Жаңалықтар

ҚАЛБАТАУДЫҢ БАУЫРЫНДА БАС ҚОСҚАН ҚАЗАҚ

ашық дереккөзі

ҚАЛБАТАУДЫҢ БАУЫРЫНДА БАС ҚОСҚАН ҚАЗАҚ

Маусымның 21-22-сінде Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданының орталығы Қалбатаудың бауырында Ер Жәнібектің 300 жылдығына арналған ас берілді. Асқа әлемнің түкпір-түкпірінен, Қазақстанның төрт бұрышынан жиналған адамда есеп болмады. Ас шығынын  жекелеген кәсіпкерлер мен «Ер Жәнібек» атындағы халықаралық қор көтерді. 

Қалбатаудың шығысындағы ипподром алаңына жүзге жуық киіз үй тігілді. Қазақтың дәстүрлі тойларындағы этнографиялық элементтердің барлығы осы астан көрініс тапты. Көп тойларда бола бермейтін ерекше көріністер де көңіл қуантты. Мәселен, асқа арнап тұлданған Көк дөненді жұрт алдына көлденең алып келуі, оған  кимешек-шылауыш киген апаларымыздың ақтық байлап, көріс айтуы – қазақтың ғасырлар қойнауынан келе жатқан киелі дәстүрін жаңғыртқандай әсер қалдырды. Астың негізгі мақсаты не? Ол кім үшін керек? Осы ретте Қалбатау «Мәдениет үйінде» өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияда көрнекті ғалым, профессор Тұрсынбек Кәкішевтің, халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың иегері Қабдеш Жұмаділовтің ойлары бір жерге тоғысты. 

– Бұндай ұлан-асыр астың, тойдың Ер Жәнібекке қажеті шамалы. Өйткені ол өз биігіне жеткен адам. Үш жүз жыл бойы ұрпақтарының жүрегінен өшпеген тұлға, бұдан әрі де мәңгі жасай береді. Бұл – бүгінгі жасқа керек шара. Ол бүгінгінің Жәнібектерін тәрбиелеу үшін жасалып жатқан іс. Жас ұрпақ батыр бабасынан тәлім алады, мақтаныш сезімі оянады, сөйтіп болашақта өзі де елін, жерін қорғайтын, халқын сүйген ер жүрек болып өсуге ұмтылады. Бұл шара – сол үшін жасалып жатыр,  – деді олар. 

Осы тұрғыдан ойлар болсақ, аталған астың рухани тағылымы мол болды деуге болады. Ас барысында қазақтың дәстүрлі спорт ойындарының барлығы көрсетілді. Алғашқы күні Оңтүстік Қазақстан облысы мен Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының көкпаршылары арасында тартысты, жарасымды ойын өтті. Қазақстанда азулы команда саналатын оңтүстік қазақстандықтар бұл жолы да қапы қалмады. Қарсыластарын 3/2 есебімен шаң қаптырды. Бұдан кейін, астың көркін бәйге аттары қыздырды. Арасында қазақ күресінен де, қыздар күресінен де жарыстар өтті. Кешке Қазақстан өнер шеберлерінің гала концерті өтті. Дегенмен, Ер Жәнібектің тарихи бейнесін сомдау үшін ол өмір сүрген заман, айбынды да асқақ Абылай ханның тұлғалық бейнесі де ұйымдастырушылар назарынан тыс қалмады. Театрландырылған көрініс арқылы Абылай хан мен Ер Жәнібектің кездесу сәтінен, қазақтың салтанатты көшінен үзінділер көрсетілді. Сөйтіп, қазақ тарихының бай да тағылымды жолы бар екенін ұрпақ зердесіне жеткізуді мақсат етті. 

ХАНДАРДЫҢ ХАНЫ – АБЫЛАЙ

21 маусымда Қалбатаудағы Мәдениет үйінде «Ел қорғаған – Ер Жәнібек» атты ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Конференция шымылдығын ашқан Семей қаласының әкімі Айбек Кәрімов бабамыздың 300 жылдық мерей тойына Алты Алаштың ығай мен сығайлары шақырылғанын айтып өтті. 

Сахна төріне көтерілген Тұрсынбек Кәкішев әдеттегідей жас ұрпақтың көңіліне ой салар, терең мағыналы сөзімен залды баурап алды:

– Өмір бойы болмаса да, 4,5 ғасыр уақыт бодан болған елдің санасына азаттықтың дәмі бірден, тез тарап, сіңе қоймайтын көрінеді. Патша заманында да, Совет заманында да біз алдымен бай-манаптарды, билерді, хандарымыз бен батырларымызды даттауды бастадық. Сол себепті де біздің тарихымыз күні бүгінге дейін бір жүйеге түсе қойған жоқ. Басқаларды ардақтап болдық қой. Енді өз батырларымыз бен билерімізді, хандарымызды көкке көтерейік. Бүгінгі шараның мақсаты – тек қана Ер Жәнібектің аты ғана шықсын деген ниеттен туындап отырған жоқ. Сол Ер Жәнібек арқылы, бүкіл қазақтың батырлық рухы аспандап, батырлық келбеті танылсын, қазақ үшін жан алысып, жан берген батырларымыз арқылы рух оянсын деген мақсаттан туындап отыр. Осы асқа дайындық барысында 4-5 кітап жарық көрді. Мәдени ескерткіштердің ішінде ең құнды дүние – кітап. 

Бұдан кейін сахна төріне Қабдеш Жұмәділов ақсақал көтерілді. Қабең тарихи қиянаттарды біраз шолып өтті. 

– Қазақтың даласы үлкен, жері кең деп жүрміз. Осы жерді, осы даланы кім қорғап, кім азат етті? Жалпы, жоңғарға қарсы соғыс жайлы там-тұмдап айтып жүргеніміз болмаса, жүйелі түрде зерттелген жоқ. 1723 жылғы Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламада қазақ неге жеңілді? Қазақ жоңғардан үш есеге артық болатын. Бірақ себебін айтқан ешкім жоқ. Бір белдің астында жатқан жоңғарлардың шабуыл жасағалы отырғанын сезбей отыру – кімнің кінәсі? 

Содан кейінгі бір мәселе – кімді айтсақ та, Абылайды айтуды ұмытпауымыз керек. Соның бәрін өз айналасына шоқтай ғып жинаған, өткендегі Әз-Тәукенің басқалардың қателігін қайталамай, маңайына қазақтың ер ұлдарын жинаған Абылай. Бұл батырлардың көбі Абылайдың өз құрдастары болған. Абылай сол құрдастарына үлкен міндеттер жүктеп отырған. Егер Абылай болмағанда қазақ бүгінгі күнге қол жеткізе алмас еді. 

Бұдан кейін сөз алған филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай батыр бабамыздың бойындағы кие жайында, сол киенің арқасында бүгінгі күнге дейін ұрпағына ұран болып келгені жайында әңгіме қозғады. Ақын, мемлекеттік сыйлықтың иегері Несіпбек Айтұлы жас ұрпақтың патриоттық тәрбиесін шыңдау мақсатында осындай ұлттық батырларды ұлықтаудың ерекшелігіне тоқталып өтті. 

Сөйтіп,   екі күн сайын даланы дүбірлеткен Ер Жәнібектің 300 жылдық асына Алты Алаштың ұландары қатысып, бақ сынасып, күрестен, көкпардан, аударыспақ пен 7 түрлі ат бәйгесінен тәбәрік алып қайтты. Әрбір бәйгеге темір тұлпар тігілді. 

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ

Алматы – Жаңғызтөбе 

Қалбатау – Алматы