АСЫЛ ӨНЕР АНАМНАН ДАРЫҒАН

АСЫЛ ӨНЕР АНАМНАН ДАРЫҒАН

АСЫЛ ӨНЕР АНАМНАН ДАРЫҒАН
ашық дереккөзі
Қазақтың маңдайына біткен талантты актриса Торғын Тасыбекова өзінің бар өмірін қазақ өнеріне арнады. Театр сахнасында өткен 50 жылдан астам уақыт ішінде жүзден астам басты рөлдерде ойнады. Болмысы бөлек, мінезі әрқилы, тағдыры сан түрлі кейіпкерлерді сомдап жүрген актриса өзінің өнерімен көрермендер ілтипатына бөленген жан. Талант иесінің өнер жолы туралы білмекке Қазақстанның Халық әртісі, М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының актрисасы Торғын Тасыбековамен сұхбаттасқан едік. – Бойыңыздағы талантыңызды ең алғаш таныған, ашқан адам кім? – Өлмес өнердің алғашқы ұшқындары анамнан дарыған шығар. Ол кісі оқымаса да көкірегі ояу, көзі ашық жан болды. Анамның ән салатын өнері бар еді. Әрі дауысы өте тамаша болатын. Арманы – мені сахнадан көру болды. кішкене кезімнен әнші болады дейтін. 4-сыныпта маған домбыра сатып әперген. Ол домбыраны бір жылқыға айырбастап алған екен. Домбыра шертетін де өнерім болған, кейінірек қолыма домбыра алмай кеттім ғой. Анамның үйреткендері маған өмірлік азық болды. Түрлі байқауларға, іс-шараларға қатысып жүрдім. Бір жерден ән тыңдасам, соны тез арада жадыма тоқып алатынмын. Радиодан естіген әндерді жаттап, айтып жүретінмін. Мұның бәрі анамның өнерге баулығанының әсері болар. Өкінішке қарай, анам өмірден өте ерте кетті. 42 жасында қайтыс болды. Орта мектепті Алматы қаласындағы №12 мектепте оқыдым. Мектепте жүргенде ән және би үйірмесінен қалмайтынмын. Қалада болғандықтан, барлық спектакльдерді көріп, операларды тыңдап өстім. Соның бәрі менің өнерге деген алғашқы баспалдақтарым болды. Өнерге деген қызығушылығымды арттырды. – «Тоқпановтың тоқпағын» көр­ген шәкірттердің бірісіз. Ұста­з­ың­ыздың үйреткен дүниелерінің бар­лығын сахнада көрсете ал­дыңыз ба? – Асқар Тоқпанов менің өнердегі алғашқы ұстазым. Ол кісі көбіне біздің тілімізге, сөйлеу мәнерімізге мән беретін. Менің қазақшам өте жақсы болды. Ауылда өскен бала емеспін бе?! №12 мектепте оқып жүргенде көркемдік жетекшіміз бізді барлық өнер шараларына апарып, қатыстырып жүрді. Консерваторияға тыңдауға да апарды сыныбымызбен. Әсет Бейсеуов екеуміз бір класта оқығанбыз. Ол композиторлыққа тапсырды. Менің әнімді тыңдады. Жақсы қабылдады. Соңғы құжат тапсыру сәтіне келгенде ойымды өзгерттім. Құжаттарымды актерлық бөлімге тапсырдым. Осылайша, Асқар ағаның студенттерінің қатарына қосылдым. Талай студенттерге ұрсып жататын. Бірақ, мен ол кісіден ешқашан ұрыс естіп көрмеппін. Мен барлығын өз уақытында әзірлеуге бейімделгенмін. Сондықтан тапсырылған этюдімді уақытында дайындаймын. Көп ұрыс естімегенім жауапкершілігімнің мол болғандығынан шығар. Кейінірек жоғары курстарда оқып жүргенде Асқар аға: «Мен осы қызды танымай бара жатырмын. Алғаш келгенде кішкентай сары қыз еді. Қазір қарасам, өте сұлу қыз болыпты», – дейтін. Бітіру жұмысымызда Шекспирдің «Вероналық екі бозбала» спектаклінде мен Джулияны ойнап, үлкен өнер жолына жолдама алдым. Бітіріп кеткеннен кейін Асқар аға маған «үйіңе шақырмайсың» деп ренжіді. Әшірәлі (Кенжеев – ред.) екеуміз екі бөлмелі пәтер алғанда театр әртістерінің бәрін шақырып, өз арамызда той жасадық. Сол кезде Асқар ағаны шақыруды мүлдем ұмытып кетіппіз. – Елу жылдан астам уақыт өнер­дің қара шаңырағы – М.Әуезов теат­рында қызмет етіп келе­сіз. Осы уақыт аралығында теа­тр­ға келіп-кет­кен қаншама буын өкілдерін көр­діңіз. Театрдың ке­шегісі мен бүгіні туралы не айта­сыз? – Мен жолы болған адаммын. Актриса болғаным үшін бақыттымын. Тек Әшірәлінің жоқтығы жаныма батады. Жанымда тірегім жетпей тұрады. Өзің жақсы көрген адамды табу, онымен бірге өмір сүру деген керемет бақыт екен. Жақсы өмір сүрдік. Үш баламыз өсті. Соларды әйтеуір тірнектеп жүріп өсірдік. Ол кезде жағдай қиын. Әртістердің бар табысы 130-160 сом. Сол ақшамен өмір сүрдік. Телевизия, радио, дубляж – бәрін қатар алып жүрдік. Екі жақтап ақша тауып, балаларды асырадық. Өмірдің бәрі жүгірумен өтті. Елу жылдан астам уақыт ішінде көптеген басты рөлдерді ойнадым. Алғаш «Абайда» Мағыштың рөлін сомдағанда ұялып, дауысымды қатты шығара алмайтынмын. Сонда Әзірбайжан аға «Тасыбекова, где голос?» деп ұрсатын. Солай жүріп бәрін де үйрендік. Мен өзім бар өмірімді арнаған қара шаңырағымды – театрымды жақсы көремін. Ұзақ уақыт ішінде талай әртістермен қызметтес, сахналас болдым. Бізден кейін де өсіп келе жатқан мықты акрисалар бар ғой. Данагүлдің (Темірсұлтанова) қатарластарының сөздері де, ойындары да жақсы. Қазіргі әртістер үшін театр басшылығы барлық жағдайды жасауда. Ақшаны аяп жатқан жоқ. Бірақ спектакльдердің әндерінің басым көпшілігі орысша. Әу, бұл қазақ театры емес пе? Бұл мәселені ойлану керек. Қазір костюмдер де дұрыс емес. Қазіргі «Абай» қойылымында қыздардың киетін бас киімдері Абай өмір сүрген заманға сай келмейді. Ол заман мүлде бөлек болды ғой. Сондықтан костюмдерге ерекше мән беру керек. Ал бізде қазір рөл жоқ. Ең болмағанда жылына бір рөл болса дейсің. – Бүгінге дейін жүздеген рөлдерді сом­да­дыңыз. Актер үшін рөлдің үлкен-кішісі болмайды. Бірақ, сол рөлдеріңіздің арасында сіздің жаны-ң­ыз­ға жақын, өзіңіз ерекше баға­лай­тын рөліңіз бар ма? – Мен үшін орны бөлек рөл – «Ана-Жер Анадағы» Әлиманның рөлі. Ол қойылымды, мен сомдаған Әлиманды көрмеген адам жоқ. Сол уақытта өз қатарларымыз театрдан шықпайтын еді. Әзірбайжан ағаның кезінде біз романтикалық театр болдық. Жаны да, музыкасы да, бәрі-бәрі романтикаға құрылды. Бұл қойылым біраз жерде қойылды. Қырғыздар қойды, Мәскеуде сахналанды, біздің театр да шығарды. Бірақ солардың ішінен жоғары бағаланған біз сахналаған «Ана-Жер Ана» болды. Тіпті, Мәскеуге барғанда да халық өте керемет қарсы алды. Зал лық толды. Әлиман соғыстың құрбаны болған жан ғой. Жақсы көрген адамынан ажырап қалғаннан кейін қалай өмір сүреді екен деп ойлайтынмын сол кезде. Қазір сол күнді өзім бастан өткізіп жатырмын. Әлиманды 25 жыл ойнаппын. Сахнада еңіреп жылап отырып ойнайтынмын. Бірде «Ана-Жер Ананы» көруге енем келген театрға. Бірінші қатарға отырғызып қойдым. Спектакльді көріп отырғанда енем қатты жылапты. Үйге келген соң «осындай рөлдерді бекер алғансың-ау» деді. Менің қойылымда қара орамал жамылғанымды көріп, өз баласын ойлап отыр ғой. Әлиманның рөлі – менің өнер жолымдағы үлкен белес. Осы рөлім үшін Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған едім. Менімен бірге осы спектакльде ойнаған біршама әртістер де ұсынылды. Ұсынылғандардың бәрі лауреат атанды. Ал маған бұл сыйлық бұйырмапты. Мені әлі жас деп, кандидатурамды бекітпей тастапты. Одан кейін «Абай-Әйгерімді» Әшірәлі екеуміз 10 жыл ойнадық. Семейге Абайдың туған жеріне барып та қойдық. Сол кезде Әшірәліні халық қалай хан көтерді. Мені қалай сыйлады. Барлығы Әшірәліге «сіздей сұлу Абайды әлі көргеніміз жоқ» деп риза болысты. Маған Әйгерімнің ауылында ат мінгізді. Өнерді бағалайтын қазақ жұрты бізді биіктен құлатқан емес. – «Ана – Жер Ана» қойылы­мын­дағы Әлиманның рөлін 25 жыл сомдадым дедіңіз. Білуімше, әкеңіз соғысқа қатысқан адам. Бұл рөлді ойнау сізге қиынға соқпады ма? – Әкем соғысқа өзі сұранып кетті. Оны соғысқа шығарып салғанда мен қатты жыладым. Соғысқа дейін әкем алты айдай дайындықта болды. Біз ол кезде Талғарда тұрамыз. Анам күнде Алматыға, әкеме барып келетін. Әкем соғысқа кететін күні анам бізді Алматыға ертіп барды. Сапта тұрған солдаттар арасынан әкемді көрсетіп, қолыма бір түйіншек берді де, әкеме қарай жіберді. Жүгіріп барып, «папа» деп аяғынан құшақтадым. Әкем шыдай алмаса керек, менің маңдайымнан иіскеп, «апаңа бара ғой» деді. Кетерімізде әкем бізді трамваймен шығарып салды. Әкем трамвайдан түсіп қалғанда менің шыңғырған бала даусым елдің бәрін жылатыпты. Мұны анам айтып берді. Әкем мені балалардың ішінде өте қатты жақсы көретін. Біз 11 бала болдық. Қазір соның тоғызы тірі. Әкем соғыстан келген кезде «сенің жылағаныңнан қайтып келдім» деп отыратын. Мен еркеліктен көп жылайтынмын. «Сенің жылағаның жарасады өзіңе. Жылағаныңнан жолым болады» дейтін. Бір қызығы, Әшірәлінің түрі әкеме қатты ұқсайтын. Әкемнің сұлу бейнесі әлі күнге дейін менің жадымда. «Ана-Жер Ана» да соғыс уақытындағы оқиғаны баяндайды ғой. Сондықтан ол қойылымда мен үнемі әкемді ойлап тұратынмын. – Көбіне трагедиялық қойылым­дар­да ойнадыңыз. Тағдыры ауыр кейіпкерлердің өмірі сізге де өз әсерін тигізуі мүмкін деп сескенбедіңіз бе? – Ол кезде жамандық дегенді ойла­мадық қой. Өлем деп еш ойламайтын едік. Ешнәрседен қорықпайтынмын. Сахнадағы кейіпкерлерімнің қайғысы өз өмірімде қайталануы мүмкін дегенді ешқашан ойлаған емеспін. Бір нәрседен сескену, қауіптену дегенді білмейтін жастық шағым. Жалындап жүрген кезім. Қандай рөл берсе де, бас тартпай сомдайтынбыз. Өнерге адал қызмет етуді ғана ойлайтынбыз. Кез келген рөлді алаңсыз орындап шығатын едім. – Алғашқы рөліңіз – «Абай» қойы­лы­мындағы Мағышқа М.Әуе­зов жоғары баға берген екен. Театр сах­насына жаңа келген жас актриса бұл мақтаудан кейін қалай жұмыс жасады? – Ол кезде қорқып, сасып қалдым. Спектакльден кейін ол кісі бәрімізді саяжайына шақырған. Соның бәрі Әзірбайжан ағаның арқасы. Ол кезде апаларымның бәрінің көзі тірі ғой. Ол қойылымда бәріміз ойнадық. Араларындағы ең кішісі менмін. Сонда бәріміз бас қосып отырғанда Мұхтар Әуезов «әлгі Мағышты ойнаған қыз қайда» деп сұрапты Әзірбайжан ағадан. Әз-аға мені нұсқаған ғой. Содан Мұхтар Омарханұлы жаныма келді. Жақындап келіп: «Айналайын, жолың болсын. Театрға жақсы, сұлу қыз келіпті. Сахнадан көріп қызығып қарап отырдым», – деді. Ондай тұлғадан мақтау есту оңай ма? Қорқып, қалтырап әрең тұрдым. Сөйтсем, ол кісі үнемі сұлу қыздарды көргенде қызығып отырады екен. Оны кейін апаларым айтып берді. Сол қызға жеткенше бәрінің қолын алып шығады екен Мұқаң. Осындай ерекше жағдай Мәскеуде де орын алды. Қазір айтсам оған біреу сенер, біреу сенбес. Мәскеуде «Қызғаныштан – махаббат» спектаклінде Марселланы ойнағанда Мәдениет министрі Иванов деген кісі рөлімді жоғары бағалаған. Министр: «Где Марселла? Если я был Теадорра, я бы женился на Марселлу», – деді. Менің рөлім сондай әсер еткен ғой министрге. Қуанып қалдым. Ол қойылымда биік баспалдақпен жоғары шығып-түсетін көрініс болатын. Соған мен билеп шығып, билеп түсетінмін. Мектеп кезінен билегенді жақсы көретін едім. – Талай театр тарландырымен сахналас болдыңыз. Сол кісілер жайлы айтып өтіңізші. – Мен театрға 1961 жылы келдім. Ол кезде театр директоры Құрманбек Жандарбеков ағамыз болатын. Театр сахнасында талай қазақ өнерінің майталмандары өнер көрсететін. Мен сол киелі сахнада өнерімен көпке үлгі болған Сәбира, Хадиша, Хабиба, Бикен апаларыммен бірге ойнағаным үшін бақыттымын. Олар менің өнердегі ұстаздарым, өмірдегі ақылшы жандарым. Олар менен бар білгенін аямады. Сахнада серіктес, өнерде анасы мен қызындай, апалы-сіңлідей болып араластық. Мен ылғи ер балалармен дос болатынмын. Әнуар Молдабеков екеуміз бір ауылдан екенбіз. Бірақ мен оны институтқа түскенде білдім. Әнуар бір күні маған: «Сен ылғи қораның үстінен секіріп түсетін едің ғой», – деді. Мен таңырқап: «Сен оны қайдан білесің» десем, «Біз бір ауылданбыз ғой», – деп бетіме қарап тұр. Әнуар екеуміз спектакльдерде бірге ойнадық, киноға түстік. Өте жақсы араласып, достасып кеттік. – Бикен Римова есімін әркез айтып жүресіз. Бикен апа үнемі сіздің анаңыздың рөлін сомдаған екен… – Менің ерекше атап өтетін апаларымның бірі – Бикен апам. Ол кісі мен үшін орны бөлек жан. Бикен апам менің өнердегі анам секілді еді. Өнерге келгенімнен бастап бар қамқорлығын аямады. Отбасымызбен де аралас-құралас болып кеттік. Әшірәлі екеумізді туған балаларындай көретін. Қуанышта да, қайғыда да жанымыздан табылатын. Екеуміз сахнада көптеген қойылымдарда бірге өнер көрсеттік. Бір қызығы, ол кісі көбіне менің анамның рөлін сомдайтын. Ол туралы өзімнің кітабымда да жаздым. Бикен апамның да маған деген көңілі ерекше болатын. Ол туралы апам өзінің «Еңлікгүлім» атты кітабында жазыпты. Апамның соңғы жылдардағы үлкен еңбегінің бірі – «Естайдың Қорланы» қойылымы. Театрдан кеткенде елдің есінде қалатындай рөл ойнауым керек деп жүретін. Сол рөлі – Қорлан болды. Бұл рөлге мені де бекітіпті. Апам бекіттірген болар деп ойлаймын. Қорланның рөлін Бикен апам маған тапсырып кеткендей. Неге екенін білмеймін, өзім апама жақын жүрдім, қатты сыйладым. – Театр сахнасы ғана емес, қазақ кино әлемінде де өзіңізді көрсете білдіңіз. «Ән қанатында» фильмі сізді көрермендерге одан әрі жақындата түскен болар. Бұл фильмге қалай келдіңіз? – Кинодағы алғашқы рөлім осы болды ғой. Бұл киноға Әзірбайжан ағаның арқасында келдім. Ол кісі – фильмнің режиссері. Әзірбайжан аға менің Асқар Тоқпановтан кейінгі ұстазым. Айта кетерлігі, бұл фильм Әз-ағаның да кино саласындағы алғашқы туындысы болатын. Фильм қазақтың әнші қызы Майраның тағдыры туралы. Майраның рөлін мен, ақын Мұсаның рөлін Әнуар Молдабеков сомдады. Әзекең мақтау айтып көрген емес. Үнемі ұрсатын. Тек Мағыш пен Әлиманды сомдағанымда ғана трагедиялық рөлің шықты деді. Одан өзге естіген мақтауларым есімде жоқ. «Ән қанатында» да мен жылап ән айтып тұрғанда оператор жақыннан алмапты, сонымен көз жас жоқ, трагедия жоқ деп қатты ашуланды. Сол түсірілім кезінде жиналған адамды қайта жинай алмаймыз. Оған тағы қыруар қаражат қажет. Фильмнің атпен шабатын жерін де дәл сол түсірілім күні айтты. Менің үстімде қазақша көйлек. Әзірбайжан ағаға: «Шалбар керек, үзеңгі аяғымды қажайды ғой», – деп жылап жібердім. Ауылда өскенмін ғой, атқа мінуді жақсы білемін. Сосын қонақүйге барып киініп келуіме бір сағат уақыт берді. Маған бәйгеге қатысып жүрген ат берді. Үстіне отырғаннан-ақ ат жүйткіді. Атқа отырғанда «өнер жолында өлсем өлермін» деп ойладым. Әзер тоқтаттым атымды. Осы фильмнен кейін Әзірбайжан аға киноға жібермеді. Театрда жұмыс көп, бос уақыт жоқ. Күнде спектакль. Киноға түрлі ұсыныстар келіп жатты. Талай рөлдер кетті. Бірақ Әзірбайжан аға ұрсатын болғандықтан ешқайда бармадық қой. Балалар да кішкентай болды. – Сізбен сөйлескенде Әшірәлі аға жайлы сөз қозғамай кету мүм­кін емес. Қос талант қалай кез­десті? Әшірәлі Кенжеев ағамыз қан­дай жан еді? – Әшірәлі жайлы өмір бойы айтудан жалықпаймын. Ол қазақ мәдениетінің біртуар тұлғасына айналған азамат. Мен әркез Әшекең үшін мақтанамын. Өмірінің соңғы сәтіне дейін сахнадан ажыраған жоқ. Ұлттық өнердің қоржынына өзіндік қалыбын, өзіндік тұлғасын салып кетті. Оның өмірден ерте кеткендігі жанымды қатты ауыртты. Әшірәлідей азаматпен тағдырымды байланыстырған Аллаға шүкіршілік айтамын. Онымен бірге өткізген өмірім ең мәнді, ең мағыналы, ең бақытты, қуаныш пен шаттыққа толы уақытым болды. Екеумізді өнер табыстырды. Мен оқуды Әшірәліден бұрын бітірдім. Театрға достарымен жиі келетін Әшекең менің «Ана-Жер Анадағы» Әлиманды сомдаған рөлім үшін ғашық болып қалыпты. Өзі солай деп айтатын. Екеуміз алғаш шаңырақ көтергенде басымыздан көп қиыншылық өткердік. Бірақ еш мойымадық. Көп еңбектендік, бәріне де үлгеруге тырысатынбыз. Бір үзім нанды да өзгелермен бөлісе жейтін, өзімдікі дегенді білмейтін еді. Өте балажан болды. Көп балам болса деп армандайтын. Аллаға шүкір, үш баламыз бар: Айнұр, Азамат, Айжан. Үшеуі де өмірден өз орындарын тапты. Әшекең көп ашуланбайтын. Ал мен күйгелектеніп жүретінмін. Әшекең барда үйімізден қонақ арылмайтын. Достарымыз да көп болатын. Дастарқанымыздан дәм татпаған адам аз шығар. Мұның бәрі Әшекеңнің көпшілдігінің арқасы. Өзі көп балалы отбасынан шыққан. Барлық бауырларының қамын ойлап жүретін. Қолынан келген көмегін аямайтын. Әшірәлімен кездескенім – өмірімдегі ең үлкен бақытым. Алайда ол өмірден ерте кетті. – Әсерлі әңгімеңізге рахмет! Сұхбаттасқан Әсел ӘНУАРБЕК