Жаңалықтар

АСҚЫНҒАН ДЕРТКЕ ДАУА ЖОҚ

ашық дереккөзі

АСҚЫНҒАН ДЕРТКЕ ДАУА ЖОҚ

Апта басында еліміз тұңғыш рет мемлекеттік қызметкер күнін атап өтті. Бұл күннің енгізілуі халық арасында мемлекеттік қызметкердің абыройын, ар-намысын көтерумен байланысты. Алайда, Қаржы полициясының 2014 жылғы 1 тоқсан бойынша сыбайлас жемқорлық қылмысы бойынша есебі мемлекеттік қызметкердің бейнесін басқаша көрсетті. Аталмыш ведомствоның хабарлауынша, Қазақстандағы ең жемқор орган – әкімдік пен оның құрылымдары. Биылғы жылдың бес айында әкімдік қызметкерлеріне қатысты 300 қылмыстық іс қозғалған. Одан кейін дәстүрлі түрдегі екінші орын – ішкі істер органдарында. Құқық қорғаушыларға қатысты 105 іс бар. Одан  кейінгі орын әкімдерде – оларға 20 қылмыстық іс қозғалған. Ары қарай кеден қызметі мен білім саласында – 18, ауыл шаруашылығында – 16, төтенше жағдайлар жөніндегі министрлікте – 15, салық органдарында – 11 қылмыстық іс  қозғалған.  Өткен жылмен салыстырғанда жемқорлыққа қатысты істер 33 пайызға көбейген (487-ден 648-ге өскен). Сыбайлас жемқорлықтан 370 млн. теңге  шығын келсе, 13 млн. теңге көлеміндегі мүлік тәркіленген. Қаржы полициясының төрағасы Рашид Түсiпбековтiң 2013 жылы берген мәлiметi бойынша, ең жемқор орган – полиция болған еді. Полициядан кейiнгi екiншi және үшiншi орындарда – салық комитетiндегiлер мен санэпидемио­логтар. Органдардың жемқорлығын ведомстволарды бақылау-қадағалау функциялары арқылы анықтаған. 2013 жылы құрамында мемлекеттік органдардың уәкілетті адамдары болған қылмыстық топтың 6 дерегі анықталған. Жемқорлық қылмыс жасағаны үшін 1121 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бұл 2012 жылға қарағанда (784) едәуір көп. 

Байқағанымыздай, биылғы жемқор органдар тізімінде біраз өзгерістер бар. Алайда, өзге де мемлекеттік органдар әкімдік қызметкерлерін пара алудан әлі де қуып жетуге мүмкіндіктері зор. Дегенмен, сыбайлас жемқорлық қылмыстарына әкімдікте істейтін азаматтардың көптеп тартылуы қоғам үшін қауіпті дабыл. Әкімдік құрылымдарындағы жемқорлықтың көбеюін қаржы полициясы мемлекеттік сатып алулармен байланыстырады. Себебі, бүгінгі қылмыстардың 70 пайызы осының үлесіне келеді. Мемлекеттік сатып алу кезінде көптеген шенеуніктер өз компанияларын тіркеп, кейін бәсекелестік орнату үшін жалған компанияларды жарысқа қатыстырады. Сөйтіп, соңында өзі жеңіске жетіп отырады. Мұны әкімдіктегілер өте жақсы игерген. 

Жылдар бойы ең жемқор ұйымдардың үштігінен түспейтін ішкі істер органдарында пара алу мен беру бойынша арнайы әдістеме мен оқулықтар шығаруға болады. Ішкі істер органдарының көмегімен кез келген заңбұзушылық жасырылып, қылмыстың жабылатынын түсінген ел полицейге пара бермегенде қайтсін?! 2013 жылы ішкі істер органдары қызметкерлері 924 қылмыс жасап, 255 полицей қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Және де бұл сан жыл сайын өсіп келеді. Мұның себебін, мамандар полицейлердің ар-намыс, абырой сияқты қасиеттердің жоғалғанымен түсіндіреді. Шынымен де, соңғы уақытта ішкі істер органдары қызметінің дәрежесі төмендегендей. Кеңес заманында болды делінетін  қатал тәртіп пен халық игілігіне жұмыс істеу принципі жоғалды. 

Үшінші орын әкімдерде. Биылғы жыл әкімдер қызметіндегі ауыс-түйістермен есте қалып отыр. Өткен жылдың 10 желтоқсанында  8,7 млн. теңге пара алды деген күдікпен Павлодар облысы әкімінің кеңесшісі Төлеген Бастенов ұсталып, артынша облыс әкімі Ерлан Арын өз өтініші бойынша қызметтен босатылды. Ал осы жылдың 4 наурызы күні Е.Арын да сыбайлас жемқорлық қылмысы бойынша тұтқындалды. Бүгінгі таңда Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевтің мәселесі бойынша атышулы іс жалғасып келеді. Сонымен бірге, Алматы облысы Талғар қаласының әкімдеріне де бақ қонбады. 2011 жылы бұрынғы әкім Болат Омаров 4 жылға сотталса, оның орнына келген Адайбек Қожахметов те қомақты пара алу үстінде ұсталды. Әріптесінің қызметін атқарған Жұматай Қасымбаев та жемқорлық ісі бойынша әшкере болды. Сонымен бірге, ауылдық, аудандық деңгейде парамен ұсталып жатқан әкімдер де жетерлік. Сарапшылар әкімдердің бұлайша әрекет етуін бассыздықпен, шексіз билік пен қадағалау функцияларының төмендеуімен түсіндіреді.    

Жалпы, мемлекеттік органдар неліктен бұлай жемқорлана түсті деп сауал қоюдың өзі күлкілі секілді. Дүйім жұрт баяғыдан оның жауабын жақсы біледі. Тіпті, балабақшадағы бүлдіршіннің анасы тәрбиешіге бір қорап кәмпит немесе белгілі бір сомадағы қаржы беретін болса, сәбиге жақсы қарайтынын біледі. Сондықтан жемқорлықтың Қазақстанның өміріне дендеп еніп, кейбіреу үшін спорт секілді өмір салтына айналды. Қазақстандағы сыбайлас  жемқорлықтың кең жайы­лып, жылдан жылға өршіп бара жатқанын халықаралық ұйымдар да растап отыр.  2013 жылы 3 желтоқсанында Transparency International   ұйымы жариялаған «Жем­қорлықты қабылдау индексі 2013» рейтингісіне сәйкес Қазақстан 2012 жылғы 133 орыннан 7 позицияға түсіп, Африканың ең жемқор елдерімен қатарлас 140 орынға ие болды. Бір қызығы, еліміздегі сыбайлас жемқорлықтың өз ерекшелігі бар. Парақорлыққа көбіне, вице-министрлер, лауазымды тұлғалардың орынбасарлары барады. Білім және ғылым вице-министрі С.Шаяхметов, Ауыл шаруашылығы вице-министрі М.Өмірияевке қатысты қозғалған қылмыстық істер бұған нақты мысал бола алады. Осы тұста басшының өз орынбасарлары мен қол астындағы қызметкерлері жөнінде ештеңе білмей қалуы түсінбестік туғызады. Ал халықаралық ұйымдардың дерегінше, соңғы 20 жылда Қазақстаннан 123 миллиард доллардан астам қаржы шетелге кеткен. Қаржы полициясының зерттеуінше, 1994-2013 жылдары жемқорлық салдарынан мемлекетке 7,5 миллиард доллар көлемінде зиян келген. Осы тұста, күдік тудыратын қаражаттар аударылғанда бақылаушы органдар  неге дабыл қақпай, капиталдар толығымен шетелге аударылып болған соң, бірнеше жылдан кейін анықталады деуге болар.  Осы секілді көкейіміздегі мәңгілік сұрақтарға  бүгінгі атқарушы билік мардымды жауап бере алмай отыр. Жемқорлыққа қарсы ұйымдастырылып жатқан әр түрлі семинар-тренингтер, флешмобтар және т.б. кабинеттер қабырғасынан аспайтын шаралар да өз нәтижесін беріп жатыр деу тағы қиын. Себебі, дерт асқынғаннан кейін дәрі-дәрмек пайдаланудың көмегі шамалы. 

Диас БЕЙСЕНБЕК