«Антигептилге» – 1 жыл: Гептилге қарсы күресімізді жалғастыра береміз!

«Антигептилге» – 1 жыл: Гептилге қарсы күресімізді жалғастыра береміз!

«Антигептилге» – 1 жыл: Гептилге қарсы күресімізді жалғастыра береміз!
ашық дереккөзі

Бүгін «Антигептил» бастамашыл тобының туған күні! Естеріңізде болса, былтыр
8 шілдеде Жастар сарайының “Мемлекеттік тіл” қозғалысының офисінде
“ШАҢЫРАҚ” РҚБ, “Адам құқықтары және демократия институты”
ұйымдарының өкілдері, азаматтық белсенділер жиналып, “Антигептил”
бастамашыл тобын құрды. Топтың құрылтай жиналысына Махамбет Абжан, Болатбек Біләлов,
Еділ Мәкенов, Риза Алмуханова, Жансая Кенжебаева қатысқан болатын.

Топтың атауын Болатбек Біләлов ұсынды. «Антигептил» тобының құрылуына себеп
болған – елімізде улы гептил отынымен ұшатын  «Протон» зымыранының бірнеше мәрте құлап,
жергілікті  халыққа залал келтіруі.   2013
жылы 2 шілде күні “Протон” апатқа ұшырағаннан кейін топтың мүшелері Махамбет
Абжан мен Санат Орын Әли наразылық білдіру мақсатында Ресей елшілігінің алдына бару
туралы ұсыныс жасаған еді. Содан 5 шілде күні 25 шақты азамат елшілікке келіп,
гептил пайдалануына тыйым салынсын деген хатты өткізді. Бұдан соң “Антигептил”
тобының құрылтай жиналысына белсенді жастар қатыса бастады.  

«Антигептил» бастамашыл тобының белсендісі Болатбек Біләловке осы мәселеге
орай бірқатар сауал қойып едік.

– Болатбек мырза,
«Антигептил» бастамашыл тобын құру идеясы қайдан пайда болды?

Соңғы кезде еліміз сынақ алаңына айналып кетті. Әсіресе,
протон зымырандарының қайта-қайта құлауы – қоршаған ортаға залалын келтіріп
жатқаны рас.  Бұл Байқоңырдағы зымыран
тасығыштары апатынан да аса қауіпті. Ең әуелі бұл мәселеге шынайы көзбен қарау
керек. Ал шындығында, біз бұрын полигон аймағына айналған ел едік, қазір де
солай. Қазақстан ядролық полигон алаңын жапса да, нақтысында Ресейдің
Қазақстанға деген қарым-қатынасы бұрынғысынша. Қазақстан – жәй ғана бодан емес,
сондай-ақ сынақ полигонына да айналды. Өзін құрметтейтін мемлекет пен халық
мұндай жағдайға қашанғы төзе бермек?  

– Бастамашыл топтың міндетіне басқа не кіреді?

«Антигептил» азаматтық қозғалысы Ресей тарапынан
көрсетіліп жатқан экологиялық залалға ғана қарсы әрекет жүргізіп отырған жоқ,
сонымен қатар біздің азаматтардың да санасын ояту үшін жұмыс істеуде. Біз
қашанғы тәжірибе алаңына айнала береміз? Біз өз жеріміз бен өміріміздің
толыққанды қожайыны емеспіз бе? Міне, осыны азаматтардың есіне ауық-ауық салып
отыруды жөн көрдік. Әйтпесе, мына түрімізбен басқа мемлекеттің ығында жүре
беретін түріміз бар. Сол сияқты «Антигептил» азаматтық қозғалысы нақты саяси
мақсаттар мен тапсырмаларды, экологиялық мәселені де күн тәртібіне қоюда. Қазақстанның
қазіргі саясаты кеңестік жетекшілердің әрекеті болып табылатын сияқты. Яғни,
жеке көзқарастың болмауы және Кремльдің бұйрығын күтіп, соны орындау. Дәл осы
мысал білген адамға гептил мәселесінде де анық көрінеді. Білсеңіз, гептил
мәселесі – ресейлік биліктің әрекеті ғана емес, біздің де ешбір қам-қарекетсіз
отырғанымызды байқатады.

«Антигептил» АЭС салуға да қарсы.
Ал егер атомдық электрстансасын ресейліктер салатын болса, бұл нағыз қауіпті
болмақ. Протон апаты да бұған анық дәлел. Шын мәнінде, АЭС салудан дамып кеткен
Жапония да қашып отырған жоқ па?!

 Ресейге жалға берілген Байқоңыр
ғарыш айлағын елімізге қайтарып алу жайы да сөз болуда. Бұл жөнінде ойыңызды
білсек…

1994 жылы Байқоңыр жөнінде келісімге қол қойылғанда
біздің билік Ресеймен әріптестік байланыс орнату жөніндегі жақсы мүмкіндікті
уысынан шығарып алды. Шын мәнінде, 1992 жылғы келіссөз де осындай жағдай
туғызған. Бірақ 1992 жылғы келісім ұсынған тапсырмалар мен мақсатты
орындамастан бұрын, әңгіменің ауаны ғарыгш айлағында  бірлескен кәсіпорын құру жөніне ойысып кетті.
1994 жылы Қазақстан билігі Байқоңырды жалға беруге байланысты тең құқықсыз
келісімге қол қойды. Ал билік 20 жыл бойы бұл құжатты қайта қараудың орнына,
мәселені ушықтырып алды. Тіпті, біз 2007 жылы құлаған протон апатын да
елемедік. Сол кезде Жезқазған қаласы маңайына құлаған ракетаның қалдықтарынан
келген улы гептилдің де зардабына мән бермедік. Бұл жергілікті халықтың
денсаулығына қаншама зиян келтіріп жатқаны сөзсіз. Сондықтан еліміздің
мемлекеттік органдары протон мәселесіне қатысты барлық саяси шешімді қабылдауы
керек. «Антигептил» азаматтық қозғалысының бірауыздан бекіткен «Бүгін –
Антигептил, ертең – майдан» деген ұраны бар. Егер біздің билік ресейлік бодандық
 саясаттың жолсерігі ретінде қала берсе,
майданның да болуы мүмкін. Біз «Антигептилдің» жеңісіне сенеміз! Біз
Қазақстанның азаматы, қазақ ұлтының өкілі ретінде улы гептилдің жайылуын
тоқтатамыз! Біз мемлекетті халықтың ойындағыдай жақсартуға күш саламыз!

– 
 Әңгімеңізге
рахмет!

Әңгімелескен Динара
Мыңжасарқызы