Жаңалықтар

ЕЛБАСЫ ЕЛОРДАДАҒЫ ЖАҢА МЕШІТТІҢ ТҰСАУЫН КЕСТІ

ашық дереккөзі

ЕЛБАСЫ ЕЛОРДАДАҒЫ ЖАҢА МЕШІТТІҢ ТҰСАУЫН КЕСТІ

Қасиетті Рамазан айының алдында Астана мешіттерінің саны толыға түсті. Өткен жұма күні елордада жаңа мешіттің тұсауы кесіліп, оған Әлжан ана есімі берілді. Бұл – Астанадағы сегізінші мешіт. Арнасай көшесі мен Қабанбай батыр даңғылының қиылысында орналасқан мешіттің тұсаукесер салтанатына Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев келіп қатысты.

«Мешіт елордамызға келетін қонақтар үшін қолайлы. Болашақта бұл мешіт тек ізгілік пен бірліктің құтты мекені болады деп сенемін», – деді Елбасы. Бұдан соң Елбасы мұсылман қауымын қасиетті Рамазан айының келуімен құттықтады. «Бұл айда жұрттар, Құран Кәрімде өсиет етілгендей, ораза ұстайды. Құран қағидаттарына сәйкес, осы айда адам баласы Аллаға жақындай түседі және олар мейірім, бақыт, береке-бірлік, толеранттылық, өзге жандарға қайырымдылық жасау, күнәларынан арылу және медет тілеу жөнінде ойлануға тиіс. Еліміздің барша мұсылмандарына ұлық Ораза айының сынағынан сүрінбей өтуді тілеймін»,– деді Қазақстан Президенті.

Салтанатты шараға қатысқан ҚМДБ төрағасы, мүфти Ержан қажы Малғажыұлы мен найб мүфти, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Серікбай қажы Ораз жаңа мешітте арнайы құтпа оқыды. Жаңа мешіттің бас имамы болып тағайындалған Ермек Мұқатай алғашқы жұма намазда имамдыққа шығып, өз қызметіне кірісіп кетті. 

Жаңа мешітте бір мезгілде 1500 адам намаз оқи алады. Ғимараттың жалпы аумағы 1 087 шаршы метр, жерінің аумағы – 8 гектар, мұнарасының биіктігі – 28,9 метрді құрайды. Қабырғалары шығыс стиліндегі суреттермен безендіріліп, еденіне керамогранит тақталар төселген жаңа мешіт Астана ажарын одан сайын көркейте түсті. Сондай-ақ, ғимарат экологиялық тұрғыдан таза, жылусақтағыш қабырға материалынан тұрғызылған.

Елбасы өз сөзінде бұл сегізінші мешіт екенін атап көрсетті, қазіргі таңда елордада бұдан басқа тағы төрт мешіттің құрылысы жүріп жатыр. 

Көлбай ЖЕҢІС 

Астана