Жаңалықтар

СОТ ЖАРЫЛҚАПТАН 20 ЖЫЛҚЫ, 15 ТҮЙЕНІҢ ҚҰНЫ ТҰРАТЫН АЙЫППҰЛ СҰРАДЫ

ашық дереккөзі

СОТ ЖАРЫЛҚАПТАН 20 ЖЫЛҚЫ, 15 ТҮЙЕНІҢ ҚҰНЫ ТҰРАТЫН АЙЫППҰЛ СҰРАДЫ

Екінші дүниежүзілік соғыстың жалғыз ғана жауызы – А.Гитлер туралы, оның зұлым саясаты жайлы мақала жариялаймын деп, басы бәлеге қалған Жарылқап Қалыбай ағаның жуырда Алматыда соты өтті. Сәуір айынан басталған даудың әлі басылар түрі жоқ. Бұған дейін түрлі басылымдар ҰОС-ның 13 ардагері Жарылқап Қалыбай басқаратын «Жұлдыздар отбасы» мен «Аңыз адам» журналының үстінен сотқа шағым түсіріп, әр ардагерге 1 миллион теңге көлемінде, жалпы мөлшері 13 миллион теңге өтемақы төлеуін талап еткені туралы жарыса жазған болатын. Масқара болғанда, арыз берген ардагерлер журналды тіпті оқымағанын өз ауыздарымен мойындаған да болатын. Журналдың мұқабасындағы Гитлердің суретін көре салып, өсек тасығыштардың айтқанына сеніп, Нұртас Ахметов жазған арызға қол қойып бере салған-мыс. Ал өтемақы туралы мүлдем естімеген де. 

Сонымен маусымның 30-ы күні қос журналға қатысты кезекті сот отырысы болып өтті. Бұл жолы Алматының Алмалы аудандық соты журнал редакторы Жарылқап Қалыбайды тағы да кінәлі деп тауып, 13 арызданушының әрқайсысына 1 миллионнан 13 миллион теңге төлеуге міндеттеді. Сондай-ақ, ардагерлерден жариялы түрде кешірім сұрауын да міндеттеп берді.

 Алматы қаласы, Алмалы аудандық соты шешімі

…«Жұлдыздар отбасы. Аңыз адам» журналының бас редакторы Жарылқап Қалыбай және меншік иесі «Отбасы» баспасы ЖШС Қазақстан халқы алдында, Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен ардагерлерінің алдында фашизмді насихаттағаны үшін кешірім сұрасын. Кешірім мәтіні ҚР БАҚ-тарында жариялансын. «Жұлдыздар отбасы. Аңыз адам» журналының бас редакторы Жарылқап Қалыбай және меншік иесі «Отбасы» баспасы ЖШС моральдық зиян орнын толтыру үшін Ардагерлер ұйымы республикалық қоғамдық бірлестігі Алматы қалалық филиалының есепшотына 13 миллион өтемақы аударсын

Біз  Жарылқап Қалыбай ағаның өзімен тілдескен едік…

Жарылқап Қалыбай

  «Жұлдыздар отбасы» мен «Аңыз Адам» журналдарының бас редакторы:

– Керек десең, байғұс ардагерлер шын мәнінде не болып жатқанынан мүлдем бейхабар. Анау «31» арнаның журналистері сол ардагерлерге барып, мән-жайды сұрағанын эфирден таратты ғой. Сонда олар мүлдем басқаша сөйледі емес пе?! Шын мәнінде бұның сыртында пайда көріп қалу деген жымысқы, сасық мүдде жатыр. Жыл сайын 20 жылқы, бірнеше түйе ойнатады. Одан қалса, оқырмандарды саяхатқа да жіберіп жатқан Жарылқап. Бұның ақшасы да шаш етектен деген қарын мүддесі. Басқа ештеңе де емес. Мына сорақылықты қараңыз. Сот дүйсенбі күні сағат 9:00-де басталады деген соң, мен қазақ тілді журналистерді түгел шақырдым. Олар азанмен келіп, күтіп тұрды. Сәлден соң, сот қызметкері шығып, сот сағат 12:00-ге шегеріледі деді. Сосын журналистер кетіп қалды. 

Дүйсенбі күнгі сот отырысына халық ақыны Мұхтар Шаханов қатысты, жұрналдың мүддесін қорғап шырылдап бақты. Бірақ, оның шырылына құлақ асқан жан болмады. Сәуірдегі пресс-конференцияда ақын Мұхтар Шаханов «Мен журналдың мүддесі үшін аяғына дейін күресемін»-деген. «Айтпақшы, Алмалы аудандық сот-филологиялық сараптамасы мақаладан еш кінәрат таппағанымен, сот бізге 13 миллионды кесе салды. Бірақ мен бұл шешіммен түбегейлі келіспеймін»-дейді Жарылқап аға. Бәрі аң-таң. Ардагерлердің жүрегіне Жарылқап жара салды деуге келмейді. Себебі олар журналдың тек мұқабасын ғана көргенімен, мақаланы оқымаған. Нұртас Ахметов деген азамат ардагерлердің құқығының аяққа тапталып жатқанына жаны ауырған мыс. Сөйтіп, көздері де көрмейтін қарттарға арыз жаздырған, дәлірек айтсақ өзі жазған. Ардагерлер оған қол қойып берген.  Осылайша ардегерлерден БАҚ бетінде жария түрде кешірім сұрасын деген Н.Ахметовтың тілегін Алмалы аудандық соты орындады. Бірақ олар бұл әрекетімен  Жарылқаптың да, журналдың да сағын сындыра алмады.

Ең әуелі Ресейдің «Регнум» атты ақпараттық агенттігі 17-сәуір күні қазақстанда Гитлердің 125 жылдығына арнап, «Аңыз адам» деген журнал шықты. Онда Путинді Гитлермен салыстырған, «Гитлерді фашист емес» деп ақтаған, «Майн кампта» көп нәрсе дұрыс жазылған деп ең алғашқы шу көтерілді. Оны Ресейдің «Росбалт» деп аталатын шовинистік сайты одан әрі шулатты. наразылық танытты. Бұл дұрыс-ақ, олар орыстың, яғни өз мүдделерін күйттеді.  Сол шуды іліп әкеткен қазақстандық сайттар, «Nur.kz», «Zona.kz», «Today.kz» т.б. сайттармен қатар  «КТК» секілді орыстілді телеарналар кімнің мүддесіне жұмыс істеп отырғаны түсініксіз бізге. Осының алдында «Голощекин», «Шыңғыс хан», «Сталин» секілді зұлымдарды жариялаған, олардың адамзатқа тигізген қасіретін жазған журналдың Гитлер туралы санының мұқабасында Гитлер «Адамзат қасіреті» деп айдан-анық жазылып тұр емес пе?!  Бір журналға 40-50 тарихшының пікірі алынады. Солардың ішінде Нағашыбай Есмырза атты тарихшы өзінің жеке пікірінде «Гитлер фашист емес» деген. Бұл журналдың пікірі емес, автордың пікірі, – дейді ағынан жарылған Жарылқап аға. Ал баспасөз заңы бойынша кез келген журналда автор мақаласы редакция пікірін білдірмейді деген жазу тұрады.

Айтпақшы, ендігәрі қазақ тілді журналдардан өзіңізге ұнамайтын теңеулер болса,  қазақстандық «өте әділ» судьялардың көмегімен бірнеше миллион теңге өндіріп алуыңызға болады. Әрине, арыңыз жіберсе ондайға…

Жаңа айып: Экстримизмді насихаттау

«Гитлер» туралы мақала жариялаймын деп, басы бітпес дауға қалған Жарылқап ағаға демеу болуға кеңсесіне бардым. Бір жағынан мәселенің әужайын редактордың өз аузынан естімекке. Бөлмеде шәй ішіп отыр едік, еш ескертпестен, тіпті есік қақпастан екі бірдей форма киген, ішкі істер департаментінің қызметкерлері кіріп келді. Қолдарында «Аңыз Адам» журналының  Гитлерге арналған саны. Сөйтсек, әлгілер «журналда әкімшілік-құқық бұзушылық фактісі тіркелді» дейді. Сот-филологиялық сараптамасы бойынша Нағашыбай Есмырзаның «Гитлер фашист емес» деген сауалнама пікірінде «Экстремизмді насихаттау» көрінісі бар дейді.

-Бұл жерде Н.Есмырза тарихшы ретінде фашистік партияның лидері Муссалини, ал Гитлердің Германия «ҰЛТШЫЛ СОЦИАЛИСТІК» партиясының жетекшісі екенін анықтап айтып отыр. Онда тарихшы Н.Есмырза Гитлер фашист емес, ол Ұлтшыл-социалистік партия жетекшісі делінген. Ал біздің айыптаушы мекмелер мен сарапшылар, осы контекстің тек алғашқы бөлігін кесіп алып, соған шүйлігіп отыр. “Айтыңыздаршы, бұл масқара ғой, барып тұрған абсурт, ұят нәрсе. Бұл жерде ешқандай экстримистік пиғыл айтылмаған”,- деп ашынады Жарылқап Қалыбай.

Енді осы мәселе бойынша тағы бір сот ісі басталуы мүмкін. 

Нұргелді Әбдіғаниұлы