Жаңалықтар

"Протон" құлағалы 1 жыл

ашық дереккөзі

"Протон" құлағалы 1 жыл

Бүгін осыдан тура бір жыл бұрын Байқоңырдан көкке көтерілген «ПротонМ» зымыран тасығышы Қызылорда даласына құлап, улы гептил төгілген болатын. Бұл оқиғаны ресейлік ғалымдардың өзі «химиялық шабуылға» теңеген еді. Содан бері бір жыл өтсе де Роскосмос улы гептилден келген зардаптың өтемақысын төлеуге асығар емес.

Жақында ресейлік «Известия» газетінде Роскосмостың бұрынғы басшысы Владимир Поповкиннің өліміне «Протон» апаты себеп болды деген мәлімдеме жасады. «Известияның» 18 маусымдағы санында «Болезнь явилась следствием аварии «Протона» атты мақала жарияланған. Онда Владимир Поповкин апатты залалсыздандыру үшін гептилден уланған аймақтың эпицентріне барған екен. Медиктер оның сол сәтте гептилге уланғанын мәлімдеген. Қазақ қоғамы бұл мәлімдемеден жылт еткен үміт тауып отыр. Жылдар бойы улы гептилдің отынын жұтып келе жатқан Қызылорда халқына төленетін өтемақы мәселесі қайта қаралып, ондағы халықтың денсаулығына көңіл бөлінуі мүмкін деген болжам жасалуда. 

Алайда былтыр «Қазақғарыш» агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев гептилдің адам денсаулығына тигізер залалы жоқ деп кесіп айтқан болатын.  Біздің билік халықтың мұңын ескерер емес. Халықтың әл ауқатының күн өткен сайын төмендеп бара жатқаны ешкімді селт еткізер емес. Ал өз құқығын талап етіп, ереуілге шывққандарды түрмеге тоғытумен айналысуда. 

Соған қарамастан қазақтың қоғамдық белсенділері бір жыл бойы гептилге қарсы күрестерін тоқтатқан жоқ. Олардың әрбір наразылық акциясы күшпен таратылып, айыппұл төлеумен аяқталып отырды. Астаналық «Антигептил» қоғамдық ұйымының өкілдері Астанадағы Ресей елшілігінің алдына бүгін де келді. Бұл жолы Ресейдің Қазақстандағы өкілетті және төтенше елшісінің өкілі қоғам белсенділерінің алдына шығып, олардың талабын жоғарыға жеткізуге уәде берді. Ал улы гептилді «Протонды» ұшыруға қарсымын, алайда оған тыйым сала алмаймыз деген Талғат Мұсабаев қазақтың мүддесін қорғағанның орнына Ресейдің қазақ даласынан зымыран қалдықтарының құлауына арналған жаңа аумақ сұрап отырғанын айтып мүләйімсіп отыр.