ҮЙ АЛУ ҚИЫН, КЕЗЕКТІ КҮТУ ОДАН ДА СОРАҚЫ

ҮЙ АЛУ ҚИЫН, КЕЗЕКТІ КҮТУ ОДАН ДА СОРАҚЫ

ҮЙ АЛУ ҚИЫН, КЕЗЕКТІ КҮТУ ОДАН ДА СОРАҚЫ
ашық дереккөзі

Баспана
мәселесі  тағы қаралды. Бірақ өткізілген жиындар мен баспанасы бар
шенеуніктердің басқосуынан еш нәтиже болған жоқ. Таусылмайтын
жиналыстардың немен тынары да баршаға белгілі. Дерт көрсетіледі, емі
жоқ. 

Осыдан бір жарым жыл бұрын «Нұр Отан» партиясының
Орталық аппаратында өткен «Халықты баспанамен қамтамасыз етудің жай-күйі
мен перспективалары» парламенттік тыңдаудың ұсыныстарын жүзеге асыру
барысы туралы» дөңгелек үстел отырысына қатысқан Мәжіліс төрағасының
орынбасары, депутат Дариға Назарбаева тыңдаудың ешбір нәтиже бермегенін
таяуда баса айтты. Назарбаева ханымның айтуынша, «Депутаттар көктен
алып, жаңа дүние ойлап тапқан жоқ. Мәселе «Қолжетімді баспана-2020»
бағдарламасының жекелеген нақты жоспарын құру туралы болатын». Сонымен
қатар кезектің жүру реті мен баспаналы болудың неше жылға созылатынын
санап берді. 

– Биылғы 1 қаңтар  деректері бойынша
мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін баспана кезегінде 283 109 адам
тұр. Мемлекеттің жылына 6 мың пәтер салу жоспарына сүйенсек, кезектегі
ең соңғы адам шамамен 44-45 жылдан кейін баспаналы болады деген сөз. Бұл
– бүгінгі күннің шынайы көрінісі. Әрине, мемлекеттік қазынаның
мүмкіншілігі шектеулі екенін, белгілі бір проблемалардың бар екенін біз
жақсы білеміз. Дей тұрғанмен, біз бұл мәселені шешудің айтарлықтай
 қарапайым және ақылға қонымды тәсілдерін ұсынып отырмыз.  Яғни, тұрмысы
нашар отбасыларына арналған үшінші-төртінші деңгейдегі қымбат емес
баспаналар, шағын отбасылық жатақханалар салып, сол үшін типтік жобалар
жасау қажет еді ғой, – деді Д.Назарбаева. Десе де кезекте тұрған адамның
жалпы саны – 200 мыңның үстінде. Расында, басқа да көптеген адамның үйі
бар ма? Жоқ. Тек кезекке тұруға мүмкіндігі жоқ. Мемлекеттің қойған
талаптарын орындай алмағандықтан кезекке жазылмағандар тым көп. Оларды
қайтпекпіз? 

Бұл мәселені жеңілдетудің жолын да
Назарбаева ханым айтып кетті. «Елде баспанасыз жүрген халықтың саны
көбейіп барады. Ал америкалықтар бұл мәселені муниципалды үйлер салу
арқылы шеше білді. Кеңес кезінде сұранысты «хрущевкалар» есебімен
жаптық. Ал қазір неге қорқып отырмыз? Осындай арендалық негіздегі үйлер
салу қажет. Әлемнің дамыған елдерінде де халықтың 40-50 пайызы осындай
мемлекеттің жалдамалы пәтерлерінде тұрады. Біз де осыған келуіміз
керек», – деді. Алайда арзан үйге де, жоғары тапқа арналған үйге де
бөлінген қаражаттың қалай жұмсалатыны белгісіз… көбіне зым-зия болады.
Айтқандай, қалалардағы кейбір тұрғын үйлердің саны тым қымбат. Мәселен,
депутат Мұхтар Тінікеевтің мәліметінше,  әр шаршы метріне 4500 АҚШ
долларын сұрайтын үйлер бар. «Олар мұндай бағаны қайдан алған? Біз
Парижде тұрып жатырмыз ба?  Әлде бұл қалада тек миллиардерлер тұра ма?» –
деді кейіген депутат. Расында, мұндай бағаға үй алғанша, Еуропаның қақ
ортасынан сарай алуға болмай  ма?! 

Қоғам дамуы да
баспанаға деген қажеттілікті арттырады. Десе де, Үкіметтің салық төлеп
отырған әрбір тұрғынға қол ұшын созып, тиімді шарттармен үй тұрғызуға
қауқары жоқ па? ҚР Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев: «Қазақстанның
тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» желісі бойынша тұрғызылатын баспананың 50
пайызын, Қазақстанның ипотекалық компаниясының 70 пайыз және
«Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры желісі бойынша салынатын
баспаналардың 100 пайызын  мұқтаж азаматтардың қажеттілігін
қанағаттандыру үшін бірінші кезекте жергілікті атқарушы органдарға ұсыну
керек деп отырмыз. Бұл мемлекет қолданысқа беретін пәтерлер санын
жылына 10 мыңға дейін көбейтуге мүмкіндік береді. Әрине, баспана
мәселесін тек қана бюджет есебінен шешу мүмкін емес. Сондықтан, нарыққа
коммерциялық баспананың да тартылуы маңызды», – деп  басқа да
ресурстарды алға тартпақшы болды. Бұл ретте депутат Владислав Косарев
бұл жұмысқа кімнің жауапты екенін сұрады. Расында, бұл жайт «Мақта қыз
бен мысық» ертегісін еске түсіреді. Баспана салуда бір құзырлы орган
екіншісіне, олар банкке, банк мердігер компанияларға ысыратыны да
жасырын емес. Түптеп келгенде ешкім кінәлі емес, бірақ үй жоқ. 

«Болат
Бидахметұлы, әңгімеңіз әдемі. Ал соның іске асқаны қайда? Үкімет
қимылдауы керек қой. Мемлекеттік бағдарламамен ақша алып, шаруаны
шатқаяқтатқан сондай бір құрылыс компаниясы басшысын жағадан алып,
сілкіп көрдіңіз бе өзіңіз?», – деді депутат В.Косарев. 

Тұрғын-үй
кезегінде тұрғандардың нақты саны аталған көрсеткіштен 2-3 есе көп.
Көптеген облыстардан тұрғын үй кезегінде тұрғандар жайында нақты ақпарат
алу мүмкін емес. Бұл мәліметті Назарбаева ханым да растаған болатын.
Мысалы, Қостанай, Маңғыстау, Алматы, Атырау облыстарының мәліметтері
нақты емес. Атап айтсақ, 2012 жылы халқы тығыз Оңтүстік Қазақстан
облысының көппәтерлі тұрғын үй қорының 65 пайызы жөндеуді қажет етеді.
Ал бұл өңірде ресми түрде үй кезегінде 10 мың ғана адам тұрса, халқы аз
Шығыс Қазақстан облысында 15 мың 156 адам кезекке жазылған деген ақпарат
алған едік. Ақпаратты осылай қолдан жасаудың бүгінде жалғасын тауып
келе жатпағанына кім кепіл? 

Ақниет ОСПАНБАЙ