Жаңалықтар

Алматыда – сегізінші аудан

ашық дереккөзі

Алматыда – сегізінші аудан

Алматы қаласы тағы бір ауданмен толықпақшы. Қалалық мәслихатының кезекті сессиясында мегаполистің жаңа әкімшілік-территориялық бірлігі – Наурызбай ауданын құру туралы шешім қабылданды. Алматының аумағын 23 200 гектарға кеңейткеннен кейін қала тұрғындарының саны 1,7 миллионға жуықтапты. Себебі, ауылдан қалаға келіп, түтінін түтетіп жатқан қазақ отбасы көбейген. Оның үстіне бұрын Алматы облысына қарайтын елді мекеннің кейбірі қаланың аумағына еніп жатыр. Соған орай, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа қаланың жаңа ауданын құру туралы ұсыныс жолданып, бұл бастама қолдау тапты. Енді Наурызбай батыр атындағы ауданға Әуезов ауданының бір бөлігі және жаңадан қосылған елді мекендер еніп отыр. Бұл – 6 976 гектар жер. Аудан халқының саны – 157 мың адам.  

Ал Наурызбай ауданының әкімі қызметіне бұған дейін Алматы қалалық жер қатынастары басқармасының бастығы болған Қуаныш Қашқымбаев тағайындалды. Жаңа ауданды дамытуға 3,3 миллиард теңге бөлініп отыр. Оның 1 миллиард теңгесі жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарына көзделеді деп күтілуде.