АУЫЛДЫҢ АБЫРОЙЫН АСЫРҒАН

АУЫЛДЫҢ АБЫРОЙЫН АСЫРҒАН

АУЫЛДЫҢ АБЫРОЙЫН АСЫРҒАН
ашық дереккөзі

Төлеубеков Рахымғали 1927 жылы бұрынғы Семей облысы, Шұбартау ауданына қарасты №8 ауылда дүниеге келген. Тәй-тәй басып жүруге талпынған шағында сұм тағдыр әкесінен айырды. Анасы Темірғалиева Нұрбазардың аяулы алақанының арқасында ғана аштықтың арандай ашылған аузынан аман қалды. Отбасы жағдайы мен ұлының тағдырын ойлаған анасы Мақаншы өңіріндегі Благородное ауылына (қазіргі Келдімұрат ауылы) көшіп келді. Ел ішіне келген соң көкөніс, картоп өсіріп, бір сиырдың сүтін талғажау етіп, күн көре бастады. Бірақ көп ұзамай соғыс өрті тұтанып, ашаршылық бұл жақта да басталды. Соғыстың ауыртпалығы еңсені көтертпеді. Көктемде қар ерісімен астында үсіп қалған бидай масағын теріп жеп күнелткен күндерді де бастан кешті. Соның кесірінен «Цептически ангина» деген ауру шығып, күніне ауылдың 2-3 адамын жалмап отырды. 

Сол ауыр жылдардың өзінде өкімет шаңырақ басына 40 кг ет, 8 кг сары май, 4 қой терісі, 90 жұмыртқа салық салды. Елде мал бар ма, жоқ па онда ешкімнің шаруасы болмады. 

Анасы сауын сиырын сауып алғаннан кейін, соқаға жегіп жер жыртты. Бел шешпей еңбек етіп, салықтан да құтылып жүрді. Рахаң ол кезде ашқұрсақ жүрген бала болса да, анасына қолғабыс етті. 14 жасынан бастап Мақаншы машина-трактор станциясына орналасып, сонда беретін 600 гр нанның талонына жұмыс істеді. Соғыс кезіндегі тәртіп бойынша анасы Нұрбазар күндіз жұмыста болса, кешкісін соғыстағы солдаттарға қолғап, жылы байпақ, темекі салатын дорба тікті, бет сүртетін орамал тоқыды. Соғыста қаза тапқан солдаттардың туған-туыстарына «қара қағазды» апару, жаман хабарды естірту аналардың мойнындағы ауыр жүктердің бірі еді. Оны да анасы басынан өткерді. Рахымғали аштықпен алыса жүріп, 16 жасында жеті кластық білім алып шықты. Кейіннен ауылшаруашылық техникумын тәмамдап, агроном мамандығын игерді. 

1946 жылдан бастап МТС-та, содан соң Киров атындағы ұжымшарда (кейін «Арқалды» кеңшары) бөлімше агрономы болып жұмыс істеді. 1957 жылы оның бөлімшесі мол астық өсіріп, еңбек даңқын асырды. Соның арқасында Рахаң «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Осы кезден бастап оның ұйымдастырушылық қыры танылды. 1960 жылы алғыр басшыны Мақаншы ауданындағы Киров атындағы ұжымшарға басқарма етіп сайлады. 

Сөйтіп жүргенде аупорткомның хатшысы оны облыс орталығынан 700 шақырымдай, ауданнан 100 шақырымдай шалғайда жатқан, жаңадан ұйымдасқан «Жарбұлақ» қой кеңшарына директор етіп тағайындады. Хатшы өзінің бұл шешімін: «Аудан орталығына жақын кеңшарды басқару жеңілірек. Бұнда зиялы азаматтар мен мамандар көп, өндірістің негізі қаланған. Ал шекарамен шектесіп жатқан Жарбұлақты басқару үшін көргені де, түйгені де мол, алымды да, шалымды іскер азамат керек»,– деп қорытып, Рахаңа сенім артқан-ды.

Кеңшарды ең алғаш қабылдап алғанында онда бар жоғы екі «ДТ-740» тракторы, бір «Белорусь» тракторы, «ГАЗ-51» автомашинасы және 34 000 қой, 30 бас ірі қара, 200 жылқы, жиырма шақты жер үй болды.

Рахаң ең алғашқы жұмысын кеңшар экономикасын жақсартудан бастады. Ол жайлы кезінде Рахаң: «Қамыс арасындағы сазды жерде төлдегендіктен, қозыда шығын көп болады. Жер ылай, сазда төл қалай шетінемесін?! Шөбі өлең, қамыс, құрақ, ши. Сол себепті саулықтар көктемде жүдеп шығады. Ең алдымен, мал басын өз төлімен өсіру мақсатында қойды төлдетуге қырға, изенді жерге көшіру керек. Қырда қоздаған қой тез көтеріліп, сүтке тойған қозылар арасында да өлім-жітім азаяды»,– деп айтқан-ды. 1966 жылы әр жүз саулықтан 120 қозыдан алып, қой басы 110 000-ға жетті. 

Кеңшарда мал шаруашылығымен қоса құрылыс жұмыстары да қарқындап дамыды. 640 орынды типті мектеп, 80 орынды аурухана, типті үлгідегі сауда орталығы, 450 орынды типтік мәдениет үйі, 20 орынды монша, әр жыл сайын 30-50 тұрғын үй салынды.

Көшелері көк желекке оранып, қарасаң көз тоймайтын кейіпке енді. Жұрттың көңілі өсті. Мәдениет үйі іске қосылғаннан кейін, жас­тары көркемөнерпаздар сайысына, түрлі спорттық шараларға қатынасып, облыстық, республикалық дипломдарға ие болды. 

Ауылда жұмыс орындарының көптеп ашылуы, мәдени шаралардың тыңғылықты жүргізілуі арқасында жас­тар ауылда тұрақтап, халық саны 6,5 мыңға дейін өсті. Озат шаруашылық Қазақ КСР-дің Құрмет грамоталарымен бірнеше рет марапатталды.

Бірақ мұншалықты жеңістер өздігінен оңай келген жоқ. Тіпті, бір ғана 110 000 бас қойға тұзсыз тұщы суды жеткізу үшін, 30 су тасығыш машина жұмыс істеді. Шілде айында жеткізілген су жол бойы ысып кететіндіктен, қойлар ол суды ішпей де қоятын. Барлық қойды сусыз қырып алу қаупі төнді. Сол кезде Рахаң Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Д.Қонаевқа жағдайды баяндап хат жазады. 

Алыс шалғайдағы бір кеңшардың басшысының хабарламасына ден қойған Д.Қонаев шұғыл шешім шығарады. Ақырында Алакөлдің астында, 140 метр тереңдікте суы тұщы көл бар екендігі дәлелденіп, құдықтар қазылып, 18 «Фрегат» қондырғы орнатылды. Бұның бәрі жұмыс істеу үшін, енді электр қуаты қажет болады. Осы мақсатта Аягөзден Мақаншы арқылы Қату тауындағы шахтаға дейін жоғары қуатты ток желісі тартылады. 1970 жылы Д. Қонаевтың нұсқауымен Мақаншыдан Жалаңашкөлге дейін тас төселіп, асфальт жол салынды. Сол кезде шешімін тапқан тұщы су, асфальт жол, электр тогының пайдасын ауыл тұрғындары әлі күнге дейін көруде. 

Рахаң директорлық қызметке тағайындалғанға дейін, 22 ұжымшар төрағаларымен қызметтес болды. Бұл тұрғысында Рахаң: «Әрқайсысының білім деңгейі әртүрлі еді. Іскерлік қабілетімен, адами тұлғасымен үлгі бола білген ұстаздарым да жетерлік. Олар – Киров ұжымшарының бұрынғы төрағасы Т.Дөненбеков пен Социалистік Еңбек Ері, бұрынғы МТС директоры А.И.Орлов. Олардың өнегелі істерінен көп нәрсе үйрендім» деген еді. Рахаң да қолынан келгенше жастарға үлгі-өнеге танытып, көптеген кадрлар тәрбиелеп шығарды. Мысалы: бұрынғы Мақаншы ауданындағы басшылардың, бас мамандардың 50 пайызы Жарбұлақтан түлеп ұшқан өрендер. Халық арасында «Жарбұлақ» – кадрлар мектебі» деген сөз бекер айтылмаған-ды. Социалистік Еңбек Ері Кенжалов Бектұрған, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Серкеев Қапсамет, Ленин орденін алған Қайранов Сейітқан сынды өндіріс майталмандары өз алдына бір төбе. Жалпы кеңшар бойынша 210 еңбекші әртүрлі ордендермен марапатталды. 

Берілген марапаттардың ішіндегі Рахаңның ең мақтан тұтатыны – Елбасымыз – ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тәуелсіз еліміздің 10 жылдығына байланысты құттықтауы болды. Бұл құттықтау әлі күнге дейін үйінің төрінде, құрметті орында ілініп тұр. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да әлеуметтік шәкіртақыларды беру дәстүрге айналғанын атап өту қажет. 2013-2014 жылдардың басында университетте азаматтар мен ұйымдардың атынан жалпы сомасы 17 млн. теңгеден асатын шәкіртақылар тағайындалған. 

Қазіргі таңда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Азаматтық құқық және Азаматтық іс жүргізу, еңбек құқығы кафедрасында Төлеубеков Рахымғали ағамыздың атынан 70 000 теңгені құрайтын әлеуметтік шәкіртақы тағайындалған. Аталған шәкіртақы 2014 жылы заң факультетінің магис­транты Б.Сұлтановқа берілді.

Төлеубековтар жанұясының шешімі бойынша, Рахымғали Төлеубеков атындағы шәкіртақы жыл сайын үздік студенттер мен магистранттарға берілетін болады. Жақсының шапағаты деген осы емес пе?!

Архат Әбікенов,

 заң ғылымдарының кандидаты,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің

доценті