Жаңалықтар

ЭКСПО-да ұлттық мәдениет ұлықталады

ашық дереккөзі

ЭКСПО-да ұлттық мәдениет ұлықталады

Дүниежүзі елдерінде халықаралық көрме қарсаңында арнайы зәулім сарайлар мен павильондар бой көтергенмен, айналдырған алты айдың ішінде қаңырап бос қалады. ЭКСПО көрмесін өткізген елдердің «болашақтың қаласы» деп айдарлаған қалашықтары жұмсалған шығынды ақтамай, бәз-баяғы қалпына түсетіні ауыр да болса шындық. Сондықтан Астана көрмесіне салынған ғимараттың барлығы жергілікті халықтың игілігіне берілмек. Мәселен, халықаралық көрме қонақтарына арналған қонақүй көрме аяқталған соң тұрғын үй кешені болмақ. Тұрғын үйге берілетін аумақтың жалпы көлемі шамамен 1 миллион шаршы метрді құрайды дейді шенеуніктер. Сәйкесінше аумаққа балабақша, мектеп, дүкендер мен фитнес орталықтары да салынбақ. Басқа да жобалар алдын-ала ойластырылып, «сегіз қырлы» болуы шарт. Бұл тұрғыда Президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Біздің міндетіміз – ЭКСПО-дан кейін барлық ғимараттарды одан әрі пайдалануды ойластыру. Бастапқыда қонақ үй ретінде берілетін барлық тұрғын үйлер кейіннен қалалықтар үшін, қазақстандықтар үшін пәтер ретінде пайдаланылуы тиіс. Барлық сауда ойын-сауық және ғылыми орталықтар кәдеге жаратылуы қажет», – деп қадап айтты. Сондай-ақ бұл нысандардың барлығы балама қуат көздерімен қуаттанып, болашақтың жасыл қаласының үлгісі болмақ. ҚР Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаровтың айтуынша, бұл қалашыққа дүниежүзі мемлекеттері тамсанатын болады. «Халықаралық компаниялар осы жерден кеңсе жалдап, тіпті жеке меншікке сатып алуы да ғажап емес», – деген еді Қаппаров мырза.

Президент көрме өткізген елдерде ЭКСПО нысандарының қолданыстан шығып қалғанын да жасырмады. Мысалы, соңғы көрме өткен Кореяның Иосу қаласында жағажай инфрақұрылымы бой көтеріп, айлақты орталыққа айналуы тиіс болатын. Алайда миллиардтаған қаржыға салынған қонақүй, сауда нысандары, келіссөз алаңдары да адам аяғы баспайтын мұражайға айналған секілді. «Келешектің қаласы» баяғы қалпына түсіп, бұрынғы баяу тіршілікке көшкен. Бірақ Астана көрмесінің мақсаты мен бағыт-бағдары, нысандардың қолданыс аясы да бөлек. 

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін ұйымдастыруға республикалық бюджеттен 283 миллион еуро бөлу жоспарланып отыр. Халықаралық көрмелер бюросы Бас Ассамблеясы 155-сессиясының қорытындысы бойынша баспасөз конференциясында «Астана Экспо-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Ермегияев: ««ЭКСПО -2017 көрмесіне тікелей кететін шығындарды есептедік, бұл біздегі тіркеу құжаттамасында көрсетілген, былайша айтқанда операциялық шығындар. Табысты ЭКСПО пункттерінің бірі – операциялық шығындарға жұмсағалы отырған 283 млн. еуроның қайтарылуы. Бұл көрмені табысты өткізу пункттерінің бірі. Сол себепті біз жұмсағалы отырған қаражатты қайтарып алмақпыз. Бұл республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат, ал оны қайтару бойынша көптеген баптар бар», – деді Т.Ермегияев.

Астанадағы екінші әуежай

ЭКСПО көрмесіне орай Астана қаласынан тағы бір халықаралық әуе терминалы ашылатыны белгілі. Міне, осы әуежайдың құрылысы қыркүйек айында басталады. «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ басқарма төрағасы Асқар Мамин: «Әуежайға қатысты бiз бұған дейiн баяндама жасаған болатынбыз. Оның құрылысының бiрiншi кезеңiн қыркүйек айында бастамақпыз, яғни коммуникациялар, желiлер тартылып, ғимараттарды бұзу жұмыстары жүргiзiледi. Қажеттi алаң дайындалады», – деді ол. Оның айтуынша, жаңа ғимарат пен қолданыстағы әуежай қатар орналасады. Осылайша, ескi ғимарат аумағы да кеңейтiледі. 

Көрмеге дайындық барысында әртүрлі бағдарламалар да қарастырылуда. Мәселен, депутат Жексенбай Дүйсебаев Қорғалжын қорығы аумағын туристік кластер ретінде пайдалануды ұсынып отыр. «Келешекте Қорғалжын қорығының туристік кластерге айналуына толық мүмкіндігі бар. Осыған орай, өңірдің Астанаға жақын орналасуына байланысты Қорғалжын қорығының және осы өңірдегі тарихи мұралардың келешегін 2017 жылы өтетін ЭКСПО-2017 көрмесінің жоспары аясында қарастырып, оң шешім шығару үшін жолдап отырмын», – деді депутат. Бұл әлі түйінін таппаған мәселе. Ал қазақ этноауылының аулы алыс емес. «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесi қалашығының аумағында шетелдiк қонақтарды қазақтың мәдениетiмен, ұлттық дәстүрiмен таныстыратын этноауыл құру жоспарланған. ҚР Премьер-министрiнiң бiрiншi орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, этноауыл Елбасының шетелдік қонақтарды ұлттық мәдениетімізбен таныстыру қажеттігінен туындаған. «Көрмеге қала тұрғындарының барлығын дайындау қажет. Қалаға келетiн қонақтарға қызмет көрсету жағын дайындап, ұлттық мәдениетiмiздi көрсетуiмiз керек. Бұл жеке мәселе болып табылады. ЭКСПО көрмесiмен қатар қонақтарымызға бiздiң мәдениетiмiздi де көрсетуге тиісті. Бұл мәселенi ойластыру керек. Қай жерден салынатынын, қандай үлгіде болатынын келіскен абзал», – деді Бақытжан Сағынтаев.

Сондай-ақ Астана ЭКСПО-2017 аясында ірі екі жоба жүзеге асырылады. Бірі – EXPO City қалашығы. Оның құрылысы басталып кетті. 175 гектар аймақта ЭКСПО-ға дейін миллион шаршы метр тұрғын үй салынса, ЭКСПО-дан кейін жарты миллион шаршы метрі салынады. Сондай-ақ 170 ғимарат бой көтереді. Оның барлығы «ақылды» инфрақұрылымға бірігеді. Бұл – «жасыл» құрылыстың алғашқы мысалы. Экоқала тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін қала құрылысының мысалы болады. Әлемдегі ең соңғы жаңалықтарды біріктіріп, оны қала құрылысында қолданамыз. Екінші жоба – «жасыл» квартал. Ол «Самұрық қазына» қорымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Екі жоба да BREEAM және LEED стандарты бойынша салынады.

Ақниет ОСПАНБАЙ