БАУЫРЖАН АЙТТЫ. БІЗ БАСТАН КЕШТІК

БАУЫРЖАН АЙТТЫ. БІЗ БАСТАН КЕШТІК

БАУЫРЖАН АЙТТЫ. БІЗ БАСТАН КЕШТІК
ашық дереккөзі

Отставкадағы генерал-майор, заң ғылымдарының кандидаты, ішкі істер саласында қырық жылдан астам қызмет етіп, 88-ге шыққан шағында қайтыс болған Құлахмет Қалменовтің «Баукеңнің шарапаттары» атты кітабы Ұлы Отан соғысының қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры, жазушы Бауыржан Момышұлының ой-тұжырымдарына құрылған рухани сұхбаты. Автор кейде қысқа тұжырымдармен қайырып, кейде өзіне ерік беріп тарқатып, көсіліп тереңге тартып кетеді. Бірақ әсте Баукең идеясынан ұзамайды. Оқырмандар назарына осы рухани сұхбаттан үзінді ұсынып отырмыз. 

Бауыржан Момышұлы: – «Қолбасшы жан-жақты өте сауатты, қатал, қара қылды қақ жарар әділ де адал және өзі қабылдаған шешіміне тайсақтамай, сенімді болуға тиіс. Офицер адамгершілігінің, ар-намысы мен абыройының мәні де осында жатса керек».

– Бұл ауқымды ойлар қолбасшыдан бастап, офицерлердің антына орай, бәріне бірдей қойылатын талап. Бірақ әскерилердің мемлекет құрамындағы орны сыртқы жаудан елді қорғаумен шектелетінін ескерсек (ішкі жағдай күрделенгенде ғана араласады) олардың жалтақтамай, ар-намысы мен абыройын сақтауға толық мүмкіндіктері бар. Кедергі болатындай партия, кеңес органдарындағы лауазымдылардың кірісуі мүмкін емес. 

Керісінше, Ішкі Істер органдары ертеден жергілікті партия, кеңес шенеуніктеріне, қазір әкімдерге толық тәуелді болған соң кейде өз ожданына қарсы шешімдер қабылдап, «жаңылысатын» мезгілдері аз болмайды. Қолбасшы (басқарма, аудандық бөлімдердің бастықтары) сонда да жоғарғы көрсетілген талаптарға сай болуға тиісті. Біле білгенге бастықтардың жан-жақты өте сауатты, логикасының мықты болуы қарамағындағы қызметкерлерін тәрбиелеуге, басқаларға да әсерін тигізетіні айдан анық. Органның жұмысында шаблон жоқ, онда білімнің, ақыл-ойдың жүйріктігі үстемдік құрмақ.

 Қатал болу қаныпезерлік не самодурство – оспадарлық емес. Баукеңнің сөзімен айтқанда, «Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды». Қолбасшы – аға сарбаз. Қолбасшының міндеті – Отанына берген антына адал сарбаздарды тәрбиелеу. Бұл Ішкі Істер органдарында істегендерге де қатысты. Бастық етіп тағайындағанда сол ұйымды абыроймен басқарып, алға шығарар деп сенгені. Басқарма бастығына жеткізу үшін 15 жылдай мені органның барлық саласынан сатылап, өткізгенде кәсібилігім жететіндей еді. Барған облыста менің бірінші сөзім, «ынтымақтасып қызмет етелік, біздің жұмысымызда көрінбеген жауға жалғыз шабу Дон Кихоттық болар. Бастық болуды мен бірінші оперативті уәкіл деп санаймын», – дейтінмін. Солай қызмет атқардым да. «Майданда жалғыз сарбаз болу» (один в поле не воин) мүмкін болмаса, көрінбеген жаумен – қылмыскерлермен күресу бірдің ғана қолынан келмейтіні айдан анық.

Қатал болмай, «демократ» деген сөздің шынайы мағынасын түсінбей, өзінше «халықшыл» болғысы келген бастық тәртіпті босатып алады да, оны орнынан түсіруге басқа кандидат ізделінеді. Ағайынгершілікке –панибратствоға бармаған қатал бастықтың үстінен де арызданушылар табылмай қалмайды. Менің үстімнен бұрын-соңды жазылған, тәртіптің қаталдығынан туындаған арыздар аз болмады. Сондай-ақ кезінде тәп-тәуір қызмет істеп жүрген Жетісай аудандық милиция бөлім басшысы Бақтыбай Оразымбетовтың үстінен домалақ арыз түсіпті. Бақтыбай соғысқа қатысқан ақсақалымыз болған соң өзім барып, аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Әліпбек Байботаевпен бірге жиналыс өткіздік. Арыздың мағынасы Оразымбетов өз руластарын жұмысқа алып, басқалар түзде қалғандай еді. Мен қағып алғандай: «Түпкілікті халықтан кадр алмағанда сендерге кадрды Кубадан алып келмеймін ғой. Жолдас Оразымбетов, тәртіпті босатпай, қабілеттілерін сүйемелдеп, жауапкершіліктері нашар, бәле іздегендерін жұмыстан қуыңыз»,– деп сөзімді аяқтап жиналысты жаптым.

Мен Оңтүстік Қазақстан облысына 1967 жылы Шымкенттегі бүліктен кейін, әбден азғындаған органның жұмысын, тәртібін қатаңдатып, жұмысын жолға қоюға жіберілген едім. Тәртіпсіздіктің белең алғаны форма кимеуден басталып, бөлім бастықтары міндеттерін дұрыс орындамайтын болыпты. Ауру-сырқауды сылтау етіп, дәрігерден куәлік алып, үйінде жататындар көбейген. Көшеде милиционер жоқ болса, бұзақылар шектен шығатыны белгілі. Бүлік милиция қызметкерлеріне үрей салып, бұзақылардан қорқатын жағдайға апарғанын көрсетті. Басқарма мен қала милиция бөлімінің ғимараттарын өртеп, түрмеге ұмтылғандарға қару қолданып, бүлікті Ташкенттен шақырылған әскерлер басқан. Осындай жағдайда күндіз-түні өзім қадағалап, төтенше шара қолдануға барып, қызметтегілерді қатаң тәртіпке шақырғаным кейбіреулерге ұнамады. Оларды органнан шығарып, орындарын иманы, ұяты барлар басты. Ашығын айтып, жұмысқа жарайтындарын қалдырып, ауруларға «медкомиссиядан өтіп, орындарыңды босатыңдар, мен кіммен қалып істейтінімді білейін. Ауруға сілтеу тоқтатылсын»,– деп қатаң ескерттім де, соны орындадым. 

Үстімнен аноним-арыздарды тексеруге Мәскеуден арнайы комиссия жиі келетін. Анонимка күйдірмесе де, күйе жағады деп қорықпадым. Тәртіпке бас игендерімен қалып, олқылықтарымызды жойып, ел қатарына қосылдық. 

– «Сарбаздың алғашқы ерлігі – қолбасшының еркіне мойынсу, бағыну! Офицердің алғашқы ерлігі –халықтың атынан, мемлекеттің атынан әмір ете білу. Әскери ерлігі үшін халық атынан сарбазға алғыс айтып, жігерлендіре түсу. Оны біздер жауынгерлік құрмет көрсету деп білеміз».

– Басшы да пенде. Кері түсініп, бас­тығын орынсыз ұлықтағандар, өздерін жоғары санағандар да құрметтен айрылады. Басшы өне бойы қарамағындағылардың сынында жүргенін ұмытпағаны жөн. Әсіресе, жаңа орынға барғанда. Шымкентке келгенімде бұрын менімен қызметтес болғандар, білетіндер ашық-жарқын қарсы алды. Ал бірінші танысқандардың ішінен тәртіпке мойынсынғысы келмейтіндерді сіңірген еңбегін, атағына қарамай органнан шығардым. Арыз айтқандары министрліктен қолдау таппады. Барған біреуіне: «Ол кісінің бұйрығын мұнда ешкім бұзбайды»,–деп қайтарыпты. Тәртіпке бағынғандар сөйтіп үстемдік алды. 

Органға алынғандар Отанына адал қызмет істеймін деп ант береді. Антына сай ар-намысын сақтап, еңбек ету тікелей борышы болғандықтан адал адам ешқандай марапат күтпейді. Өзім бетіме мақтағандарды жаратпай, ондайларды басқа тақырыпқа бұратынмын. Қарамағымдағыларды мақтауға да сараңмын, көбіне кемістіктерін айтып тәрбиелеймін. Дегенмен, қатардағы қызметкерлер марапаттан, жылы сөзден құр қалмады. Жақсы еңбегі үшін, ауыр қылмыстарды ашуға тікелей кіріскені үшін, септігін тигізгені үшін орден, медальдарға ұсынылып, мақтау грамоталарын да алып жатты. Үздіктерді КСРО, республика Ішкі Істер министрінің бұйрығымен марапаттауға ұсынатынбыз. Ақшалай сыйлық алатындар жеткілікті еді. Уақтылы атағын беру, яки кезексіз ұсыну да ойымызда болатын.

 – «Сарбаздың жан-дүниесіне ене білу керек, оның сана-сезіміне, психи­ка­сына әсер етіп, басқара білген жөн, қызмет мүддесін жүзеге асыру жолында сарбаздың жанды жеріне тиіп, барлық күшті ойластырылған іс-қимылдарды, алға қойылған мақсат-міндеттерді орын­дай алатын етіп тәрбиелеуге жұмыл­дыру қажет».

– Ұлы Отан соғысының басынан фашистерді тізе бүктіргенше комбаттан дивизия қолбасшысына дейін көтеріліп, сұрапыл шайқастарда солдаттарды басқарып, психологиясын жете түсінген қаһарман Бауыржан Момышұлының бұл тұжырымы өмірден алынған аксиома. Қолбасшының бұл қасиеттері Баукеңнің өзіне ғана тән болса, енді соны бізге қағида ретінде қалдырғаны ауқымы кең, жауапкершілігі қатаң қолбасшыларды тәрбиелеудің қажеттілігін нұсқағандай көзге ұрып тұр. Баукеңнің аңызға айналуының бір себебі, осы көрсетілген қасиеттері, батылдық-батырлығы, шешім қабылдағандағы тәуелсіздігі, табандылығы, қарамағындағы солдат-офицерлерге үлгі болғандығы.

43 жыл органдағы шым-шытырық еңбегіме күш-қуат берген бірінші, эпос батырларының бейнесі болса, өзіміздің замандасымыз, халық батыры, ағамыз Бауыржан Момышұлының әсері де зор болды. Екінші, қызметтес болған ағаларымыз Қабылбаев, Юсупов, Ерназаров, Картамышевтер. 

Ал Баукеңнің жоғарыдағы тұжы­ры­мына ұмтылу барлық басшының міндеті, сонда ғана қарамағындағылардың сенім-құрметіне ие болады. Өзіне дұрыс баға берген адам – батыр. Қазақта «өз мінін білген дана болар, болмаса қадірсіз шала болар» деген сөз бар. Мені біреулер қатал десе, екіншілері әділетті дейтін. Отан соғысының ардагері Дмитрий Алексеевич Тяжкун: «Шынын айтайын, сіздің бір кемшілігіңіз бар, қарамағыңыздағылардың бәрін өз дәрежеңізге көтерсем дейсіз. Қателесесіз, адамдардың жаратылысы, ұғымы өзгеше, бір қалыптан шығуы мүмкін емес», – деді. Оның айтқан сыны дұрыс та шығар. Бірақ қатаң тәрбиелемей бос қоя бергендерді білеміз, онысынан ұтылып, ұятқа қалғандарын да байқағанбыз, көргенбіз. 

«Қолбасшының қолында ақылға салып көндіруден бастап, мәжбүр етуге дейін жауынгерге ықпал ететін барлық құрал түрі жинақталған. Қолбасшы дегеніміз өкімет, ал бірде-бір өкімет қажет болған жағдайда, мәжбүр ету шараларын қолданудан бас тартқан емес». 

– Қарапайымдылық адамды адамнан қашықтатпай, жақындата түсетін қасиет. Кейбір иманжүзді кісілер бірінші көрген адамын іш тартып, бауырындай жақындатып, іші-бауырыңа кіргендей шүйіркелесіп кетеді. Жаңа танысы да ондайларға сенім артады да, сөздері жарасады. Мұндай мінез әркімде болмаса да, милиция-полиция қайраткерлерінде болғаны дұрыс. Полицей формасындағылар үкіметтің өкілі. «Моя милиция меня бережет» заманы мәңгілікке кетіп, полиция болғалы бұларға елдің сенбестігі артты, оқыс тіршіліктеріне арыз айту көбейген соң беделін төмендетті. Жергілікті әкімдердің де бұған қосқан үлесі жеткілікті. Бейбіт шеруге шыққандарға, жалақысын талап етіп жиналғандарға, тағы басқа жағдайларға байланысты полиция шақырып, күштеп таратуды әдетке айналдырды, әкімшілік шара қолданып, қамауға алып кеткендердің наразылығын теледидардан көріп, қапаланғаннан басқа шараң жоқ. Полиция күшін дөрекі қолданған соң үкіметті халыққа қарсы қою орын алады, оның соңында наразылар билікке нағылет жаудырады. Ел нанымын арттыруда полицейлердің қарапайымдылығы қажет, неғұрлым халыққа жақын болып, кішіпейіл сөйлесу керек-ақ. Бұған шыншылдық қосылса, полицияға сенімділік артатынына сенемін. 

Баукеңнің қағидасы тек әскери қаруластарына арнайы айтылып, жазылған десек қателесеміз. Қарапайымдылық, шыншылдық қылмыскерлермен күрескен органның қызметкерлеріне де тән болуын өз басымнан өткізгенмін. Тергеуші мен қылмыскердің, жалпы үдеріске тартылғандардың ара қатынасында қарапайым шыншылдық болмағанда олардың тергеліп жатқан оқиғаның анық-қанығын айтпай, күмілжіп (лукавить) қалуы мүмкін. Шындық болмаған жерде тергеушінің әділеттігіне күмән туып, араларына қаяу түседі. Айыпкердің жүрегіне жол табамын деп қолынан келмейтін, орындай алмайтын уәде берген тергеуші жүргізген істеріндегі кемшіліктер сотта ашылып, қайта тергеуге жіберіліп былығады. Уәде берсең орында, орындай алмайтын нәрсеге барма, бұл жалпы адамгершіліктің белгісі. Уәдеңді орындамаған күннен бастап сен адамгершіліктен, органның қызметкері атағынан жұрдай боласың. 

Органның барлық сала-сатысынан өткендегі ұққаным – халыққа қызмет атқаратын міндетті өзіне жүктеген адамның имандылығы, адами жақсы қасиеттері, қарапайымдылығы мен шыншылдығы қашан да жоғары тұруы қажет. Мұндай болмаған күнде ар-ұяттан алшақтайсың. 

…Бірінші домалақ арызды менің үстімнен Жамбылда бір топ коммунистердің атынан үш қандастарым жазды. Жазғандар «өтірікті шындай, шынды Құдай атқандай» етіп дәлелдейді ғой. Министр арнайы комиссия жіберіп тексертті. Арыздың арты ашылып, дәлелсіз деп тапқанда, комиссияны басқарып келген кадрлар басқармасының бастығы Кравченко обкомның бірінші хатшысы Бименді Сәдуақасовқа баяндады. Тексерудің нәтижесін партия жиналысында қарауға рұқсат алдым. Обкомнан шыққанда Кравченко: 

– Құлахмет Дүйсембекович, басқарма басшыларының үстінен жазылған арызды партия жиналысында қарау біздің тәжірибемізде болмаған. Басшы біреуді ұрысып, екіншісін жазалап жатады емес пе, сондайлар көтеріліп, басыңызға сақина тілеп алуыңыз ықтимал, осының керегі бар ма? – деді. 

– Қорқатын түгі жоқ. Кімге не айтқанымның бәрі есімде. Жиналыста талқыламай анық-қанығына жете алмаспыз, қорықпаңыз, министрге баяндауыңызға да жеңіл болар,– деп жиналысқа бардық. 

Мен мінберге шығып, саяси тәрбиені күшейтудің керек екендігіне тоқтадым. Арызқойларға ешнәрсе айтқаным жоқ. 

КПСС Орталық Комитетінің Политбюро мүшесі, Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың Орталық Комитеттің пленумындағы әділетсіз сынын да көтеріп, үш жыл сол жұмысымда істедім. Сынның саяси астарының бар екенін де түсіндім, өлтірмесе де майып қылар деп те ойладым. Бірақ сыр бермедім, төздім, байсалдылық көрсеттім, арыз да айтпадым. Содан кейін де Қонаевпен кездескенімде бұл туралы тіс жарып айтқан емеспін. 

 – «Қолбасшының батылдығы – оның ақыл-ойы мен таймас ерлігінде. Қолбасшының көптеген қыруар жұмыстарының ішіндегі ең бастысы – ойлау, ойлау және ойлау болып табылады. Қазақ халқының мақалы: «Білек бірді, білім мыңды жығады» дейді ғой». 

– Қолбасшының батылдығы, Баукеңнің өз сөзімен айтқанда, «Сақтық жасап отырып батыл қимылдау», «Көзсіздік – батырлық емес, ол ессіздік», «Қолбасшы ессіз батыл, сондай-ақ, батылсыз есті болуға қақысы жоқ.» Сонда батылдық – оның ақыл-ойы мен таймас ерлігінде болып шығады. 

Төтелеп айтсақ, әртүрлі өмір тартысында жүрген адамдардың барлығы ойсыз емес, үнемі ойлау үстінде жүретіні анық. 

Басшы жайбарақат жүрген адам болмағандықтан үйде, түзде, жатса да, тұрса да өне бойы ойлайтыны атан түйе тарта алмайтын жүктің жауапкершілігі. Жеңіл-желпі ойлап, жеткен орнына қанағаттанып, қағазға қол қойып мәз болатындар, лауазымына сай өрісімді көтерейін демей, бос уақытын әләуләйлімге салынып жүретіндерде, өмірде аз емес. Ондай бастықтар бола қалған күнде «не место красит человека, а человек красит место» дегенді түсініп, білім – кітапта деп оқуға ұмтылар. Ойлаудың ең бастапқы кезеңі – өзіңді игеру. Игергенде кәсібіңді профессионал деңгейіне көтеру. Екіншісі, ғылымның әр саласынан: тарихтан, саясаттан, әлеуметтанудан, экономикадан, психологиядан, демографиядан сауатың жеткілікті болуға тиіс. Замананың талабынан қалмау, әр нәрседен хабарың мол болу міндетім деп түсінгені абзал. 

Жиырма екімде Мәскеуге оқуға барып, офицерлер мектебіне қабылданғанымда өремнің Мақтарал төңірегінде қалғанын түсіндім. Одақтан жиналған, лейтенанттан подполковник атағына жеткендердің арасында Отан соғысын бастан кешіп, өмірден өшпестей сабақ алғандар бізге көп жақсы әсерлерін тигізді. Серкедей жігіттердің әңгімелері де басқаша. Әуелде оларға тіл қатып, сөйлесу оңай болмағанын ашық айтайын. Өмір өткелдерінен алған рухани байлығына ұлы жазушылардың кітаптарынан терген дүниесін қоса жырлағанда, ойларына ілесу жорға мен жортақының жарысындай көрінетін. Құдай берген зеректік, өжеттігімнің арқасында оқуға бар күш-жігерімді жұмсамай қатарға қосылудың екіталай екенін білдім, басқа жолдың жоқ екеніне түбегейлі тоқтадым. 

Бізге дәріс берген көрнекті ғалым­дардың есімдерін бұрын оқулықтардан ғана көріп таңданатынбыз. Дүниедегі тарих, ғылым, мәдениет орталығының бірі – Мәскеуді рухани өсу үшін күшіміз жеткенше молынан пайдаландық. Театрларға жиі бардық, ойын-сауық кештерінен де қалмадық, тарихи жерлерге бару, Кремльмен танысу құпия өмірге көзімізді қайта ашқандай әсер қалдырды. 

Ұлы жазушылардың шығармаларын оқуды басты міндетіме санап, Толстой, Пушкин, Лермонтов, Достоевскийден бастап, кеңес классиктерін қалдырмай оқыдым. Көрнекті шетел жазушылары да қалмады. Сонымның пайдасын Алматыға қайтып, заң институтының кешкі бөліміне түскенде көрдім. Мәскеуде диктантпен шектелген мен мұнда шығармашылықтан төрт, әдебиеттен бес алдым. Адамның мүмкіншілігі шектеусіз екенін түсінген соң оқуымды жалғастырып, 1972 жылы заң ғылымдарының кандидаты дәрежесіне жеттім. 

Мәскеудің мектебінен өтіп, қыруар еңбек атқарып жүрсем де жұмыс басты болмай («жаман еркек жұмыс басты, жаман қатын бала басты болады») өзімді тәрбиелеуге тырмысқаным өмірге көзқарасымды өзгертті, ойымды кеңейтті. 

– «Қолбасшы жауынгердің адамгершілігін кемсітпей, аласартпай, қайта сезіміне, ар-ожданына, психикасына әсер ете отырып, барлық ықпал ететін шараларды шебер қолдана білгені жөн, ал мұның өзі тұтас бір өнер болып табылады». 

– Осыны қалай түсінеміз? Оның жолдары, әдістері, методикасы бар ма? Іздеген адамға бәрі де табылады. Ескі замандағы философтарға жүгінейік. Мысалы, оратор-шешендіктің бәрімізге үлгісі Демосфен шешендік қабілетке ауыр еңбекпен жеткен. Жарға барып сөйлеп, жаңғырығын естіп, үйлеспеген жерлерін қайталап, жөндеуден шаршамаған. Тілінің мүкісін жөндейін деп тілінің астына тас салған, ал иықтарын теңейін деп көтеріңкі иығына тас артқан. Өзіне біткен мінін жөндеу, шешен сөйлеуді игеру аз еңбек болмағанына қарамай төзіп, ұлы оратор-шешен деген тарихта атын қалдырған. Ескі заманда ораторлардың өнері аса жоғары құрметтелген, олар қоғамда өздеріне сай орын алған.

Ілгеріде заңгерлерге риторика пәні жүргізіліп, әдеби сөйлеуді үйреткен. Қазан төңкерісінен кейін сол сабақты бағдарламадан алып тастапты. Содан кейін сұлу сөйлеу, сөз маржандарын есінде қалыптастыру әркімнің өз қабілеттілігіне сүйенді де, бұған мән беру өз еркіңе қалды. Дегенмен, әдеби сөйлеудің мағынасына мән бергендер «оқығанды көңілге ықыласпен тоқылық» деп Ыбырай айтқандай, «самосовершенствованиеге», өзін-өзі жөндеуге зейін салып, әжептеуір табысқа жетті. 

Бейпілауыздық, дөрекі сөйлеп, өзін басқалардан жоғары санау мәдениеті төмен кісінің тіршілігі. Өзін-өзі жөндеудің бір жолы оқуда. Немістің ұлы философы Гегель:«Адам өзінің табиғи мәніне білім арқылы ие болады, индивидуальді тұлға біліммен өзін дайындайды, соның арқасында ол өзін ішкі күшке ие етеді» деген екен. Әсіресе оқу, білім басшыларға аса қажет. Басшы болып туған адам жоқ, ал басшылыққа сатылап көтерілген сайын өз деңгейінің соған сай болуына көңіл бөлуге тиісті. Періште болып туған адам да жоқ. Балалық шақта оқыс айтқандарым болғанын мойындаймын. Есейіп, жұмысқа араласа бастағаннан тәртіпке мойынсындым. Өзімнің кемістігімді Мәскеуде оқығанымда түсіндім дегенмін. Содан бастап әлі оқудамын. Қағазға қарамаған бір күнімді зая кеткендей, бір нәрседен қалып қойғандай сезінемін. Елмен қарым-қатынасымда, қызметкерлер арасында біреудің ар-намысына тиетіндей мінез білдіріп, сөз айтқан емеспін. Қызметкерлердің үлкендеріне інісіндей, кішілеріне ағасындай болдым, өзімді қатардағы жауынгердей ұстадым.

Тәртіпке қатал болғаным шындық, оған түрткі болған жайт, тырнақтап жиған беделден айрылмау, немесе Баукең айтқандай «арпалысып жүріп жеткен абырой өмірдің нағыз рахаты» – осыдан құралақан қалмау еді. Қарамағымдағылардың кемшілігін тікелей өз кемшілігім деп санадым да, ондай олқылыққа жол бермеуді мақсатым дедім. Жіберілген оқыс кемшіліктерді солардың мойнына салып құтылған жағдайым болмады. 

–  «Қолбасшы өзінің қарамағындағы жауынгерлерді: «өлімге асықпай ұрыс жүргізуді үйрену, «ұрыс жүргізе жүріп үйрен», шыңдала әрі батылдана түс» деген қағиданы ұстанып тәрбиелеуі қажет». 

Бұл – сарбаздарға күш-жігер беріп, парасаттық сезімге шақырғаны, рухын көтеріп, үйренуден шаршама, кемістігіңді жөнде, жаудың қателіктерінен сабақ ал дегені. Жекпе-жекте үйретудің қиынның қиыны екенін түсіне тұрып, қармағындағыларға үйренбесең «шыңдала әрі батылдана түспейсің» деген қағиданы қалдырған Баукең солдаттардың нағыз қамқоршысы болғанын сеземіз.

Біздің органда осы қағидаға сүйене отырып, қарамағындағы қызметкерлеріне үйретудің өнегесі болатын басшылық керек-ақ. Қазір білімділер көбейген заманның өзінде сондай басшыларға зәруміз. Оның басты себебі, біліктілікке ұмтылмау, өмірдің әрбір көрінісінен сабақ ала алмау болып табылады.

Островскийдің «Құрыш қалай шынықты» (Как закалялась сталь) атты кеңес жастарының сүйікті кітабын оқығанда төсек тартып жатқан адамның жанары көрмей қалғандағы жазған кітабы дені сау адамды аянбай еңбек етуге шақырғандай өжеттігімді қозғады. Осындай өнегелі істер тыным таппай ізденуге шақырған еді. Жасым тоқсанға жақындағанда да қаламды қолымнан тастайтын емеспін. Ардагерлік кеңесте төрағалық жасап жүргенімде Оңтүстік Қазақстан Ішкі Істер энциклопедиялық кітабын құрастырып шығаруды мойныма алдым. Мұның ауыр жүк болатынын сезбеген екенмін. Өз өмірбаянын дұрыс жаза алмайтын полковниктерді көріп қынжылдым. Дәрежесі, атағы өскенде жалқаулықтан арылып, үйренуге ұмтылмағандарды аядым. 

Баукеңнің қай жағдайда болмасын үйрен, шыңдала әрі батылдана түс дегенін рухани өс, кәсіби мамандығыңды жан-жақты үйрен деп түсініп, енжарлықтан, мүлгу-қалғудан оянайық. Абай «Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады» деген өсиеті әркімнің жадында болса, жаман болмас еді. 

– «Жалпы мықты ерік-жігер – жеңіс серігі, әлсіз ерік-жігер жеңіліске ұшыраудың хабаршысы. «Бір топ арыстанның қойдың қол астында болғанынан гөрі, бір топ қойдың арыстанның қоластында болғаны жақсы»,– деп бекер айтылмаған сөз».

– Ұлы Отан соғысында майданның қолбасшысы болып, жеңіске жеткізген маршалдардың бірі Коневтің: «Война выдвигает кадры» деген сөзі ойыма орала береді. Нақты айтылған. Отанға қауіп төндірген фашистермен күрес жүргізуде ымырашылық, туысқандық немесе парамен лауазымға жету деген елін сатқанмен бірдей. Сондықтан қызмет бабында өсу «по деловым и политическим качествам» деген бағаға байланысты болатын да, басшылыққа білікті, білімді, жігерлі, ой-өрісі кең, арыстандай айбатты адамдар көтерілген. Қанды соғыста өзінің батырлығын көрсетіп, биікке көтерілген, қолбасшылықтың арыстаны екенін дәлелдеген, аты аңызға айналған ағамыз Бауыржан Момышұлы. Бұл соғыстағы заңдылық делік. 

Соғыстан кейін саяси ойындар басталды. Сталин күдікті жағдайда қайтыс болғанда шәкірттері таққа таласты. Хрущев зұлымдық айлакерлігін пайдаланып, коммунисттік партияның бас хатшылығына – Генсектікке қолын жеткізді. Хрущевтың «көрегендік», «валюнтаристік» ел басқаруы ойына келгенін істетті. Конституцияны бекем ұстаған Сталин одақтас республикалардың жеріне тиіспейтін, бүтін облыс түгіл алақандай жерін де алып берген емес еді. «Что хочу то и ворочу» деген Хрущев Қазақстанға тиісті, республиканың бес об­лысын Ресей, Өзбекстан, Түркімендерге беріп, қазақтарды Бетпақдалада қалдырмақшы болғаны қазақтардың намысына тиді, бірақ атойлап қарсы шыққан, республиканың тұтастығын қорғаған Жұмабек Ташенов еді. Ел үнімен санаспаған билік басындағылар Ташеновты елемегендей ұзақ жылдар үндемеді. Оған қарамастан ұрпақтары, бірге еңбек еткендер қосылып, 2011 жылы наурыздың 29-ы күні аса көрнекті мемлекет, қоғам қайраткері, ілгеріде Солтүстік облаткомның төрағасы, Ақтөбе обкомының бірінші хатшысы, Қазақстан Жоғарғы Кеңес Президиумының төрағасы қызметтерін атқарған Жұмабек Ахметұлы Ташеновке Шымкентте ескерткіш орнатылды. Соған арналған митингте мен былай дедім: 

– Жұмабек Ахметұлы Ташенов тоталитарлық заманның өзінде басқыншылардың саясатына жалғыз өзі қарсы шығып, Хрущев Қазақстанның бес облысының негізінде тың өлкесін құрып, Ресейге бермекші болғанда: «Мен бұл мәселені талқылау түгіл күн тәртібіне қоюға қарсымын»,– деп тойтарыс берген Жұмекең – Мәскеумен қарусыз айқасқан жалғыз тұлға. Шымқорған, Қызылқұм совхоздарын Өзбекстанға қосуына қарсы болған. Әрине, Ташеновтың бұл батырлығы Хрущевқа жақпады. Ол заманда жеке тұлғаның бүйтіп Мәскеуге айбат көрсетуі – өктемдігі үстем шовинистерге қарсы қазақ патриотының айбары, жерін, елін, тілін, дінін сүйген ұлдың әрекеті. Өз тағдырынан халықтың тағдырын жоғары қоюға құдіреті жеткен, әділеттік сүйген, ақылы мен жүрегі, қажыры мен жігері, батылдығы мен қайраткерлігі жететін Жұмекең нағыз трибуна ораторы еді. Герольд Бельгер: «мен білетін қазақ Құдайдың бергеніне шүкір деп отыра береді» дегендей емес, Ташенов керісінше мінез білдірді. Бірақ оны Мәскеу шыдатпады. Ол орнынан босатылып, Оңтүстік Қазақстан облыстық кеңесінің төрағасына орынбасар етіп жіберілді. Жұмекең мұңаймады, халықтың құрметіне бөленді, бірақ қапастағы арыстандай күн кешті. 

Алдында айтылғандай Жұмекеңді орнынан әлсіздер тайғызды. Біреу негізсіз қараланса, оған болысатын адам табылмайды. Атойлайтын қазақ жоқ. Ол психология бодандық заманында қалыптасқан. Содан тәуелсіздік алдық дегенде де айрылмай келеміз. Еңсемізді көтеретін заман тәуелсіздік алғанымыз да келді. Ташеновтың ескерткіші қазақтың бәріне рух беретін, ой салатын болуы керек.

Осы сөзімді «Орда» газетінде жолдас Байдулла: «қызыл қыздырма сөзге әуестер де сөйледі» депті. Түсінбедім. Аузыңды ашпай жүре бер дегені ме? Жалтақтықтан діңкеледік емес пе? 

Алматы облысының Ішкі Істер басқармасына басшы етерінде мен 33 жаста едім. Бұл Баукеңнің соғыстағы жасындай, сол жасында ағамыз дивизия қолбасшысы болды. Ал мені ұсынғанда министрдің бірінші орынбасары Петр Васильевич Николаев ол орынға дайын еместігімді дәлелдеп, «молодой, горячий, вспыльчивый» деген айыптар таққан еді. Өкпелемедім. Өміріме азық болар, айтқаны жақсы болды, енді ол кісінің қателескенін дәлелдейін деп түйдім. 

Арыстандай болдым ба, болмадым ба, білмеймін, оны сынайтындарға тастап, басшылық еңбегімді дұрыс атқардым-ау деймін. Бұл жөнінде офицерлік ар-намысымды таза ұстадым деп айта аламын. 

– «Әскер – мемлекетті ішкі және сыртқы жаулардан қорғауға арна­лып ұйымдасқан, тәртіпті, мем­лекеттің қарулы күші. Әскерде адам­ның рухани күші мен қажыр-қай­раты қалыпты әрі жоспарлы жұмыс жүргізу үшін қатаң тәртіпке бағынады».

– Бұл тұжырымдаманың Ішкі Істер Министрлігіне тікелей тірелетіні даусыз екені көрініп тұр. Қызмет атқаруға біз ант еткен органның жұмысы қоғамдық жағдайларға тәуелді болғандықтан, оған жүктелген міндеттер өзгеріп отырған. Соның өзінде мемлекетте қоғамдық тәртіптің мызғымай сақталуы, адамдардың қарым-қатынасында заңдылықтың үстемдік етуі – бұл органның бірінші міндеті. Елдің бейбітшілікте өмір сүруін қамтамасыз етуге арнайы құрылған органда ішкі тәртіптің болуы заңды. Дегенмен, әскерден бір өзгешелігін атап өткеніміз жөн болмақ. 

Милиция – полиция халық арасында қоян-қолтық қызмет атқаратын үкіметтің уәкілі. Оның еңбегі ашық болғандықтан өне бойы халықтың назарында. Жақсысын да, жаманын да халық үкіметке жабады. Сондықтан қимылдары, әрекеттері әділетті, қатаң заң жүйесінде болғанын үкімет те, халық та талап етеді. 

Ұлы Отан соғысы жылдары Ішкі Істер қызметіне тартылған он сегізге толмаған призывниктерді Алматыдағы Ішкі Істер министрлігінің мектебіне жіберді. Әскери тәртіптің не екеніне орта мектепте ғана түсінгендер форма киіп, сапқа тұра бастағаннан тәртіпке көну, оған мойынсынуды, онсыз берекеттің болмайтынын аңғарып, жүрегімізбен сезгенде ғана түбегейлі түсіндік. Сондағы 230 жасөспірімнен өмір сынынан сүрінбей өтіп, жарты ғасырға жуық қызмет атқарғандары шамалы-ақ. Көбісі қызмет режиміне төзбей кетті, қылмыс жасап сотталғандары да болды. Тәртіпке көніп, адал істегендердің екеуі генерал атағына жетті, полковник, подполковник болғандары да бар. 

Генералиссимус Суворов өзінің адъютантына айтыпты деген мынандай сөз тарихта жазылған: «Если когда-нибудь будешь начальником, держи людей в руках». Өзім ұзақ жылдар Ішкі Істер қызметінде жүріп, осы ұлы қолбасшының ақылының шындығын түсіндім. Органның қыруар міндетін қатаң тәртіпке бағынғандар ғана атқара алатынына көзім жетті. 

– «Екіжүзділік – жалған жаны ашушылық, түсінушілік, ұғыну­шылық, пікірлестік, өтірік нәрсені шын деп көрсетіп, шындықты жасыру­шылық. Осының бәрі екіжүзді адамның қабілеті көтермейтін қыз­метті атқарудың салдары. Екіжүз­ділікті жоюдың ең сенімді тәсілі, ең дұрысы – бөлімді жасақтау кезінде немесе қызмет орнына офицер жолдастарды тағайындаған кезде мұндай жағдайларды тудыратын себеп­терге жол бермеу». 

– Екіжүзділіктің классикалық моделін көрсеткен жоғарыда айтылған Оңтүстік Қазақстан облысының прокуроры Мызников еді. Бұл сабаз сол мінезімен республиканың прокурорына қалай жаққанын түсінбедім, өне бойы қолдап, тергеу саласындағы орынбасары еткенінде екіжүзділігін ашық көрсетті. Желтоқсан көтерілісінің тергеуін басқарып, Мәскеу мен Колбиннің қолшоқпарына айналды, қазақ жастарының обалын мойнына артты. 

Мызников есіме түскенде Гогольдің «Өлі жандарындағы» (Мертвые души): «Мошенники. Там все мошенники. Мошенник на мошеннике сидит, мошенником погоняет. Единственный порядочный прокурор и тот свинья» дегені ойыма оралады.

Біздің органда да екіжүзділер болған, оларды білген соң зейнетке шыққанда кейбіреулерімен қатынасты үзіп, ұшыраспадық та. Олар адам­гер­шілік қасиеттен айрылғандар, тірі сүлдесі ғана жүргендер. 

 – «Абырой – жеке адамның ар-намысын ұғыну деген сөз. Абыройды, жоғары моральдық рухты сақтау жолында өз өмірін қиюға дейін баруға ниет ету – намыс деп аталады. Қазақта: «өлімнен ұят күшті» деген сөз бар» дей отырып, «Ұят – жасаған әрекетінің жөнсіздігін түсіну деген ұғым. Намысқа кір келтірушілік, моральдық рухтың асқақтығын қорлау – масқара болушылық. Қазақтар «арымнан жаным садақа» дейді». 

– Баукеңнің екі ұғымын бірік­тір­генім олардың рухани бірлігі. Қазақта «мысқалдап жиған абыройын шелектеп төкті» деген нақыл сөз бар. Абырой адамның өмірінде еңбегі, биязы мінезі, адал-әділеттілігімен жинаған өшпес қасиеті. Абыройы жоғары кісілер Отан үшін өз өмірін қиюға дейін барады. 

Осы жерде тағы бір ой туып отыр. Абыройды шын түсінген адамдар оны тек өзінің жеке қасиеті деп ұғынбайды, оған халық та ортақ деп ойлайды. Былайша айтқанда, менің абыройым халқымның абыройы, халқымның абыройы менің абыройым деп түсіну. Бұл осындай диалектикалық байланыстағы ұғым. Абыройдың құны да осымен қастерлі. 

Ұят – жөнсіздік жасамау, соны түсіну. Намысқа кір келтіру – масқара болушылық. Ұятсыз адам өмірге жеңіл қарап, ар-намысын сақтауды ұмытады, ұят болды-ау деп те ойламайды. «Өлімнен ұят күшті», «жаным арымның садақасы» – осы алтын сөздер халқымызды имандылыққа, адамгершілікке, әділеттілікке шақырған. Осы ұғымдар қайраткерлеріміздің көкірегіне ұялар деп сенейік. 

Құлахмет ҚАЛМЕНОВ

(«Баукеңнің шарапаттары» кітабынан)