тетігінің бірі ретінде көріп отыр, бұған неге журналистер мен ақпаратшылар белсене кіріспейді? Меніңше, бұл ақпарат бодандығынан арылатын бірден бір тетік! Шұғыл кірісу керек!

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ