КӨП СӨЗДІ ЕМЕС, ДӨП СӨЗДІ

КӨП СӨЗДІ ЕМЕС, ДӨП СӨЗДІ

КӨП СӨЗДІ ЕМЕС, ДӨП СӨЗДІ
ашық дереккөзі

Социалистік құрылым – қоғамдық меншікке негізделген еді. Кезінде оны бір ғана Коммунистік партия басқарды. Адамдар бүгінгідей жеке меншікке емес, ортақ қазанға еңбек етті. Аға ұрпақ сол қоғамның өркендеуі үшін жан аянып қалған жоқ. Терін төгіп, бойындағы барын берді. Енді міне, қоғам да, заман да мүлдем өзгеріп, өткені тарихқа айналып барады. Алайда адамдардың ел әлеуетін көтерудегі жасампаз еңбегі ғана жыр болып қалды.

Социализмде де ұлтын жанындай сүйіп, еңбек еткен жандар аз болған жоқ. Талайлар Социалистік Еңбек Ері атанды. Ел басқарған тұлғалар ұлтын алға сүйреді. Шаруашылық жетекшілері де соларды үлгі тұтып, қолдарынан келгенін аянып қалмады. Кезінде Асанбай Асқаровтың ілтипатына бөленген «Ақдала» совхозының директоры Серік Әлібеков те сондай жандардың бірі. Бүгінгі ұрпақ өткеннен сабақ алу үшін, сол кісінің өмір жолынан осы бір естелігін оқырмандар назарына ұсынып отырмыз. 

1977 жылы қаңтар айы жылы болды. Ақпанның алғашқы онкүндігінде жұқа түскен қар еріп, сай-саладан қызыл су ақты. Жер кәдімгідей бусанып, көктемнің бір күніндей жайма-шуаққа арқамыз қызып шыға келді. Жерде тоң жоқ. Дымқыл топыраққа түрен салса да болғандай. Шаруа баққан жандар: «Биыл көктем ерте шықты-ау», – десіп жатты. Бұл жақтың қысы қысқа, көктемі ерте шыққан жылдар аз болмаған. Табиғат сондай жылы қабақ танытқан жылдары диқаншылар егіс науқанын ақпан айының бел ортасында-ақ бастап жіберетін. «Не нәрсенің де ертесі жақсы» демей ме қазақ. Сол жылы да жер жыртып, дән себуге кірісіп кеткенбіз.

 Енді көктем шықты-ау деген кезде табиғат тосын мінез көрсетер деп кім ойлаған. Бізді жылт еткен жылы шуақты күндерімен алдаған екен. Ақпанның 20-сында ауа райы күрт өзгеріп сала берді. Күн суытып, қар жауды. Артынша Арыстанды-Қарабастың дүлей желі бейне өші кеткендей бірнеше күн бойына дамылсыз долдана ұйтқи соғып, әлек салсын бір. Қарды борандата суырып, жерді үскірік аяздың ащы тілімен жалап, көкбеттеніп тұрып алды. Несін айтайын, қатты абдырап, сасқанымыз соншалық тарының қауызына сыйып кетердей күй кештік. Электр желілері үзіліп, сиыр фермалары жарықсыз, сусыз қалды. Мал біткенді қоралардан шығармай қолда бар жем-шөпті беріп, жанталасып жатырмыз. Мал басын әупіріммен аман сақтап қалдық. Күздік пен ақпанда ғана сепкен бидайды үсік шалды. Наурызда қар еріп, көктем шықты. «Жығылғанға жұдырықтың» керіне дауа бар ма. Наурыз бен сәуірде күн бірден ысып, бір тамшы болса да жауын жаумай жер апшысын қуырып жіберді. Көк шықпай жатып күйіп кетті. Жайылым үйітілген мал терісіндей тап-тақыр. 

Бойдақ малдарды Түркістан ауданының Қызылорда облысымен шектесетін жеріндегі Қызылдың құмындағы жайылымға апаруды ұйғардық. Түркістан совхозына дейін мал таситын жүк автокөліктерімен жеткізіп, әрі қарай өз аяқтарымен жайылып барды. Қолға алған істің бәрі де ойлағаныңдай оң жамбастан келе бере ме. Өкінішке қарай, біздің қаракөл Қызылдың құмын жерсінбеді. Көп шығынға ұшырадық. Қалғанын қайта алып келуге тура келді.

Құрғақшылық малдың қоңын тайдырды. Аудан мен облыс басшылары республика Үкіметіне шығып, дабыл қақты. Үкіметтің арнайы комиссиясы құрылды. Көп кешікпей Алматыдан Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары Көпбаев, Ауылшаруашылық министрі Михаил Георгиевич Моторико бастаған бір топ сарапшылар келді. Оларды Шымкент обкомының бірінші хатшысы Аманолла Рамазанов пен облыстық Атқару комитетінің төрағасы Жамалбек Шаймерденов бастап, Бөген ауданына ат ізін салды. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Нұғыманов мен басқарып отырған «Ақдала» совхозының Ақынжақып ауылына алып келіп, жағдаймен таныстырды. Моторико көз ұшында бұлдырап сағым ойнаған белдеуге дейінгі жайылымдық жерге қабағын шыта қарап:

 – Мал мына қу тақырдан не тауып жеп жатыр? – деді көңілсіз әрі таңырқаған үнмен. 

Мен жерден топырақ араласқан қиқым шөпті қолыммен сыпыра жинап алдым да:

– Михаил Георгиевич, міне, мынаны талғажау етіп, өлместің күнін кешуде, – дедім. 

Жақын маңдағы отарға барып, көктемде туған қозыларды көрді. Сүтке жарымаған, көк майса шөп жемеген арық төлде қайбір қауқар болсын. Төрт аяғынан қалт-құлт етіп әзер тұр. Салмақтары әрі десе он бес-ақ кило шығар. 

– Егер жем-шөптен көмек бермесеңіздер ертең бұлар қыстың алғашқы аязында-ақ қырылады, – дедім. 

– Иә, жағдайларыңды көріп тұрмын. Мәз емес. Жем жағынан жәрдем беруді қарастырайын. Ал шөптің бір амалын өздерің табарсыңдар. – Комиссия төрағасы солай жүктің бір жағын өз мойынымызға артып кетті. 

Аудан, облыс басшылары кеңесе келе суармалы жері көп Мақтаарал, Жетісай, Киров, Шардара аудандарындағы ауыспалы егістің есебінен шөп жинауға, Сырдың бо­йынан қамыс орып алуға нұсқау берді. Әуелі малды Ақсу-Жабағылыға жүк көлігімен жеткіздік. Таудың оты қалың екен. Содан соң әлгі аудандардан қыстық мал азығын дайындауға кірістік. Алыс жерлерге техникаларды алып барып, шөп ору, оны ит арқасы қияннан жүк көліктерімен тасу оңай ма. Шығыны шаш етектен келетін жұмыс қой. «Басқа түссе баспақшыл» деген. Бар қиындыққа төзуге тура келді. Біздің жұмысшыларға қолайлы жағдай жасалмаса да ала жаздай білек сыбанып, тынымсыз еңбек етті. Солай жанкешті еңбектің арқасында қыстық мал азығының берік қорын жасадық. Қараша айында Ақсу- Жабағылыдағы қаракөл қоңданып қалған еді. Аталықтарын етке өткіздік те, аналықтарын қайта тасып алдық.

Моторико сөзінде тұрды. Сол жылы республиканың солтүстік облыстарында бидай бітік өсті. Күз жауынды болып, арпаның біразын орып үлгере алмаса керек. Моторико қамбадағы әлі кебе қоймаған 4,5 мың тонна арпаны вагондарға артып, Арыс арқылы біздің совхозға жіберуге пәрмен берген. Желтоқсанның басында жемге кенелдік те қалдық. Төрт түлікті қыстан аман шығардық. 

1978 жылы Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне Асанбай Асқаров сайланды. Ауданда жаңа басшы қатал екен деген сөз тарап жатты. Ол сәуір айының басында обком бюро мүшелерінің мәжілісінде өткен жылдан шығынға ұшыраған шаруашылықтар туралы мәселе қараса керек. Сол бойынша әр ауданнан шығынға ұшыраған төрт сов­хозды обкомның бюросында, үш-төрт совхозды облыстық атқару комитетінің мәжілісінде, төрт-бесеуі облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында қаралсын деген нұсқау берген.

Обкомның бюросында төрт совхоз директорының мәселесін қарады. Бюро мүшелері «Арыс» совхозының директоры Ахметовты, қой совхозының директоры Шерімқұловты және «Бірлік» совхозының директоры Жұмағалиевті жіберген кемшіліктері үшін орнынан алып, соңғы директоры уақытша сынаққа қал­дырған. Бәрі де бұрыннан істеп келе жатқан тәжірибелі мамандар еді. 

Аптаның келесі жұмасында облыс­тық атқару комитетінің мәжі­лісіне төрт совхоздың директорларын шақыртты. Солардың бірі мен. Көңілде сенімнен гөрі күдік басым. Неше алуан ой жаныңды жегідей жейді. Бір ауық: «Нар тәуекел! Аналардан менің жаным артық емес шығар. Не жағдай болса да көріп алдым. Ары десе қызметтен босатар. Ең бастысы, партия қатарынан шығармаса екен. Тек аз уақытта бар мүмкіншілігімді көрсете алмағаным өкінішті», – деп өзімді-өзім сабырға шақырғандай боламын. Сұрақтарынан тосылып қалмас үшін шаруашылық есепке жақсылап дайындалып алдым. 

Менің алдымда кірген совхоз директорының салы суға кеткендей ұнжырғасы түсіп шықты. Өне бойы терге малшынған. Партиялық есеп кәртішкесіне жазылатын қатаң сөгіс беріліпті. Қабылдау бөлмесінде отырған хатшы әйел ішке кіріп шықты да, маған: «Кезек сізге келді, кіріңіз», – деді. 

Үлкен кабинеттің төр жағында Асқаров пен Шаймерденов отыр. Басқалары қапталдағы ұзын столға жағалай жайғасқан. Асқаровты алғаш рет көруім. Ағы араласқан ұзын шашын артқа қарай шалқалата қайырыпты. Бәрі сәлемімді салқын алды. Шаймерденов:

– Жолдас Әлібеков, өткен жыл қорытындысы бойынша совхоздың пайдасынан гөрі шығыны көп болған. Неге? – деді.

Мен оның негізгі себебі ауа райының шаруашылыққа қолайсыздығынан, яғни құрғақшылықтан болғанын, 15 мың тонна қыстық мал азығын 250-300 шақырым жерден тасығанымызды, 10 мың бас қаракөлді Ақсу-Жабағылыға жүк автокөлігімен жеткізіп, күзде солай қайта әкелгенімізді, солардың бәрін біз мал басын аман сақтап қалу үшін істегенімізді, сондай жанкешті жұмыстардан соң төрт түліктің қыстан аман шыққанын айттым. Сөзімнің соңында ауа райы биыл қолайлы болса, шығынның бәрінің орнын толтыруға болатынына уәде бердім.

Облыстық қаржы бөлімінің бас­тығы Таңатар Қазақбаев қатқыл үнмен кіжініп сөйледі.

– Әлібеков жолдас, шаруашылыққа келтірілген шығынның бәрін ауа райына жауып, жауапкершіліктен құтыламын деп отырсыз ба? – Ол жанында отырғандарға мойынын бұрды да, сөзін қысқа қайырды. – Мұндай іске жауапсыз қараған директорға қатаң жаза қолдану аз, орнынан алу керек. 

Маңдайымнан мұздай тер бұрқ ете қалды. Оның сөзін қатар отырғандардың бірі қоштай кетті. Барлық кінәні менің мойыныма арта келіп:

– Әлібеков жолдасты партиялық жағынан қатаң жазалау керек, – деді. Салғыласып айтысқанмен берекет таппайсың. Тынысым тарылып барады.

Шымкент қалалық атқару коми­тетінің төрағасы Ибадулла Дәулетов:

– Жолдастар, мен мынаны білгім келеді. Сіздер осы мәжілісті шығынға батқан шаруашылықтың кемшілігін түзету үшін бе, жоқ әлде директорын ауыстыру үшін өткізіп отырсыздар ма? Мен мына жас жігіттің әлгі сөздерін мұқият тыңдадым. Айтқан уәжінің жөні бар. Алыс қашықтықтан малдың қыстық азығын тасып, қыстан мал басын аман шығарыпты. Ең бастысы осы емес пе? Бұл жігіттің осы еңбегін неге бағаламасқа. Әлібековті орнынан алып тастау оңай. Бірақ содан шығынның орны тола ма? Менің ұсынысым мынау. Әлібеков жолдасқа партиялық ескерту жасап, шаруашылықтың экономикасын көтеруіне мүмкіндік берілсін, – деді. Дәулетовтің жанашырлық сөзі кеудеме үміт отын жаққандай болды. 

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Ахмет Қожамсүгіров мұндай жағдайда үйту керек еді, бүйту керек еді, жіберген кемшілікті дер кезінде былай істеп жөндеуге болар еді деп біраз бұлталақтатты. 

Асанбай Асқаров:

– Жолдас Әлібеков, директорлық қызметіңе қанша жыл болды? – деп сұрады.

– Бір жарым жыл.

– Жасың қаншада?

– Жиырма жетідемін.

Асқаров отырғандарға жағалай қарап, дауысын көтере сөйледі.

– Жолдастар, өткен жылы Қазақ­станның бірқатар облыстарында құрғақшылық болды. Тек Шымкент облысы ғана емес, Алматы мен Жамбыл облыстары да осындай қиыншылықтың зардабын шекті. Оны сіздер жақсы білесіздер. Облыста «Ақдала» сондай қиындықты көрген шаруашылықтардың бірі. Алайда совхоз басшысы ретінде мына жігіт сол сын сәттерде еңбекшілерді ұйымдастырып, күресе білген. Шынында, неге біз мұның осы еңбегін ескермейміз? – Ол маған бұрыла қарады. – Әлібеков жолдас, табиғаттың қатал сынынан сабақ ала алдың ба? Бұдан былай шаруашылықты басқару қолымнан келеді деп ойлайсың ба? 

Менің түсіп кеткен еңсемді оның осы бір іш тартқан жылы сөздері қайта көтеріп жіберді. Басымды жоғары көтердім.

– Асанбай Асқарович, егер бір жылда совхоз шығынының орнын толтырып, пайдамен шықпасам, өзім-ақ арыз беріп кетемін.

Асқаров:

– Жолдастар, бұл жігіттің бойында жігер мен намысы бар екен. Қолынан іс келетін таланты байқалып тұр. Сондықтан орнында қалдырып, тағы бір рет сынап көрейік, – деді. 

– Асанбай Асқарович, сенімдеріңізді ақтауға тырысамын,– дедім мен. 

Облыстың бірінші басшысының бұл кесімді сөзіне отырғандардың ешқайсысы да қарсы келген жоқ. Әлгінде партиялық жағынан қатаң жазалау керек дегендер де үнсіз қалды. 

Сол жиыннан соң Шаймерденов:

– Мен сенен осындай жігерлі сөзді күтіп едім. Жарайсың, Серік! Енді сөзіңді ісіңмен дәлелдегенің жөн, – деп риза көңілін білдірді.

Таңертең үйден шығарда әйелім Әуес шай беріп отырып: «Серік, неге сонша қобалжып тұрсың? Ішіп, жеп қойғаның жоқ. Жаныңды салып еңбек еттің. Саған қалай жаза қолданады?», – деп алаң көңілімді орнықтырғандай болған. Сонда да бір кеседен артық шәй батпай орнымнан тұрып кеткен едім. Басымыз қосылып, үй болғалы бір-бірімізге сыралғы болып қалдық қой. Көңіл-күйімді қас-қабағымнан-ақ біле қояды. Оның да күні бойы алаңдап, әлдеқандай жағдай болды екен деп тағатсыздана жол тосып жүргенін ішім сезеді. Кештетіп үйге жақындай берген кезімде оның әдеттегідей есік алдында тұрғанын көріп, «Уаздың» кабинасынан қолымды шығарып бұлғадым. Бұл менің бәрі де жақсы деген белгім еді.

«Бақ шаба ма, бап шаба ма?». Өткен жылғы құрғақшылықтан бізде көктемде себетін ұрықтық дән болмай қалған. Тек сәуір айының басында ғана республикаға Украинадан «Днепропетровский» бидай сор­ты жеткізілді. Соның 500 тонасы біздің совхозға да бөлінген екен. Иә, солтүстіктегі астықты облыстар үшін нағыз дән себетін шақ. Ал біз үшін кеш. «Не істеу керек? Мың гектар астық алқабына дән сепсек шыға ма, шықпай қала ма? Сәуірде жауын жылдағыдан аз жауса ше? Онда бар шаруаның қисыны қашты дей бер. Сов­хоз тағы да шаш етектен шығынға батып, мені қызметтен ит қосып қуары анық. Ал сеппесек астық та жоқ, жем де жоқ. Моторико былтырғыдай солтүстіктен арпа бергізіп, жарылқай қоймас. «Ары тартсаң арба сынады, бері тартсаң өгіз өледінің» кері. Оның үстіне айлап ойланатын уақыт қане? Екінің бірі, не тәуекелге барып себу, не күмәнге беріліп сеппеу керек. Осы жолы қателессем, қызыл билеттен де, қызметтен де айрыларым анық». Неге екенін қайдам ішкі бір ойым «Қалайда себу керек» деп еркімнен тыс тарта берді. «Нар тәуекел! Дән себемін! Арғысын не болса да күтіп алдым». 

Ертеңіне шаруашылық басшыларын жинап алдым да, дән себуді бас­тайтынымызды айттым. Олардың өре түрегелмесі бар ма. «Серік, дәнді нау­рыз айының басында себетінімізді жақсы білесің. Наурыздың жаңбыры өтіп кетті. Енді күн ыси бастайды. Жер кеуіп, сепкен ұрық шықпай қалады. Басқа шаруашылықтар бас тартып жатқанда біз неге көзсіз тәуекелге барамыз!». Бәрі мені айтқан уәждеріне көндіре алмай әлек. Мен де алған бетімнен қайтпадым. Олар көп, мен жалғыз. Текетірес созылып бара жатқан соң мен: «Жолдастар, дән себеміз. Бүкіл жауапкершілікті өз мой­ныма аламын», – деп кесімді сөз айттым. Солай мың гектар жерге 500 тонна бидай себілді. «Ел құлағы – елу». Көршілес шаруашылық мамандарының «Әлібеков сәуірде дән сеуіп, есінен адасқан екен» деп табалап, мысқылдап жатқандарын да естідім. 

Сол жылы сәуір айының екінші онкүндігінен бастап жауын жа­уып берсін. Мамырдың орта шеніне дейін ұласты. Жерге ылғал мол түсті. Алқаптан көтерілген бидай көгі көз алдымда күн сайын қарыстап өсіп бара жатқандай болды. Іштей тәуекелге барғаныма «Тәуба, тәуба!» деймін. Алқаптағы самал желмен шалқыған теңіз толқынындай тербелген бидайдың көк сабағы көңілді де тербеп, жүрегіме қуаныш ұялатады. Басқа шаруашылық басшылары өкініштен сандарын соғып қалды. Кезінде мені мысқылдағандардың табасына қалмағаныма мың да бір шүкірлік еттім. 

Шөп бітік өсті. Мамыр айының онына дейін шөп ору науқанына совхоздың барлық техникаларын да­йындап, бидай алқабы мен қырман басына тізіп қойғанбыз. Он бірінші мамыр күні аупарткомнан «Асанбай Асқаров Бөген ауданының ша­руашылықтарын аралап, одан әрі Шардара мен Мақтааралға жол тартады екен. Сіз басқарған шаруашылыққа да ат басын бұруы мүмкін» деген хабар жетті. Ауылдағы қауқары бар қарияларды да қолдарына шалғы беріп, атыз-арықтардың жағалауынан шөп оруға қойғанмын. Жоғары сынып оқушыларын да жаптым.

Түс әлетіне таман аупарткомның бірінші хатшысы Рашид Нұғыманов пен ауаткомның төрағасы Асанхан Бекбауов облыс басшылары Асқаров, Шаймерденов және Сасбұқаевты бас­тап, шабындыққа келді. Асқаров автокөлігінен түскен бойда шөп орып жатқан шалдарды көріп:

– Серік, мына ақсақалдарды шөп оруға неге шығарғансың? – деді. Үнінен ренішін аңғардым. 

Мен:

– Асанбай Асқарович, бұл қариялардың жеке малдары бар. Олар ертең менен шөп сұрайды. Сонда әр қайсысының мал басына қарай кемі 1,5 тоннадан шөп түсіріп беремін. Атыз-арық жиектеріндегі мол шөптерді трактор орағы қамти бермейді. Мұндайда қол күші керек. Содан ақсақалдарға ұсыныс жасағаным рас. Бірақ қыштағаным жоқ. Өз еріктерімен шықты, – дедім.

Асекең қарияларға барып: «Ақсақалдар, еңбек рәтті болсын!», – деп сәлемдесті. Жағдайларын сұрап еді, араларынан бірі: «Зейнеткер демесеңіз әлі орақ ұстап, шөп оратын шамамыз бар. Үйде кемпіріміздің шайын күтіп, құр босқа жатқаннан не ұтамыз. Шаруашылыққа қол ұшын берсек, мына Серік баламыздан қайтымы болар деген үмітіміз бар», – деді. Асекең кімдермен қалай сөйлесуді біледі екен. Оларға жарасымды әзіл айтып, көңілдендіріп алды да, маған:

– Мына ақсақалдардың өтінішін жерге тастама, Серік, – деді де лезде өңі салқын тартып, сұрақты тіке қойды. – Шөп ору науқанына дайындығың қалай? Техникаларың түгел жөндеуден өтті ме?

– Асанбай Асқарович, биыл шөптің шығымдылығы өте жақсы. Анадағы өздеріңізге берген уәде үдесінен шығайын деп жұмыс істеп жатырмын. Ертеңнен бастап жаппай шөп ору науқанына шығамыз. Техникалар сақадай сай.

– Серік, уәде беру бір ерлік, оны орындау мың ерлік. Сенің кім екеніңді сөзің емес, нақты атқарған ісің көрсетеді, – деп салмақ сала сөйледі. Тізілген техникаларды көріп, механизаторлардың жағдайларын сұрады. Оларға рух, жігер беретін, тәлім алатын тарихи шежіреден біраз әңгіме айтты. Содан Асекеңнің сөзге шешендігін, шаруашылықтың қай саласын да терең білетінін байқап, етене тани бастадым. 

Біраз күннен соң аудан мен облыс басшылықтарында өзгерістер болды. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып Құралбай Сыздықов сайланды. Ал облыстық атқару комитетінің төрағасы Шаймерденов республикаға ауысып, орнына Санжар Жандосов сайланды.

Маусымда қыстық мал азығын дайындау науқаны қызып жатқан. Ауданға Асекең тағы келді. Басқа шаруашылықтарға қарағанда «Ақдала» совхозы аудан орталығынан қашықтау, түстік жерде. Бұрынғы басшылар алыссына ма, әйтеуір соға бермейтін. Ал Асекең мені сынағысы келді ме, тағы да ат басын тіреді. Мал қораларын, егістікті, шабындықты аралап шықты. Арық жағасындағы биіктеу төбеге шығып, шабындаққа көз жіберді. Екі орақты тракторлар бірінің соңынан бірі түсіп, қалың шөпті жапырып барады. Шөбі орылған алқаптарда тырмалаушы техникалар. Ұзына бойы жалданған шөпті итере жинап, шөмеле жасағандарға, сол шөмелелерді тасымал көліктеріне артып жатқандарға қарап біраз тұрды да тас лақтырым жерде арық жағалауын қол шалғымен орып жатқандарға жүргізушісін жұмсап, бел орақ алдырды. Жанында тұрған бізге бұрылып:

– Ауыл шаруашылығының қара­пайым еңбеккерлерін түсініп, бағалау үшін, солар секілді еңбек ете білу керек. Қазір мына бел шалғыны қолдарыңызға ұстап, мына көк орай шалғынды орасыздар. Кімнің ораққа икемі бар, кімнің шаруашылықты қаншалықты білетіні осыдан байқалады. Қане, аупарткомның бірінші хатшысы, әуелі сен баста, – деп Сыздықовқа жерде жатқан шалғыны иегімен меңзеді. 

Сыздықов шалғыны тым биікке көтеріп барып, шөпке салып еді, ұшы жерге кірш ете қалды. Қайта көтеріп, екінші рет сілтегенде шалғы шөпті бір қарыстай жоғары орып түсті. Асекең басын шайқап:

– Ал ауаткомның төрағасы, жолдас Қожабаев. Енді сенің әуселеңді көрейік. Шалғыны ұста, – деді.

Ол шалғыны күшке салып қанша рет құлаштай тартса да, ұшы жерге қадала берді. Қатты сасқаны соншалық маңдайынан тер шып-шып шықты. Асқаров басын шайқады.

– Директор Әлібеков жолдас, ендігі кезек сенікі. Қане орақты ұста, – деді маған да сынай қарап.

Бала кезімде атам жарықтық талай рет есік алдындағы жоңышқаны орғызған еді. Шалғының белдеу тұтқасын оң қолыммен, сол қолымның саусақтарын жоғары қарата сабынан қыса ұстағаным сол еді Асекеңнің жанында тұрғандарға ақырын ғана: «Шалғыны осылай ұстайды», – деген сөзін құлағым шалып қалды. Шалғының орағы жақсы шыңдалған екен. Күшті қол мен белге бірдей салып, қалың жынысты шөпті түбінен сыдырта жөнелдім. 

Асекеңнің жүзі жадырап сала берді.

– Бәрекелді, директор жолдас! Жарайсың! Тірліктің көзін біледі екенсің!

Ол назарын аудан басшыларына аударды.

– Ауыл еңбеккерлеріне жұмыс істету үшін, сол жұмыстың мәні мен тәсілін әуелі өздерің білулерің керек. Техникалардың қуаттылығынан, мүмкіншілігінен, сырынан хабарың болғаны абзал. Жұмыстың көзін таппасаңдар, істеріңде өнімділік те, нәтиже де болмайды. Атқарылатын істің жөні мен жобасын әуелі өзің білмесең, құр айқайыңнан ештеңе шықпайды. Керісінше абырой, беделдеріңе нұқсан келтіреді. Одан айырылдым дегенше, халқыма қадірім кетті дей бер. Оқу, үйрену ешуақытта кештік қылмайды. Осыны естеріңнен шығармаңдар.

Іргедегі Сырдың арғы беті қызғалдаққа толған. Айнала өрттей қып-қызыл. Асекең сол қалың қызғалдақтың арасына дейін барды. «Голландияда қызғалдақтарды қолымен егіп, күтіп баптайды. Ал бізде далада өздігінен өсіп, жайнап, көз жауын алып тұр. Мұндай көркем жер қайда бар?» – деп айналаға тамсана қарап, гүлдердің жұпар исін құмарта жұтты. Жайылған киіз үстіне отырып, аздап қымыз ішті. Асығыс екен. Ауқатқа қараған жоқ. Көрші ауданға қарай жүріп кетті.

Араға ай салып Асекең совхозға тағы келе қалмасы бар ма. Бұл жолы Социалистік Еңбек Ері Боранбек Шүкірбеков басқаратын көрші «Задария» совхозының басшыларын да осында шақыртып, жиын өткізді. Асекең шаруашылықтардағы өзі көрген кемшіліктер мен жетістіктерді айтып, сараптама жасап талдады. Асекең көп сөздің емес, дөп сөздің адамы. Сыны орынды айтылып жатса, қалай құлақ аспайсың. Екі шаруашылықтың басшы мамандары өздеріне қатысты нұсқауларын қойын кітапшаларына жазып алды. Түстік асты киіз үйде іштік. Төрде отырған Асекең:

– Осы отырған бәрің мал шаруашылығының маманысыңдар. Менің сендерге қояр сұрағым бар? Қай қойдың түрі төлді көп береді? Қане, жауабын кім айтады? – деп иегін көтере отырғандарды шола қарады. 

«Задария» совхозының бөлімше меңгерушісі Арынбек:

– Асеке, меринос төлді көп береді, – деді.

Асекең құптаған жоқ. 

Қазір аты-жөні есімде қалмапты, сол совхоздың тағы бір маманы:

– Қаракөлден асып, төл беретін қой жоқ шығар, сірә, – деді лепіріп.

Асекең оны да құптаған жоқ.

Біздің совхоздың мал мамандары да өз білгендерін ортаға салып жатты. Бірақ қай-қайсысының да айтқандары Асекеңнің көкейіне қонар емес. Маған мойнын бұрып:

– Сен не дейсің, Серік? – деді дауыстап.

– Асеке, төлді ең көп беретін «шубайский» деп аталған қойдың тұқымы. Еуропада өседі. Түрі біздің ақ қойға да, еділбай қойына да келе бермейді. Оның басы қара, жүні тықырлау болады екен. Бір қызығы, қыста қозыларын туған бойда өзі өліп қалатын көрінеді. Алла төлді көп тууды сол қойға жазса керек. Содан кейін меринос, – дедім.

Асекең жымиып:

– Жауабың дұрыс, Серік. Сен оны қайдан білесің?– деп үстеме сұрақ қойды.

– Асеке, жақында Мәскеуге барып, білім-біліктілігімді жетілдіріп қайттым.

– Иә, құр босқа қыдырып қайтпапсың, – Жұрт ду күлді.

Асекең көпшілікке қарап, сұрағын тағы жалғастырды.

– Қазақ кейбір әйелдерді «Бес биенің сабасындай» екен дейді. Осы сөздің мәні неде? Сол әйелдің салмағы қанша килограмм тартады деп ойлайсыңдар? Қане, жауабын кім айтады?

Жұрт жамырай жауап берді. Бірі салмағы 70 десе, енді бірі оны 80 – 90-ға өсіріп жатты. Олардың жа­уаптары Асекеңді қанағаттандырған жоқ. 

– Жарайды, енді екінші сұрақты тыңдаңдар. Бабы келіскен бие бір тәулікте қанша литр саумал береді?

Біреулер 5-7 десе, біреулері 10 литр деумен болды. Асекең қабағын шытып, қолын көтерді. Жұрт тынышталып, Асекеңе құлақ түрді.

– Биенің сауым уақыты қанша?

Жұрт тағы да жамырап сала берді. Тұс-тұстан шыққан дауыстар сауын уақытының арасын 40 минут десе, екінші бір дауыс оны жоққа шығарып 60 минутқа жеткізді. 

Асекең:

– Қойған сұрақтарымның нақты, дұрыс жауабын айтқан жоқсыңдар. Бәрінің жауаптарын өзімнің айтуыма тура келіп тұр. Қазақ салмағы 66-дан 72 килограммға дейін тартатын ажарлы, ақылды, балалы-шағалы әйелдерді «Бес биенің сабасындай екен» деп сүйсініп, құрметпен қараған. Әйел сол салмақтан жоғары тартса, көзге қораш көрінеді. 

Бағуы келіскен бір бие тәулігіне 13-15 литр саумал береді. Әрине, са­уын уақыты қатаң сақталса. Ал са­уын уақыты 30-35 минуттан аспау керек. Таңғы сағат 8-ден 13-ке дейін үш рет сауылғаны жөн. Түнде құлыны 5 – 6 сағат қасында болса, емген сүті тәулікке дейін жетеді.

1978 жылдың жазы мен күзінде жиын-терін науқаны басталды. Мың гектар бидай алқабының әр гектарынан 25 центнерден бидай орып, қамбаға бастырдық. Мұндай өнім көрсеткіші «Ақдала» совхозы құрылған 1964 жылдан бері болмаған екен. Мемлекетке жоспардағыдан 5 мың тонна бидайды артық өткіздік. Біз сол жылы бес жылдық қарыздан бірден құтылдық. Дала аруының әр гектарынан 800 тонна жүгері өнімін алдық. Қораларда мал азығының жеткілікті қоры жасалып, сол жылы біздің совхоз еңбеккерлері 450 мың сом таза пайдамен шықты. 

1983 жыл да совхоз үшін табысты болды. Обком Қызылқұм ауданын негізінен жүгері дақылын өсірумен айналысатын шаруашылыққа бағыттап, барлық күшті соған жұмылдырып жатқан кезі. Совхозда неше жылдан бері игерілмей жатқан жер бар еді. «Мен неге сол жерге жүгері дақылын екпеймін» деген ой келді. Шаруашылық мамандарымен кеңестім. Олар су болмаса еңбектің зая кететінін, көп шығынға бататынымызды ескертті. Ойлап көрсем, су мәселесін де шешуге болатын секілді. Арнайы су сорып-айдағыш қондырғымен «Арыс-Түркістан» каналынан егістікке су жеткізуге болады. Сонымен тағы да тәуекелге бардым. Манкенттегі «СНП – 510» су сорып-айдағыш қондырғы шығаратын зауытқа барып, директорымен келісім-шарт жасадық. Мен зауыттың қосалқы шаруашылығын жем-шөппен қамтамасыз етемін, олар совхозға 10 қондырғы беретін болды. Сонымен совхоздың 800 гектар жерін жыртқызып, жүгері дақылын еккіздім.

Шілде айының бел ортасында Шымкент облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары Кузьма Иванович Шаромко совхозға келіп, бітік өскен жүгеріні көріп, жанында тұрған Бөген аудандық атқару комитетінің төрағасы Бекбауовқа:

– Асанхан, сенің мамандығың агроном ғой. Жүгері дақылын бұрын неге осылай өсірмегенсіңдер? – деді таңданысын жасыра алмай. Ол кетерінде дән саны 1200, білектей ұзын собықты сабағынан қайырып алды. 

Тамыздың басында ауданнан уәкіл келіп, Асқаров Қызылқұм ауданына бара жатып, жолай «Ақдала» совхозына соғады екен деген хабарды жеткізді. Ертеңіне сәскеде Асанбай Асқаров келді. Бойы аттылы кісі көрінбейтін 250 гектар жер бөлігін алып жатқан жүгері алқабына қарап тұрып: 

– Шаромко кісіні мақтай бермеуші еді. Сені маған мақтап келді. Сен жүгеріні осындай бітік қылып өсіруді қайдан үйрендің? – деді маған.

– Асеке, бәрін өмірдің өзі үйретеді екен. Алматыдан жүгерінің «Қазақстан» сортын арнайы алдырып ектік. Оны агротехникалық шараларға сай баптадық. 

Асекең собықтарының қабығын аршып, маржандай тізілген дәндеріне қызыға қарап:

– Өнімділігі жоғары екен. Серік, осы шынымен-ақ «Қазақстан» сорты ма? – деді.

– Иә, Асеке, – деп іле жауап қаттым.

Асқаров қасындағы Санжар Жандосовқа бұрылып:

– Санжар, қолынан іс келетін жігіттің қандай жүгері өсіргенін қарашы! Ол маған шығынға белшесінен батқан совхозды көтеремін деп уәде берген еді, – деп маған мойнын бұрып, жымиды. – Жарайсың, Серік! Берген уәдеңде тұрдың! – Асекең ризалығын танытып, жып-жылы алақанымен арқамнан қақты. 

Қазір сол кез есіме түскен сайын, сондағы Асекеңнің шуақ шашқан мейірге толы жүзін, қолының ыстық табын қайта сезінгендей күй кешемін. 

Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ