Жаңалықтар

САУДАҒА ТҮСКЕН СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН

ашық дереккөзі

САУДАҒА ТҮСКЕН СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН

Кезекті каникулға кеткен Парламенттің келесі маусымға қалдырған ісі бастан асады. Оның бірі – Байқоңыр аумағында Қазақстанның экологиялық заңдарының жұмыс істеуі. 

ҚР ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев қазақ халқын, соның ішінде улы гептилді «Протондардан» зардап шеккен Қызылорда халқын Байқоңырда Қазақстанның Экологиялық кодексі жұмыс істейтін болады деп жұбатып келгеніне жыл болған еді. Алайда, Ресейдің өз бақай есебі болған екен. Ресей тарапы Байқоңырда Қазақстан заңдарының жұмыс істеуіне келісу үшін, оның өтемақысына Солтүстік Қазақстан облысынан «Союз» зымыран тасығыштарының қалдығы құлайтын жаңа аумақ талап еткен көрінеді. 

«Бірнеше күн бұрын Ресей тарапы мен Қазақстан арасында «Байқоңыр» ғарыш айлағының экологиясы жайында үкіметаралық келісімге қол қою туралы шешім қабылданды. Бұл келісім бойынша, ғарыш айлағы аумағында біздің жаңа экологиялық кодексіміз жұмыс істейтін норма енгізіледі деп күткенбіз. Алайда Ресей оның есесіне бізден Солтүстік Қазақстан жерінен жаңа аумақ сұрап отыр. Мұнда зымыран-тасығыштардың қалдықтары құлайды деп есептелген», – дейді Талғат Мұсабаев. Қазақстан Ресейдің бұл талабын орындамаса, онда жаңа келісімге қол да қойылмайды. Бұл қандай басынушылық екенін түсіне алмаған қазақ қоғамы іштей қатты ызалы. Вице-спикер Дариға Назарбаева астықты аймақты зымыран қалдықтары құлайтын зонаға айналдыруға үзілді-кесілді қарсы болды:

«Солтүстік Қазақстан – біздің астықты өлке. Онда зымыран қалдықтарының құлауына жол беруге болмайды», – деген ол Мәжілістегі Үкімет сағатында. 

Биыл Қазақстан ақпарат құралдарында ең көп талқыланған мәселе – Байқоңыр мәселесі сияқты. Сондай-ақ, қоғамның қатты қарсылығына да ұшыраған, наразылығын тудырған мәселе осы ғарыш мәселесі болды. Өйткені 2013 жылдың 2 шілдесінде Қызылорда өңіріне төгілген улы гептилдің өтемақысы әлі төленген жоқ. Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров бірнеше рет брифинг өткізіп, Ресейдің өтемақыны төлеуге құлықтылық танытпай отырғанын айтып шырқырағанынан ештеңе шықпады. Депутаттар да осы бір маңызды мәселеде белсенділік танытып, бел шешіп кірісе қоймады. Ал гептилге қарсы Астанада өткізілген наразылық акцияларының барлығы дерлік тұншықтырылып келді. Байқоңырдың экологиялық мәселесіне үн қосқан «Түркістан» газеті мәселенің мәніне үңіле отырып, Қазақстан тарапының Байқоңырға қатысты Ресеймен арадағы келіссөзді қайта қарауға мүмкіндігі барлығы жайында дабыл қаққан болатын. Мәселен, «Түркістан» газетінің 2013 жылдың қыркүйек айындағы санында «Ақауы бар аспан кемесі» атты мақалада байқоңырлық қоғамдық белсенді Серік Теңізбаевпен сұхбат жарияланған. Онда ол: «Байқоңырды Ресейге жалға беру туралы» келісім-шартты қайта қарап шықтық. Ол шартқа 1994 жылы желтоқсанның 10-ында қол қойылған. Ол шартта «Жалға беру шарты 20 жылға созылады. Егер жиырма жылдық уақыты аяқталғанға дейін оны қайта қарау немесе жалға беру келісімін бұзу жайында Қазақстан тарапынан ешқандай шағым түспесе, онда автоматты түрде тағы да он жылға созылады» делінген екен. Біз келісім-шарттың осы бабын пайдалана отырып, 2014 жылдың шілдесіне дейін ҚР Үкіметі Ресей Үкіметіне хат жолдауы керек. Не «Протон-М» зымыран тасығыштарын ұшыруға мүлдем тыйым салады, не онда қолданылатын отын түрін өзгертетін болады демекпіз. Осы мәселелерді қозғау үшін ҚР Үкіметіне хат дайындап жатырмыз. Ресейлік ақпарат құралдары немесе ресми органдары жариялап айтып-жазып жүргеніндей, «Байқоңырды жалға беру мерзімі – 2050 жылға дейін» деген ақпарат жалған. Ресейдің қол астында Байқоңыр 2050 жылға дейін жалда болуы мүмкін. Бірақ, 20 жылдың ішінде ол келісім-шарт қайта қаралуға тиіс» деген болатын. Алайда, Қазақстан үкіметі қызылордалық қоғамдық белсенділердің хатын назарға ілмеген сияқты. Қолда бар осы мүмкіндікті пайдалану Ұлттық ғарыш агенттігі үшін нағыз тұз көзір болып шығар ма еді?!

Солтүстік Қазақстан облысында 5 млн. гектар жерге астық егіледі және жыл сайын 8 млн. тоннадан астам жоғары сапалы астық өндіріледі. Бір сөзбен түйіндесек, облыста ауылшаруашылық өнімі бүкіл республикалық көлемнің 12 пайызын құрайды. Солтүстік Қазақстан аумағын да зымыран қалдықтарымен уласақ, Қазақстанда зымыраннан, әскери полигоннан аман жер қалмайтын шығар. Онсыз да Қызылорда мен Жезқазған халқы бейбіт күнде зардап шегіп келе жатқаны мәлім. Әрбір үшінші бала мүгедек болып дүние есігін ашады. Ендігі кезек Солтүстік Қазақстанға жетсе, Қазақстан халқының болашағына балта шабылғаны деу керек. 

Есенгүл Кәпқызы