Жаңалықтар

Жұмбағы көп Жуантөбе

ашық дереккөзі

Жұмбағы көп Жуантөбе

Біздің ауылға жақын жерде Жуантөбе деген мекен бар. Аты айтып тұрғандай қалың қабырғалары алыстан менмұңдалаған еңселі төбе Екпінді жазығының дәл төрінде, таумен ұласа жонданып көрінеді. Сыртынан шыр айналдыра ор қазылған төбенің орта тұсы опырылып, төмен түсіп кеткен. Ауыл зиялылары «Бұл төбені өткен ғасырларда орыстың қарақшы – жиһангерлері тонап кеткен» деген болжам айтады. Жуантөбенің үстіне шығып, зер сала қараған кісі Іле Алатауының қолтығын қуалай, шығыстан батысқа созылған төбелер тізбегін байқайды. Сол тізбектің жүйесін бұзбай жүріп отырсаңыз, бір шеті Алтын адам табылған Есік қорғандарына бір-ақ апарады екен. Алып төбе жайында аңыз көп. Біреулер «бұл жер кезінде қалмақтың атақты ханының ордасы болған екен, қалмақ ханы мұнда қомақты алтын-күміс пен көп мөлшерде қытай күрішін тығып кетіпті» десе, енді бірі «жаугершілік замандарда ата-бабаларымыз бұл төбенің үстіне от жағып, ел шетіне дұшпан келгенінен хабар берген» деседі. Көнеден талып жеткен сол кәрі аңыз бізге бір шындықтың шетін шығаратындай. Жуантөбеден қалмақ хандарынан гөрі, арғы бабаларымыз – түркі қағандарының қолтаңбасын көбірек кездестіруге болады. Бұл жердің тағы бір ерекшелігі, төбені шыр айналдыра тереңдігі екі метрден асатын, радиусы 100 метрге жуық ор қазылған. Кезінде оған су жіберілген деген сыбыстар бар. Ондағы мақсат, ентелеген жау болса, ордаға емін-еркін кіре алмасын деген сақтықта жатса керек. Бұл жерде айта кетерлік бір қызықты жайт бар. Жуантөбе орналасқан Екпінді жазығы негізінен шөлейт аймаққа жатады. Су жазық деңгейінен шамамен 1000 метрдей төменде жатқан Меркі өзенінен тартылған екен. Шыңырау тереңінен су жеткізген көне тоғанның орны әлі бар. Судың жағымсыз, тылсым күштерден аластаушы, жамандыққа қарсы қорған, қалқан іспетті қызмет атқаратыны – түркілер ұғымында ежелден бар дүние. Орда төбелерге айналдыра тоған қазылып, оны кейде өзен суымен, кейде жаңбыр суымен толтырылған. Бұл – көне түрік дәуіріне тән нәрсе.  Жуантөбе сақ дәуіріне де тиісті болуы мүмкін. Төбенің ортасы ойылып түсіп кетуі ішіндегі мұраның қолды болғандығын дәлелдейді. Ордалардағы бағалы алтын, күміс бұйымдарды түк қалдырмай тасып әкеткен. Тонаушылар оған төбесін ойып, сол арқылы кірген екен. Қаншалықты дүние алып кеткені белгісіз. Кім білсін, кезінде Есік қорғанын да тоналған деп жүрдік қой. Бірақ Алтын адам қорғанның бір бүйірінен шыққан болатын. Сол секілді, мұнда да бір Алтын адам жатуы ғажап емес. Төбелер тізбегі екені рас. Отырар ауданынында да дәл осындай Жуантөбе деген мекен бар. Олардың бәріне ортақ туыстық байланыс бар. Бір өркениеттің ізі екені анық. «Жуантөбенің астын ордалы жылан мекендейді-мыс» деген қауесет бар. Өйткені жұрт жаздың ашық күндері тасқа шығып, қыздырынып жататын сұсты мақұлықты жиі көреді екен. Жуантөбенің шырақшасындай болып жарты ғасырдан астам уақыт жанында тұрған жалғыз үй бар. Жуантөбе, неге екені белгісіз, жұмбағы ашылмаған қалпы, осы күнге дейін бірде-бір мардымды зерттеу жасалмай, ғылымның назарынан тыс қалып келеді. Шығысында – Шарын, батысында – Көлсай, түстігін – күнгей Алатауы, терістігін – Торайғыр таулары қоршаған таңғажайып төбе бүгінде  өз жоқтаушысын сарыла күтіп жатқандай… Төбеде өсіп тұрған шыбықтай гүлдің астында қандай байлық жатыр десеңші… Қазақстанның асты да, үсті де қала екенін әлемге паш ететін күн алыс емес.  

  Әреджан Назира