Жаңалықтар

Артаевтың қызға қол көтеруі мүмкін бе?

ашық дереккөзі

Артаевтың қызға қол көтеруі мүмкін бе?

 

«Жапа шектім» деген Айсұлу Ыбрашеваның айтуынша, боксшы қызға көңіл білдірмек болыпты. «Ешкімге кедергі жасамай-ақ, шеткері жерде билеп жүргенбіз. Бір кезде қасымнан өтіп бара жатқан ер азамат мені құйрықтан тартып жіберді. “Не болды” деп жалт бұрылып қарағанымда, бір жігіт «кешір» деді. Құрбым “Бұл – бокстан Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев қой, ол мұнда жиі болады” деді. Мен шағымданамын деп айтқаным сол еді, жұдырық жағыма келіп тиді. Оның қасындағы жігіт мені ұстап қалды, ал сол кезде Артаев қашып кетті», – дейді Айсұлу Ыбрашова. Сөйтіп, жақ-сүйегіме зақым келді деп емхана жағалап жүрген бойжеткен полицияға да шағым түсіріп қойыпты. Қазір бұл іспен Астананың тергеушілері айналысып жатыр. Олар болған оқиғаға қатысты қылмыстық іс те қозғады.

“Азаматшадан түнгі клубта дене жарақатын келтіру дерегі бойынша шағым түсті. Оның айтуынша, қол жұмсаған – Бақтияр Артаев. Қазір “Бұзақылық” бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр”, – деп хабарлады полицияның баспасөз қызметі. Боксшының өзі бұл оқиға туралы: «Ол қызды танымаймын. Менің алдымда билеп тұр екен. Кедергі келтірген соң «әрі тұрыңыз»дегендей сәл ығыстырдым. Ол мен жаққа бұрылып боқтап аяғымен теуіп жіберді. Шынымды айтайын, өзі айтпақшы, мен оның еш жеріне де тиіскен жоқпын. Келесі күні менің достарыма хабарласып: «Бақтияр маған хабарлассын деп жалыныпты». Хабарласып, кешірім сұрадым. Кездеспекші де болдық. Алайда, мен қайтара хабарласқанымда телефоны тұтқасын көтермеді. Ертеңінде БАҚ өкілдеріне «Артаев менің бетімді көгертті» деп сұхбат беріпті. Мен ол қыздың мұның бәрін қандай мақсатпен жасап отырғанын білмеймін.

Бірақ былайғы жұрт та, тілші қауымы да өте салмақты, сабырлы Артаевтың қызға қол жұмсауы мүмкін емес дейді. Журналист Ержан Байтілес өзінің Фэйсбуктегі парақшасында:

«Бақтияр батыр туралы қауесет қаулап барады. Ағайын, мәселенiң ақ-қарасын бiлмей тұрып Артаевтың атын ластамаңдар. Батырды бiр бозөкпе арандатып отырган шығар. Жалпы, Бақтияр менiң бiлуiмде өте сабырлы, қақ-соқпен жұмысы жоқ, не нәрсенi болмасын кең ойлап, молынан пiшетiн азамат. Сондықтан Афины аренасында намысыңды қорғап қалган оғланға уақытынан бұрын тас атпайық!» деген екен. Шынында да, бұл жерде кімнің қара күйе жағып отырғаны белгісіз. Түнгі клуб қызметкерлері де қыздың мәлімдемесін жоққа шығарып отыр. Енді оқиға қалай өрбір екен?!