Жаңалықтар

БЕРІК УӘЛИ ІШКІ САЯСАТТЫ БАСҚАРАДЫ

ашық дереккөзі

БЕРІК УӘЛИ ІШКІ САЯСАТТЫ БАСҚАРАДЫ

Танымал тележурналист Берік Уәли Қазақстан Республикасы «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңының 12-бабы 1-тармағы, 14-бабы 7-тармағы негізінде 2014 жылғы 23 маусымнан бастап, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары – баспасөз қызметінің басшысы лауазымынан босатыла отырып, Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Еңбек жолын 1997 жылы «Таң» телерадиокомпаниясының «Алматы жаңалықтары» ақпараттық бағдарламасының репортері, шығарушы редакторы, «Апта айнасы» бағдарламасының жүргізушісі қызметтерінен бастаған Берік Уәли «Дода» қоғамдық-саяси ток-шоуы арқылы көпшілікке танымал. 

Жемісті еңбегі үшін Берік Уәлиұлы Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты атанып, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен және ҚР Президентінің Алғыс хатымен марапатталған. 

Соңғы жылдары өзін мемлекеттік шенеунік ретінде сынаған Берік Уәли бұл салада да жемісті еңбек етті. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты жетекшісінің орынбасары және баспасөз хатшысы қызметін қоса атқарған ол өз ісінің білікті маманы екенін де дәлелдеді. Оңтүстік Қазақстан облысы басшылығы әріптесімізге тағы да қолдау білдіріп, абыройлы қызметті сеніп тапсырып отыр. «Түркістан» газеті де Берік Уәлиұлын жаңа қызметімен құттықтап, жұмысына сәттілік тілейді.