Жаңалықтар

ҚАЗАҚТЫҢ ДӘСТҮРЛІ БАСЫЛЫМДАРЫНЫҢ ТАҒДЫРЫ ТОЛҒАНДЫРАДЫ

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚТЫҢ ДӘСТҮРЛІ БАСЫЛЫМДАРЫНЫҢ ТАҒДЫРЫ ТОЛҒАНДЫРАДЫ

– Қали Қошқарұлы, Сіз қазақ баспасөзінде көптен бері қызмет жасап келесіз. «Парасат» журналы, «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш» газеттерінде жемісті еңбек еттіңіз. Енді бүгінгі таңда Алатау баурайындағы бас қаланың басылымы – «Алматы ақшамының» бас редакторысыз.

– «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Түркістан», «Алматы ақшамы», кейін келіп қосылған «Жас қазақ», «Айқын», «Алаш айнасы», «Қазақ», «Қазақ елі», «Қазақ үні» – осы газеттердің барлығын мен қазақтың дәстүрлі басылымдары деп есептеймін. Себебі қазақтың мұңын мұңдайды, жоғын жоқтайды. Халқымыздың бастан кешкен тағдырын осы басылымдар жазып келе жатыр. Өйткені қазақтың мәселесі басқа тілдегі басылымдардың кейбіріне қажеті жоқ. Негізі өзге тілдегі басылымдарда да мемлекеттің, қазақ халқының жағдайы көрініс табуы керек. Осы жердің суын ішіп, ауасын жұтып отырғаннан кейін ол басылымдар да біздің елдің жағдайын жазып, проблемасын көтеруге тиісті. Бірақ олай емес. Көп жағдайда керісінше орын алатынын көріп жүрміз. 

Дәстүрлі басылымдар қазақтың бүкіл мәселесін, кешегі сонау алаш ардагерлері көтерген проблемаларды қозғайды. Алаш арыстарынан бері келе жатқан бір дәстүр жалғастығы бар. Елге, мемлекетке қызмет етіп отырған басылымдардың жағдайы неге төмен болуға тиісті?! Ең бірінші жағдай соларға жасалуы керек! Осы мәселеге билік тарапынан мән беріліп, қазақ басылымдарына деген көзқарасты түбегейлі өзгерту керек. 

Мәселен, айлық еңбекақы ол әншейін күнкөріске ғана есептелген. Кейде күнделікті тамағына да жетпей жатады. Журналист, қаламгер қай кезде де қаламақымен күн көрген. Сондықтан мемлекеттік деңгейде қаламақы мәселесін бірінші кезекте шешу қажет. Соңғы жылдары журналистердің тұрғын үймен қамтылуы да ешқандай заң негізінде шешілмей отырғаны айтылуда. Журналист тұрғын үймен міндетті түрде қамтамасыз етілуі тиіс. Журналист ешуақытта өз ақшасына пәтер сатып ала алмайды! Осы екі мәселеге баса назар аудару керек. Одан бөлек журналистерге берілетін марапаттар, атақтар еңбегіне қарай, ретімен, жөнімен бола жатар. Оның берілуінде де әділетсіздіктер кездесіп қалуы мүмкін. Бірақ ол ең бірінші мәселе емес. Үйі не жағдайы жоқ журналис­ке атақтан не пайда? 

Мені қазақтың дәстүрлі басылым­дарының тағдыры толған­дырады. Қазақ баспасөзі – мемлекеттік саясатты дұрыс жүргізуде Елбасының бірден-бір қолдаушысы әрі көмекшісі. Президенттің бастамалары мен көзқарасын халыққа жеткізіп отырған, насихатын күшейтіп отырған қазақ басылымдары. Мен тек газеттерді ғана айтып отырмын. Бұл қатарға журналдарды, телеарналарды да қосу керек.

– Келесі сұрақ журналистік еңбек жолыңызға қатысты болып отыр. Сіз кезінде бірқатар басылымдарда қызмет істедіңіз. Қандай оқиғалар ерекше есіңізде қалды?

– Мен қазақтың дәстүрлі басылымдарында мол тәжірибе жинақтадым. 

Бастапқыда «Жас Алашта» корректор болдым. Кейін секретариат қызметіне ауыстым. Одан кейін жастардың «Өркен-Горизонт» газеті ашылып, соған жауапты хатшы болдым. Содан соң «Жетісу» газетінде қызмет жасап жүргенімде жазушы Шерхан Мұртаза «Егемен Қазақстанға» Бас редактор болып келді. Редакцияға жұмысқа шақырды. Оған дейін өзімен кездеспеген едім. Жеке қабылдады. Шерағаң сол жүздесуімізде: «Жазғандарыңды оқып жүрмін. «Егеменге» кел. Секретариатта үш ай ғана ұстаймын. Содан кейін қызметіңді ауыстырамын»,– деді. Уәдесінде тұратын адамдарды аса көп білмеуші едім. Осы Шерағаңның айтқан сөзі есімнен кетпейді. Әлде қойын дәптеріне жазып қоя ма, үш айдан кейін мені әдебиет бөліміне ауыстырды. Кейін жаңа бөлім ашылып, соның меңгерушісі болдым. «Егемен Қазақстанда» 5 жылдай қызмет еттім. 

«Егеменде» жүргенімде мар­құм жазушы Баққожа Мұқай «Парасатқа» Бас редактор болып тағайындалды. Ол мені журналға шақырды. Әрі-бері «қиқаңдап» көріп едім, онымнан ештеңе шыққан жоқ. Бас редактордың бірінші орынбасары болып журналға қызмет ауыс­тырдым. Барғанымнан жамандық көргенім жоқ. Бәкең өте еңбекқор адам екен. Әрі талапшыл. Осы екі жақсы қасиетін үйрендім. 

«Жас Алашта» еркіндеу, жас­тықтың лебімен жарқылдап жұмыс істейсің ғой. Сөйтіп жүріп «Егеменге» барғанда, ол орта бізді тез есейтті. Ал «Парасатта» жақсы бір тәлімгерге тап болдым. Баққожа Мұқайдың жазушылығын жақсы білеміз, бас редакторлық қабілеті де жоғары екен. Адамгершілігі мол, парасатты, жан-жақты, өте дарынды адам. «Парасатта» екі жылдай қызмет істедім. Соның өзі бір өнегелі орта болды. Сондықтан «Парасат» журналы маған ыстық. Біз бір қиын кездерде жұмыс істедік. Нарықтың ауыртпашылығы халықтың арқасына батып тұрған уақыт еді. Бәкеңнің басшылығымен журнал көп өзгерді. Ол тұста бүкіл мемлекеттің тағдыры бізге қарап тұрғандай жұмыс істейтін едік. 

Содан кейін «Жас Алашқа» барып, 8 жыл Бас редактордың бірінші орынбасары қызметін атқардым. 

Менің өмірімде талай бас редакторлар із қалдырды. Соның ең басында Шерхан Мұртаза тұр.  

Әңгімелескен А.Самиғоллаұлы

Фотосуретті түсірген автор