TEATRO ALLA SCALA – АСТАНАДА
TEATRO ALLA SCALA – АСТАНАДА
Осыдан тура бір жыл бұрын елордада «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының тұсауы кесілген еді. Бір жылдың ішінде сегіз классикалық, бір модерндік шығарманы өз күшімен сахналаған театр ұжымы енді көрермендеріне шетелдік әріптестердің өнерін тамашалауға мүмкіндік беріп отыр. Мұның өнерсүйер қауымға Астана күніне орай жасалған үлкен тарту екеніне дау жоқ.
Атақты La Scala театрының балет труппасы 30 маусым мен 4 шілде аралығында бес күн қатарынан «Астана Опера» театрында «Дон Кихот» балетін сахналады.
«Дон Кихот» – «Астана Опера» театры үшін халықаралық шығармашылық әрі әріптестік қарым-қатынастың алғашқы жемісі. Мұның алдында қазақ театрында Ла Скала әртістері Дж. Пуччинидің «Тоска» операсын қойған болатын. Алдағы күзде La Scala тағы бір спектаклді – «Аида» операсын режиссер Франко Дзефиреллидің қолтаңбасымен сахналайды деп жоспарланып отыр.
30 маусымда «Астана Опера» театры ғимаратында өткен баспасөз мәслихатында белгілі болғанындай, La Scala театрының Академиясында білім беру бойынша серіктестік жөніндегі жоба туралы келіссөз жүріп жатыр. Teatro alla Scala директоры Мария Ди Фреда «Астана Опера» театрының техникалық қызметкерлерін оқытуға әзір екендіктерін мәлімдеді. Бірақ қазақстандық мамандарды оқытудың жай-жапсары әлі нақты шешілмеген екен.
«Дон Кихот» қойылымына миландық театр ұжымынан 107 әртіс қатысады. Үш актіден тұратын қойылымға Ла Скала театрының бас балетмейстері Махар Вазиевтің өзі жетекшілік етеді.
«Астана Опера» театрының жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Тұрсынбек Нұрқалиевтің айтуынша, спектакльге біздің оркестр қатысатындықтан, бұл қойылым «Ла Скала» театры мен «Астана Операның» біріккен қойылымы саналады. Оның үстіне, «Ла Скала» ұжымы спектакльге «Астана Опера» балет солистерінің де қатысып, 17 адамның көмекші рольдерді ойнауын сұраған.
Шындығында, «Дон Кихоттың» сахнадағы тарихы сонау 18 ғасырдан бастау алады. Ал Астанаға әкелінген ла скалалық нұсқасын Рудольф Нуриев 1980 жылы алғаш рет сахналаған болатын. «Бұл – академиялық балеттің классикалық нұсқасы» дейді өнертанушылар.
Миландық театр гастролінің аясында «Астана Опера» театры Teatro alla Scala мен Teatro di San Carlo di Napoli театрларымен әріптестік жөнінде меморандумға қол қойды. Бүгінге дейін астаналық театр әлемдік 13 көшбасшы театрмен әріптестік қарым-қатынас орнатып үлгірген.
San Carlo опера театрының директоры Розанна Пуркианың ұсынысы бойынша неаполитандық труппа алдағы жылы Б.Эйфманның қойылымындағы В.Моцарттың «Реквием» балетінің тұсауын кесуді жоспарлап отыр, ал «Астана Опера» театрының труппасы Teatro di San Carlo-да «Күзгі Билер 2015» фестиваліне қатысады. Болашақта қос театрдың ұжымы Г.Доницеттидің «Lucia di Lammermoor» спектаклін бірге қоюы да ғажап емес.
Бұдан басқа Ресейдің Үлкен театрымен гастроль алмасу жөнінде келісім бар. Биыл «Астана Опера» театры арнайы гастрольдік сапармен Санкт-Петербор қаласына барып келген, ал күзде Астанаға Мариинский театры келеді.
«Астана Опера» 7 шілдеде «Аққу көлі» спектаклінен соң жаздық гастрольге шығады. Қоңыр күзде ашылатын жаңа маусымда өз көрермендерін жаңа қойылымдармен қуантпақ. Қазан айында «Травиата» операсы, ал қараша айында Джузеппе Вердидің «Аида» операсының тұсаукесері жоспарланып отыр. «Аида» итальяндық режиссер Франко Дзефиреллидің нұсқасы бойынша сахналанады. Бұдан соң 5 желтоқсанда Ғ. Жұбанованың «Қарагөз» балеті, ал желтоқсан айының соңына қарай «Шерткіш» балеті қойылады.
Гүлбиғаш ОМАР
Астана