УКРАИНА ЕУРООДАҚ ТАБАЛДЫРЫҒЫНДА ТҰР
УКРАИНА ЕУРООДАҚ ТАБАЛДЫРЫҒЫНДА ТҰР
Украинаны тығырыққа тіреп, экономикасын едәуір құлдыратып жіберген не жағдай? Әуелгіде бейбіт наразылықпен басталған ереуілдің соңы неге бейберекетсіздікке ұласты? Билік қарапайым халықтың пікіріне құлақ түрді ме? Ашынған жұрттың көздеген мұраты не?
Бұл сауалдарға жауап беру үшін Янукович үкіметінің іс-әрекетіне аз-кем шолу жасауға тура келеді. Жергілікті халық билік тізгінін ұстаған Януковичті Ресейдің «қолшоқпары» ретінде таныды. Әу баста президенттікке үміткер ретінде сайлауға түскен ол Путиннің ерекше қолдауына ие болғанын жұрт жақсы біледі. Тіпті, сол кезде саясаттанушылар «Егер Янукович президент болса, Ресейдің айтқанымен жүріп, айдағанына көнеді. Путинге де керегі осы…» деген еді. Шынында да, билікті тастап қашқан Янукович Ресейден көмек сұрап, паналаған жоқ па? Мұның өзі путиншіл Януковичтің саяси бет-пердесін анық көрсеткендей.
Халықтың қамынан гөрі, қара басын күйттеген Янукович отбасы елден қымқырған ақшасын шетелдің есепшоттарында сақтап, шалқып өмір сүрген. Оның ұлы әкесі президент болған тұстан бері қаншама байлықтың иесі атанған. Бұл кімнің ақшасы? Шындыққа көзі жетіп, шырылдаған бейбіт халық оның отставкаға кетуін талап етіп, елде кезектен тыс президенттік және парламенттік сайлаудың өтуін қалады. Оппозицияның серкелері бастаған топ алғашқыда Еуроодақ қауымдастығы келісіміне қол қоямын деп уәде беріп, іле-шала бұл сөзінен тайқып кеткен Януковичтің әрекетін нағыз бассыздыққа балаған. Билік басына Ресей атқамінерлерінің қолдау-қолпаштауымен келген ол елінің мүддесін аяқасты етуге барды. Ресеймен арадағы газ келісімі мен қордаланып қалған қарызды желеу етіп, Еуроодақ қауымдастығына қол қоюға асығыстық жасамау керектігін жеткізді. Былтырғы жылдың қарашасынан басталып, жарты жылға созылған Еуромайданның нәтижесінде елдің саяси-экономикалық әлеуеті мүлдем жаңа арнаға бұрылды. Алаңдағы аласапыранда бейбіт тұрғындар оққа ұшып, қаншама жастар жараланды. Шын мәнінде, алаңда халықтың мұңын мұңдаған жастар легі елде жаңа саяси элитаның қалыптасып келе жатқанын дәлелдеді.
Сонымен, 25 мамырға белгіленген кезектен тыс президенттік сайлау да мәресіне жетіп, халық жаңа президентін сайлап алды. Украина билігіне келген Петр Порошенко Ресей референдум өткізу арқылы қоластына алған Қырымды бейбіт жолмен қайтаруға уәде берді. Алайда, оның оңай емес екендігін Порошенконың өзі де мойындайтын сияқты. Себебі, әлі күнге дейін Украинаның шығысынан маза қашып, жергілікті тұрғындар үреймен өмір сүруде.
Порошенко уәдесінде тұрды ма?
Халық алдында «Еуроодақ келісіміне қол қоюды 2015 жылға дейін жүзеге асырамын» деп уәде берген президент Петр Порошенко бұл іске кірісіп те кетті. Таяуда Брюссельде Молдава, Грузия, Украина мемлекеттері Еуроодақ мемлекеттері мүшелері жетекшілерінің төтенше жағдайлар саммитінде Украина мен Еуроодақ Қауымдастық туралы келісімнің еркін сауда аймағын құруды қарастыратын экономикалық бөліміне қол қойды. Бұл маңызды құжатқа Еуропалық кеңестің президенті Херман Ван Ромпей мен Еурокомиссия президенті Жозе Мануэль Баррозу, т.б. ЕО мемлекет мүшелері де қолтаңбасын қалдырды. Олар «Біздің мақсат – Украина экономикасын ЕО нарығында интеграциялау. Визасыз жүйе біздің қоғамымызды бұдан әрі жақындата түседі» деген жүрекжарды тілегін білдірді.
Негізінен бұл келісімді ЕО-ға мүше 28 мемлекеттің бәрі ратификациялауы керек екен. Келісімнің саяси бөлігіне 21 наурызда қол қойылса, экономикалық бөлігінде Украина мен ЕО арасындағы еркін сауда аймағы туралы мәселе талқыланып, экономикалық интеграцияны дамыту сөз болды. Ал Еуроодақ, Ресей және үш посткеңестік мемлекеттер – Украина, Молдава, Грузия арасындағы үш жақты кеңес ЕО қауымдастығымен келісімге 11 шілдеде қол қояды деп күтілуде. Украинаның одаққа мүше болу тағдыры ендігі кезекте парламенттің қолында. Осы айда Украина парламенті бекітілген келісімді заңдастыруы тиіс. Одан кейін Еуропалық одақ пен Украина арасында еркін сауда аумағы орнайды. Демек, украин тауарларына еуропалық нарық айқара ашылады деген сөз.
Украина президенті Порошенко салтанатты рәсімде өз сөзін ағылшынша бастап, «Еуроодақ жасасын! Украина жасасын!» деп украинша аяқтады. Ол Украина мен Еуропа Одағы арасында қауымдастық туралы келісімге қол қою екі тарап өкілдерінің жеті жылдық жұмысының нәтижесі болып табылады деді. «Бұл қадамның жасалуына түрлі жағдайлар әсер етті. Енді Еуропалық одақпен ассоциация бірталай реформаларға жол ашады. Біздің ел соңғы уақытта Еуроодаққа мүше болу жолында біраз тәуекел шығынға барды. Украина одақпен экономикалық интеграция және саяси қауымдасу жолында нық тұрды», – деді ол.
Бір қызығы, осы жаңалықтан соң саясаттанушылар «Бұл Ресейдің геосаяси жеңілісі!» дегенді айтуда. Ал ресейлік шенеуніктер «Келісім Ресейге экономикалық шығын әкеліп, Украина экономикасына қауіп тудыруы мүмкін…» деп мәлімдеме жасады. «Экономикалық мәселе ешкімді қызықтырмайды. Қырымдағы және Донбасстағы жағдайдан кейін экономикалық шығын мен пайда туралы әңгіме жоқ. Ресей мен Батыс арасында геосаяси күрес бар. Бәлкім, ресейліктерге мұны мойындау қиын шығар, бірақ олар бұл күресте оңбай жеңіліс тапты. Батыс елдерінің қысымы күшейіп келеді. Әрі Украинаның ЕО қауымдастығына қол қоюы Батыстың геосаяси жеңісі деген сөз», – деді Кедендік одақтың Украинадағы бұрынғы өкілі Виктор Суслов.
Алайда, еркін сауда аймағы Украина үшін үлкен мәселеге айналуы мүмкін. Ресей экспортынан дәмесі бар жергілікті өнеркәсіп иелері жаңа «сауда соғысын» күтіп отыр. Егер қажет болса, Ресей өзінің нарығын Украина арқылы келетін еуропалық арзан, сапасыз тауарлардан қорғау үшін арнайы шаралар қарастыруға дайын екендігін жеткізсе, украиндық өнім өндірушілердің де көңіл-күйі мәз емес. «Украиндық тауарлардың экспортын мүлдем тоқтатып тастайды. Басқа елдің нарығына ену өте қиын», – дейді кәсіпкерлер.
Ал Ресейдің бірінші вице-премьері Игорь Шувалов ЕО қауымдастығы жөнінде келісімге қол қойған мемлекеттерден ресейлік нарықты қорғайтынын және украиндық тауарларға деген салықты көтеру жөнінде бастама көтерді. Ол мұны Қазақстан мен Белоруссия да қолдауға тиіс екендігін қадап айтты. Қазірдің өзінде Ресей елге сапасыз шетелдік тауарлардың екі мемлекет арқылы ағылуынан қорқып отыр. Себебі, мұндай тауарлар Украинаға ЕО келісімі аясында еркін келсе, Ресейге де ТМД келісімі арқылы өте алады екен. Нәтижесінде шекарасын жылдар бойы қымтап әлек болып келген Ресейдің әрекеті желге ұшпақ.
Динара Мыңжасарқызы